• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Мамыр, 2022

Қаламына адал қаламгер

520 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбайдың жетпіс жылдық мерейтойына орай «Аралдың ақжал толқыны» атты кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мазмұнды іс-шарада әдебиет әлеміне өткен ғасырдың сексенінші жылдары өз үнімен келіп, содан бері елеулі еңбек етіп, төрт роман, бірнеше повесть пен әңгіме жазған талантты прозашы шығармашылығы туралы Қазақстан Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, Марат Мәжитов, Мәди Айымбетов, Қуандық Түменбай, Сүлеймен Мәмет, Шархан Қазығұл, Амантай Шәріп, Айгүл Кемелбаева және т.б. қаламгерлер сөз алып, парасатты ой өрбітті. Кеш тізгінін  танымал сатирик Көпен Әмірбек ұстады.

Іс-шара барысында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл суреткердің «Жер үстінде де жұмақ бар» романындағы Байқоңыр трагедиясына тоқтала келіп: «Мен бұл трагедияны бала күнімнен білемін. Соның салдарынан бір жылдары Арқа даласында киіктер жаппай қырылып қалды. Қуанышты Байқоңыр трагедиясын қаламына арқау еткен бірден-бір жазушы деп бағалаймын. Бұл өзекті мәселені қалай шешеміз деп, оған мемлекеттік деңгейде назар аударылу қажет. Оның осы проблеманы көтерген романы да өзінің лайықты бағасын алған жоқ», десе, жазушы Әлібек Асқаров: «Қаламгер қауымында іштей бір туысқандық, жанашырлық болады. Соның ішінде құрдастардың орны бөлек. «Қуандық не жазып жүр?», «Қуаныш не істеп жатыр?» деп елеңдеп тұрамыз. Біздің алдымыздағы буын әдебиеттің де, шыққан кітаптарының да қызығын көрді. Ал біз «енді дұрыстап кітап жазайық» дегенде «қайта құруға» тап келіп, қаламымызды көп сілтей алмай қалдық. Осы тұрғыдан келгенде Қуаныш өнімді еңбек етіп, ақ парақ пен қаламына адал болды», деді.

Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек те сөз алып, Одақ атынан мерейтой иесіне сый-құрмет көрсетті.

Айта кетейік, жаңа жинаққа қарымды қаламгердің шығармашылық портреті туралы эсселер, мақалалар және сұхбаттар топтастырылған.