• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Мамыр, 2022

Шынайы халық билігінің айғағы

439 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел билігінің тізгінін өз қолына алысымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынып, қарапайым адамдарды толғандырған талай көкейкесті мәселенің оң шешілуіне ұйытқы болып келеді. Бұл Мемлекет басшысының өз қызметін, Конституциямызда жазылғанындай, «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген басты қағидатқа сүйене атқарып отырғанын айғақтайды.

Еліміздегі саяси реформалар экономикалық реформалар­ға қарағанда әлдеқайда ке­шеуіл­детіліп, мұның өзі даму жолы­мыздағы үлкен бөгесінге айналғанын ашық айтқан Пре­зидент биылғы Жолдауында жұртшылық көкейінде көптен жүрген, әбден пісіп-жетілген саяси мәселелерді шешу жө­ніндегі бірқатар ұсынысын жа­риялағаны белгілі. Соған орай белгілі заңгерлер, қоғам қайраткерлері енгізілген арнайы жұмыс тобы құрылып, оның отырыстарында Ата Заңның 33 бабына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар пысықталды. Дайындалған заң жобасын Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңестің қарауына жіберіп, күні кеше оның оң қорытындысы шыға­рылды. Енді оны бұрынғы әдет­пен Парламентке жіберіп, бір-екі аптаның ішінде жеделдете қабылдап жіберуге де болар еді. Бірақ Президент өзі жариялаған Жаңа Қазақстанның һәм Екінші Республиканың негізін қалайтын аса маңызды конституциялық реформаны ат төбеліндей аз топтың емес, бүкіл халықтың талқысына салуды жөн көріп, референдум өткізуді ұсынды. Ата Заңда: «Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзе­ге асыруды мемлекеттік орган­дар­ға береді», деп жазыл­ғанын ескерсек, еліміздің тәуел­сіз­дігі жылдарында мұн­дай мүм­­кіндік халқымызға екін­ші рет берілмекші. Сөйтіп, Конс­ти­туцияға енгізу ұсыныл­ған өз­герістердің бәрін де Конс­ти­туциялық Кеңес толық мақұл­дағанымен, шешуші таңдауды жасау құқығы халықтың өзіне ұсынылып отыр.

Ал Ата Заңға Президент баста­машылық еткен түзету­лердің ішінде халқымыздың тағдырына, еліміздің дамуы­на зор ықпалын тигізетін үлкен өзгерістер бар. Мәселен, «Жер тағдыры – ел тағдыры» деп санайтын ұлтымыз үшін Конституцияның 6-бабының 3-тармағын: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құ­қығын мемлекет жүзеге асы­рады. Жер, сондай-ақ заң­да белгіленген негіздерде, шарт­тар мен шектерде жеке мен­шікте де болуы мүмкін» деп өзгертудің мән-маңызы ерекше. Бұл алдағы уақытта жерге қатысты маңызды реформалар жер иесі – халықтың пікірі ес­керіл­мей шешілмейді деген сөз.

Мемлекет басшысы елде бәрін бір-ақ адам мен оның төңірегіндегілер шешетін «суперпрезиденттік» жүйеден бас тартып отырғаны да өте ма­ңызды. Ата Заңға сәйкес ол барлық азамат үшін тең мүм­кін­діктердің кепілі болуға тиіс. Сондықтан да, конституциялық реформаға сәйкес енді Респуб­лика Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды .

Қазіргі сайлау жүйесін жетіл­­діріп, Парламент Мә­жі­лісінің сайлауында про­­пор­циялыққа қоса, мажо­ри­­тар­лық жүйені де ен­гізу аза­маттар­­дың саяси белсенділігін, төмен­гі Палатада көзқарастардың әралуандығын қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Бұл саяси партиялардан сайланған депутаттары кейде фракциялық қатаң тәртіпке бағынып, айтар сөзін айта алмай жүрген Мәжілістің беделін арттыра түсері анық.

Президенттің елімізде бұрын болған Конституциялық Сотты қалпына келтіру туралы бастамасы да Жаңа Қазақстан һәм Әділетті Қазақстан құру бағытындағы маңызды қадам екені даусыз. Ол азамат­тар­дың конституциялық құқық­тарын қорғауды күшейте түспек. Себебі енді оған қара­па­йым азаматтар да тікелей жүгі­не алады. Ал осыған дейін Конс­титуциялық Кеңес­ке жүгіну құқығы тіпті Парла­менттің жекелеген депутаттарына да берілмеген болатын.

Міне, осындай өрелі де өміршең өзгерістерді Ата Заңға енгізу мәселесін енді рес­­публикалық референдумға қатысатын халықтың өзі шешпек.