• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Мамыр, 2022

Президент саябағына сакура егілді

442 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласындағы Президент саябағы аумағында енді Eurasian Resources Group-тің (ERG) аллеясы жапырақ жайып, жайқалып тұратын болады. Кеше астанада жыл сайынғы «Ұлттық ағаш егу күні» экологиялық науқанын қолдау аясында «Орнықты даму» жер қорымен бірлесіп ағаш егу іс-шарасы өткізілді.

Экологиялық іс-шараға ERG-дің астаналық кеңселерінің қызметкерлері мен олардың балалары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, еріктілер мен журналистер қатысты.

– Сакура – Жапонияның симво­лы­на айналған декоративті шие. Әлем­де оның 200-ден астам түрі өседі. Негізінен, жылы жақта жақсы тамыр жая­ды. Арасында суыққа төзімді түр­лері де бар. Бүгін сакураның нақ сол түрінің көшеттерін ектік, – деді «Орнықты даму» жер қорының же­тек­шісі Алан Бесен. – Көктемде бұл сакураның гүлдеуі тіптен ерекше. Әрі Қазақстан астанасының климатына әбден бейімделген. Мұны айтып отырғаным, біз әкімдікпен бірлесе отырып, егілген көшеттердің тамыр жайып, өсуіне жауаптымыз. Олардың жерсініп кетуін ұдайы бақылап отыратын боламыз.

Бұл – ERG-дің Нұр-Сұлтан қаласын­дағы үшінші аллеясы. Был­тыр көктемде компания қызмет­кер­лері Ұлттық кардиология орта­лы­ғы маңына және күзде Ататүрік сая­ба­ғы­на бадам ағаштарын еккен болатын.

– Біздің ұзақмерзімді экологиялық стратегиямызда топ кәсіпорындары орналасқан өңірлерді көгалдандыру да көзделген, – деді ERG-дің қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Талғат Төребеков. – Тек биылғы көк­тем мен күзде ғана Павлодар, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе облыс­тарында және Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында жалпы саны 100 мың түп ағаш егуді жоспарлап отыр­мыз.

ERG-дің Экологиялық стратегия­сы аясында 2025 жылға дейін топ кәсіпорындары орналасқан өңірлерде 420 мың түп ағаш отырғызылмақшы. Осы жобаға жоспарланған жалпы инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңгеге жуық.

– Шыбық шаншып, ағаш егу – қалыптасқан игі дәстүрлердің бірі, – деді Алан Бесен. – Мұндай іс-шаралар түрлі маңызды себептер – ерекше атап өтілетін даталар, жалпықалалық ме­ре­келер, жалпықазақстандық сен­бі­ліктер аясында тұрақты түрде ұйым­дас­тырылады. Жыл сайын осы игі іске үлес қосқысы келетін аста­на­­лықтар саны да артып келеді. Аста­наны көр­кейтіп, жасыл желекпен көм­көруге үлес қосып жүрген әр адамға алғыс айтамын!

Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінде экологиялық, әлеуметтік және экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған іс-шаралар мен нақты жобаларды жүзеге асыру арқылы жергілікті қоғамдастықтар мен аумақтардың орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында құ­рыл­ған жастардың коммерциялық емес қоғамдық бірлестігі – «Орнықты даму» жер қорының бастамасымен 2014 жылдың сәуір айында алғашқы Ұлттық ағаш егу күні өткізілген бола­тын. Бұл іс-шараның мақсаты – орман-тоғайларды қамқорлыққа алып, қалпына келтіріп, халық игі­лі­гіне сақтап қалу, қалалардағы жа­­­сыл аймақтарды абаттандыру, жұрт­­тың экологиялық сауатын арттырып, Қазақстанның жасыл қорын то­лықтыру жобаларына бизнестің ресурс­тарын жұмылдыру.

Сәтін салса, Президент саябағына кеше егілген 300 түп сакура күні ертең астаналықтар мен елорда мей­ман­да­ры­ның көзайымына айналмақ.