• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Маусым, 2022

Тектілік пен тереңдік тұрпаты

461 рет
көрсетілді

Егер замандастар арасынан бір адам шындыққа жетудің ең сенімді жолы ғылым деген ойға жан-тәнімен сенсе және оған өмірін арнаса, ол ҰҒА академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім болар. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат жақында 75 жасқа толды.

Ғарифолла Есім – сыртқы тұрпа­тымен де, ішкі дүниесімен де сом, парасатты, дипломат, патриот, харизмасы қуатты тұлға. Бұдан да басқа толып жатқан оң қасиеттері біртіндеп ашылып, өзінің қайратымен ерекше баурап алады. Ол қатысқан жиын әрқай­сымызға әрқашан қызықты, ағылған ой-пікір ортасы болып көрінеді. Кіммен сөйлессе де игілікке үйретуге, жақсы мәнерге баулуға тырысып бағады, көрген-білгенін, қазақстандық, әлемдік құбылыстарды ұғынуын шәкірттерінің бойына сіңірмек болады, көңілді де жайдарлы мінезі, әңгіме дүкенінің тақырыбын терең түсінуі, шығыс адамына тән сыпайылығы мен мәдениеті шыққан тегінің асылдығын, әрқырлы табиғи дарын иесі екенін паш етіп тұрғандай күшті әсер етеді.

Осы бағытта ой жүгіртсек, философия ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ғарифолла Есімнің филосо­фиялық енбектеріне бет бұру қажеттігі туындайды. Өзінің барлық саналы ғұмырын қазақтың сана болмысын зерттеуге арнаған ол туған еліне өзінің: «Санадағы таңбалар» және «Сана болмысы» атты еңбектерін тарту етті. Бұл еңбектер ғалымның дүниетанымдық ізденіс­терінің, антропологиялық туын­дыларының ең маңызды, іргелі бағыты болып есептеледі. Соңғысы – жиырма кітаптан тұратын топтама.

Ыстанбұлда түрік және орыс тілдерінде «Адамзат» кітабы, Амери­када «Амазон» орталығынан үш кіта­­бы жарық көрді: «Хакім Абай» – қазақ философиясы туралы екі кітап және «Социализм» романы. Шет­елдік тәуелсіз сарапшылар мен пікір беру­шілердің бағасы бойынша, қазақ ғалымының бұл еңбектері – әлемдік философия ғылымындағы тосын құбылыс. Онда тұңғыш рет қазақ философиясына кешенді талдау жасалады, сонымен қатар Қазақстанның әлемдік философиядағы рөлінің күшеюі жөнінде ойлар ұсынылған. Автор нені жазса да нық сана болмысының терең бастауларын ақтарады және қазіргі заман тынысы туралы жан-жақты тұжырымдар жасайды. Басқаша айтқанда, сана биігінен жеке фрагменттерді тұтастырып, ке­шегі-бүгінгі заман картинасын ұсы­нады. Сонымен қатар елімізде өтіп жат­қан сан алуан пікірталастар, кон­ференция, конгресс, форумдарға қа­тысуы, табиғат пен рух, сана мен саясат сияқты мәңгілік тақырыптарға арналған зерттеулері оның нәтижесі ретінде пайда болған туындылары өз алдына бір бөлек. Мысалы, елімізде өткен халықаралық конференцияда Ясауи дүниетанымы туралы зерттеуі бас жүлдені жеңіп алды. Әрине бұл автордың осы бағыттағы ерен еңбегінің жемісі екені ақиқат, қазақ ұлтының исламдық мәдениетке келуінің қайнар бастауларын терең білетін ма­ман­ның ғана қолынан шығатын туынды еді.

Әлем мен қоғамда, қазақ елінің айналасында болып жатқан процестерді және уақыт тынысын өткір сезінетін әрі қаламы қарымды философтың қазақ баспасөзінде жарық көрген терең ойлы мақалалары мен ақпарат құрал­дарына берген сұхбаттарын атап өтетін болсақ, олар ғалым шығар­машылығының көп қырлылығын баяндайды. Бұл – «Тәуелсіздік философия­сы», «Бостандықтың бағасы», «Еркін ойлау немесе қазақ философиясы», «Тәуелсіздік және мұсылмандық», «Ұлт­­тық ойлаудың қазіргі келбеті», «Зайыр­­лылық және дінтану негіздері», «Да­нышпан Шәкәрім» еңбектерінде қазіргі заман және саясат жайын бағам­дайды әрі батыл, қайталанбас ойлар айтады.

Еңбек тақырыбына келетін бол­сақ, «Қазақстанда феодализм болған ба?», «Социализмнен қазақ жұрты не ұтты?», «Агония социализма» және т.б. мақалаларында қайшылығы мол ХХ ғасырдың ақтаңдақтарын ақтара саралайды. Аталған мәселелерге байланысты көзқарастарын батыл да еркін, халық санасына жеткізіп айтады. Сонымен қатар осы құбылыстарға алып келген коғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени себептерді де ашып көрсетеді.

«Қазақстанда феодализм болған ба?» зерттеуінде ғалымның қазақ ауылында тапқа бөліну болған жоқ деген жаңалығы, сол сияқты зиялы қауым назарын өзіне ерекше аударған жаңа идеялар галереясы көзге көрінеді. Бас кезінде зиялы қауым Ғарифолланың қолданысқа енгізген терминдеріне сес­кене қарағанымен, кейін өздері де қолданып жатады, өміршеңдігін мойын­дайды.

Жалпы алғанда, көрнекті ғалым ретінде мойындатқан теориялық еңбек­тері ғана емес, ғылыми танымдық пуб­ли­цистикасы десек те ақиқаттан алыс­тамаймыз. Егемендік алғаннан кейін рухани қазынамыздың асқақ шыңы болып есептелетін Абай философиясын теориялық жағынан зерттеп, абайтану саласында терең із қал­дыру профессордың еншісіне тиді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гоги­калық университетіңде «Абай дүние­танымындағы Алла және адам» тақырыбына докторлық диссертация қорғағанда сол кеңестің жұмысына қатысып куәгері болдым. Одан кейін де автор Абай мұрасы туралы жүзге жуық мақала жазып, қазақ мәдениетіндегі данышпан Абайдың дана рухын айқара ашты. Көзіқарақты зиялы қауымның есінде болар, хакім Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған бүкілхалықтық тойға ерекше үлес қос­қан ғалымдар ішінде Ғарифолла есімі де аталды. Себебі сол кезде жарық көрген «Хакім Абай» кітабы Абайдың даналық дүниетанымына ерекше көңіл бөлген халқымызды бір риза қылып тас­тады. Бұл еңбек ғалымдар тарапынан да өте жоғары бағаланды. Ұлы ақынның әлемдік тойы қарсаңында қазақ радиосында эфирге шығып, жұма сайын Абайдың қарасөзін бір-бірлеп талдауды жүзеге асырды.

Қазіргі қазақ мәдениеті мен философиясын зерттеушілер «Хакім Абай» кітабына арқа сүйеп теориялық еңбек ретіңде пайдаланады, осы еңбек­тен кейін «Хакім Абай» термині ғы­лыми айналымға енді. Ол Қайым Мұхаметханов, Мекемтас Мырзахметов сынды ғалымдардың өкшесін басты. Кейінгі толқын абайтанушылар ішінде алдыңғы шепке шығып, Абайтану мектебі өсіп-өркендеуіне бүгін де жан-жақты атсалысып, аянбай қызмет етіп келеді. Бұл абайтану бағытындағы еңбектері қазақ философиясын зерттеп, дамытудағы маңызды кезең болды.

Ғ.Есімнің жетістіктерінің бірі – қазақ елі мәңгілік ұлттық идеясының алғашқы жаршыларының бірі болып, осы идеяны жан-жақты ұлттық дәстүр мен ұлттық сана үлгілерінен ала отырып қыры мен сырын ашуы.

Қазақ халқының мәдениетіндегі, наным-сеніміндегі, салт-дәстүріндегі исламның орны мен маңызын түсінбей, қазіргі экстремизм мен терроризмнің негізі болып отырған, кейбір діндегі ауыт­қушылықтар, рухани болмыс-бітімімізді дұрыс болжап, заман талаптарына сай жаңғырту мәселелерінде академиктің жасап жатқан қыруар іс-шаралары, нағыз ұлтын сүйген азаматтың қызметі деп білуге болады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы болып тұрған кезде «Қазақ философиясының тарихы» пәнінен жазған оқулығы батыл­дығымен, жаңашылдығымен осы бағыттағы айрықша маңызды еңбек­тердің бірі болды. Қазақ халқының рухани қайта өркендеуі шынайы тарихи пайымдау арқылы, төлтума мәдениет пен ұлттық философияны қайта түлету арқылы жүзеге асырылады. Осыны дұрыс түсінген ғалым бұл бағыттағы зерттеулерге ерекше көңіл бөлді.

Ғ.Есім көрсеткен бұл рухани дәстүр қазақтың кең даласында нағыз ішкі, яғни имманетті ұлттық идеяға айналды. Қобызбен қатар қазақтың домбырасы тарихи белестерде нағыз рухани қаруға айналды, халықты іштей біріктірді және үлкен географиялық кеңістіктегі этностық әлеуметті бір-біріне тілдік, ділдік және идеялық жағынан жақындата түсті. Сөйтіп, ұлттық идеяның тұжырым түрінде жарияланатын экстравертті сипатынан гөрі, ғасырларды жалғастыратын, дәстүрді қиюластыратын имманетті түрде болатынын байқатты. Міне, сондай рөлді қазақтың сан қырлы сипат­тағы өнері атқарды. Оның ішіне даналыққа ұмтылған сөз қадірін биікте ұстаған философиялық ойлау дәстүрі де енеді. Осы дәстүрлер Ғарифолла Есімнің қолданысында жаңа заман талаптарына сай Қазақстан халқының санасын жаңғырту, бәсекеге қабілетті ету, ұлттық прагматизмді қалыптастыру, ұлттық бірегейлігін сақтау, ұлттық тәрбиеде білімнің салтанат құруы үшін жетілдіру қажеттілігі бағытыңда қозғалыстарға түсуде.

Оны зиялы қауым мойындап, мемле­кетімізде ерекше орны бар тұлғалардың еңбектерін баяндайтын Қазақстанның білім мен ғылымына еңбек сіңірген тұлғаларға арналған «Өнегелі өмір» топта­масында Қазақ елі – мәңгілік ұлт­тық идеясының жар­шысы ретінде мойындап, негізгі шығармаларынан үзінділер беруін Ғарифолла Есімге көрсетілген ерекше сый-сыяпат деп есептеймін.

Ол әлемді философиялық, ұлттық пәлсапалық пайымдаудың жаңа типі ру­хани мәдениеттің дамуының өзін­дік көрінісі және оның қоғам дамуын­дағы пәрменді рөлін зерделеді. Сонымен қатар ұлттық философиялық ойда қа­лыптасқан идеялық тұжырымдар­дың тарихи тамырларын кәсіби тұр­ғы­дан аша білді және оның маңы­зы мен практикалық мәнділігін қазіргі жаһандану заманында арта түс­кенін көрсетті. Қазақ қоғамының фило­со­фиялық ойының тарихи эволюция­сын, оның этикалық бағдарларын қа­зіргі ұлттық идеямен жалғастырып, ұлттық идеяның рухани бастауы ретінде көрсетті. Сонымен қатар көпғасырлық қазақ халқының философиялық және саяси-әлеуметтік ойын сараптау ар­қылы қазіргі қазақ елінің рухани, мә­­дени, саяси және гуманитарлық, эко­но­микалық дамуы үшін тиімді ұлт­тық идеяны қалыптастырудың негіз­дерін анықтаушылардың бірі болып есептеледі.

Жалпы, болмысы – жасампаз. Ол көп жылдар бойы Абай атындағы университетке келгенге дейін Семей пе­дагогикалық институтында ұстаз­дық етіп, институттың көркемсурет графика факультетінің деканы болды. Жас ұрпақты көркемдік әлеміне тәрбиелеуде, осы жұмысты ұйым­дастыруда белгілі табыстарға қол жеткізді. Біздің университетке келген алғашқы жылдары философия және әдіснама кафедрасында қызмет етіп, университеттің көркем-сурет графика факультетіне декандық қызметіне сайланды. Осы қызметінде Ғ.Есім әрқашанда шәкірттеріне үлгі болып, әлемдік мәдениет пен ұлттық мәде­ниетті ұштастыра біліп, ұлттық өне­рімізді әлем туындыларымен салыс­тыра отырып, өнердің алға даму бағыт­тарын айқын көрсетті.

Абай атындағы университеттің көркемсурет графика факультетінде суретші­лерге декандық қызмет атқар­ғанда эстетика мен мәдениеттану ба­ғы­тындағы ғылым кандидаттарын дайындайтын ғылыми диссертациялық кеңес ашу ісімен айналысты. Осы бағытта өнер мен философия тоғысындағы мектептің іргетасын қалады. Ұстаздың өнер ортасындағы әлеуметтік-мәдени мәсе­лелердің шешілу тетіктерін іздеуі фило­софиядағы жаңа бағытқа алып келді.

Осы сабақтастықтағы жемісті ең­бектің нәтижесі ретінде ғалым өзінің шәкірттерін ғылымның жаңа саласы – өнер мен философияның тоғы­сындағы жаңа философиялық-өнер­танушылық мектеп іргетасын қалай бастады. Осы істер арқылы Қазақстанға кеңінен таралған қазіргі уақыттағы өнертану саласының әдістері мен тәсілдерін өнер философиясымен ба­йыт­ты. Алғаш оқу әдістемелік мето­дикаға қатынасты өнерді тану енді әлемдік деңгейдегі философиялық, мәдениеттанулық әдіснамалармен құнар­­ланды. Көркемөнер тарихынан дәріс беретін сауатты сыншыл мамандар философия ғылымын меңгеруге деген құштарлықтарын оята бастады. Сөйте отырып қазақ ғылымында өзіндік қолтаңбасы бар «бейнелеу өнерінің фи­лософиялық-мәдениеттанулық» зерт­­теу алаптарын анықтап, ұстаз-шәкірт қатынастары ғылыми дәстүрге айналып, ғылыми жемісін берді. Абай атындағы университетте ғана емес, кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­­­тық университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы қызметін атқарғанда да көптеген шәкір­тін ғылым кандидаты, докторы дәре­жесіне көтере тәрбиеледі. 24 ғылым докторын, 41 ғылым кандидатын және 7 PhD докторын дайындады. 18 PhD доктор ғылыми диссертацияларын қорғауға дайындық үстінде. Шәкірттері республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет істеп жатқанын ескерсек, әрине бұл ғалымның еліміздің ғылымын дамытуға қосқан қомақты үлесі екені айқын.

Қорыта айтсақ, академик Ғ.Есім – философия ғылымындағы ірі ғалым. Бүкіл саналы өмірінде осы саланың даму жолдарын табанды да жан-жақты зерттеп жүр. Ғылым әлемінде оның орны жоғары, есімі Қазақстанда ғана емес, әлем елдеріне мәлім. Соңы­нан ор­мандай шәкірт, ізбасар ертті. Дайын­даған ғылым кандидаттары, док­тор­лары мен магистранттары тұтас бір ғылыми-зерттеу институтты толы­ғымен жасақтауға жетеді.

Ғарифолла Есім абзал ағаларының, ғылым сардарларының ізін басты. Ғылым әлемінде табанды күрескер­лігінің арқасында өзі де іргелі ғылым сардары дәрежесіне көтерілді. Ғалым туралы сөз болған соң оның ғылыми еңбектеріне көбірек тоқталдық. Деген­мен қайраткерлік қырларына тоқтал­масақ болмайды. Ол – өз заманының көрнекті қоғам қайраткері, қанша лауазымы жоғары ғылыми, қоғамдық кеңестердің белсенді мүшесі. Арнайы Мемлекеттік комиссияның мүшесі, сенатор ретінде ұлт тарихы, ұрпақтар сабақтастығы, саяси репрессияның құрбандарын еске алу, ұлт мәдениетін жаңғырту, тағы да осындай ел үшін маңызы зор саяси-әлеуметтік мәселе­лердің түйінін шешіп, заман талабына сәйкес іс-шараларға тікелей араласты.

Ғ.Есім екі шақырылымның Сенат депутаты болған қайраткерлігі, Сенат отырыстарында ұлттық рух, мәдениет, дін мәселелеріне байланысты көтерген қайраткерлік істері бір төбе, әрине оны басқа әңгіменің еншісіне қалдырайық. Адамдарға әрдайым ашық, білімі, бір­тума идеяларымен, қағидаларымен бөлісуге, оларды қолдауға және күрделі ғылыми ізденіс жолына бағыттауға дайы­н. Көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, таны­мал қоғам-саяси қайраткері, парасатты, бірегей тұлға-академик, жазу­шы Ғарифолла Есімнің өмірі мен шығар­машылығының кезеңдері осындай.

 

Раушанбек ӘБСАТТАРОВ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі,

философия ғылымдарының докторы, профессор