Жаһанды жайлап алған онкологиялық аурулар өкінішке қарай, балаларды да айналып өткен жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын жер бетінде 400 мыңға жуық бала мен жеткіншек қатерлі ісікке шалдығады. Ал Қазақстанда жыл сайын шамамен 600 балақай жас талғамайтын жаман аурудан жапа шегеді. Соған қарамастан, отандық дәрігерлер қолдан келген көмегін жасап, күрделі дертпен күн демей, түн демей күрес жүргізіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік іс-шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты іс-шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деген болатын.
Ұлт мүддесі – ұрпақ саулығы. Ел Президенті айтып өткендей, өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы – жалпыұлттық міндет. Сол міндеттің көш басында балалардың денсаулығын қорғау мәселесі тұр. Бұл аса маңызды әрі жауапты іс. Себебі бүгінгі балалар мен жеткіншектер – ел жастары, Қазақстанның келешек толқыны. Оған немқұрайды қарауға болмайды. Әсіресе балалар арасындағы обыр сынды қатерлі аурумен күресті қаперге алмауға хақымыз жоқ. Отандық дәрігерлер үшін бұл таңсық дерт емес. Тіпті аурудың осы түрімен күн сайын күресіп, әр баланың өмірі үшін арпалысып жүрген жандар бар. Еліміздегі білікті дәрігерлер мен кәсіби мамандардың басын қосқан емдеу ұйымдары науқас балаларға ұдайы қол ұшын созады. Соның бірі – Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан University Medical Center корпоративтік қоры. Орталықта ақ халатты абзал жан, онкогематология бөлімшесінің меңгерушісі Зәбира Қыздарбекова еңбек етеді. Оның айтуынша, еліміздегі қиын патологияға тап болған балалар бірден осы клиникаға жеткізіледі. Өзге облыстың дәрігерлері емдей алмаған жағдайда балалар осы орталыққа жіберіледі.
– 2011 жылы University Medical Center орталығында 30 төсектік орындық онкогематология бөлімшесі ашылды. 2013 жылы 22 төсектік орындық онкология бөлімшесі қолданысқа берілді. Ал 2018 жылы 10 төсектік орындық күндізгі стационар ел игілігіне жұмыс істей бастады. Қазіргі кезде онкология бөлімінде төсектік орын саны 137-ге жетті. Айта кету қажет, бүгінде осы онкология бөліміне қарасты 4 бөлімше жұмыс істейді. Яғни екі онкология бөлімшесі, ТГСК бөлімшесі және күндізгі стационар бар. 2012 жылы Қазақстанда алғаш рет сүйек кемігін ауыстыру операциясы да осы орталықта жасалды. Елімізде онкологиялық аурулар Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген хаттамасына сәйкес емделеді. Орталықта заманауи технологиялардың көмегімен сүйек кемігін ауыстыру, сәулелік терапия, иммунотерапия (китруда, карзиба) сынды емдеу шаралары қолға алынды, – деді З.Қыздарбекова.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 600-ге жуық баладан алғаш рет қатерлі ісік анықталады. Былтыр бұл қорқынышты диагноз алғаш рет 591 балаға қойылды. Жалпы, ел аумағында кейінгі 7 жылда қатерлі ісігі бар балалардың аурушаңдығы тұрақты жағдайда. Мәселен, 2021 жылы сырқаттанушылықтың біршама өсуіне қарамастан, бұл көрсеткіш әлемдік деректерден төмен қалып отыр (100 мың балаға 14-15 жағдай).
Негізі, елімізде аймақтық мамандардың динамикалық бақылауында әр түрлі онкологиялық және гематологиялық ауруға шалдыққан 4 621 бала бар. Қатерлі ісік ауруы бойынша 2 083 бала байқалады. Жыл сайын балалар онкологтері мен гематолог дәрігерлері жалпы практика дәрігерлерін және салалық мамандарды қатерлі ісікті ерте диагностикалау әдістеріне оқытады. Соның нәтижесінде, 1, 2-сатыдағы балаларда қатерлі ісік ауруын ерте анықтау 2015 жылы 29%-дан 2021 жылы 52%-ға дейін артты.
Қазақстанда қатерлі ісігі бар балаларды диагностикалау және қарқынды емдеу 2013 жылдан бастап екі республикалық клиникада іске асырылады. Соның бірі Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласындағы University Medical Center корпоративтік қоры саналады. Сонымен қатар көпбейінді облыстық балалар стационарларының базасында онкологиялық және гематологиялық бейіндегі пациенттерге арналған бөлімшелер немесе төсектер бар. Онда қатерлі ісікке күдікті пациенттерге бастапқы диагностика жасалады.
Қазіргі таңда ел аумағында қатерлі ісігі бар пациенттер үшін 488 төсектік орын ұсынылған. Соның 266-сы – республикалық маңызы бар клиникаларда. Кадрлық қамтамасыз етуге келетін болсақ, бүгінде Қазақстанда 81 балалар онкологы/гематологы жұмыс істейді. 51 дәрігер республикалық орталықтарда, 35 дәрігер өңірлік орталықтарда еңбек етеді. 2013 жылы «Балалар онкологиясы» және «Балалар гематологиясы» мамандықтарының бірігуінен бастап терапияның күрделі көп компонентті бағдарламалары әзірленіп енгізілді. Әр түрлі онкологиялық және гематологиялық аурулар кезінде гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау, сүйек ісіктері кезінде буындарды эндопротездеу, ретинобластома кезінде селективті интракраниальды химиялық терапия сияқты емдеудің жоғары технологиялық әдістері игерілді.
Барлық диагностикалық технологиялардың көмегімен диагнозды түпкілікті верификациялау, сондай-ақ қарқынды бағдарламалық химиялық терапия, жедел емдеу, гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау екі республикалық клиникада жүзеге асырылады. Елімізде барлығы 280-нен астам гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау жүргізілді. Емдеу қызметінен басқа, осы екі орталықтың қызметкерлері терапияның жаңа әдістерін, диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларын, консультативтік-практикалық көмек, емделіп жатқан науқастарды динамикалық бақылау және оқу-әдістемелік қызметті әзірлеп енгізеді.
Қатерлі ісігі бар балаларды емдеу жұмысы балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде, яғни республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Мәселен, орта есеппен қатерлі ісігі бар бір баланы емдеудің қарқынды курсына мемлекет шамамен 12 млн теңге жұмсайды. Негізгі қарқынды емдеу курсы аяқталғаннан кейін балалар учаскелік дәрігерлердің қадағалауына шығарылады. Декреттелген мерзімде өңірлік және республикалық балалар онкологтер мен гематологтерден тексеруден өтеді.
Ұзартылған ем қарастырылған кейбір аурулар үшін балалар қажетті дәрі-дәрмектерді тегін алады. Медициналық араласулармен қатар қазір пациенттің және оның ата-анасының психологиялық жағдайына, әлеуметтік мәртебесіне көп көңіл бөлінуде. Сонымен, екі республикалық орталықта да смарт-мектептер ашылып, жұмыс істеп жатыр. Онда балалар медициналық процедуралардан алшақтап, роботтехника, лего-құрастыру, пішу және тігу бойынша өз дағдыларын дамыта алады, шахмат ойнауды, ағылшын тілін үйренеді.
Қазақстанда балалардың онкологиялық ауруларын диагностикалау мен емдеуде қол жеткізілген табыстарға қарамастан, кейбір дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілеспе терапия үшін тіркеу және әкелу проблемасы, гистотиптелген донорлардың тіркелімін кеңейту, обырды 1-2 сатыда ерте диагностикалау, балалар онкологиясында диагностиканың молекулярлық-генетикалық әдістерін дамыту, балаларды емдеуден кейін оңалту сынды шешімін таппаған проблемалар әлі де аз емес. Сондықтан қоғамның, меценаттардың, Үкіметтің назарын қазіргі проблемаларға, соның ішінде қатерлі ісік ауруын ерте диагностикалау мәселелеріне және балалар онкологиясымен күресу үшін бірлескен күш-жігерді шоғырландыру қажеттілігіне аударған жөн.