• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Мамыр, 2022

Солтүстік Қазақстанды газдандыру – созбаққа салар іс емес

552 рет
көрсетілді

«Елге ел қосылса – құт, елден ел ажыраса – жұт» дейді қазақ. Ешқандай жұтқа ұшырамаса да, ауылдарының жұрты үдере кө­шіп кетіп, қаңырап бос қалған үйлері көп облыс – Сол­түстік Қазақстан. Осыған орай, кейінгі жылдары Үкімет тара­пынан Қызылжар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, кінәратты демографиялық ахуалын жақ­сар­туға бағытталған бір­қа­тар ша­ра қолданылып жат­қа­­ны­на қарамастан, мұнда әлі де әртүрлі себеппен көшіп ке­ту­­шілер қатары қоныс аударып келу­шілерге қарағанда әлде­қай­да қалың болып, көші-қон­ның теріс сальдосы сақ­талып отыр.

1999 жылы құрамынан Бурабай, Біржан сал, Зеренді аудандары мен Көк­шетау қаласы шығарылып, Ақ­мола облысына берілген соң Сол­түстік Қазақстан облысының қа­зір­гі аумағында 2000 жылдың 1 қаң­та­рындағы жағдай бойынша 713,6 мың адам тұрған екен. Арада өткен 22 жыл ішінде СҚО тұрғындарының саны176,5 мыңға кеміп, биыл жыл басында 537,1 мың адам қалған. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдаймен салыстырғанда 6,6 мың адамға аз. Жыл сайын 5-6 мыңнан астам тұрғынынан айдың-күннің аманында айырылып, адами капиталы кеміп бара жатқан облыстағы демографиялық жағдайды жақсарту үшін қосымша шаралар қабылдау қажеттігі анық. Өйткені «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» демекші, теріскей өңірдегі тұрмыс деңгейінің төмендігі, соның ішінде, әсіресе, ауылды жерлерде жалақының мардымсыздығы, жол қатынасының нашарлығы, Қызылжардың қыты­мыр қысында жеті ай бойы тұрғын үйлерді, негізінен, көмір жағып жылы­ту машақаты өркениетті өмір сү­руді көксеген жастар түгіл, үйрен­шік­ті ауыл тірлігін қимайтын ересектер жағын да қажытып, жайлы мекен іздеуге мәжбүр етіп отыр. Ал Ресей Федерациясымен шекара­лас аудандардағы «шабадан­дық» көңіл күйге берілген солтүстік­қазақ­стан­дықтардың көбін ең алдымен көршілес Түмен, Қорған және Омбы облыстарының газдандырылған елді мекендері қызықтырады екен. Айта кетейік, қазір газдандыру көрсеткіші Түмен облысы бойынша – 96,9 пайызды, Қорған облысы бойынша – 62 па­йызды, Омбы облысы бойынша 36,17 пайызды құрап отыр. Әрине, қай ел болсын өз мүддесін ойлайтындықтан, Ресейден лайықты жұмыс пен тұр­ғын­жай тауып, көшіп кетіп жатқан солтүстікқазақстандықтардың көбі – ол жақта да сұранысқа ие механизаторлар, мұғалімдер, дәрігерлер және басқа білікті мамандар. Соның салдарынан қазір Қызылжар өңіріндегі Ресеймен шекаралас аудандардағы талай ауыл тұрғындарының басым көпшілігі зейнеткерлер мен зейнет жасына жақындаған адамдар болып отыр.

Ал еліміздің стратегиялық маңызы бар «солтүстік қақпасы» саналатын Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру мәселесі жиырма шақты жылдан бері құр сөзден аспай келеді. Әуелде Қостанай облысы сияқты СҚО-ны да Ресейдің газ тасымалдау жүйесіне қосу ұсынылғанмен, бұл ұсыныс Үкімет тарапынан әртүрлі себеппен қолдау таппаған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 17 мау­сым­­да еліміздің газ саласын дамыту мәсе­лесі жөнінде өткізген кеңесте Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын толық газдандыру осы өңірлердің өнеркәсіптік дамуына соны серпін беріп, оларды бизнес жүргізу және адамдардың тұруы үшін тартымды ететінін айта келіп: «Бұл – мемлекеттік маңызға ие мәселе. Ке­мінде екі тәсіл бар: «Сарыарқа» магистральді газ құбырын жалғастыру немесе Ресей газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Екі нұсқаның да өзіндік плюсі мен минусы бар. Үкімет өңірлердің әкімдіктермен бірлесіп, жақын арада таңдау жасауға тиісті», деген болатын. Алайда содан бері он айдан астам уақыт өтсе де, Үкімет бұл ма­ңызды мәселе бойынша нақты ше­шім қабылдаған жоқ.

Биылғы жылдың 25 сәуірінде Парламент Сенатында ел өңірлерін газдандыру тақырыбында әңгіме қозғалған «Үкімет сағатында» баяндама жасаған Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуына қарағанда, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарын газдандыру бойынша Президент былтыр айтқан екі нұсқа әлі қарастырылу үстінде екен. Елдің бас энергетигі «бірінші нұсқа» деп атаған Ресей газ тасымалдау жүйесіне СҚО мен ШҚО-ны қосу үшін қазір есептеу жүргізіліп жатқан көрінеді. Оның нәтижесін Қазақстан мамыр айында алуға тиіс. Ал екінші нұсқа – «Сарыарқа» газ құбырының екінші және үшінші кезеңдерінің құрылысы бойынша мемлекеттік сараптама жасалып жатыр екен. Оның нәтижесін Энергетика министрлігі шілде айында алуға тиіс.

Алайда Солтүстік Қазақстан об­лы­сынан сайланған сенатор Ерік Сұлтанов: «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құ­ры­лы­сында бекі­тіл­ген графиктен артта қалу­шы­лық­қа жол беріліп отыр. Мұның өзі, бұрын жоспарланғанындай, солтүстік өңірлерді 2025 жылға дейін газдандыруды аяқтауға мүмкіндік бермейді», деп дабыл қақты.

Шынтуайтында, Қызылорда–Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан бағытында 1061 кило­метрге созылған «Сарыарқа» магис­траль­ді газ құбырының бірінші ке­зе­ңі бір жылдан сәл астам уақыт ішінде салынып, пайдалануға беріл­ге­нін ескерсек, оның екі еседей қысқа екінші-үшінші кезеңінің құ­ры­лысын да кешеуілдетпей, барынша жеделдету мүмкіндігін неге қарастырмасқа?! Бұл, біріншіден, Солтүстік Қазақстанның жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерден ерікті түрде қоныс аударушылар мен шет мемлекеттерден көшіп келіп жатқан қандастар үшін тартымдылығын арт­тырып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың көші-қонын да азайтып, облыстағы демографиялық жағдайды тұрақтандыруға оң әсерін тигізері даусыз. Екіншіден, ақ қайыңдар өлкесі атанған Қызылжар өңірінің тамылжыған табиғатын сақтауға елеу­лі ықпал етері хақ. Жергілікті эко­логтердің бағалауына қарағанда, облыста жылына 300 мың текше метр ағаш тұрғынжайларды жылыту үшін отын ретінде пайдаланылады екен. Бұған қоса, Петропавл қаласындағы №2-жылу-электр орталығында қысқы маусымда 3 миллион тонна көмір жағылып, одан 1,5 миллион тоннадай күл шығарылады. Сондай-ақ 619 мың тонна «қара отын» тұрғын үйлердің пештері мен әлеуметтік-мәдени және өндірістік объектілер ғимараттарының жылу қазандықтарында жағылып, бұрқыраған түтіні мен күлі табиғатқа орасан залал келтіріп жатыр. Үшін­шіден, өңірді газдандырудың облыс экономикасын өрге бастыруға жәрдемі де мол болмақ.

– Газдың жоқтығы өңірімізге инвестиция тартуға да кедергі болып тұр. Себебі заманауи технологиялық жабдықтардың бәрі газға бейімделген, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов Сенаттағы Үкімет сағатында сөйлеген сөзінде. Ол Петропавлдағы №2-жылу-электр орталығының қуаты 2026 жылға қарай жеткіліксіз болатындықтан, қалада жылу тапшылығы туындайтынын ескертіп, бұл проблеманы шешу жолы – ірі кәсіпорындар мен объектілерді кешіктермей газдандыру екенін айтты.

«Біз облысты «Сарыарқа» ма­гис­т­ральді газ құбырына қосу – ең оңтайлы нұсқа деп санаймыз. Өңірдегі 457 мың адам тұратын 139 елді мекенді газдандыру үшін ша­мамен 140 миллиард теңге қажет», деді Құмар Ақсақалов. Ол Сол­түс­тік Қазақстандағы тұрмыс дең­гейіне газдың жоқтығы қалай теріс әсерін тигізетіні хақында мы­на­дай нақты мысал келтірді: Қы­зыл­­жар өңіріндегі әрбір жеке үй отын­ға ай сайын орташа есеппен 25 мың теңге, ал газдандырылған астана мен Қарағанды облысының тұр­ғын­дары тиісінше 13 мың және 14 мың теңге жұмсайды екен. Жа­ла­қысы мардымсыз қарапайым сол­түс­тікқазақстандықтар үшін осындай шығын оңайға соқпай, басқа жаққа көшіп кету туралы көңілсіз ойға же­те­лейтін факторлардың бірі болып отырғанына шүбә жоқ.

Демек, астанаға көгілдір отынды қысқа мерзімде жеткізе білген жоғары лауазымды шенеуніктер енді елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру созбаққа салатын іс емес екенін түсініп, оны барынша жеделдету мүмкіндігін қарастырса, құба-құп.