• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 19 Сәуір, 2022

Бүкіл қоғам назарын аударған құжат

165 рет
көрсетілді

Адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. 2021 жылы Президент «Қазақстан Республикасының адам құқықтарын қорғау саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлығы шығарылғаны белгілі. Көп ұзамай-ақ Үкімет оны іске асыру бойынша негізгі шаралар жоспарын бекітті.

Бұл қадамды еліміздегі сарапшылар да, халықаралық қоғамдастық та оң қабылдады. Дін туралы заңнаманы жетілдіру, өлім жазасын алып тастау, әйелдерге қатысты саясат, құқық қор­ғау және сот жүйелерін оңтай­лан­дыру бағытындағы жұмыс жоғары бағаланды. Сондай-ақ мүгедек жан­дарға жасалған жағдай мен адам сау­дасына жол бермеу мақсатындағы жұмыстар да ерекше назар аударды.

Заңнамалық актілерге діни бір­лес­тіктерді тіркеудің сандық цен­зін қысқарту, діни іс-шараларды өт­кізу, оларды өткізуге рұқсат беру­ден хабарлама сипатына көшуге қатыс­ты өзгерістер енгізілді. Әйел еңбе­гін пайдалануды шектейтін жұмыс­тардың тізбесі алып тас­талды. Полиция жұмысының қыз­мет­тік моделінің жеке элемен­ттері енгізілді. Сотталғандар мен уа­қытша қамаудағыларды меди­ци­налық қамтамасыз ету функциялары Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне кезең-кезеңімен беріледі. Қазақстан Тәуе­лсіздігінің отыз жылдығына бай­ланысты рақымшылық жасалды. Сотталғандарды жұмысқа орналастыру және оларды әлеуметтік бейімдеу жағдайлары кеңейтіледі.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мақ­сатында заң жобалары әзірленді. М­үге­дектердің құқықтары туралы кон­вен­цияның Факультативтік хаттамасы ра­тификацияланды. Азаматтық бас­та­маларды қолдау үшін коммер­ция­лық емес ұйымдардың қызметін гранттық қаржыландыру механизмін қайта құру жоспарланған. Уәкілетті мемлекеттік органдар әлеуметтік бе­йімделмеуге және әлеуметтік деп­ривац­ияға әкелетін қатыгездікті баға­лау өлшемі бекітті. Бұл зорлық-зом­былық салдарынан болған дене жара­қа­т­тарын, психологиялық әсерді тір­кей­тін қанатқақты жоба атанып отыр.

Қазіргі таңда адам құқықтары­ның сақталуын қамтамасыз ету елдегі сая­си күн тәртібінің басым бағыты­ның бірі. Сондықтан да адам құқықтары саласындағы іс-шаралар жоспарын кеңейту бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігі туындады. Осы мақсатта Мемлекет басшысы 2022 жылғы 13 сәуірде «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің 2021 жылғы 9 маусым­дағы № 597 Жарлығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Жарлыққа сәйкес, Үкіметке адам құқықтары және заң үстемдігі сала­сындағы шаралар жоспарын бекі­ту тапсырылды. Онда бірқатар жұ­мыс бағыттары көрсетілген. Атап айт­қанда, әйелдерді кемсітуді жою, ерлер мен әйелдердің тең құқық­тары мен мүмкіндіктерін ілгерілету мә­се­лесі бар. Сондай-ақ бірлесу бос­тандығы құқығы, мүгедектігі бар адам­дарға қатысты адам құқықтарын сақ­тау бойынша жұмыс­тар жүргізілуі тиіс. Қылмыстық сот төре­лігі, жазаны атқару және азаптау­лар мен қаты­гез іс-әрекеттердің алдын алу сала­сындағы құқықтарын да сақтау­ды ілгері­лету көзделіп отыр. Адам сау­дасы құрбандарының құқықтарын қам­та­масыз ету, мигранттарға, аза­мат­ты­ғы жоқ адамдарға және бос­қын­дар­ға қатысты адам құқықтары, БҰҰ-ның органдарымен өзара іс-қи­­мыл тетіктерін жетілдіру секілді мәсе­лелер де ескерілген.

Жалпы, қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтарына қатысты шаралар Президенттің ерекше бақылауында екенін де айтқан жөн. Сондай-ақ құқық қорғаушылар мен бүкіл қоғам да бұл мәселеге ерекше назар салып отыр. Мемлекет басшысы 16 наурызда Парламентте «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында осы мәселені көтерді.

Содан бір күн бұрын әлемде Халықаралық полиция қатыгездігімен күрес күні атап өтілді. Бұл дата 1997 жылдан бері атап өтіліп келеді. Оның бастамашылары – Монреальдағы «Полициялық қатыгездікпен күресу ұжымы» және швейцариялық «Қара ту» тобы ұйымдары. Бастапқыда 15 наурыз ыңғайлы болу үшін таңдалған-ды (1997 жылы жұмаға сәйкес келді). Бірақ 2000 жылдан бері Швейцария полициясының 11 және 12 жастағы екі баланы ұрып-соғуымен жиі байланысты айтылып жүр.

Жолдау қарсаңында Мәжіліс қабырғасында қаңтар оқиғасына қатыс­ты тергеудің аралық қоры­тын­дысы талқыланды. Бұрын-соңды мұн­дай кең талқылау болған емес. Жиын барысында құқық қорғау ор­гандарының басшылары, депутаттар, сондай-ақ Қазақстандағы адам құ­­қық­тары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова сөз сөйледі. Омбудсмен бір­қатар дерек келтіріп, өз ұстанымын жеткізді.

«Азаматтардан менің атыма түс­кен 137 өтініштің 86-сы азаптау немесе басқа да қатыгездік әрекеттеріне қатысты. Ресми статистикаға сәйкес, 2022 жылға 13 наурызға дейін азаптау және қызметін асыра пайдалану фактілері бойынша 243 қылмыстық іс тіркелген. Біз қазір азаптау көр­сеткендерге жауапкершілікті кү­шейту және азаптаудың алдын алу тетік­терін енгізу мәселесін құқық қорғау органдарымен бірлесіп тал­қылап жатырмыз. Азаптауды, күш қол­дануды, қорқытуды, сондай-ақ өзге де қатыгездік тәсілі арқылы алын­ған дәлелдемелер заңға сәйкес жарамсыз деп танылады. Осыған байланысты қамауда ұстау мен тергеудің рұқсат етілмеген әдістері туралы істер­ді тергеуді кейінге қалдырмау өте маңызды», деді ол.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бек­тенов депутаттарға аталған фак­ті­лер бойынша құқық қорғау орган­да­ры қызметкерлеріне қатысты қыл­мыс­тық істер тергеліп жатқанын айтты.

Мемлекет басшысының Жол­дауын­да қаңтар айында елімізде бол­ған қайғылы оқиғаға өткір де тия­нақты баға берілді. Президент «нағыз қылмыс жасаған адамдар заң алдын­да толығымен жауап береді. Басқа­ша әрекет ету, яғни, бедел жинау үшін бай­балам салып, қосақ арасында жүр­гендер мен арандатушыларға жеңілдік жасау – жазықсыз құрбан бол­ған жандардың аруағын сыйламау деген сөз», деді.

Сондай-ақ Президент осы орайда «Біз құқық қорғау органдарының қыз­меткерлері ұсталған адамдар­ды тергеу барысында тыйым салын­­ған тәсілдерді қолданғаны, тіпті олар­ды азаптағаны туралы факті­лер бол­ғанын ашық айттық. Орта ғасыр­лардан қалған осындай жаба­йылық кез келген өркениетті қоғамның қағи­даттарына қайшы келеді. Бұл – біз үшін де мүлде жат қылық», деп ес­кертті. Сондықтан құқық қорғау институттарын нығайту маңызды.

Басқалар секілді полиция қыз­меткерлерінің де кемшіліктері бар, қауіпті және тез әрекет жасауды талап ететін оқиғаларға жиі тап келе­тінін бәріміз мойындаймыз. Бірақ баршаға белгілі құқық бұзушылық істерді «өте әсірелеу» немесе жеке­ле­ген «жаман полицейлердің» ісі деп мәлімдейтіндер мынаны ес­тен шы­ғарып алады. Мұндай қадам ар­­қылы адам құқықтарын бұзу­ды ақ­тай­­­ты­нымызды ұмытып кете­ді. Осы­­лайша, заңның әділдігін қамта­ма­сыз етіп, оны күзетуі тиіс адамдар – по­лицияға деген сенімге нұқсан келтіреміз.

Жолдауда азаптауға байланысты қылмыстарды тергеуге жүйелі тәсілді енгізу қажеттігі айтылған. Бұған жауапты орган – Бас прокуратура. Бұл тәсіл тергеудің объективтілігі мен бей­та­рап­тығын қамтамасыз етеді. Құ­қық қорғау саласында озбырлық жаса­ған­дарды жазаға тартуға жол ашады.

Сондықтан Президент Қ.Тоқаев­тың Жарлығын жүзеге асыру жоспары еліміздің заңнамасын жетілдіруге басымдық бермек. Атап айтқанда, дене күші мен арнайы құралдарды қолдануды шектеу, Ыстанбұл хаттамасына сәйкес азаптау істерін тергеп-тексеру әдістемесі бойынша ұсыныстар әзірлеу көзделген. Сон­дай-ақ азаптауға қатысты ша­ғымдар иесінің құпиялығын қамтамасыз ету де көзделген.

Жалпы, бұл Жарлық мемле­кеті­міздің саясатын адам құқықтары саласындағы барша­ға ортақ халық­аралық стандарт­тарға сәй­кес­тендіруге бағыттал­ға­нын көр­се­теді. Сондай-ақ азамат­тары­мыз­­дың құқықтары мен бос­тан­дық­та­рын қорғау жөніндегі міндет­терді мақ­сат­ты түрде жүзеге асыратынын білдіреді.

 

Зарема ШӘУКЕНОВА,

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның

Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі,

Ұлттық ғылым академиясының академигі