• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
ANTIKOR 13 Сәуір, 2022

Парақорлық әлі үдеп тұр...

699 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасында мемлекеттігіміздің мықты іргетасы – әділдік, ал оған әкелетін маңызды басымдықтардың бірі – жемқорлықты түп-тамырымен жою екенін мәлімдеген болатын. Осы бағытта Мемлекет басшысының бастамасымен бірқатар пәрменді шара қабылданып, қоғамдық өмірдің қай саласына болсын дендеп енген қылмысты құбылыстан құтылуға күш салынып отыр.

Бұл ретте, әсіресе, мемлекеттік органдар басшыларының өз қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жауаптылығы енгізілгені, жемқорлығы үшін соттал­ғандарға шартты түрде мерзімінен бұ­рын босату шарасы қолданылмайтын болғаны және ондайлардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салынғаны, көрсеткен қызметіне байланысты мемлекеттік қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне сый­лық алуға рұқсат етілмейтіні жұрт­шы­лықтың көкейіндегіні дөп басқан әрі шенеуніктердің көбін ойлантып, «алтын көріп, жолдан тайған періштелердің» қатарын кемітуге ықпалын тигізген шешімдер екені анық. Мәселен, 2021 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамада көрсетілгеніндей, 2018 жылы елімізде 2375 сыбайлас жемқорлық қылмыс тір­келген болса, бұл жөніндегі көрсеткіш 2019 жылы – 2245-ке, 2020 жылы – 2193-ке, ал өткен жылы 1557-ге дейін азайған.

Былтыр жасалған жемқорлық қыл­мыс­тардың 1037-ін, яғни 67 пайызға жуығын Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі әшкерелеген. Ішкі істер министрлігі – 326, Ұлттық қауіпсіздік комитеті – 72, прокуратура органдары – 68, Экономикалық тергеу қызметі 53 жемқорлық қылмысты ашқан. Бұл Мемлекет басшысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті өз алдына дербес ведомство етіп құрып, оның алдына коррупциямен мақсаткерлікпен күресу міндетін қойғаны дұрыс болғанын көрсетсе керек.

Жемқорлық қылмыстардың жалпы саны жылдан-жылға кеміп келе жатқа­ны сүйіндіргенімен, соның ішіндегі парақорлықтың үлесі азаймай тұрғаны күйіндірмей қоймайды. Мысалы, 2019 жылы пара беру мен алуға қатысты 1089 қылмыс әшкереленсе, осы жөніндегі көрсеткіш 2020 жылы – 1195-ке дейін шарықтап кетіп, былтыр 1053-ке дейін төмендеген. Өткен жылы жасалған барлық жемқорлық қылмыстың 67 пайызға жуығы парақорлыққа қатысты екен. Мұның өзі күні өткен кеңес заманында айтылған «Бастыққа бара берме, пара бер» деген сөздің әлі де мәнін жоғалтпағанын аңғартады. Сондықтан да Антикордың қазіргі таңдағы бас­ты міндеті – парақорлықпен күресті күшейту болуға тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­­мет өткен жылы жүйелі сыбайлас жем­қорлықтың 82 дерегін және 3 ұйым­дасқан қылмыстық топты (ҰҚТ) әшкерелеген. 2020 жылы бірде-бір ҰҚТ құрық­талмағандығын ескерсек, атал­ған агенттіктегі былтырғы кадрлық өз­герістер де оң нәтиже бергенге ұқсайды.

Атап айтсақ, Антикор өткен жылы астанадағы көліктік бақылау инспек­циясының қызметкерлері автокөлік жүргізушілеріне техникалық байқаудың жалпы сомасы 500 миллион теңгені құрайтын 260 мыңнан астам жалған диагностикалық картасын беруді ұйым­дастырғанын әшкереледі. Шығыс Қазақстан облысында «Семей орманы» резерватының басшылары мен қызметкерлері бірегей қарағайлы ор­манды санитарлық кесуге заңсыз рұқ­сат беріп, пара алғандары үшін ұстал­ды. Қостанай қаласындағы Маман­дан­дырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері жүргізуші куәлігін оңай жолмен алғысы келген азаматтарға заңсыз «ақылы қызмет» көр­сетіп, жүздеген емтихан нәтижелерін қолдан жасап бергені анықталды.

Былтыр сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін 892 адам сотталған. Оның 207-сі – ішкі істер орган­дарының қызметкерлері екенін білгенде жағамызды ұстадық. Мына қалпымызбен «Жұртқа жақын полиция» қағидатын қалай жүзеге асырмақпыз?!

Жемқорлар «жарысында» полицей­лерден кейінгі екінші орынды әкімдік­тердің қызметкерлері еншілеп, 150 шенеунік «бармақ басты, көз қысты» әрекеттері үшін сотталыпты. Оның ішін­де 5 әкім бар.

Бұған қоса Қаржы министрлігінің – 34, Ауыл шаруашылығы министрлігінің – 19, Денсаулық сақтау министрлігінің ­16 қызметкері жемқорлық құқық бұзушы­лық жасағаны үшін темір тордың арғы жағына аттандырылған.

«Ет бұзылса тұз себеді, тұз бұзылса не себеді?» демекші, жемқорлықпен күрестің алдыңғы шебінде жүруге тиіс Ұлттық қауіпсіздік органдарының – 10, Экономикалық тергеу қызметінің – 4, прокуратураның – 3 қызметкері және 3 судья құлқынның құлы болғандығы да ойландырмай қоймайды. Осы орайда бізді қайран қалдырған жайт: 2021 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамада Антикор қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол беріп сотталғандығы жайлы мәлі­мет жоқ болып шықты. Олардың ешқай­сысы заңнан аттаған жоқ па, әлде аталған баяндаманы әзірлеген агент­тік басшылары «мундирлерінің абы­ройын» ойлап, өз іштерінен шық­қан «шұбар жыландардың» санын көрсетуден қымсынды ма – ол жағы бізге белгісіз. Алайда өкінішке қа­рай, Антикордың қатарында да қолдары таза емес қызметкерлер барын айғақтайтын деректер бұқаралық ақпарат құралдарында ара-тұра жарияланып жатады. Мәселен, былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің офицері бір кәсіпкерден 21 миллион теңге пара алып жатқанда қолға түскені, сондай-ақ биылғы наурыз айында Антикордың Қызылорда және Қарағанды облыстық департаменттерінің үш қызметкері Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығында жасалған қыл­мыстарды тергеу барысында пара алды деген күдікпен ұсталғаны жария етілді. Демек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы «жауырды жаба тоқымай», өз қатарын арам пиғылды қызметкерлерден тазалау жұмысын жүйелі жүргізуі және коррупциямен күреске жұмылдырылған сардарлардың шынайы беделін қалыптастырудың қосымша шараларын қарастыруы қажет. Біздіңше, Антикор шын мәнінде елге адал қызмет етуді мақсат тұтатын білімді жастар қызығатын элиталық құқық қор­ғау органы болғаны абзал.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң­намаға бертінде енгізілген өзгерістердің іске асырылуына келсек, өткен жылы қарамағындағылардың сыбайлас жем­қорлығы үшін 3 мемлекеттік саяси қызметшінің отставкасы қабылданып, 5 саяси қызметші тәртіптік жазаға тар­тылған. Әйткенмен, отставка инс­титуты жұртшылықтың көңілінен шы­ғып отыр деу қиын. Оған ашықтық пен принциптілік жетіспейтін тәрізді. Мәселен, жетекшілік ететін бас­қарма басшысының жемқорлығы әшкере­ленгені үшін отставкаға кету туралы өті­ніш берген орынбасарына қатаң сөгіс бе­румен шектелген бір қала әкімінің «қа­йырымдылығы» қоғамда қилы пікір туғызып, қолданыстағы заңнаманың солқылдақтығы сынға алынды. Демек, Парламент депутаттарының құлақ­тарына «алтын сырға».

Тағы бір назар аударарлық жаңа­шылдық – Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес Бас прокура­тура мен Антикор бірлесіп, мемле­кеттік органдардағы сыбайлас жем­қорлық деңгейін бағалау жүйесін әзір­легені. Соған сәйкес жүргізілген баға­лау нәтижелері бойынша сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл жөнінде жеткілікті шараларды қабыл­дамаған министрліктер мен әкім­діктер анықталды. Олар – Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы, Энергетика министр­ліктері, Нұр-Сұлтан, Шымкент қала­ларының және Маңғыстау облысының әкімдіктері.

Жалпы, өткен жылдың қорытын­ды­сы бойынша Қазақстан Transparency International сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде мүмкін болған 100 балдан небәрі 37 балл алып, 180 елдің ішінен 102-орынды місе тұтты. Ал 2020 жылы еліміз алғаш рет 38 балл жинап, 94-орынды еншілеген болатын. Айта кету керек, еліміз жемқорлықпен күресте бұрынғы Кеңес Одағының құра­мында болған Грузия (55 балл), Армения (49 балл) және Беларуське (41балл) жол беріп отыр.

Transparency International баяндамасында «Қазақстанның саяси элитасы­ның сыбайлас жемқорлық арқылы жинал­ған байлығы» мәселесі, оффшорлық активтер туралы жарияланымдар бо­йынша және жемқор жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты қатаң шаралар қабылдамау сияқты факторлар көрсетілген. Сонымен қатар коронавирус пандемиясы кезінде еліміздің денсаулық сақтау саласында әшкереленген бы­лық-шылықтар Қазақстанның халықара­лық беделіне едәуір нұқсан келтірген. Бұған қоса қазақстандық кәсіпкерлердің карантиндік шектеулер жағдайында туындаған проблемаларды пара беру арқылы шешуі көбейіп кеткен.

Елімізді кері тартқан сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау мақсатында Мемлекет басшысы 2022 жылғы 2 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының сыбайлас жем­қорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Осы стратегиялық құжаттарда көрсетілген маңызды бас­тамалардың ішінде негізсіз баю үшін жауаптылықты қарастыру, қаржылық тергеу институтын (Follow the money) құру, парасаттылыққа тексеруді енгізу (Integrity check), бюджет процесінің, мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыру, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту сынды жүйелі шаралар бар. Солардың ішінде мемлекеттік қызметшілердің парасаттылығын һәм жемқорлықтан адалығын тексеруге арналған Integrity check тетігін енгізу қоғамда айтарлықтай қызығушылық туғызып отыр. Оның мәнісі мынада: шенеуніктің адалдығын тексеру үшін оған біреуге көрсетіп жатқан қыз­меті үшін әдейі пара ұсынылады. Егер ол пара алудан бас тартпаса, онда мемле­кеттік қызметтен бірден қуылуға тиіс. Осы жобаны енгізу құқық қорғау органдарынан басталмақшы.

«Бұл мемлекеттік органдарда әлі де үдеп тұрған парақорлықты тыюға көмегі тиетін жоба деп санаймыз. Бірақ ол шындап әрі жаппай іске асырылса, игі. Сонда мемлекеттік органдардағы қолдарын былғап үйренген жастары үлкен қызметшілердің көбінен құтылып, пейілдері таза, келешегі зор жастарға жол ашылар еді. Осы тетікті қатардағы шенеуніктерге ғана емес, лауазымы жоғары басшыларға да қолдану керек деп ойлаймыз...», дейді біз пікірлескен қарапайым азаматтар. Халық айтса, қалт айтпайды.