Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Іnstagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгін Бағдат Мусин Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі және Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидлимен кездесті. Кездесу барысында түркі әлемінің интернеттегі идентификациясы туралы әңгіме қозғалды.
Кейін министр әңгіме барысында талқыланған бірнеше мәселені көпшіліктің назарына ұсынды. «Біріншіден, Түркі әлемі мұрасының қоры – «Аталар мирасы» порталының аясын кеңейту. Қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде мәлімет беретін порталда түркітілдес халықтардың, ұлыстар мен этникалық топтардың ежелгі заманнан бүгінге дейінгі рухани мұралары топтастырылған. Екіншіден, Түркі әлемінің энциклопедиясын жасау. Тарихы тереңде жатқан көне түркінің деректер базасы қомақты болары сөзсіз. Бұл орайда «Түркістан энциклопедиясының» 3 томдығы бар және түркітілдес елдердің ортақ энциклопедиясын жасау осы еңбектің негізінде жалғасатын болады. Үшіншіден, Түркі әлеміндегі ғылыми жұмыстардың цифрлық нұсқасын жасау. Бұл орайда, расымен, қазіргі уақытта түркітілдес халықтардың ғылыми зерттеулерінің ортақ қоры жоқ. Нәтижесінде, ғылым әлемінде жиі кездесетін плагиат проблемасы да өршіп тұрғаны белгілі. Сондықтан ғылыми диссертациялар мен архивтерді цифрландыру процесіне түркітілдес елдерді жұмылдырып, ортақ мақсаттағы жобаға айналдырсақ, жақсы болар еді. Әрине, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі түбі бір түркі халықтарының бірлігін бекем етер бастамаларды қолдайды және Түркі академиясымен бұл бағыттағы ынтымақтастықты нығайтамыз. Себебі тарихымызды түгендеп, елдігімізді еңселі етіп, рухани мұрамызды өскелең ұрпаққа табыстау – әрбіріміздің азаматтық парызымыз», деп жазды министр әлеуметтік желіде.