Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев AMANAT партиясы жанындағы «Талқылау» диалог алаңының отырысына қатысты. «REFERENDUM 2022: Жаңа Қазақстанның Конституциясы» тақырыбына арналған іс-шарада елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отырысқа AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, журналист Мақсат Толықбай, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры Зәуреш Баймолдина және тағы басқа сарапшылар қатысты.
Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев ашықтық пен демократия Жаңа Қазақстанның негізгі құндылықтарының бірі екенін айтты. Сондай-ақ ол жалпыұлттық референдум арқылы Конституцияға енгізу үшін ұсынылып отырған түзетулер осы құндылықтарға табан тірейтінін жеткізді.
Сенат Төрағасы халықпен кездесуде азаматтар тарапынан Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар өздерінің күнделікті өміріне қалай әсер ететіні туралы заңды сауал қойылатынын айтты. Осыған орай ол қолға алынған реформаның негізгі мәні мен мазмұнын халыққа қарапайым тілмен түсіндірудің маңызы зор екеніне назар аударды.
«Қазақстандықтар референдумге қатысып, Ата Заңымызға енгізілетін түзетулер үшін дауыс беру арқылы жаңа әділетті Қазақстан құру бастамасына қолдау көрсетеді. Жалпы саяси өзгерістер мен конституциялық реформа елімізде әділеттілік қағидатын нығайту үшін қолға алынып отыр», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Спикері Конституцияға енгізу үшін ұсынылған өзгерістер мен толықтырулардың негізгі бағыттарына тоқталды. Аталған түзетулер адам құқығын қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, Парламенттің рөлі мен депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттыруға, өңірлердің дербестігі мен жергілікті билікті нығайтуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге арналған.
«Мемлекет басшысы ұсынған түзетулер кешені жаңа Қазақстанның негізі ретінде барынша теңгерімді, ашық және бәсекеге қабілетті саяси жүйе құруға мүмкіндік береді. Азаматтарымыз осы өзгерістерге дауыс беру арқылы Президентіміздің елімізді жаңғырту бағдары мен Жаңа Қазақстан құруды қолдайтындарын білдіреді», деді Сенат Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев Конституцияға енгізілетін өзгерістер жүйелі саяси жаңғырудың басы ғана екенін атап өтті.
«Конституциялық реформа Ата Заңға түзетулер енгізумен шектелмейді. Алдағы уақытта Парламент бірқатар жаңа заңдар қабылдап, қолданыстағы кейбір заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады. Бұл жаңғырудың мақсаты – ашық, теңгерімді, демократиялық саяси жүйе және бәсекеге қабілетті, әділ, сыбайлас жемқорлықсыз экономикалық орта құру. Сондықтан азаматтарымыздың 5 маусым күні референдумге белсенді қатысып, Жаңа Қазақстан үшін дауыс беруі аса маңызды», деді Мәулен Әшімбаев.
Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаеваның пікірінше, референдумның басты мақсаты – ел болашағына қатысты мәселелерді шешуге әрбір азаматтың атсалысуына мүмкіндік беру.
«Мен – кез келген өзгерістер мен реформалардың сыншысы болатын азаматтық сектордың өкілімін. Бірақ қазір азаматтық қоғам адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, Конституциялық сот құру бөлігіндегі түзетулерді толық қолдайды. Біз халықпен кездесулерде міндетті түрде өз құқын пайдаланып, референдумға қатысу керек екенін айтамыз», деді Ләззат Қалтаева.
ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Зәуреш Баймолдинаныңайтуынша, ұсынылып отырған түзетулер саяси жүйені терең өзгертуге, қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік және мәдени қатынастарды жаңартуға бағытталған.
«Іс жүзінде бұл түзетулер кешені Қазақстанда қоғамның жаңа моделін құруға мүмкіндік береді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін қуатты тетіктер жасалады. Бұл еліміздің бүкіл халқының қалауы деп ойлаймын», деді Зәуреш Баймолдина.
«QAZAQSTAN» Ұлттық телеарнасының бас продюсері Мақсат Толықбай әлеуметтік әділетті мемлекет ұрандарға негізделе алмайтынын, оны заң жүзінде бекіту керек екенін атап өтті.
«Бәріміз өзгерісті қалаймыз, бірақ әркім өзінен бастау керек. Алғашында түзетулердің мәнін бәрі бірдей түсінбеді. Бірақ ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Енді өз елі, балаларының болашағы үшін алаңдайтын әрбір адам міндетті түрде сайлау учаскесіне барып, өз дауысын береді», деп есептейді журналист.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиевтің пікірінше, референдум – бұл сайлау мәдениеті мен азаматтық жауапкершілік деңгейі тұрғысынан бүкіл қоғамымыз үшін жақсы сынақ әрі сабақ.
«Дегенмен ең бастысы, өзгерістер біржақты тәртіпте тек биліктен болмайды. Тиісінше, халық үдерістерге белсенді араласуы керек. Өйткені елдің өмірін бір жағынан ғана жақсарту мүмкін емес, бұл – әрбір азаматқа қатысты іс», деп атап өтті Талғат Қалиев.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан халық Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова «TALQYLAU» диалог алаңы өте өзекті екенін және ол конституциялық нормаларды қоғамның қалай қабылдайтынын түсінуге көмектесетінін айтты.
«Мен алғашқы референдумға қатыстым. Ол кезде еліміз енді ғана тәуелсіздікке қол жеткізіп, қоғам жаңа Конституцияны оң қабылдады. Қазіргі реформалар бүгінгі жағдайларға жедел жауап беру керек екенін көрсетті және халық оның маңыздылығын түсінеді деп ойлаймын», деді Наталья Калашникова.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «TALQYLAU» алаңының модераторы Саясат Нұрбек, «халықтың жартысынан көбі – тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келген, құндылықтары мүлдем басқа ұрпақ. Бірақ дәл қазір бәріміз бірігіп, ортақ болашақ үшін референдумды қолдап, конституциялық өзгерістер үшін дауыс беруіміз керек», дегенді айтты.
Еске сала кетейік, «TALQYLAU» диалог алаңын құру бастамасы «AMANAT» партиясының 1 наурызда өткен кезектен тыс Съезінде партиялық трансформация бағдарламасы тармақтарының бірі ретінде көтерілген болатын. Алаңда сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу жөніде ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты түрде кездесіп отырады.