• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Сәуір, 2022

Ұлттың арыс ұлы, намыс ұлы

691 рет
көрсетілді

Біз бабалар шын тілеген жаңа заман, жаңа Қазақстанда бақуатты өмір сүреміз деп жатырмыз. Тәңір ниетімізді оңғарсын, тілегімізді қабыл етсін. Өткенмен ұштасып, түзу дәуірмен сабақтассын. Ал сол өткеннің жүрегіңді жылытар, жаныңды жадыратар, үмітіңді оятар бәрекелдісін танып білу де бір ғанибет. Өткенсіз бүгін әлсіз, сөз нәрсіз.

Өткен деген не, ол ұлттың жүрген жолы, халықтың қадір-қасиеті, тыныс-тіршілігі, кешкен күні, салт санасы, тағылым алар тарихы, бабалар, бабалардан тараған даналар, әр саладағы даралар. Оларсыз ұлт бола қалу – Абай айтқан уақытша жұбаныш, кезеңдік алданыш, бояма тірлік.

Үндінің ұлы перзенті Рабиндранат Тагордың «Күйреу» романын аударып, алғы сөзін жазған қазақтың кемел ұлы Сафуан Шаймерденов: «Үнді еліне барып қайтқан сапарынан жазған кітабында Илья Эренбург: «Тагорды түсіну үшін ең әуелі үнді жұртын түсіну керек» дегенді айтып еді. Дұрыс айтқан. Ал сонда үнді жұртын түсіну үшін не оқу керек? Үнді жұртын тек Тагорды оқысаңыз ғана түсіне аласыз. Бұл жаңылтпаш емес, шындық» депті. Сол шындықтың шырақшысы болып өткен Сафуан ағамыздың туғанына да бір ғасыр болыпты. Адам кіндік қаны тамған жерге тартады деген сөз бар. Бұл бұрмасы жоқ риясыз рас сөз.

Жер құнарына қарай, Алла көп пен­десіне мол талант, көргеннің көзі тояр шырай береді. Қаламгер шыр етіп жерге түскен өңір – көкжиегін сағым көмкерген байтақ дала. Бар бүдірі: әлгі даланың қошқар мүйіз текеметтей ойдым-ойдым, топ-топ сырық қарағайы, көз тартқан, қыздай иіліп, жапырағы самал жел лүп етсе, жамырай қол соғатын шоқ-шоқ ақ балтыр қайыңы. Ойдым-ойдым қарағай мен қайыңның әр жерінде кездесетін ботаның көзіндей көлдер де керемет.

Сырық қарағайдай жазушының ойы да биік, бойы да биік болатын. Сондай биіктік оның барлық шығармаларынан орын алғаны жұртшылыққа мәлім. Бәрінде де өмірдің айнымас суреті жатады. Тіпті бас­ты кейіпкерлерінің болмысынан, олардың айналасындағы адамдардың түр-түсінен, кескін келбетінен заман суретін айқын аңғарасың. Жасандылықтан аулақ, күш көрсетіп күшенбейді. Жақсысы жарасымды, келіссізі – тыраш. Табиғат пен адам барлық жерде үйлесім тауып отырады. Содан да болар, ұлы Мұхтар Әуезовтің: «Әдебиеттің болашағы осы Сафуандар ғой» дейтіні. Бұрынғының алыптары талантты жаңылмай таныған. Көңілге, ағайыншылыққа қарап көлгірсімеген. Жалған мақтап шаң қаптырмаған, тұс­палдамай турасын айтқан. Тағы да сол ұлы Мұхаң (Әуезов) қаулап келе жатқан балаусадай ақындарға сүйсінгенде «жыл келгендей» деп шын ниеттен ақ жол тілеп, бата бергені тарихта мәлім. Бата қапы кет­педі. Таңдаулы таланттар Тұмағаң (Мол­­дағалиев), Қадағаң (Мырзалиев), т.б. бастаған дарындар сап құрап, қазақ поэ­­зия­сын ескі сүрлеуден жаңа белеске көтерді.

Иә, өткен ғасырдың өн бойында тас бұлақтың суындай мөлдір де, бұйра толқы­нындай таза таланттар аз болған жоқ. Алғашқы отыз жылындағы ойран, иә, ойсыратты. Бірақ тамыры мықты, арқауы асыл ұлт рухын ниеті бұзықтар жоя алмады. Күн аунап түсіп, жыл алмасқанда алдыңғылардың үлгісін көргендер, оларға ерген жас өрендер бұрылыстардан жол тауып өшірдік деген Алаш сәулесін, е, деп қойып қайта «тіріліп», қанат қағып, буын бекітті. Алдыңғы саналылардың сара жолын өшірмей қайтсек аман алып қаламыз деген талпыныстарын іргесін бекітіп келе жатқан қызылдардың көңіл аулай отырып, Ұлт сөзін, елдіктің аңсаған арманын қалайда аман алып қалуға бел байлады. Бұл жол оңай болған жоқ. Бірақ бәрінің көкейінде: «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар», деген Әлихан Бөкейхановтай ұлт көсемінің сөзін бағдар етті. Оның ақиқаттығына тарихты зерделеген адамның көзі жетпей қоймайды. Көріпкел көрегендік деген осы. Алысты көздегендер мұны кейінгілердің санасына сіңіріп, сергек жүруге, жұрт ұғымын көкейге тоқып, бір мысқал да естен шы­ғармауға септесті. Әрине олар қаһары басым, сөзі өктем қоғамды бұзып кетіп еді дей алмаймыз. Мемлекеттік мәшине оған жібермесі белгілі. Бірақ саналарында сәуле бар сол ұлт жақсылары табандасып бақты, жұдырығы жуан билік өз дегенін істеп, талайын саптан шығарды.

Сол алыптардан кейінгі алыптарға таяу, алда айтқан мықты буынның елім деген рухы әркез жанында жаңғырған қаламгер Сафуан Шаймерденов те тұр. Ол сұрапыл соғыстың жеңімпаз жауынгерлерінің бірі еді. Әдебиет та­балдырықтардың «Бола­шаққа жол» романымен аттады. Кейін «Инеш» аталды. Замандасы, күні кеше өмірден озған Әбдіжәміл Нұрпейісов те «Курляндия» романымен сапқа тұрып, кейін ол туындысы «Күткен күн», миллиондаған оқырманын тапқан «Қан мен тер» трилогиясына жалғасты. Бір атап өтерлігі бұл толқын шетінен құ­былыс болды десек қателеспейміз. Ол І.Есенберлин, Т.Ахтанов, Ә.Нұршайықов, т.б. шетінен сен тұр мен атайындар. Және қай-қайсысы да кемел, дара алыптардың нағыз ізбасарына айналып, алаштықтардың үмітін ақтады. Сол екінші толқынды көр­ген, қайтсек те жетуіміз керек деп ұмтыл­ған келесі ұрпақта осал болмады. Қай-қайсысы да сөз тұлпарын қамшылап, ой қыранын қалықтатып әдебиет бәсекесін қыздырды. Баяғы санаулылар тартқан алтын арқауды ұзартып, ұзына бойлы ұлт руханиятына ұшан-теңіз ол жасалды. Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменов, өзге де жүйріктер «Елім-айлап» жүйткігенде бір төбенің шаңын бір төбеге қосты.

Сафуан Шаймерденов сұрапыл соғыс­тан ширап, ширығып келген таланттар шоғырындағы шоқтықтысы болатын. Алдыңғы кемеңгерлердің шарапат қызуы жан дүниесін шарпып, шабытын шарықтатты. Иә, жақсының шарапаты адамзаттың бәріне ортақ. Ол ұрпақпен ұштасып жатса, тіпті мақұл. Бұған да дәйек келтірелік, алда айтқан жазушының «Болашаққа жол» – «Инеш» жастар өміріне арналған тың туынды болатын. Майдан шығармаларынан кейінгі бейбіт күнді, яғни жастардың өмірін, сезім иірімдерін, көңіл толқынын тап басып суреттеген шуақты дүние еді. Адам болмысының, әсіресе жастардың білім алып, тәрбие үйренудегі үрдісте­рін тап басып баяндаған роман қалың жұрттың сүйікті шығармасына айналды. Әдебиетіміздің ірі өкілдерінен бас­тап, қалың оқырман туынды туралы ерекше ілтипаттарын білдірді. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов секілді аға­лары ағынан жарылып мақтағанда Сафуан ағамыз оған масаттанбай, мас­танбай, кеуде кермей: «Дандайсу – са­насыздықтан, бос жайдақтық пен таяз­дықтан туаты­нын мен жақсы білемін» дейді кісілікпен. Шын мақтаудың шабыт беретінін де естен шығармайды. Қазақ топырағында тұңғыш жазылған студенттер туралы роман өзге жұрттарда бұрын жарияланған. Оны да еске түсірер болсақ, Ю.Трифоновтың «Студенттері», Коноваловтың «Университеті» еді.

«Инеш» романында қалада өскен Инеш пен соғыстан аман жеткен майдангер Мәулен бейнелері арқылы жастар өмірін жан-жақты көрсетеді. Ол тұста жастардың да, үлкендердің де қолынан кітап түскен емес. Содан да шығар, бұл романның жұртпен бірге жасап келе жатқаны. Ең бастысы, туындыдағы оқиғалар бүгінде күн тәртібінде тұр десек, қателеспейміз. Мәселен, қызметті туып өскен қаладан тапсам деп, ақыры ол ойы болмаған соң, үріккен құлындай үрей туғыза беретін жұмбақ ауылға аттанған Инеш бейнесі ерекше есте қа­лады. Күңгірт ой, күмәнді сұрақтармен ауылға келсе, Әсемдей ақ­жарқын әже қарсы алып, үлкен-кіші үйіріліп, ұл мен қыз төңірегінен шықпайды. Мейірімі мол ақ сақалды аталар, ақ жаулықты аналар жатсынбайды, жақын тартады, құшағына алып, өз балаларындай аялайды. Қарбаласы көп қаладан даланың кеңдігі көңілін сергітеді. Көкжиекпен астасқан аспан әлемі жанарын ашып, ойы­на нәзік сәуле үйіріледі. Төңірегі секем алдырмайды, қайта қызыға қарайды. Бұл неткен мол мейірім шуағы дейді. Сөйтіп, ауыл оның болашағына жол ашады. Қала қызы өмірді енді түсіндім дейді.

Адамдардың арасындағы алалықты, ниетін құдай қарақтаған өресіздікті қалам­гер ерекше шенейді. Инештей бей­күнә жастың ауылға келіп ұлт баласын оқытсам деген ниетін ұқпай, қара басын күйттеп, қақпанға түсіру үшін түндей түнерген тәлейсіздерді де найзамен түйрейді. Бірақ әлімсақтан жандары сірі Майқан Белгіқұлов Инештің өмірін өксітіп тынады. Мұндайлар әлі де жоқ емес, бар. Ол кездің майқандары бүгінде, кейбірі шайтандарға айналып жүргенін бүгіп қайтеміз.

Саңлақ Сафуан ағамыз бір ғана роман жазды. Бірегей бітімімен жазды. Одан кейінгі жерде бірінен-бірін өткізіп қилы тақырыпта повестер туындатты. Бұл қа­лауы қапы қалдырмады. Кезінде осы жанр өзін баурап алғанын айтқаны бар еді. Әр повестің оқиғасы қалың романның жүгін арқалап, әр алуан адамдардың мән-мәнерін баян еткенде өз басыңнан кешкендей болатының бар. Айталық, «Мезгілде өгей шеше мен Мезгіл қыздың арасындағы алғашқы бірін-бірі тосырқауы, кейінгі табысуы әдемі де әсерлі. Өгей шеше Бибігүл алғаш табалдырықты аттағанда, екеуі іштей арбасады. Бибігүл: «...әдейі келдім, бала етіп алайын деп келдім» дегенде аппақ бала мінез Мезгіл: «Бірақ әкемнің қасына жатпайсың. Өйтіп апа болмайды. Сен түгіл апам да жатып көрген емес» дейді. Қандай қиын қиғылық.

Осы диалог ойға сан-саққа жүгіртеді. Арпалысқан сезімді де, аяушылық сезімді де оятады. Бұл жазушының өз басынан өткен оқиға көрінеді. Оған мысал келтірер болсақ: «Қазір өз бойымда көзге түсер жағымды бір қасиет болса, сол өгей шешем Бейіс марқұмнан жұққан деп білемін» дейді Сафуан ағамыз.

Оқиғалар желісі шарықтай келіп, бір кем дүние-ай дегізетін «Қарғаштағы» психологиялық иірімдер ерекше ойға қалдырады. Соғыстан кейінгі соқпағы көп кезең. Ер азамат аз, жесір отырып қалған қыз көп. Теңін табу әрқайсысының арманы. Шыбықтай бұралып тұрған Қарғашқа Саттар жігіт көз салады, сезімі оттай жанады. Он сегіздегі қыз, өзімен түйдей құрдас жігітті бала санайды. Сөйтіп, талшыбықтай бұралып, толған торсықтай толықсып жүргенде Мелдес деген сұм ниет шыға келіп, қыздың обалына қалып, сенім күлдей ұшып, үміті құмалақтай шашылып қалады. Бұл арада Сафағаң жақсы сезім мен арам пиғыл бір арнада тоғыспайды деп, кейінгі ұрпаққа Қарғаш секілді алданып қалма, сақ жүр дегенді шиыршық атқан оқиғалармен меңзейді. Ол кезде ондай жат қылық аз болатын. Етек жа­йып кетіп ұрпағым бүлінбесін деген оймен Мелдестей арам пиғылды көз алдыңа келтіріп, мұндайлар өміріңе жаланған жаудай қауіпті екенін шеберлікпен алға тартады.

«Жыл құсы» – таза ұлттық шығарма. Заман өзгергенде адамдардың да дағ­дарып қалатын кезі болады. Болмысы мықтылар бір тұстан жарып шығып, жұртқа танылады. Сондай мықтының бірі, бас кейіпкер – Битабар. Қызыл империя келгенде ол да не болар екен деп, күмәннің жетегіне ерген. Бірақ адал еді, алып күштің иесі еді. Халықтық сананы, салтты бір кісідей білетін. Пар ат әрең тартқан су толы бөшкені «Иә, аруақ!» деп жалпақ жауырынға қондырып, жүріп кетуі кереметтің кереметі ғой. Қазақтың ірілігін көрсетеді.

Битабар – тарихта болған адам. Ол кезде пәкенелер аз, ірілер көп болған ғой. Он сегіз жасында қырыққа толмаған Балуан Шолақпен кездеседі. Белдеспек те болады. Бірақ анасының аруақты балуанның алдын қиып өтпе деген сөзі құлағына қорғасындай құйылады. Балуан Шолақ болса Битабардың кескін келбетіне, түр-тұлғасына, жүріс-тұрысына, ананы тыңдаған ізетіне сүйсініп тұрғанда жігіт алақан жайып, бата сұрайды. Сонда Балуан Шолақ өзінің базардан қайтқанын, жастың бет алып бара жатқанын іштей түйсініп, жүрегінде түгі бар екенін сезіп, сынамақ болғанда Битабар бақыртып атан түйені көтеріп алдына келеді. Сон­да аруақты балуан ағынан жарылып бата беріп қана қоймай, өзіне мінгізген жорғаны Битабарға көлденең тартып, тізгініне ұстатады. Битабар тізе бүккенде: «Күрес те өнердің бір төресі, малтабар оңай кәсіпке айналдыра көрме» дегенде Битабар тізгіннің Балуан Шолақ ұстаған жерінен тәу етіп сүйеді. Сексенге таяп, өмірден өткенге дейін Балуан Шолақтың аталы сөзін бойы­на бойтұмар етіп тағады.

Ал «Ит ашуы» ит туралы емес, ит көзімен адамдардың қараулығын, ние­тінің бұзықтығын жеріне жеткізе суреттейді. Шолақ белсенді, қулығына құрық бойламайтын Қарғабектің қылы­ғына төзбей, ашуға булыққан ит – Марғау оны қараша үйде талайды. Сонда ит түйсігі Қарғабектің түйсігінен артық болып тұрғанын көресің. Жазушының шеберлігі осында жатыр. Ит құрлы болмадың-ау, дейді Қарғабекке. Түйсігі түте-түте болған пенде иттің түбіне же­теді. Сөйтіп, иттен кегін алады. Мұнда адамдар арасындағы кектесу жатыр. Оны адам мен адамның тіресуі арқылы емес, итпен ит болу арқылы беру ұтымды шыққан.

Тағылымы мол, берері де аз емес «Ағалардың алақанына» қазақтың біраз жақсылары, қазақы қалып туралы деректер топтастырылған. Толғамды, толымды еңбек. Алдыңғы толқын ағалары, замандастары, кейінгі жастарды да аз қамтылмайды. Формасы да ұтымды, қысқа нұсқа қайырады. Онда айтары анық көрініп тұрады.

Қарымды қаламгер Сафуан Шәймер­деновке арнаған Ғафу Қайырбековтің өлеңінде: «Сорайған солтүстіктің қара­ғайы» деген бір жол бар еді. Шынында, солтүстіктің тіп-тік өсетін қарағайын­дай турашыл мінез оның сүйегіне сің­ген қасиет болатын. Алары кетсе де, айтарын айтпай тұра алмайтын. Ондай қасиет екінің бірінің бойынан табыла бермейді. Тіпті Ғафаң айтқан қарағайға біткен қарсы бұтақ, десек те жарасады. Оның шет жағасын өзіміз де көрдік. Жарып айтқан сөзін естідік. Бір сыншыға «әр ханның тұсында бір сұрқылтай деп, менің сұрқылтайым сенсің» десе, жазушылардың алқалы жиы­нында дау ұлғайып бара жатқанда «осы біз бір кебісті бір кебіске кигізгенді қашан қоя­мыз» деп еді.

Турашылдығына бір мысал, алғашқы қадамына батасын беріп, сәттілік тілеген Сәбеңнің (Мұқанов) өзіне тура қарап тұрып: «Күлбілтелейтін не бар, сол Сәбит Мұқановыңыз соңғы он бес жылдың ішін­де көбінде ортақол шығармалар беріп келеді», деп сын тезіне алған. Тұстас­тарына берген бағасы да әділ. Кейінгі ізбасарларына арнаған сөзінде де қара қылды қақ жарып, барын бар, жоғын жоқ депті. Сайын, Әбіш, Қалихан, Мұқағали, т.б. туралы байламдарында көрегендік көрсетеді.

Қайраткерлігі тіпті бөлек. Ұлт, ұрпақ дегенде сол бұлтағы кем буынның ерек­шелігі ерен еді. Сілтесе берен еді. Оны Желтоқсан көтерілісінде көрдік. Бас кетсе кетсін, сол басты жаратқан жұртым аман болсын дегенде ешкімнен ықпады, бұқпады. Қаһарланып сөйлегенде та­лай­дың үрейін ұшырып, түсінгеннің қа­бырғасын қайыстырды. «Бұлар болмаса мойынды ішке алып, бұғып отыра беретіндей екенбіз ғой», дегізді бәрімізге.

Г.Колбинмен кездесуде: «Мен жазушы ретінде сол шеруге қатыссам да жарасатын еді. Бірақ бейхабар қалып, оған кездейсоқ жолықтым... Бәрін өз көзіммен көрдім, өз бауырларын оққа байлап бергендердің сөздерін де өз құлағыммен естідім», дейді де: «...біз тып-тыныш тұрған жігіттеріміз бен қыздарымызға қарай резеңке таяқтар мен сапер күректерін ала жүгірдік, ит жұмсатып, өрт сөндіру машиналарынан сумен атқыладық. Ал күн 40 градусқа аяз еді ғой», деп бір түйіп тастап, Колбинге тіке қарап тұрып: «Колбин жолдас. Мен сізге менімен бірге көшеге, екеуміз ғана күзетсіз шығуды ұсынамын. Қала көшелерімен күні-түні бірге жүріп өтелік, егер қазақтардың біреуі сізді саусақпен нұқып өтсе, өзімді-өзім өртеп жіберейін», дейді. Тіл мәселесіне келгенде де Колбинге төте сұрақ беріп, қазақ тілін үйренем деген «Уәдеңіз қайда?», не «нәрсені төңкеріп тастадыңыз?», дегенді қосып, тарих таразысы ауыр таразы екенін алға тартады.

Сол Колбиннің тұсында да тіл туын биік көтерген Сафуан Шаймерденов, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру туралы тайталас туғанда, 500 жазушының қолын қойғызып, жоғарғы билікке үндеу-хат дайындап, жолдағаны белгілі. Тілек орындалды, амал не, орыс тілі қатарынан қала қоймады. Үш он жылдан аса уақыт өтті. Тіл тағдырына қатысты тірлігіміз жартыкеш болып келеді.

Кейде әттең-ай, сол арыстар ортамызда болса: «Тілге жалпақ шешейлік, тәкаппарлық жараспайды. Ел болған да бұл не жалтақтық, өзгелерге қара­саңдаршы, қашанға дейін күмілжіп отыра береміз! деп кері тартқандардың ынжықтығын, шенеуніктердің әне-міне­сін шекесін шертіп тұрып айтып, бет-жүзіне қарамай сілкініп, көп сылтаудың сілікпесін шығарар ма еді, дейсің де қиял­ға берілесің.

Осы жерде ұлт әдебиетіне қатар қанат қаққан, ақиқатты бүкпей айтқан Жұбағаң – Молдағалиев замандасын да еске ала кетуіміз керек. Өйткені майдангер, екеуі де қайсар қазақтар еді. «Көптеген қиғаш құбылыс тура жазушылардың көз алдында өтіп жатты. Бірақ баспасөз жүзінде, мінберден айтуға біздің қазақстандық әдебиетшілердің азаматтық ерлігі жетпе­генін мойындауымыз керек», деген Жұбан аға «...өкімет органдары тәртіпті қалпына келтіруге шақырғандардың барлығы етегінен намаз оқыған интернационалист екеніне біздің көзіміз жете ма?», деп «...17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйрей сабаған солар емес пе?.. Мен сон­дай ұят оқиға және оның артын не бол­ғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкінемін», деп күйінген еді. Ал тіл мәс­лесіне келгенде «... Онсыз біздің өмір сүруіміздің мәні жоқ» деді.

Ұлтының жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеген Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденовтің туғанына 100, өмірден озғанына 15 жыл болыпты. Ал әкесіндей ұлт атын жақсы жағынан шығарған ұлы туралы да бірер ауыз байлам айтпасақ, бола қоймас.

Саян Сафуанұлы әке беделіне бедел қосқан қазақтың алғашқы хоккей­шілерінің бірі ғана емес, бірегейі еді. КСРО жұртын таңдандырып, әлемді өзіне қаратқан азамат болатын. Оның бапкері Э.Айрих: «Саян бұйығы жатқан ұлттың бұлқыныстағы болмысы» депті. Тап басып айтылған, тағылымды сөз. Малай елінде топ жарып тұрған еңселі қазаққа қызыға қарап, бір сәті келгенде елдің королі осында қалып біздің елдегі көгалдағы хоккейдің дамуына дем бер, барлық жағдайды жасаймын деген өтінішін айтыпты. Сонда Саян: «Мен өз еліме де керекпін», депті отаншылдық рухын көрсетіп. Король жігіттің мына сөзіне риза болып, қолын қысыпты. Міне, елді сүюдің үлгісі.

Шыбықтан шынар болған, ұлттың арыс ұлы, намыс ұлы, қайраткер қаламгер Сафуан Шаймерденовтің халқы барда екінші рухани өмірі өміршең, оған қоса шындық пен ақиқаттың шырақшысы ретінде де жасай береді. Бір замандары А.Чехов: «Толстойдың өлімінен қорқам, ол кетсе, әдебиетіміз қойшысы өліп, қорғансыз маңырап қалған қойға айналатын тәрізді» депті. Қазақ әдебиетінің алдағы алыптары мен рухы мықтылары, кемел кемеңгерлері болмаса, біздің де рухани өлшеміміздің алтын арқауы әлсіреп қалар ма еді, қайтер еді.

 

Сүлеймен МӘМЕТ