• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Сәуір, 2022

Бұрынғының ұраны әлі де өзекті

328 рет
көрсетілді

Халқымыз үшін ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпағына мирас еткен, Алаш арыстары мемлекеттік шекарасын айқындап алған, Жұмабек Тәшенов сынды арыстан жүректі ер басын бәйгеге тігіп, араша түскен туған жерімізден қасиетті де қымбат ештеңе жоқ.

Алайда осы ақиқат шындық жете ескерілмей, қазіргі Негізгі Заңы­мыз – Конституцияда жер – мемлекет меншігі деп жазылғандықтан, 2016 жылы кейбір жоғары лауазым иелері еліміздің ауыл шаруашылығы жерінің бір бөлігін халықтың пікірі мен рұқсатын сұрамай-ақ аукцион арқылы саудаға салуға әрекеттенген болатын. Бірақ ондай жүгенсіздікке халық жаппай наразылық танытып, Ата Заңда көрсетілгеніндей, шынайы билік иесі кім екенін көрсеткен-ді. Жаңа тарихымызда «жер митингілері» деген атаумен қалған сол оқиғадан соң Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрлері отставкаға кетіп, Жер кодексінің кей баптарына бес жылға мораторий жарияланған. Ал өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетел­діктерге және шетел компанияларына сатуға және жалға беруге тыйым салған заң қабылданып, еліміздегі ең маңызды мәселеге нүкте қойылды.

Енді, міне, Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауына сәйкес Конституцияға енгізілетін тү­зету­лердің қатарына қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды жерге иелік ету мәселесін түпкілікті ше­шуді де қосып отыр. «Жердің және табиғи ресурстардың иесі ха­лық деген норманы Конституцияда бір­жола бекітудің саяси мәні зор бол­мақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған байланысты, Негізгі Заңның 6-бабын мынадай редакция­да беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да таби­ғи ресурстар халыққа тиесілі. Мем­лекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы», деді Президент Конс­титуцияға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу жөніндегі кеңес­т­е. Осылайша, Жаңа Қазақстан құру жолында тағы бір әділетті де тари­хи шешім қабылданбақшы. Ол келе­шек­те жерге қатысты кез келген ре­­форма халық пікірімен санасу ар­қылы ғана жүргізілетініне кепілдік бермек.

Өкінішке қарай, кезінде ел пі­кірі ескерілмей, «Мемлекет деген – менмін» деп санайтын менмен ше­неуніктердің ой-пиғылына сай қабылданған  Жер кодексіне сәйкес жүргізілген реформалар, шындап келгенде, бұқара халықтың емес, ат төбеліндей аз топтың мүддесін көздеген болып шықты. Олар – сырттарында жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды шенеуніктері тұрған латифундистер.

Осы мәселеге Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйекте жариялаған алғашқы Жолдауында назар аударып: «Мемлекеттен жер­ді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игер­мей, босқа ұстап отыр. Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті. Пайдаланылмай жатқан ауыл ша­руашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуға тиіс. Үкімет пен Парламент осы түйткілді реттеудің тиімді жолдарын ұсынуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп кешенінің сапалы дамуы мүмкін емес», деген болатын.

Арада өткен екі жылдан астам уақыт ішінде орталық уәкілетті ор­ган – Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігінің Президент тапсырма­сына орай атқарған ісі көңіл көншіт­пей­ді. Осыған орай Мемлекет басшы­­сы жер мен латифундистер мәселе­сі­­не Үкіметтің биылғы 8 ақпан­­да өт­кен кеңейтілген отырысын­­да тағы да назар аударып: «Мен бос жат­қан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұр­ғындарына беруді тапсырған бо­ла­­тынмын. Қазір халық үшін ай­рық­­ша маңызы бар жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл жерде де Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол берген. Министрлік жайылымдық жердің тапшылығы 6,8 миллион гектарға немесе 32 пайызға азай­ды деп мәлімет беріп отыр. Бұл шаруа қожалықтарымен меморан­дум­ға қол қоюдың және елді мекен­дердің аумағын кеңейтудің арқа­сында мүмкін болды. Алайда Бас прокуратураның тексерісі көр­сет­кендей, бірқатар өңірде жайы­лым­дық жердің тапшылығы әлі де азаймаған. Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында ауыл тұр­ғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасалған. Шын мәнінде, жайылымдық жердің тапшылығы қағаз бетінде ғана азай­ған. Бұдан бөлек, аймақтар ха­лық­тың жайылымға деген сұраны­сын төмендетіп көрсете бастаған. Үкімет неге бұған көз жұма қарап отыр? Мұндай әрекеттер ауыл халқының  наразылығын өршітпесе, кемітпейді. Үкіметке жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырамын.

Жерді ұтымды пайдаланудағы маңызды міндеттердің бірі – оның бір қолға шоғырлануына жол бермеу. Мен бұл туралы айтқанмын. Бүгін нақ жерді көбірек алып, инвестиция салмай, өнімсіз шоғырландыру жайлы айтпақпын. Бірқатар өңірде мәслихаттардың шешімдерімен  жер телімдерінің мөлшерлері ғы­лы­ми-негіздеу тәсілінсіз бекітіл­ген: Атырау облысында – 98 мың гектар, Алматы облысында – 96 мың гектар, Шығыс Қазақстан облысында – 69 мың гектар. Сол-ақ екен, Ауыл шаруашылығы министрлігі бір қолға 98 мың гектар ауылшаруашылық жерін беруге рұқсат ететін қаулы жобасын әзірлей қойды. Бұл шамадан тыс жерге ие адамдардың қазіргі иелігін бекіту, яғни нормативтік база ретінде айқындау әрекеті сияқты көрінеді», деді. Сөйтіп, Мемлекет басшысы айтқандай, латифундис­терге «бүйректері бұрып тұрған» Ауыл шаруашылығы министр­лігі басшыларының шын ниеттері аңғарылып қалды.

Латифундистер қатары, әсіресе бос жерлері көп солтүстік өңірлерде қа­лың тәрізді. Жер қатынастарына құзыреті жүріп тұрған жергілікті шенеуніктер өз жақындарының аттарынан шаруа қожалықтары мен серіктестіктер құрып, бір кезде иесіз қалған жерлердің бәрін «келешекте не егін егерміз, не сатып пайда табармыз» деген пиғылмен өздеріне ала берген көрінеді. Олардың ішін­де жалға алу құқығымен алған мың­­­даған гектар алқапқа әлі күнге ештеңе өсірмей, текке ұстап отыр­ғандары да бар.

Жуырда Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында Үкіметке сол­түстік өңірлерге бизнеспен айна­лысқысы келетін азаматтардың да көшуіне жағдай жасау, оларға ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер телімдерін беру туралы тапсырма бергенін білгендіктен, Солтүстік Қазақстан облысына барып қайтқан бір таныс кәсіпкер бірнеше ауданның әкімдерінен картоп өсірумен айналысу үшін 500 гектар жер сұрап, ала алмағанын айтып қынжылды. «Бос жатқан жер жоқ дей алмаймыз, бірақ бәрінің заңды жалдаушысы бар. Солардан жалдау құқығын сатып алуыңызға болады...», деп шығарып салыпты жергілікті шенеуніктер...

Жалпы, қазір Қызылжар өңірін­де жер дауы өршіп тұр. Әсіресе жері шұрайлы Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда. Өздеріне тиесілі жер үлестерінен әртүрлі себеппен айырылып қалған бірқатар ауылдың бас көтерер азаматтары былтырдан бері наразылық жиындарын өткізіп, құқық қорғау органдарынан әділдік іздеп жүр.

Түйіндей айтсақ, бүгінде еліміз­дің жер қатынастары саласында қалып­тасқан күрделі жағдайды ескере отырып, жер мәселесімен мақсат­ты түрде айналысу үшін Прези­дент­ке тікелей бағынатын дербес агент­тік құру керек сияқты. Себебі осы салада тәртіп орнатуға аса құлшы­ныс танытпай отырған Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігіндегі шенеунік­тердің шын «сырлары» ашылып қалды.

...Өткен ғасыр басында Ресейде Қазан революциясын жасап, билікті өз қолдарына алған большевиктер ауыл халқын өз жағына тарту мақсатымен «Жер – шаруаларға!» деген ұран тастаған-ды. Келмеске кет­кен кеңес өкіметі тұсында жүзе­ге аспай, тек қағаз жүзінде қалған сол маңызды ұран қазіргі тәуелсіз Қазақ­станның жағдайында да өзекті­лігін әлі жойған жоқ. Осы ретте Пре­зи­денттің бастамасымен Ата Заңға жерге қатысты енгізілетін өзгеріс жер­дің нағыз иелерін табуға да қо­лайлы мүмкіндік туғызары анық.