• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2010

ТУҒАН ЖЕР – ТҰНҒАН БАЙЛЫҚ

828 рет
көрсетілді

Бүгін – Халықаралық мүзей күні Қазақ елінің тәуелсіздігі ертеңгі өмірдің кемелдігі үшін жасалатын қам-қарекетпен шектелмейді, ол ең әуелі халық­тың кешегі тарихи-мәдени құндылықтарымен, теңіздей терең тағдырымен, асқаралы шыңдарымен, нешеме ғасыр өтсе де құмдауыт толқындар құндағында сақталған ғажайып өрнектерімен тиянақталса керек-ті. Өткенсіз бүгінің, бүгінсіз ертеңің тұл деген ғой батыр бабалар. Ендеше, халықаралық музей күнінде Қазақстанның да әлем жұртшылығына ұсынар ұстындары ұлан-ғайыр, тылсымнан тарқатар сырлы сазы да толайым екені сөзсіз. Осыған байланысты біз Мәдениет министрлігі тарихи-мәдени мұра басқармасының бастығы Базарбай АЛТАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Базарбай мырза, қазір елімізде бас-аяғы қанша музей бар? Олардың тыныс-тіршілігі хақында жұртшылыққа қысқаша баяндап берсеңіз. – Бүгінде еліміздегі тарихи-өлкелік, этно­графиялық, көркемсурет және ме­мориал­­ды тұрғыдағы жалпы музейлердің саны 164-ке жеткен. Олардың 89,8 пайызы мемлекеттің тікелей қамқорлығына алын­са, ал қалғандары жеке меншік түрінде халыққа мәдени қызмет жасап келеді. Осынау тең­дессіз мұралардың әлемге ең танымал­дары негізінен ауылды жерлерде сақталған. Қазіргі таңда ондай меке­мелер­дің саны – 67. Ал музей экспози­ция­лары мен қорында 2 млн-ға жуық мәдениет ескерткіштері бар. Жыл сайын орта есеп­пен 20 мыңнан аса жылжымалы, жеке­леген көрмелер мен лекциялар өткі­зіл­се, оны 1 млн-ға жуық халық келіп тамаша­лайды. Олардың ішінен республикалық маңыздағы 5 музейді айрықша атап өткім келеді. Мұның үшеуі ірі ұжым саналады. Өйткені, Орталық мем­лекет­тік музей, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік Өнер музейі және Президенттік мәдениет орталығы тарихы­мыз пен мәде­ниетіміздің, сондай-ақ музей ісіне қатысты өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жетілдіру жұмыстарын қоса атқарады. – Музей ғылыми жұмыспен айналы­сатын адамдар үшін нағыз мол қордың ордасы емес пе? – Рас, соңғы жылдары мұнда ғылыми-зерт­теу және жинақтау жұмыстары барын­ша жандана түскені байқалады. Мәсе­лен, өткен жылы бір ғана Орталық мемлекеттік музейден 10 моно­графия, жинақтар мен каталогтардың (Қазақтың дәстүрлі ұлттық киімдері, безен­дірілген ғылыми каталогы; Қазақстан­дағы ежелгі көшпелілер мәде­ниеті, безендірілген ғылыми каталогы; т.б.) жарық көргені соның дәлелі. Жақын және алыс шетелдердің кітапханалары мен музейлеріне, мұрағаттарына ғылыми іссапарлармен бару нәтижесінде қор тың деректі құжаттармен, баға жетпес дүние­лермен толықты. Орталық мемле­кет­тік музей қоры Шілікті қорымы­ның бүкіл дүние­ жүзіне белгілі алтын бұйымдарымен молық­са, ал Президенттік мәдениет орта­лығы біздің дәуірімізге дейінгі VІІ-ІІІ ға­сыр­лардағы Берел көсемінің ат әбзелдері­мен байыды. Шетел­дегі музейлер мен бірқатар ғылыми-зерттеу, мәдени мекеме­лерімен арадағы ғылыми, мәдени байла­ныс­тар нығая түскені көңілге қуаныш ұялатады. – “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдар­ла­масы туралы сөз қозғалғанда, қазақ­тың шет елде қалған тарихи тұлға­ларына соқпай өте алмаймыз. Сол жайында білсек пе деп едік? – “Мәдени мұра” бағдарламасы бары­сында Шығыстан шыққан ғұла­ма ғалым Әл-Фарабидің Дамаскідегі кесенесі мен тарихи-мәдени орталы­ғының құры­лысы жүріп жатқаны мәлім. Бұйыртса, алдағы жылы философ ғалымның өмірі мен қызметіне арналған музей ашылмақ. – Қай салада болсын білікті маман қадірлі. Осыған байланысты қандай шаралар атқа­рылуда? – Министрлік бұл мәселеге өте көп көңіл бөлуде. Музей сала­сы қыз­меткер­лері­нің кәсіби білік­ті­лігін же­тілдіру мақ­са­тында, мәселен өткен жылы рес­­­­­публикалық музей­лер­дің 10 қызмет­кері “Музей ісі және тари­хи-мәдени ескерт­кіш­терді қорғау” бағ­дар­ламасы бо­йынша Мәскеудің айту­лы 6 ірі музейінің озық тәжірибесін үйре­ніп қайт­ты. Кәсіби білік­ті­лік­ті арттыру курсын бітірген музей қыз­мет­керлері өз ұжымын саланың зама­науи әдіс­темеліктерімен таныстырса, өткен жылы 12 реставратор Мәскеу, Санкт-Петер­бург және Омбыда біліктілік арттыру курстарынан өтті. – Көрмелер жиі ұйымдастырыла ма? – Былтырғы жылы республикалық музей­лер 107 көрме, 14.355 экскурсия жұмыстарын өт­кізіп, түрлі тақы­рыпта 357 лекция оқылған. Қазақ­станның мәдениет күндері аясында Президенттік мәдениет орталығы, мемлекеттік Өнер музейі мен Алтын және бағалы металдар мемле­кеттік музейі Моңғолия, Тәжікстан, Сауд Ара­биясы Корольдігі, Біріккен Араб Әмірлігі мен Германияда өз көрмелерін сәт­­ті ұйымдас­ты­­рып, өзге жұрт­­­қа Қа­зақ елінің баға жет­пес бай­лы­ғын таныс­ты­рып келді. Мәде­ни бай­ла­ныс­тар аясында шетел музейлері Қазақ­станға келіп, 2008 жылы елордада “Украинның ұлттық киім­дері”, Египеттің, Катардың бейнелеу өнері көрме­лерін, 2009 жылы Қытай зергерлік өнерінің көрмесін, Эрми­таждың “Орыстың қару-жарақтары” көрмесі сияқты бірталай шаралар­ды жұртшы­лық риза көңілмен тамашалаған. – Музей-қорықтардың басқалардан ерекшеліктері неде? – Елімізде республикалық маңыздағы 9 қорық-музей жұмыс істейді. Оның ерекше­лігі – қорында тек музейлік заттар мен коллек­циялар ғана сақталып қоймай­ды, қоз­ғалмай­тын бірталай мәдени нысан­дар да енеді. Олар – Отырар мем­лекеттік археоло­гиялық қорық-музейі, “Әзі­рет-Сұл­тан” мемлекеттік тарихи-мәде­ни қо­рық-музейі, “Берел”, “Көне Тараз ес­керт­кіштері”, “Есік”, “Ордабасы” ұлттық тари­­хи-мәдени қо­ры­­­ғы, “Ұлытау”, “Жиде­бай–Бөрі­лі”, “Там­ғалы” музей-қорықтары. Бұлардың ара­сында “Берел” мен “Есік” санат­қа кейі­ні­рек қо­сылса, ал келешекте тағы Аты­раудан “Са­рай­шық”, Шығыс Қазақ­стан­нан “Шілік­ті”, Батыс Қазақ­станнан “Бөкей Орда” музей-қорықтары ашылады деп күтілуде. – Музей-қорықтардағы тарихи ескерткіш­тердің саны анықталған ба? – Аумағы 171,1 мың гектар болатын музей-қо­рықтарда 1558 тарихи және мәдени ескерт­кіштер орналасқан. Бұл еліміздегі барлық ес­керткіштердің 13 пайызы деген сөз. Оның ішін­дегі екеуі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени мұра­сы тізіміне енсе, 56 нысан рес­публикалық маңыз­дағы ескерткіштердің мем­лекеттік тізіміне қосылған. 1500-і жергілікті маңыздағы нысан ретінде бағаланады. – Ал қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи кесе­не­сінде рес­таврация жұмыстары жүруде. Ескі Түркі­стандағы Шахристан бас қақ­пасын қайта қалпына келтіру қолға алы­нуда. Хан рези­ден­циясы жаңғыр­тылуда. 2008-2009 жылдары Се­мейдегі Абай қорық-музейі ғимаратына күр­делі жөндеу жұмыстары жүр­гізілген, “Есік” қорық-музейінің экспозиция­лық кор­пусы мен әкімшілік мекемесінің құрылысы аяқталған. – Осынша қыруар байлықты қорғауға бөлінетін қаржы жеткілікті мөлшерде ме? – Мемлекет 2009 жылы қорық-музей­лерді қаржыландыруға 223,2 млн. теңге бөлген. Ол алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда, 15 пайызға артық. Әңгімелескен: Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.