• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Референдум 03 Маусым, 2022

Орталық референдум комиссиясының кезекті отырысы өтті

309 рет
көрсетілді

Бүгін Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отырысқа Бас прокуратураның, сыртқы істер, ақпарат және қоғамдық келісім министрліктерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бейнеконференция байланысы режимінде облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық референдум комиссияларының мүшелері қатысты.

Сондай-ақ, отырысқа Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) референдумды Бағалау жөніндегі демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы миссиясының және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан (ТМД) Байқаушылар миссиясының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында күн тәртібі бойынша келесі үш мәселе қаралды:

«2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдумда учаскелердің дауыс беру күніне дайындығы туралы»; «Республикалық референдум туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелері туралы»; «2022 жылғы 5 маусымға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу кезінде Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясына жеке және заңды тұлғалардың келіп түскен өтініштерін қарау барысы туралы».

Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселесі аясында аумақтық референдум комиссияларының өкілдері бейнеконференция байланысы режимінде учаскелердің дауыс беру күніне дайындығы туралы баяндады.

Дауыс беруге арналған бюллетеньдер, ақпараттық және әдістемелік материалдар жеткізілген, барлық учаскелерде ұйымдастыру және техникалық жарақтандыру жұмыстары аяқталып отыр. Орталық референдум комиссиясы учаскелердің дауыс беру күніне дайын екенін атап өтті.

Нұрлан Әбдіров аумақтық комиссияларына дауыс беру қатаң түрде «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның нормаларына сай өту қажет деп атап өтті.

Сондай-ақ, бірінші мәселе аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Жалғас Әділбаев бюллетеньдерді шетелдік учаскелерге жеткізу және учаскелердің дауыс беру күніне дайындығы туралы баяндады.

Заңнамаға сәйкес, дауыс беру күні шетелде болатын Қазақстан Республикасының азаматтары республика аумағынан тыс жерде құрылған дауыс беруге арналған учаскелерде дауыс бере алады.

Жалғас Әділбаев атап өткендей, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің жанынан 52 шет мемлекетте 65 учаскелік референдум комиссиялары құрылған. Олардың барлық 325 мүшесі қашықтықтан оқытудан өтіп, «Республикалық референдум: құқықтық негіздер және референдум комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша тестілеуден өтті.

Шетелдегі және дауыс беруге белсенді құқығы бар, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтарының алдын ала жасалған тізімдеріне сай, референдумда дауыс беруге құқығы бар азаматтар саны – 11 350 құрап отыр. 1%-дық резервті ескере отырып, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне 11 450 бюллетень бөлінді.

2022 жылғы 3 маусымдағы жағдай бойынша дауыс беруді өткізуге қажетті бюллетеньдер мен тиісті материалдар Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің жанындағы 55 учаскеге жеткізілді. Қалған 10 учаскеге жеткізілу үстінде.

Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша, яғни республикалық референдум туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік, сондай-ақ үгіт жүргізу шарттары жөнінде айтылды. ОРК Төрағасы бүгін түн ортасында үгіт жасау аяқталатынын, ал 4 маусым сағат 00.00-ден бастап тыныштық күні басталатынын атап өтті.

Нұрлан Әбдіров «Тыныштық күні және референдум күні үгіт жұмыстарына қатысты кез келген іс-әрекетке тыйым салынады және бұл үшін заңнамада құқықтық жауапкершілік көзделген», деп атап өтті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Мауберлинова «Республикалық референдум алдында бұқаралық ақпарат құралдарындағы үгіт, сондай-ақ ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізу туралы» баяндама жасады.

Спикер Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі референдумға дайындық пен оны өткізу барысы туралы азаматтарды ақпараттандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізгенін атап өтті. БАҚ-та алдағы референдумға арналған 8 500-ден астам материал (телеарналарда-3 мыңнан астам, газеттерде-2600 және интернет-ресурстарда-2800-ге жуық) шығарылды. Республикалық телеарналардың эфирінде 50 бейнеролик 2500-ден астам көрсетіліммен шығарылды. Ал өңірлік телеарналардың эфирінде 40 бейнеролик 5000-нан астам көрсетіліммен шығарылған.

Орталық референдум комиссиясының өткізген іс-шараларына қатысты 700-ге жуық материал шығарылған (160 телеарналарда, 150-ден астам газеттерде және 400-ге жуық интернет-ресурстарда).

Сондай-ақ, Нұргүл Мауберлинова референдум туралы заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жасау мақсатында ақпараттық алаңға тәулік бойы мониторинг жасалып отырғанын айтты.

Үгіт жұмыстары кезеңінде 5 мамыр мен 3 маусым аралығында 61 республикалық БАҚ (телеарналар - 19, газеттер – 42), 342 өңірлік БАҚ (телеарналар - 30, газеттер-312) және 130-дан астам танымал интернет-ресурстарға (республикалық-82, өңірлік-50) құқықтық мониторинг жасалды.

Мониторинг аясында БАҚ-тың екі негізгі талаптарды сақтауы бақыланды: біріншісі - анонимдік үгіт материалдарын, яғни оларды шығарған ұйым, оларды басып шығару орны мен таралымы, шығаруға жауапты адамдар туралы мәліметтерді қамтитын тиісті таңбалауы жоқ материалдарды орналастыруға тыйым салу; екіншісі - республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу. Сонымен бірге мемлекет қауіпсіздігі, соғыс, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық артықшылық, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылықты үгіттеуге жол берму.

Мониторинг нәтижелері бойынша референдумға дайындық кезеңінде үгітке қойылатын заңнама талаптарын бұзу фактілері анықталған жоқ.

Интернет-ресурстарда бұрын орналастырылған үгіт материалдарына келетін болсақ, олар бұрынғы орындарында қалдыруға болады, бірақ оларды сайттың басты бетіне қайтадан шығаруға болмайды.

Сондай-ақ референдумның өтетін күні, дауыс беру тәртібі және  түсіндірме сипатындағы бұрын орналастырылған ақпараттық материалдар мен жарнамалық баннерлерді сол бұрынғы орындарында қалдыруға болады.

Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев «Республикалық референдум туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік туралы» баяндама жасады.

Спикер атап өткендей, референдумның барлық іс-шаралары «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның талаптарына сай өтуде. Қандай да бір құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ.

Референдум тағайындалған күннен бастап прокуратура органдарына осы мәселе бойынша барлығы 18 өтініш түскен.

Бірақ олардың бірде-біреуі референдум туралы заңнаманы бұзуға қатысты емес, осыған байланысты олар құзыреті бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.

«Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңның 7-бабына сәйкес референдумның алдындағы күні және дауыс беру күні, яғни 4 және 5 маусымда кез келген үгітке, оның ішінде қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін немесе референдум нәтижелерінің болжамдарын жариялауға қатысты кез келген үгітке тыйым салынады.

Бұл күндері үгіт жүргізілген жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 102 бабы бойынша жауапкершілік туындайды (жеке тұлғаларға - 15 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне-25 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 35 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады).

Осы бап бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қозғау прокурорлардың айрықша құзыретіне жатады, істерді сот қарайды.

Алдағы екі күн прокуратура органдары үшін жұмыс күні болып табылады. Бас прокуратура орталық деңгейде де, сол сияқты жергілікті жерлерде де референдум комиссияларымен және мүдделі мемлекеттік органдармен тұрақты байланыс орнатып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып отыр.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша ОРК мүшесі Асылбек Смағұлов «Республикалық референдумды өткізуге дайындық кезеңінде Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысы туралы» баяндады. Ол 5 мамыр күні референдум жарияланған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін ОРК жеке және заңды тұлғалардан 524 өтініш келіп түскенін атады, оның ішінде:

- 500 өтініш немесе 95% өз мазмұны бойынша ұқсас өтініштер және дауыс беруші тұлғалардың тізімдерін қалыптастыру кезінде өздерінің дербес деректерін кері қайтарып алу мәселелеріне қатысты болып отыр;

- 9 БАҚ сауалдары немесе 1,7% - референдумды ұйымдастыру мәселелері бойынша ақпарат беру туралы;

- 7 қоғамдық бірлестіктердің өтініші немесе 1,4% - байқаушы немесе өкіл ретінде қатысу мүмкіндігі туралы сауалдар жолдаған;

- 8 немесе 1,3% басқа да мәселелер.

Аумақтық референдум комиссияларына 35 өтініш келіп түсті, олардың жартысынан көбі немесе 23-і Алматы қаласының аумақтық референдум комиссиясына (14 немесе 40 пайызға жуық) және Ақтөбе облысының референдум комиссиясына (9 немесе әрбір төртінші) келіп түсті. Ақмола, Атырау, Павлодар облыстарында 1 өтініштен, Қостанай облысында  - 3 өтініш, СҚО – 4 өтініш,  Шымкент қаласында 2 өтініш.

Негізінен бұл өтініштер референдумға дайындық тәртібі мен дауыс берушілердің тізіміне қатысты болып отыр.

Сонымен қатар, Астана, Алматы, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында бірде-бір өтініш тіркелмеген.

Асылбек Смағұлов өтініштердің аздығы референдумға дайындық жөніндегі аумақтық және учаскелік комиссияларда тиісті деңгейде атқарып отырған жұмыстарының айғағы екенін атап өтті.

Барлық өтініштер бойынша тиісті құқық нормаларына сілтемелер беріле отырып, уақтылы және егжей-тегжейлі жауаптар берілуде. Бүгінгі күні өтініштер бойынша сотқа шағымданған істер жоқ. Сондай-ақ, аумақтық комиссиялардың берген жауаптары үшін Орталық референдум комиссиясына шағымдану фактілері жоқ.

Нұрлан Әбдіров референдумға дайындық кезінде орталық комиссияға келіп түскен барлық өтініштер заңнамада белгіленген тәртіппен және белгіленген мерзімде қаралатынын атап өтті. Осы бағыт бойынша жұмыс жалғасуда. Өтініштердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды, барлық өтініштерге құзыреті бойынша жауаптар беріліп келеді.

Отырыс қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров референдумға дайындық кезінде комиссияның 70 мыңнан астам мүшесі оқытылып, әдістемелік және практикалық көмек көрсетілгенін атап өтті. Көшпелі іс-шаралар барысында ОРК мүшелері комиссияларға кеңес беріп, референдум өткізуді ұйымдастыру жөніндегі сұрақтарға жауап берді.

Нұрлан Әбдіров қорытынды сөзінде «Енді 5 маусым - дауыс беру күнін ұйымдастыру шараларын жоғары деңгейде қамтамасыз ету қажет, бұл маңызды. Комиссияларға жауапты миссия, яғни референдумды ұйымдастырып, өткізу жүктеліп отыр. Дауыс беруді өткізу рәсімдерін барынша ашық әрі айқын ету қажет. Ел азаматтарына референдумға қатысу жөніндегі конституциялық құқығын толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік беру маңызды. Сондай-ақ, референдумды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қойылатын негізгі талап - заңдылықты қатаң сақтау болмақ» - деп атап өтті.