• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Пікір 19 Сәуір, 2022

Гуманизмге бастайтын қадам

261 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау саласындағы шаралары туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжатта мемлекет саясатының басымдығы адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету екені көрсетілген.

Әрине, 2021 жылы Президенттің «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының адам құқықтарын қор­ғау сала­сындағы одан әрі шаралары туралы» Жар­лығы мемлекетіміз, сая­­­са­ты­­мыз үшін өте маңызды. Бұл гуманизмге жа­салған соны қадам деп айтсақ та қателеспейміз.

Жарлықты халықаралық қауымдастық жақсы қабылдады. Құжатқа көптеген өзгеріс енгізілді. Атап айтсақ, діни заңнаманы ырықтандыру, өлім жазасын алып тастау, әйелдерге қатысты саясат, құқық қорғау және сот жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ мүгедектерге қатысты саясат пен адам саудасына жол бермеу саласында жасалған жұмыстар жоғары бағаланды.

Сондай-ақ мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында заңна­ма­­лық актілерге өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу мақсатында заң жобалары әзірленді. Осылайша, мүмкіндігі шек­теулі азаматтардың құқықтары туралы конвен­ция­ға Факультативтік хаттаманы рати­фикация­лау көзделіп отыр. Азаматтық баста­маларды қолдауды кеңейту бөлігінде коммерциялық емес ұйымдардың қызметін гранттық қаржыландыру механизмі қайта құрылмақ.

Бұдан бөлек, сотталғандар мен қамауға алынған адамдарды медициналық қамта­масыз ету функцияларын Ішкі істер министр­лігінен Денсаулық сақтау министрлігіне кезең-кезеңімен беру көзделіп отыр. Бұл шешімді де мемлекеттік саясаттағы гуманис­тік көзқарастың белгісі деп санасақ болады. Халықаралық аренада мұндай әрекетті жоғары бағалайтыны белгілі.

Сонымен қатар Жарлыққа сәйкес, Үкі­метке адам құқықтары мен заңдылықты қам­тамасыз ету саласындағы іс-шаралар жос­парын бекіту тапсырылды. Мұның қатарында әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою, ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету секілді мәселелер бар. Әйел құқығы кейінгі кезде қоғамда өзекті болып тұрғаны белгілі. Сондықтан жаңа құжат осы саладағы кемшіліктерді жоюға бағытталған.

Бірлестіктер бостандығы құқығы, мүгедектерге қатысты адам құқықтары, қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтары да құжатта нақты көрсетілді. Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда отырған, тергеу изоляторына түскен көптеген азамат азаптауға ұшырағанын естідік. Құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты көптеген арыз-шағым түсті. Мемлекет басшысының Жарлығында осы мәселелер де қамтылған.

Адам саудасы құрбандарының құқық­тарын қамтамасыз ету, мигранттарға, азамат­тығы жоқ адамдарға және босқындарға қатыс­ты адам құқықтары да басым бағыттардың бірі. Сондай-ақ БҰҰ органдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру де маңызға ие. Былайша айтқанда, халықаралық ұйыммен тығыз жұмыс істеу көзделіп отыр.

Бұл құжат еліміздің, мемлекеттік сая­сат­тың дамуына, адам құқықтарының бұ­зыл­мауына және оның әлемдік деңгейде қор­ғалуына үлес қосатыны сөзсіз. Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жарлығы еліміздегі адам құқық­тарын қорғау саласындағы көптеген мә­селелерді шешіп, елімізде адам құқықтары­ның өркен­деуіне бастайтынына сенімдімін.

 

Абзал БЕКБОСЫНОВ,

Нұр-Сұлтан қалалық адвокаттар алқасының адвокаты,

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі