• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Маусым, 2022

Елі үшін еңбек еткен тұлға

478 рет
көрсетілді

Бектас Кәсембекұлы Қарағанды облысының Мойынты стансасында дүниеге келгендіктен болар, еңбек жолы да темір жолмен байланысты болды. Алматы темір жол техникумын жақсы аяқтап, еңбек жолын Мойынты стансасындағы темір жолда жүкті қабылдаушы-тапсырушы болып бастады. Кейін парк кезекшісі, одан соң Қарағанды-Сұрыптау стансасында кезекші әрі маневрлік диспетчер болып еңбек етті. Жұмыс істей жүріп, Бектас Кәсембекұлы Алматы темір жол институтын «Темір жолдарды пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдады.

Бұдан кейін Шу темір жол бөлімше­сінде пойыз диспетчері, Шу стансасы бастығының бірінші орынбасары, Сарышаған стансасының бастығы болып жемісті еңбек етті. Одан әрі қызметін Целинный темір жол басқармасында  жалғастырды. Сөзіне берік, ісіне адал азамат қозғалыс қызметін жедел басқару бөлімінің аға кезекшісі, жүк және ком­мерциялық қызметтің жүк және ком­мер­циялық тасымалдау шарттарын ұйым­дастыру бөлімінің бастығы болды.

Екі бірдей дипломы бола тұра, Бектас Ахметов Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетінде «Азаматтық құқық» мамандығы бойын­ша да білім алды. Осыдан соң оның мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек жолы басталды. 1994 жылы Көлік жә­не коммуникация министрлігіне қыз­метке қабылданып, еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға өл­шеу­сіз үлес қосты. Кейін солтүстік аймақ­тар бойынша геодезия және картография комитетінің өкілі ретінде қыз­метін жалғастырды. Үкімет жанын­дағы Жер ресурстарын басқару агент­тігі геодезия және картография коми­тетінің «Ақмолатопогеодезия» мем­лекеттік кәсіпорнын, одан кейін «Аста­натопография» мемлекеттік кәсіпорнын бас директор лауазымында басқарды.

Тоғызыншы территорияға иелік етіп отырған Қазақ елінің ұлан-байтақ жерінің әр сүйемін бүгінде әлем мойындайды. Бұл аса маңызды іске Бектас Ахметовтің де қосқан үлесі бар. Ол мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау, жергілікті жерлерде шекараны белгілеу жұмыстарын ұйымдастыруға тікелей атсалысты. Қазақстандағы картографиялық-геодезиялық саланың дамуына баға жетпес үлес қосты.

Кейін Қазақстан Президентінің Іс басқармасында қызметін жалғастырып, Мемлекет басшысының, сондай-ақ өзге де жоғары лауазымды тұлғалар­дың қатысуымен өтетін іс-шараларды ұйымдастыруға тікелей қатысты. Пре­зидент Іс басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету жауапкершілігін ар­қалады. 2010 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясына ауысып, сол жерден құрметті демалысқа шықты. Зейнет демалысына шықса да, қоғамдық өмірден қол үзген жоқ. Ізін басқан, ісін жалғастырған көп шәкірт даярлады. Еңбек сіңірген зейнеткер, «Құрметті теміржолшы» атанды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ата Заңның 10 жылдығына,  Тәуелсіздіктің 20 жылдығына және астананың 20 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен, Ата Заңның 20 жылдығына арналған төсбелгімен марапатталды.

Отбасы құру – ер азаматтың асыл парызы. Әкеміз бұл борышын да бұл­жытпай орындады. Аяулы анамыз Айткүл Рүстембековамен көңіл жарастырып, шаңырақ көтерді. 43 жыл тату-тәтті ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар Гүлназ, Айнұр есімді қыздарын тәрбиелеп, олардан тараған Томирис, Әмина, Әл-Мансұр есімді немерелерінің қызығына бөленді. Үнемі өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, ақыл-кеңесін айтып, біз үшін шынайы сүйінетін де сүйсінетін жер бетіндегі ең жақсы жар және әке болды. Жаныңыз жәннатта болсын, жарқын адам!

 

Аяулы жары, балалары, немерелері