• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Сәуір, 2022

Биік кісі...

502 рет
көрсетілді

Бұл азамат ерекше жан. Жалпы, жұрт оны біле бермейді. Өйткені ол сахнаға шығып рөл ойнап, болмаса ән салып теледидарға шықпаған. Бірақ үлкен тұлға... Орта бойлы, көзінде көзілдірік, жүрегіне екі мәрте ота жасаған, қырылдап сөйлейтін қарттау адам. Ол операциядан кейін 1 ай болмай жұмысына кірісіп кеткен өнердің фанаты. Бұл – Нұрнияз Мұханов. Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық драма театрының іргесін қалаушы. Тек қана театрды ашып қана қоймай, ұзақ жылдар осы театрдың отымен кіріп, күлімен шыққан азамат. Қашан көрсең жас баладай жүгіріп, құшағын айқара ашқан атпал аға. Бүгінгі таңда Қазақстандағы театр менеджментінің көшбасшысы. Тәжірибелі, талантты, театр әлеміне танымал тұлға.

Нұрнияздың туған жері Ақтөбе облысы Байғанин ауданы. Ол бала кезінен әкесі Мұханның зергерлігін, ұсталығын, әншілігін, күйшілігін көріп өсті. Әкесінің күнұзақ зергерлікпен жалықпай айналысқанына талай куә болды. Нұрнияз бала кезінен әнге жақын болды. Екінші ме, әлде үшінші сыныпта оқып жүргенде радиодан Мұрат Ахмадиевтің «Аспанда күн сөнбесін» әніне таң қалды. Ол аз дегендей Робертино Лоретти деген баланың әні оның арманы болды. Робертино... Лореттидің сызылып салған әні – «О, соля миа» ... Қазақшасы «Күнім менің» екен... Бірде Нұрекең осы Робертино жайлы хабарды естіді. Неткен дауыс...Неткен әуезді әуен...Дәл осы Нұраштың ауылында өскен бала іспетті...Кейде осы Робертино өзінің жан досы сияқты болып тұрады. Нұрнияз енді қиялға берілді. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» дегенді түйсігімен, тәнімен сезінді. Осындай күндердің бірінде аудан орталығы Байғанинге әйгілі композитор Бәкір Тәжібаев келе қалған. Бұл Бәкір ағаның дүрілдеп тұрған шағы. Бәкір Тәжібаев бала Нұрнияздың айтқан «Ақ маңдайлым» әнін тыңдады. Шыны керек, бала Нұрнияздың үні тау ішіндегі таңғы өзеннің шуылындай шырылдап тұрған кезі. Бұл кезең кез келген жас баланың даусының өзгере қоймаған мөлдір шағы. Оның үстіне Нұрнияз ән салғанда жанымен айтады. Арқасы қозып, желке тұсы күдірленіп кетеді. Мұндайды қазақ «арқасы бар» дейді. Нұрнияздың да ән салғанда осы арқасы ұстайтын.

«Ақ маңдайлым» қазақ елінің бұлбұлы Роза Бағланованың орындауындағы Шәмшінің әні және ол қиын шығарма. Көшедегі кім көрінген айта алмайды. Оған дауыстың күші ғана емес диапазоны да қажет. Әсіресе қайырмасы бірнеше октавадан тұрады:

Айналдым, ақ маңдайлым,

Ақылдым, бал таңдайлым

Жалында жас дәуренде,

Ұялма, «жан сәулем!» де,

Жақсылықтың жоқ, сәулем,

ерте-кеші,

Жадырашы, назданшы, еркелеші.

Ақын Мұзафар Әлімбаевтың сөзі де ерекше ғой. Нұрнияз осы әнді ерекше жақсы көретін. Әсіресе «Ақылдым, бал таңдайлым» деген жолдарға ерекше екпін береді. Бұл бала жігіттің жан-терезесін қағып тұрған өнер сиқыры болатын. Концерттен соң Бәкір Тәжібаев Нұрниязды қасына шақырып алып сөйлескен, ағалық мейіріммен құшағына басқан. Бала Мұхановтың есі екеу, түсі төртеу болды. Алматыдан келген ақын аға, композитор көкенің өзі мұның даусына тәнті болған. Беу-беу... Нұрнияз алғаш рет Алматыда әншілерді оқытатын, дайындайтын оқу орны бар екенін, оның «консерватория» деп аталатынын осы ағадан естіді.

Алматы тұрмақ Ақтөбені өмірінде бір-ақ рет көрген Нұрнияз мектеп бітірген соң астанаға бет алды. Нұре­кең оқу бітірген жылы бүкіл Кеңес мем­лекетіндегі 10-шы және 11-ші сы­нып түлектері мектепті бірге бітірді. Яғни оқуға түсетін абитуриенттер екі есеге көбейген кез еді. Бағы жанып Нұрекең консерваторияның вокалдық бөліміне қабылданады. Иә. Иә. Бірақ 1-курсқа емес дайындық бөліміне. Бұл де­геніңіз арнайы білімі жоқ жастар 2 жыл осы дайындықта оқып, музыкалық сауат ашып дайындалу керек деген сөз. Өмірінде фортепианоны алғаш рет көрген жас жігітке Алматыда бәрі қызық болды. Өзі де модадан қал­май бұтына «клещ» шалбар, үстіне баллон плащ кигенінде «городской» болып шыға келді.

Ол «подкурстан» оқуға түссе де армияға алып кететінін білді. Бұл енді Нұрекеңнің төбесінен жай түскендей болды. Өстіп жүргенде орысша шығатын «Вечерняя Алма-Ата» газетінен бір хабарламаны көзі шалып қалған: Кеңес үкіметінің 50 жылдық мерейтойына орай бұдан былай Кеңес Одағында Ауыл шаруашылық институтының студенттерін оқу бітіргенше армияға алмайды екен. Күндіз тұрмақ, сырттай оқитындарды да. Мәә... «Іздегенге сұраған» деген осы шығар...

Көп ұзамай Нұрнияз Мұханов Ауыл шаруашылық институтының, яғни СХИ-дың «Почвенная агрохимия» деген факультетінің сырттай оқитын студенті болып шыға келді. Сабақ басталып кетті. Студенттік қызық кезең. Уақыт өте берді. Ауылдан кеткеніне де 5-6 ай өтіп кетті. Достарын да, әсіресе анасын, ағаларын қатты сағынды. Сағынбай ше? Нұрнияз әкесінен 13-інде қалған. Жетім көңіл сондықтан да анасын, аға-бауырларын қатты сағынады. Қысқасы, желтоқсанда ауылға тартты. Ауылға барғанда естіген жаңалығы осы аудан орталығында жаңа автобаза ашылады екен. Қол қусырып отыратын Нұрнияз ба? Алматыдағы оқуын жалғастыруды қойды да, үш ай оқып шофердің правосын алған күні ауылға келген жаңа бес машинаның біріне отырды. Міне...Нұрнияз Мұхановтың еңбек жолы осылай басталған...Астында жаңа машина...

Көп ұзамай Ақтөбеде «Молодые та­ланты» атты облыстық конкурсқа қаты­сып, дипломға ие болды. Лауреаттарды Алматыға шақырды. Нұрекеңді тағдыр тағы да өнер әлеміне сүйреп алып келді. Бірақ бұл жолы жас жігіт опера студиясына баруға бел буды. Бармай ше? Кешегі өзін жақсы танитын профессор Бекен Жылысбаев шақырса неге бармасқа? Нұрекең осылай музыка әлеміне, өнер көліне ене берді. Опера студиясы екі жылдық болғанымен уақыт жетпейді. Күнде кешке опера театрындағы спектакльдерге массовкаға, яғни көпшілік сахнасына хорға қатысады. Кәукен Кенжетаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Әлібек Дінішев, Хорлан Қалиламбекова, Мүсілім, Ришат Абду­линдер, Майра Айманова, Құрманбек Жан­дар­беков сынды аты аңызға айналған тұлға­лармен бір сахнада болудың сәті түсті. Бұл кез Абай атындағы опера және балет театрының алтын кезі-тін. Сахнада А.Жұбановтың «Абай», Е.Бру­силовскийдің «Қыз-Жібек», «Жал­быр», «Ер тарғын» М.Төлебаевтың «Бір­жан-Сара», Қ.Кожамияровтың «Назу­гум», И.Чайковскийдің «Евгений Онегин», «Демон», «Чио-чио сан», «Даи­­си» Е.Рахмадиевтың «Қамар сұ­лу», Ғ.Жұбанованың «Жұмбақ қыз», М.Төлебаев пен Е.Брусиловскийдің «Амангелді» сынды атақты шығарма­ларының әйгілі сахнада жүріп жатқан кезі. Ауылдан келген Нұрнияз үшін бұл үлкен мектеп болды. Шын өмірдің, хас таланттардың қандай болу керек екенін ол осы кезде түсінді.

Оқуға түскен балаларды опера сту­дия­сында айына бір рет фониатр қа­райды. Біреудің тамағы ауырып қалса дәрі­герден бұрын осы фониатрға барады. Нұрнияз бұл кезде опера театрына ғана қатысып қоймайды. Кез келген кештің, жиын-тойдың қадірлі қонағы. Тұп-тұнық тенор даусымен Италияның опера арияларынан бастап, орысша, қазақша әндерді шырқайды. Күндіз-түні дауысына тыным жоқ. Осындай күндердің бірінде тамағы ауырған. «Суық тиген болар» деп алғашында ол мән бермеген. Алайда тамағы ауыра бергені қоймады. Фониатр апайы мұқият қарады. Басын шайқап ұзақ отырды. Бірдеңе айтуға батпай отырған сыңайы бар. Ұққаны Нұрнияздың тамағында, желбезегінде ісік пайда болыпты. Операцияға көн­бейтін ісік екен. Не істеу керек? Қа­зір емделмесе жаман ауруға да ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан ән айтуды доғару қажет. Нұрнияз шарасыздықтан не істерін білмеді. Бұл бүкіл арманына, ертеңіне, жоспарына, болашағына нүкте қою, яғни өнерді тастау деген сөз. Нұрнияз бәрін ақылмен ұқса да көңілмен, жүрегімен сене алмады. Талай түнді ұйқысыз өткізді, жастығын жасқа шылап талай таңды атырды...

Нұрнияз қанша қиналса да ауылға қайтып келді. Жолдас-жора, ағайын-туманың ішінде жан жарасы бірте-бірте азайған. Алайда өнер атты өзенге бір түскен адам жағалаудан ұзап кете алмайды. Шопыр жігіт енді Шымкенттегі мәдени-ағарту институтына барып түсті. Консерваторияда жүріп подкурста, опера студиясында оқыған, академиялық опера-балет театрының сахнасына талай шыққан сақа абитуриентті «Культ просвет» қуана қарсы алды. Мұханов осында оқып жүріп Ботагөз есімді қызға үйленді. Өзі айтқан «Ботагөзді» жазған да, алған да Мұханов еді. Бала-шағалы болды. Уақыт зу етіп өте берді. Ол оқу бітірген жылы Гурьев облысы екіге бөлініп, бірі – Гурьев, екіншісі – Маңғыстау облысы болып ашылды. Жаңа облысқа жас кадр­лар керек еді. Нұрнияз бірден облыстық ОНМС – облыстық шығармашылық орталығының директоры болып та­ғайын­далды. Жас жігіт бұл жерде табаны күректей 17 жыл еңбек етті. Кейін Маңғыстау облысы 1987 жылы жабылып қайта Гурьевке көшкенде Мұханов облыс орталығына бармай қалды. Облыс орталығы көшкенімен қуыршақ театры қалды. Ол осы орыс қуыршақ театрына директордың орынбасары болды. Іле Алматыға барып қуыршақ театрына кіре алмай жүрген бес баланы Шевченко қаласына шақырып, осы орыс қуыршақ театрының жанынан қазақ труппасын ашты. Бұл оның ұлтжанды екенінің дәлелі еді. Көп ұзамай жас жігітті Ералы ауданының мәдениет бөлімін басқаруға шақырды. Нұрнияз Мұханов бұл жерде де ұшан-теңіз жұмыс істеді. Алдымен өзі мұрындық болып Маңғыстау өңірінің күйлерін, сонан соң әндерін нотаға түсірді де республикадағы барлық музыка училищелерге таратты. Әрине, бұл Мәдениет министрлігінің жұмысы. Ал біздің Мұханов осыған бір тиын алмай өзі атқарды. Көп ұзамай ұлт-аспаптық «Маңғыстау маржандары» ансамблін құрды. Оркестрдің домбыра, шертер, асатаяқ, шаңқобыз, сырнай, жетіген сияқты аспаптарын Алматыдан өзі алып келді. Онда да бәрі шын шебердің қолынан шыққан су жаңа аспаптар болатын. Шетелдік материалдан тіккен костюм киген ауылдың 40 әртісінен құралған оркестр сахнаға шыға келгенде жұрт таң қалысты. Нұрнияз Мұхановтың ашқан ансамблі Кеңес Одағының атынан Алжирде өнер көрсеткен. Сол себепті шығар Нұрнияз Мұханов Москваға арнайы шақырылып Мәдениет министрі С.Демичевтің қолынан «Мәдениет үздігі» төс белгісін алды. Қазақстанда екі адамға берілген «Мәдениетке еңбек сіңірген қайраткер» атағына да ие болды. Бұл Нұрнияз Мұхановтың адал еңбегінің жемісі болатын. Осы кезеңдерде Нұрекең ел ішін аралап жүріп қол өнерін, әсіресе зергерлік бұйымдарды жинай бастады. Берісі Батыс Қазақстаннан бастап, сонау Өзбекстандағы қарақалпақ, тіпті тәжік ағайындарынан жоғалып бара жатқан көне бұйымдарды іздеп жинап жүрді.

Нұрекең Маңғыстау облысы болып қайта ашылғанда осы өңірдің мәдениет саласын ұзақ жыл басқарды. Бұл Қазақстанның тәуелсіз ел атанған кезі еді. Облыстар орталықтарында бірінен соң бірі қазақ тілі қоғамдары, газет-журналдар және театрлар ашылып жатқан болатын. Елбасы Н.Назарбаевтың Маңғыстауға кезекті сапарында қазақ театр­ын ашу мәселесі көтерілді. «Неге театр ашпайсыңдар?» деген сұраққа облыс басшысы: «Біздің көрермен дайын емес» деген. Президент қолын бір-ақ сілтеп: «Театр ашылсын» деді. Президент айтты, бітті, облыс әкімінен бастап барлығы театрды ашуға жұмылдырылды. Бұл шаруа да «Атқа жеңіл телпекбай» Мұхановқа жүктелді. Қысылтаяң кезде «Бармақ басты, көз қысты» болып сатылып кеткен кинотеатрдың ғимаратын қайтару керек еді. Кезінде «бес тиынға» сатылған ғимаратты әкімдік қайта сатып алуға мәжбүр болды. Нұрнияз жөндеу жұмысынан бастап кадр мәселесімен де айналысты. Ақтауда актер, режис­сер деген атымен жоқ. Нұрекең алып-ұшып Алматыдағы Т.Жүргенов атын­дағы өнер академиясына тартты. Про­фессор Маман Байсеркеновпен ақыл­дасты. Ол актерлік құрамға 3-курстың студенттерін, ал режиссерге жаңа ғана бітіріп Көкшетауға кеткен Гүлсина Мер­ғалиева мен Гүл Зиятованы ұсын­ды. Алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын Мұханов Көкшетау қала­сына ана екі қызды іздеп келді. Нұре­кең Гүлсинаны Ақтауға шақырды. «Пәте­ріңді берем, жағдайыңды жасаймын, ең негізгісі бұл – сенің өз театрың болады» дегенде қыздар көнді. Келген соң Нұрекең театрдағы барлық әртістерге де, жұмысшыларға да бар жағдайын жасап берді. Пәтерлерін алып берді. Тіпті бас режиссер Гүлсинаның әке-шешесін сонау Самарадан көшіріп әкеліп, екі қабат­ты екі үй алып беруге қолұшын берді.

Нұрнияз Мұханов әрі облыстың мәдениет бөлімін басқара отырып, директорлық қызметті қоса атқарып жүріп театрды аяғынан тұрғызды. Сахнаның штанкетінен бастап, киім тігу, бутафор жасау, жарық, музыка дегендердің бәрін өзі қадағалап отырды. Әсіресе актерлерден бастап техникалық бөлімдегі мамандарды Алматыдағы Т.Жүргенов академиясына 6 айлық курсқа жіберіп оқытқызды. Бұл Мұхановтың таңның атысы, түннің ортасына дейінгі еңбегі – нағыз фанатизм еді. Өнерге деген махаббат, сахнаға деген сағыныш, ең бастысы – Нұрнияздың алға қойған мақсатына қалай да жету қағидасы, адами өресінің биіктігі еді.

Нұрнияз Мұханов бүгінгі таңдағы қазақ өнерінде өз орны бар үлкен тұлға. Оның еңбегі тек Маңғыстау өңіріне ғана емес, бүкіл Қазақстанға ортақ. Әсі­ре­се жиі өткізіліп жүрген Каспий теңізі маңындағы мемлекеттердің халық­аралық театр фестивалі де оның еңбегі. Нұрекең сонымен бірге жас театрға қазақ өнерінің дара тұлғасы Нұрмұхан Жантөриннің атын алып беруге де зор еңбек сіңірген. Осындайда Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Сәбира Саттарова, Фариза Шәріпова сынды о дүниелік болған дарындыларға дәл Нұрнияз Мұхановтай дарынды іні бермегеніне қынжыласың.

Мен Нұрекеңді өткен жолы көрдім. Екеуміз шай іштік. Ол қалжыңдап қояды. Алайда қабағында реніш, көзінде мұң бардай сезілді...Зымыраған уақыт-ай...Нұрекеңнің қоп-қою қара шашы ағарып кетіпті.

 

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның халық әртісі, кино және театр режиссері