• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Маусым, 2022

Елдігіміздің белгісі

484 рет
көрсетілді

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекеттік рәміздерге байқау жариялайды. Үш ай мерзімді құрайтын бұл байқау жайлы Жандарбек Мәлібекұлы сонау Өзбекстанда жүріп естіген. Байқауға қатысуға бірден бел байлайды.

Қазақстанның тарихын, сая­си, мемлекеттік идеологиясын қам­тыған Елтаңбада үлкен фи­лосо­фиялық ой бар. Ондағы жұл­­дыз – қазақтың жұлды­зының жоға­ры болуын, пырақтың қанаты – қазақ­тың қанаты, шаңырақ – мемлекеттің тірегі саналатын от­басы нышаны. Байқаудың қоры­тындысы бойынша 365 депу­таттың алдында қорғалған 293 жобаның арасынан суырылып алға шығып, ресми түрде елдігіміздің белгісі саналған осы Жандарбек Мәлібековтің жасаған Елтаңбасы еді.

Әлемде Заха Хадид, Ле Кор­бьюзе, Норман Фостер, Людвиг Мис ван дер Роэ, Жан Нувель, Ренцо Пиано, Даниэль Либескинд сынды сәулет­шілер бар. Олардың барлығы көпшілікке өздерінің қай­таланбас, ерекше жобалары­мен танымал. Мысалы, сезім қаласы Париждің символына айнал­ған Эйфель мұнарасына жылына 200 миллионнан астам адам келеді. Бір қызығы салынуына екі жыл, екі ай уақыт кеткен бұл ғимараттың түсі күні бүгінге дейін өздігінен бірнеше рет өзгерген. Ғимараттың таны­малдығы сонша, тіпті жоба авторы, архитектор Гюстаф Эйфель көзі тірісінде «Мен өзім құрған мұнараны қызғануым керек, өйткені ол менен де танымал» деген екен.

Әрбір салынған ғимарат – сәу­лет өнерінің қайталанбас жо­басы. Олардың қатарына ша­ғын құрылыс үлгісінен бастап, кең көлемді мемлекет белгісіне дейінгі барлық жұмыстар жатады. Ал мемлекетті айшықтайтын бірден-бір дүние ол – рәміздер. Ал бүгінгі күні Елтаңба атауын естігенде, есімізге бірден Жан­дарбек Мәлібекұлы оралатыны сөзсіз.

Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасының түпнұс­қасы Өз­бекстанда жасалған. Мұны бірі­­міз білсек, енді біріміз біле бер­­мейміз. Автор екі метр­лік Ел­таңбаны астынан және үстінен үш матраспен орап, Қазақстанға дейін жүк көлігімен алып келген. Міне, осындай күш-жігермен келген елдігіміздің белгісі бүгінде әр мекеменің маңдай­шасында ілініп тұр. Әрине, бұл архитектор жұмысының ауқымы жағынан үлкені болғанымен, соңы емес. Ж.Мәлібекұлының қолынан шыққан жобалар қатарында 2017 жылы өткен EXPO көрмесіне қойылған ұлттық нақыштағы жобалары, елордамыздағы Нұр-Астана мешіті, Нейрохирургия кешені, Алатау тұрғынүй ке­ше­ні, ЕҰУ Сәулет-құрылыс факуль­тетінің оқу корпусы, Түркістан қаласының жаңа орталығының кон­цепциясы және тағы да бас­қа көптеген туындылары бар. Ра­сын­да, сәулетшінің осындай ерең еңбегі құр кетпей, ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері, «Парасат», «Құрмет», I дәрежелі «Барыс» ор­дені, «Гумилев» медалі табыс­талды.

Бұдан бөлек, профессор­дың өзбек еліндегі 40 жыл­дық еңбегі де еленбей қалған жоқ. Ол Өзбек­стан Республикасы­ның құрмет­ті архитекторы және халықара­лық «Тұран ака­демиясының» ака­демигі мәр­тебесін алды.

Қазіргі кезде Жандарбек Мәлібекұлы ұлттық архи­тек­ту­раның қалыптасып, дамуы үшін ауқымды жоба жасап жүр. Оның атауы – «Ойтек». Яғни текті қа­зақтың ойы. Бұл жаңа қазақ архитектурасының идеологиясын көрсетеді. Мұндағы мақсат – француз, жапон, Еуропа елдері секілді Қазақстанның да өзіндік ұлттық ерекшелігі бар сәулет өне­рін жаңғырту.

Осындай елеулі жобаларды жасау үшін автор негізгі идеяны Ұлы дала мәдениетінен алады. Себебі онда демократияда, философияда, бейбіт­шілік пен сыйластық мектебі секілді өзге елде кездеспейтін қайталанбас құндылықтар бар.

Қазақта «Шәкірт тәрбиелеу – қадірлі іс» деген жақсы сөз бар. Жандарбек Мәлібекұлынан тәлім алып, ұстазым деп танығанның барлығы профессордың шәкірті. Архитектор осы бағытта дип­лом жазып, жұмыс істеп жүрген бар­лық шәкірт­терінің қазақ сәулет өнерінің дамуына айтулы үлес қосатындығына сенеді. Бүгінгі күні профессор жоба жасап қана қоймай, дәріс оқып шәкірт те тәрбиелейді. Ұлт игілігі үшін әр­дайым қызмет қылуға дайын ұс­таз­ға тек саулық тілеймін. Қазақ сәулет өнері қарыштай берсін!

 

Би-Фатима ЕРАЛХАНҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті