• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Сәуір, 2022

Петиция жазып жатырмыз...

1710 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде әлеуметтік желіні ашып қарасаңыз, көзіңізге петиция түс­пей қоймайды. Әртүрлі ұсынысты жақ­тау­шылар мен жақтамаушылар өзара жа­рысқа түскендей әсер қалдырады. Алайда олар «Онлайн петиция деген не өзі? Оны әзірлеу және қарау тәртібі қа­лай? Жалпы, осы әрекетімізден нендей нәтиже шығады?..», деген сауалға аса бас қатырып жатқан жоқ сияқты.

Шынтуайтында, бұл ретте «арбамыз атымыздың алдына шығып кеткенге» ұқсайды. Себебі елімізде онлайн-петиция туралы заң әлі қабылданған жоқ. Демек, мыңдаған адам қол қойып, құптап жатқан ұсыныстар жазылған петиция белгілі дәрежеде қоғамдық пікір туғызып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанып отырған билік басындағылардың назарын аудартқанымен, ресми қарауға жататын құжат болып саналмайды. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Азаматтарымыз рефор­маларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірың­ғай заңды институтын құру қажет. Мұн­дай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекет­терінен толық қорғалуға тиіс. Үкімет аза­маттық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс», деген болатын. Содан кейін Үкіметіміз бір жылдан астам уақыт бойы «жүз ойланып, мың толғанып» дегендей, ақыры 2021жылғы қарашаның 12-сінде Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын ұсынды. Осы құжат арқылы Қазақстан Рес­публикасының Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодексіне петициялар туралы толықтыру енгізілгелі отыр.

Аталған заң жобасы бойынша петиция – мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органға электрондық нысанда жіберілген ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс деген ұғымды білдіреді. Ол уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын интернет-ресурс арқылы жолданатын болады. Үкіметтің, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша петициялар жолдау үшін олардың әрқайсысына әртүрлі мөлшерде қол жинау көзделген. Петицияны тиісті мемлекеттік орган, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы орган қарайды деп белгіленген. Тағы бір айта кетерлігі, заң жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соғуы, қоғамдық иманды­лық­қа нұқсан келтіруі мүмкін жайттар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бiр­тұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, еліміздің әкімшілік-аумақ­тық құрылысы мен шекарасы, сот төре­лігі, прокуратура органдарының жоғары қадағалауы, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама, қор­ғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтау, халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерді орындау, мемлекеттік рәміздер, мемлекеттік тілдің мәртебесі сияқты бірқатар мәселе петицияға арқау бола алмайды деп көрсетілген. Әрине, бұл заң жобасына Парламент депутаттары өз түзетулерін енгізіп, оны жетілдіре түсуі әбден мүмкін.

Бүгіндері әлеуметтік желіде қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарында көптен бері көтеріліп жүрген Петропавл мен Павлодар қалаларының және Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының атауларын өзгерту, Алматы қаласының әуежайына Дінмұхамед Қонаев есімін беру туралы петицияларға пікір білдіріп, қол жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Сайып келгенде, олардың бәрі – ең алдымен, жергілікті атқарушы және өкілді органдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғындардың пікірлерін ескере отырып қарайтын мәселелер. Өкінішке қарай, қазір әлеуметтік желідегі жоғарыда аталған қос қала мен аудан атауларын өзгерту төңірегіндегі пікірлерден кейбіреулердің ұлт пен ұлыстың арасына сына қағу пиғылы да байқалып қалады. Ондайлардың алды әкімшілік жауапқа тартылып та жатыр. Осы орайда, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтау міндеті жүктелген Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның өңірлік бөлімшелері әлеуметтік желідегі ұшқыннан от шығып кетпеуі үшін барынша қырағылық танытып, белсенді іс-әрекет жасағаны жөн деп ойлаймыз.