• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Маусым, 2022

Мемлекеттіліктің басты нышандары

775 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басынан бастап, КСРО-ның мәңгілік мызғымастай көрінген құрсауы босап, мұздай сірескен идео­ло­гиялық ұстанымдары өзгере бастады. Оның соңы одақ құрамындағы рес­пуб­­ли­калардың бәрі егемендік туралы декларация қабылдауына әкелді. Дәл осы кезде біздің елімізде саяси жылымықтың жылы желі соға бастады.

1990 жылы маусым айында академик Манаш Қозыбаев уақыт талабына сай республикамыздың рәміз­д­ерін қайта жаңарту туралы мәсе­ле көтерді. Біз ол кезде әлі одақ құра­мын­дамыз. Белгілі ғалымның бастамасы батылдық еді. Манаш ағамыз көтерген мәселені баспасөз құралдары тез іліп әкетті де, ол ақпарат елге жылдам тарады. Мен ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Министрлер кабинеті аппараты Аграрлық бөлімінің меңгерушісімін. Көп әріптестерім жоғарыдағы бас­таманы естіп, таңданыс білдірді. Ұсынысты сараптауға тапсырма алған Президент кеңесінің мүшесі, ғалым Мырзатай Жолдасбеков қолдады.

1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуел­сіз­дігімізді жариялағаннан кейін, 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңесте егемен еліміздің рәміздерін дайындауға арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында Серікболсын Әбділдин, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Серік Әбдірахманов, Ербол Шәймерденов және тағы басқа белгілі азаматтар болды.  Мен ол кезде Жоғарғы Кеңестің депутатымын.

Жариялаған рәміздер байқауына бір мыңнан аса ту эскиздері, 250-ге жуық елтаңба мен 750 әнұран жобасы  түсті. Бұлардың бәрі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақырылған сегізінші сессиясында қаралып, қызу талқыланды. Халық қалаулылары түрлі жобаларды қарап, өз ұсыныстарын айтты. Депуттар арасында екі түрлі көзқарас болды: біріншісі – бұрынғы Кеңес Одағы кезін­дегі символдарға сүйенейік десе, екіншісі − қабылданатын мем­лекет­тік рәміздер отаршылдық жүйе­нің нышандарынан басқа болуды қалады. Сондай-ақ кей азаматтар жаңа рәміздерде қазақтың бай тарихындағы ұлттық символдарды қолдану керек­тігін ескертті. Әсіресе тарихшы Манаш Қозыбаевтың рәміздер туралы арғы-бергі тарихты сабақтастыра толғап, ежелгі сақ, үйсін, қаңлы мемлекеттерінің нышандары қалай болғаны жайында сөйлеген сөзі көпшіліктің көңілінен шықты.

Рәміз дегеніміз, сол мемлекеттің басты белгілілері саналады. Сондық­тан онда елдің өткен тарихы ғана емес, бүгінгі тіршілігі, ертеңгі келе­шегі жарқырап көрініп тұрғаны дау­сыз. Жоғарғы Кеңестің сессия­сын­да байқауға түскен жаңа рәміз­дер­ді сараптан өткізуде қызу пікір­та­лас болды. Олардың түрі мен м­ағы­на­сына мән берілді. Осы талқылауда заң ғылымдарының докторлары, әй­гілі заңғарлар Салық Зиманов пен Сұлтан Сартаев нақты ұсы­ныс­тарын айтты. Әнұранды қабыл­дау­да атақты композиторлар − Мұқан Төле­­баев, Латиф Хамиди және Евге­ний Бру­си­ловский бірлесіп жаз­ған музы­каны сол қалпында сақ­тауға шешім қабылданды. Ал гимн сөзін  жазған ақындар арасынан Мұза­фар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұман­бай Молдағалиев және Жадыра Дәрі­баева топ жарды. Осы гимн 2006 жылдың қаңтарына дейін еліміздің әнұраны болды.

Белгілі суретші Шәкен Ниязбеков ұсынған Көк ту − конкурста үздік деп танылды. Көк туымыздың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан  қыран бейнеленген. Осы қыран бейнесі көптеген елдердің мемлекеттік туларында бар, бізде сол қайталанып кетпей ме деген пікірлер айтылды. Бірақ автор қы­ран­ның қазақ үшін орны бөлек екендігін түсіндіргеннен кейін ешқан­дай қарсылық болған жоқ.

Халық қалаулылары арасындағы пікірталас Елтаңбаны қабылдау кезінде өрбіді. Байқауға қатысқан­дар­дың арасынан Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібековтің ұсынған жобасы жеңді. Осы басқосуда белгілі сәулетші Шот-Аман Уәлиханов аға­мыз Елтаңба мазмұнын түсіндіріп берді. Әрине, Елтаңбаға еліміздің бар тарихын сыйдыру қиын. Сон­дық­тан оған сол кездегі Қазақстан Дизай­нер­лер одағының төрағасы, депутат Тимур Сүлейменов Елтаңбадағы әр элементтің сипаттамасын айтып берді. Мәселен, киіз үйдің құрылымы адамзат тарихындағы мыңжылдықта ешқандай өзгермей, бізге жеткендігін түсіндірді. Осы Елтаңбаны қабылдауда жазушылар Әнуар Әлімжанов пен Камал Смайылов өз ұсыныстарын айтты. Осы талқылауда академик Өмірбек Жолдасбеков, журналист Александр Козлов және т.б. депутаттар сөз алып, Елтаңба авторларының жобасын қолдап сөйледі.

Міне, содан бері отыз жыл сырғып өтті. 1992 жылы Жоғарғы Кеңесте Мем­лекеттік рәміздерді қабылдаған күн­дер де тарих еншісінде қалды. Қа­зір барлық жұрт Қазақстанды мем­лекет­тік рәміздеріміз арқылы жақсы біледі. Рәміздеріміз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасы − Жаңа Қазақстан құрудағы жаңару мен жаңғыру жолында да негізгі символ болатыны айқын.

 

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері