• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Сәуір, 2022

Ана құдіреті

1045 рет
көрсетілді

Біздің анамыз Роза Жайлаубекқызы негізінен үй шаруасымен айналысып жүріп-ақ, бар уақытын бала тәрбиесіне арнаған адам. Әкемізге қолғанат болу үшін қара жұмыстың ешқайсысынан тайсалмай, табыс та тапты, бізді де тәрбиеледі. Қажет болса сабағымызға көмектесіп, еңбекке де баулыды. Біз үшін жанын беруге дайын анамызға перзенттерінің барлығы өмір бақи ризамыз.

Әкеміз Әбдікәрім екеуі 1961 жы­лы танысып, көңілдері жарасып, отбасын құрады. Ол заманда ағыл-тегіл құдалық өткізу, аста-төк той жасау деген жоқ. Үлкендер келісіп, көңілдері жарасқан екі жасқа баталарын беріп, шығарып салады. Қазығұрттың күнгей бетінде орналас­қан «Жаңаталап» деген ауылға анамыз келін болып түседі. Ертеректе қайтыс болып кеткен бабамыз Бектайдың өзі салып кеткен кішкентай ғана үйінде екі әжеміз бен әкеміз тұрған. Үйлене салып оқуға түскен әкем Ташкенттегі ирригациялық институтқа оқуға кетеді. Екі апасы мен барлық үй шаруасын арқалап анамыз қалады. Үлкен әжеміз Жұлдызай да, кіші апамыз Тасбике де өте еңбекқор, жалғыз баласының жолында жанын беруге дайын тұратын кісілер болатын. Келін түсіріп, көңілдері марқайып, негізгі жүк келінге жүктелген соң, қолдары босағандай болғанымен сол замандағы ауыртпашылық еңселерін көтертпейді. Анамыз сол екі апаның көңілінен шығу үшін бар ықыласымен, отбасында көрген тәрбиесімен қызмет жасайды. Шаңырақтың керегесін берік, берекесін арттыру үшін күндіз-түні тынбай еңбек етеді. Үйдің малына қажетті шөпті де шабады, есіктің алдындағы егісті де егеді, малға да қарайды, аналар­дың жағдайын жасап, үй шаруасын да дөңгелетеді.

Мен жалғыз баласының тілеуін тілеп жүргенде көрген тұңғыш немересіне ерекше еміренген Тас­бике апамыздың баласы болып өстім, «Әлижан әкесінің інісіндей болады, оның атын атамайсың», – деген апамыздың талабына көніп, анам да атымды айтпай, «Төрежан» деп атайды. 1986 жылы Тасбике апам 86 жасында өмірден озды. 

Анам Роза апам өмірден өт­кеннен кейін де мені «Төрежан» деуден танған жоқ. Бір күні мен «Анашым, апам болса өмірден өтіп кетті. Енді сіз менің атым­ды Әли деп атай бермейсіз бе?» дегенімде, «айналайын, балам-ау, енем­нің өзі дүниеден өткенмен, аруағы төбеден қарап тұр ғой, мен ол кісіге берген уәдемді қалай бұза аламын?» деп ыңғай бермеді. Дәл осыны қазіргі жастар дұрыс түсінбеуі мүмкін, ертегі сияқты көретін де шығар. Бірақ біздің аналарымыз, қазақтың аналары бұрыннан осылай. Халқымыз­дың салт-дәстүрімен үндесіп жасап келе жатқан дәстүрлі ислам дінінің тәрбиесін көрген, ата-баба аруағын құрметтеген, ар-ұят­ты жоғары қойған менің анам сияқты көптеген ана өмірдің бар ауыртпашылығын көтере жү­ріп, бала да туды, перзентін де тәр­биеледі, жарына да қарады, ене­нің де жағдайын жасады, қонақты да күтті, үйдің де берекесін ұстап отыр­ды. Соның арқасында ұрпақ та өсті, ел де дамыды.

Біздің анамыз Розаның ең үлкен қасиеті – еңбекқорлығы. Мен ес білгелі анамның бір тын­ғанын көрген емеспін. Қашан қарасаң бір нәрсе істеп жатады.

Марқұм әкеміз «Аналарың­ның қо­лында дипломы болмаса да, дипломы бар барлығымызды бас­қарып отыр», дейтін. Тұрмыс­тың тауқыметінен, ана­дан ерте ­айырылып, әулеттегі барлық жа­уап­кершілік өз мойнына артыл­ған соң, анамыз әкесіне, екі сіңлісі мен екі інісіне қамқор болып, үй шаруасынан ұзап кете алмаған, оқуға түсіп, арнайы мамандық ала алмады. Бірақ жоғарғы білім туралы дипломы болмаса да өте зерек, ақылды, парасатты анамыз жас­та­йынан кітапқа құмар, қазақ­­тың салт-дәстүрін мықты меңгерген жан. Қол­өнерге жақын ол кісі тігін тігу, кесте тоқу, құрақ құрау се­кіл­ді іскерлігінің арқасында үйде­гі барлық бұйымды өз қолымен жасай беретін. Поэзияға құштар, өлең жазып, жыр шумақтарын мәнер­леп оқуға құмар анамыз бір-екі шу­мақ өлеңді табан астында шыға­рып ортаға тастай салатын. Жағымды қоңыр даусымен әдемі ән салады, мақал-мәтел­дерді орнымен мәнісін келтіре айтудың қас шебері десем қателеспеген болар едім. Өмірдегі әрқилы жағдайға бір мақалы да­йын тұрады. Оның өзі үлкен өнер, жастар үшін үлкен тағылым. Бірде жұмыстан келіп, бастан өткен бір жағдайларды ойлап, тұнжырап отырған болуым керек, анам маған қарап: «Балам, қазақта «Шындық шырылдап жетемін дегенше, өтірік талай жерді өртейді», деген сөз бар. Жұмыста түрлі жағдай бола береді. Өзіңнің сөзің адал, тірлігің таза болса, ештеңеге уайым жеме. Әр нәрсені ойлап, көңіліңе ауыр ала берме, жүрегіңе әсер етеді», дегені әлі есімде. Өзімді өзім жинап алып, көкейдегі сұра­ғымды қойдым:

– Анашым, осының барлығын қайдан білесіз?

– Өмір мектебіне ештеңе жет­пейді ғой, – деп еді.

Тағы бір үлкен қасиет­тің бірі – қарапайымдылық. Сол қара­пайымдылығы үнемі мәртебесін биік­тетіп тұрады. Осы уақытқа дейін үйге келген әкеміздің туыс­қан іні-бауыр­ларын төрге шы­ғарып, аттарын атамай, «қай­ным», деп бірінші дәмді өзі әке­ліп қояды. Абысын-ажындары­на деген сый-құрметті көрсеңіз. Әзілдеп жүріп, баяғы өздерінің жас кездегі әңгі­­мелерінен бастап, осы уақыттағы жақ­­сы­лықтарды айтып, балаларының, немере-шөберелерінің амандығына ауы­сады. Анамыздың өмірдегі ұс­танып келе жатқан айнымас принципі: «біз ешкімнен де артық емеспіз, ешкім де бізден кем емес». Барған жерінде де барлық адаммен бірдей амандасып, бірдей араласып, барлығының қал-жағда­йын, ұл-қыздарының амандығын сұрап, со­дан кейін ғана орнына жайғасады. Бала­сының әрбір жеткен жетістігіне қуанбайтын ана жоқ шығар. Біздің анамыз да қуанады, бірақ еш білдірмейді, айтатыны: «Алдымен Алланың арқасында жеттіңдер, шүкіршілік етіп, тәубе деп жүріңдер». Жалпы қарапайымдылық – қанға сіңген қасиеттен. Адам қанша ұлық бол­ған сайын, сонша кішік болғаны дұрыс екендігін ата-бабаларымыз да айтып кеткен. Біздің ата-анамыздың да өмірлік принциптері сондай-тұғын.

Өзінің еңбек жолын сонау Мырза­шөл өңіріндегі жаңадан ашылған мақ­та совхозында жай гидротехник болып бастаған әкеміз Әбдікәрім өмірдің бар сатысынан өтіп, Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгер ауданында (қазіргі Төлеби) халық депутаттары кеңесі атқару коми­тетінің төрағасы, одан соң аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін 15 жылдай атқарды. Әкеміз қалың бұқара қол­даған, елдің үлкен-кішісі бірдей қат­ты қадірлейтін, тұрғындардың мұң-мұқтажын шешуде жанын аямайтын басшы болды деп толық сеніммен айта аламын. Оған себеп әкемнің де, шешемнің де қарапайымдылығы. Анамыз әкеміздің қызмет көлігін ешқашан да пайдаланбайтын. Базарға барса да, дүкенге шықса да маршрутты автобуспен барып-келе беретін. Оны көрген қарапайым халық «Автобуста жүр­ген хатшының әйе­лін бірінші рет көрдік», деп әңгіме айтады екен. Базардан алған азық-түлігін де өзі арқалап, автобуспен үйге келе­тін. Осындай қарапайымдылы­ғын көрген халық та анамызды қат­ты сыйлайтын.

Әкеміз қайтыс болғанда шаңы­ра­ғы­­мыз ойылып ортаға түскендей күй кештік. Көз алдымызда, қолы­мыз­дан ештеңе келмей, айырылып қалға­ны­мызда, төбемізге жай түскендей кө­рінді. Ештеңе аяқ астынан ойға келмей, аңырап тұр­ғанымызда да «Әй, бала­ларым, еңселеріңді көтеріңдер. Өмір­де өлім­нің өзі сын. Ертең естіген жұрт ағылып келе бастайды. «Әке­лерін соң­ғы сапарға дұрыстап шығарып та сала алмады» деген сөзге қалмаңдар. Бастарыңды көтеріп, әрекеттеріңді жа­саңдар!» деп бізге алғаш күш берген де анамыз еді. Иә, Ана – құдірет! Міне, елуді еңсеріп, алпыс жастың асқарына шықсақ та оны мойындап келеміз. Ана­­мыздың рухы қаншалықты мықты екен­дігіне тағы да көзіміз жетті. Сол анамыз рухының мықтылығына, көзінің қарақтылығына, сөзінің дәлдігіне, өзінің әділдігіне қарамай, өмір бақи әкеміздің көлеңкесінде жүрді. Ешқашан алдына түскен жоқ, сөзін бөлген емес, қарсы келген емес. Өзінің дұрыс позициясын да жайлап әкемнің тамырын басып отырып, жеткізетін. Әкені қадірлеу, енені сыйлау, жарды құрмет тұту, перзентке тәрбие беруге келгенде біздің анамызға жан жетпейтіндей көрінеді. Әрине, әркім өз анасын артық көреді. Әлемдегі бар­лық ананың орны бөлек. Бірақ біздің анамыз Роза Жайлаубекқызының бар болмысы, жүріс-тұрысы, сөз саптауы, адамға деген құрметі, үлкенге деген ілтипаты, кісіге деген ізеті ерекше болып көрінеді де тұрады.

Негізінде, балаға жақсы тәрбие бе­ру үшін жүз сөйлеп, мың ақыл айту­дың қажеті жоқ. Ата-ананың өз бол­мы­сымен үлгі болуы – ең ерекше тәр­бие. Бала ата-анаға қарап өседі. Үй­де ұрыс-жанжалдың көп болуы бала психологиясына кері әсер ететін жайт. Өзі арақ ішіп, темекі шегетін адамның баласына ішпе, шекпе деген сөзінде дәм де, мән де, әсер де болмайды. Таза тұрып, таза жүрген ата-ананың балалары да таза тәбетті болады. Жақсы сөз естіген балада жақсы ой қалады, ғибратты әрекет еткеннің ұрпағына береке, бақ байланады. Бізді ата-анамыз қонақ келсе қастарына шақырып, алдымен қолдарына су құйғызып, содан шай құйғызып, отбасылық тәрбиеге бағыттайтын. Ондағы ойлары сол үлкен кісі­лердің жақсы сөздерін бойларына сіңірсін дегендері екен­дігін қазір түсініп жүрміз.

Бір жолы оңтүстік өңіріне елі­міздің көрнекті қайраткері, ғұлама ғалым Мырзатай Жолдас­беков ағамыз кел­ді. Төлеби баба­ның мұраларын жинап жүр екен. Қасында Ұлттық қауіп­сіздік ор­гандарының ардагері, генерал-майор Ержан Исақұлов, белгілі дін­танушы, ескі араб тілінің маманы, аса сауатты діндар Абдулла Жолдасов ағаларымыз жүр. Ауыл-ауылды аралап, халықпен кездесіп болғаннан кейін Қас­қасудағы ел ағасының шаңырағына барып, қонақтарға арналған дастарқанға жайғастық. Әңгіме қызып жатқан тұста үлкен ас келді, қазақтың дәстүріне сәйкес қойдың басы да әкелінді. Қызмет жасап жүрген жігіт, сасқалақтап жүріп, абайсызда қойдың басын жерге түсіріп алмасы бар ма. Бір-екі кісі «бас­­ты алып кете ғой», деп жатыр. Сонда ортада отырған Абдулла Жолдасов: «Еш­теңе де етпейді. Үл­кендердің алдында сасқалақтау бә­ріміздің бойымызда бар нәрсе. Дас­тарқанның киесі үстінде тұрған аста ма, жоқ жерге түскен баста ма, бір Құдай біледі. Басты алып ке­ліңіздер, бәріміз де ауыз тиеміз», деп ғұламалығын танытты, үй еге­лерінің ыңғайсызданған күйін се­йілтті. Бәріміз де сол бастан ауыз ти­дік. Алып келген сыбағаны кері қай­тармаудың өзі үлкен өнеге болды.

Біздің қазақ халқының салт-дәстүрі­нің өзі үлкен академия. Ел арасында осы академияның сүз­гісінен өтіп, хал­қы­мыздың бар­лық нәрін бойына сіңір­ген, әрі білгір, әрі өткір, әрі адал, әрі әділ азаматтар көп болған. Қазір де аз емес. Сондай азаматтардың бірі де бірегейі Мырзатай Жолдас­беков- тің сол келген сапарында: «Жі­гіттер, ел бас­қарып жүрген аза­маттардың арасында тату­лық болса, елде береке болады. Араларыңнан қыл өтпесін. Қыл өтсе – бәрі өтіп кетеді», дегені не деген қасиетті сөз! Бұндай сөзді көкейінің түбін­де шамшырағы бар адамдар ғана айта алады.

«Сен ата-анаңның үмітісің. Сен қай­таланбас тұлғасың, өз өмі­ріңнің белсенді жасаушысысың, сондықтан өзіңе ғана сен», деген екен даңқты қолбасшы, қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Мо­мыш­ұлы. Сол айтылғандай ата-анамыз бізге мәңгі үлгі болғанымен өз тағды­рымызды өзіміз қалайтындығымыз та­биғи шындық. «Адам болып туу – анадан, айуан боп кету – өзіңнен», деген Қадыр Мырза Әлінің сөзі көп нәрсені аңғартса керек.

Сүрініп-қабынып жүрген әрбір пенде қиналғанда, жәбір шеккенде, жаны қысылғанда айналып келіп анасының қанатының астынан келіп пана табады, күш жинайды, жанына ләззат алады, демалады, бой жазады. Жылылықтың жиынтығы – ананың алақаны, сондықтан да ол әрбір перзент үшін ең аялы ұя екені даусыз.

Жасым алпысқа келсе де қатты шар­шаған уақыттарда анамды барып бір құшақтап, ағарған самайынан бір иіс­кесем, керемет ләззат аламын, шарша­ғаным басылып, бойым жадырайды.

Осындай, анамның қасында отыратын сәттер жиі болса екен деймін. Жолдың алыстығына, жұмыстың көп­тігіне, уақыттың тығыздығына байланысты көп бара алмай қаламыз. Кейде анамды сағынып, телефон арқылы сөйлесейікші деп ойлансам болды, сол мезетте анамның өзі телефон соғып қалады. Бұл қандай тылсым байланыс? Кейде ол кісі ойланғанда мен телефон соғады екенмін. Бала туғанда анасына кіндігімен байланып туылатыны бекер емес шығар. Кіндікті кескенмен рухани байланыс үзілмесе керек...

«Ана көрегендігінің теңдесі жоқ. Ана мен баланың арасын көзге көрінбейтін тылсым сырлы жіп жалғап тұрады», деген екен О.Бальзак.

Менің анам туралы осы жаз­ған­дарым ешкімге жаңалық бола қоймас. Барлық ана мен пер­зенттің арасындағы байланыс, ниет, бо­йындағы қасиеттер біздікіне ұқсас болуы керек. Барлық ана менің анамдай, барлық бала өз анасы туралы мен сияқты ойлайтын шы­ғар. Бірақ мен осы шығарманы бірнеше ай бойы, көз майымды тамызып жаза отырып, анама көзі тірісінде бір ескерткіш қойғым келді. Бұл еңбегім анама лайықты ескерткішке тұра ма, тұрмай ма, бір Құдай біледі. Одан кейін осыны көңілі түсіп оқыған оқырмандар білер. Ал өзім осы шығарманы жаза оты­рып кей кездері рақатта­нып, кей уақыт­тары көзіме жас алдым. Ана тағ­дыры – күрделі құбылыс. Ана болу әрі бақыт, әрі үлкен жауапкершілік. Бала жақсы болса, жұрт әкесін мақтайды, ал жаман болса, анасын кінәлайды. Ана құрсағының ешқандай да кінәсы жоқ. Кейде біздің аналарымыз өмірге қыз әкелгені үшін де кінәлі болып жатады. Әрине, ұл – ұрпақ жалғасы, ізбасар, бұл өмірде қыздың орны да ерекше. Қыз – ең бірінші қамқоршың, тілеулесің, қолғанатың. Қыздың ғана мойнына ең үлкен миссия жүктелген – болашақта өмірге ұрпақ әкелу. Осы миссияны әйел ғана атқара алады. Әйелдің бойындағы қасиетіне, рухани күш жігеріне, мінез-құлқына, бойындағы шыдамдылығы мен сабырлығына сәбидің өмірге келуі де, оның өсіп жетілуі де тікелей байланысты. Бір жігіт ғұламадан келіп: «Ата, менің әйелім босанып ұл туды, енді сол перзентім жақсы азамат болуы үшін қандай тәрбие беруім керек?», дегенде қария бірден: «Ей, балам, сен тоғыз айға кешіктің», деген екен. Яғни перзенттің болашақ болмысы, мінез-құлқы, ой-өрісі құрсақта жатқан кезде анасының көңіл күйіне, мінез-құлқына тікелей байланысты деген сөз. Жарының жай-күйі ер азаматтың бірінші назарында болатын нәрсе.

Небір батыр­ларымыз бен ақын­дарымызға, хандарымыз бен билерімізге ескерткіш қойып жатамыз. Ал сол кісілерді туып, өсірген, тәрбиелеген аналарымыз тасада қалыс қалып қояды. Осы нәрселер ойда жүргеннен болар, Түркістан қаласының әкімі болып тағайындалған соң, бір жағынан рухани астанамызда бас­тама болсын әрі аналарымыздың еңбегі мен ерлігіне қойылған құрмет белгісі болсын деп «Анаға тағзым» деген ескерткіш орнаттық. Республикада бірінші рет, қолында сәбиін көтерген ананың тұр­ған бейнесі бой көтерді. Салтанатты ашы­луына тұрғындар көп жиналды. Ана­ларымыз, қыз-келіншектер келіп рахмет айтып жатты. «Көп­балалы аналардың біріне сөз беру керек», деген менің ұсынысымды қабыл алған жігіттер «Оранғай» ауылдық округінде тұратын бір батыр ананы шақырған екен, сол кісіге сөз берілді. «Айналайындар, тілектеріңе, құрметтеріңе мың рахмет! Мен он бес баланың анасымын. Алдындағылардың барлығы қыз болды. Отағасына ізбасар болатын ұл туғанша туа беремін деп өзіме серт бердім. Он төрт қыздан кейін барып ұл өмірге келді, содан соң барып мен де тоқтадым»,  дегенде елдің бәрі сенер-сенбесін білмей, ду қол шапалақтап жіберді.

 

Әли БЕКТАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты,

«Ауыл» партиясының төрағасы