• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Мамыр, 2022

«Абайдың ұлылығы» кітабы оқырманға жол тартты

228 рет
көрсетілді

Елордалық Достық үйінде Әзербайжан Республикасының елшілігімен бірлесіп, ойшыл Абай Құнанбаев туралы «Абайдың ұлылығы немесе ХХІ ғасырда ойшылдың портретін жасауға талпыныс» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Іс-шараға Қазақстандағы Әзербайжан Республикасы елшілігінің, елордалық этномәдени орталықтардың және жастар қанаттарының өкілдері қатысты. Делегация этномәдени бірлестіктердің кабинеттерінде болып, этностардың көпғасырлық тарихымен және мәдениетімен танысты.

Нұр-Сұлтан қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов мейманға этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі туралы айтып, қатысушыларды кітаптың тұсаукесерімен құттықтады. 

Кітаптың авторы – Әзербайжан тарихшысы, саясаттанушы, Әзербайжан SVS телеарнасының «Сыртқы істер аспектілері» бағдарламасының жүргізушісі, Әзербайжанның диаспоралармен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитетінің сарапшысы Атаев Теймур Октай оглы.

Тарихнамада алғаш рет Абайдың ойларын Құран аяттарымен салыстыруға талпыныс жасалды. Абай идеяларын толық түсіну үшін автор қазақ тарихының маңызды беттеріне және ойшыл өмірбаянының маңызды эпизодтарына жүгінеді. Оның пікірінше, бұл Абайдың барлық уақытта да өзекті жолдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Атаев Теймур Октай оглы өзінің құттықтау сөзінде еліміздің саясатын жүзеге асыру үшін құрылған, әлемде баламасы жоқ қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы айтып, әдемі ғимаратта этномәдени бірлестіктердің қызметін дамыту үшін барлық жағдай бар екенін атап өтті.

Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Кязимов Ровшан Джаваншир оглы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Кездесу соңында автор Достық үйіне кітаптар табыстап, оқырмандарға қолтаңба берді.