Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде қазақстандықтардың жұмыспен қамтылуы мен табысының төмендігіне ерекше назар аударып, Үкіметке халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырғаны мәлім. Осыған орай, Үкімет «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын дайындап, бекітті.
80 шарадан тұратын бағдарламаны іске асыру халықтың нақты табысын жыл сайын орта есеппен 4-5 пайызға өсіруді және 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жұмыс орнын құруды көздейтіні көңілге үлкен үміт ұялатады. Соның ішінде, басты байлығымыз – денсаулығымызды сақтауға қамқоршы болып жүрген 74 мыңнан астам дәрігердің орташа жалақысы биыл – 415,9 мың теңгеге, келесі жылы 531 мың теңгеге жеткізілмекші. 173 мыңнан астам орта медициналық персоналдың орташа айлық табысы осы жылы – 208 мың теңге, алдағы жылы 250 мың теңге болады. Ел ертеңі – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп жүрген 600 мыңнан астам педагогтің орташа жалақысы мектепке дейінгі ұйымдарда – 213 мың теңгеден 243 мың теңгеге дейін, мектептерде – 292 мың теңгеден 332 мың теңгеге дейін, колледждерде – 312 мың теңгеден 354 мың теңгеге дейін өсірілмек.
«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек», деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, кейінгі жылдары білім беру саласына баса көңіл бөлініп, қоғамдағы ұстаз беделі арта бастағаны қуантады. Бір кезде мұғалімнің мардымсыз жалақысын азсынып, басқа кәсіпке ауысып кеткен азаматтар мектепке қайта оралып жатыр. Ұстаздықты таңдаған үздік түлектер де көбейіп келеді. Бұл факторлар мұғалімдердің кәсіптік деңгейін көтеріп, оқушыларға беретін білім сапасын жақсартуға ықпалын тигізері, мұның өзі барлық саладағы кадрлардың кәсіби даярлығын арттыруға берік негіз болары хақ.
Жалпы, 1 млн-нан астам бюджеттік сала қызметкері мен квазимемлекеттік сектор жұмыскерінің жалақысы көтерілетіні, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алатын компанияларға нақты міндеттемелер жүктеу арқылы тағы 2,8 млн еңбеккердің табысын арттыру қарастырылғаны мемлекеттің қазіргі алмағайып кезеңде де халық жағдайын жақсартуға күш салып, қажетті ресурстарды іздестіріп тауып отырғанын аңғартады.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне қарағанда, халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8 пайызға азайған, ал республикалық бюджеттен әлеуметтік трансферттерге бөлінетін қаржы көлемі, керісінше,10 пайызға ұлғайған. Бұл теріс үрдіс – қоғамда тұтынушылық көзқарас пен масылдық пиғылдың белең алып бара жатқанының айғағы. Мәселен, қазір ата-аналарының зейнетақысы немесе балалары үшін берілетін мемлекеттік жәрдемақы есебінен күн көріп, еш жерде жұмыс істемейтін адамдар ауылда да, қалада да аз емес. Осыны ескерген Үкіметтің енді жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуға және ауылды жерлерде жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға басымдық беріп отырғаны құптарлықтай. Шынтуайтында, «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген нақыл халықтың табысын арттыру бағдарламасының басты қағидаты іспетті.
Бұл ретте Үкімет жаңадан «велосипед ойлап таппай», қолда бар тәжірибеге сүйенуді жөн көріп отыр. Нақты айтқанда, Жамбыл облысында бірнеше жылдан бері іске асырылып келе жатқан жеке қосалқы шаруашылықтарды мемлекеттік қолдау есебінен ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі қанатқақты жоба алдағы уақытта барлық өңірде кеңінен таратылмақшы.
Жамбыл облыстық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, осы өңірдің 10 ауданының 11 ауылдық округіне қарайтын 25 ауылда енгізілген қанатқақты жобаға 2 478 тұрғын мен жаңадан құрылған 11 ауылшаруашылық кооперативі қатысып, мемлекеттен жеңілдікті несие алған. Нәтижесінде, әрбір отбасының табысы орта есеппен 4 есеге артқан, дара кәсіпкерлер қатары
2 282-ге көбейіп, 589 жаңа жұмыс орны ашылған, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны – 65 пайызға, жұмыссыздар саны 36 пайызға азайған. Алдын ала есептеу бойынша қанатқақты жобаның экономикалық тиімділігі бес жылда 14,9 млрд теңгеге жетуге тиіс. Соған қарағанда, тек өңірлердегі шенеуніктер бұрынғы «әндеріне» басып, бюрократиялық кедергілерді көбейтпесе, жамбылдықтар бастамасының берері мол болмағы анық.
Үкіметтік бағдарламада өскелең ұрпақты еңбекке баулу, жастарды жұмыспен қамту мәселелеріне басымдық берілген. Мектептерде енгізілетін кәсіптік бағдар беруші – педагогтер оқушылардың 7-сыныптан бастап мамандық таңдауына көмектеспекші. Колледждер жанынан студенттердің тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беретін 100 шағын кәсіпорын құрылмақ. Жоғары оқу орындарында студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін 103 мансап орталығы ашылмақ. 160 мың түлек пен жұмыссыз қыз-жігіт үшін «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі гранттар бөлінбек.
Бұған қоса, 3-ші (мамандар) және 4-ші (білікті жұмысшылар) санаттар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны 4,7 мың адамға қысқарту қарастырылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда жұмыс істеуге келетін шетелдік жұмыс күшінің 60 пайызына жуығы жұмысшылар болып шыққан. Ал елімізде 300 мыңдай адам жұмыссыз жүрген биылғы жылы өңірлер әкімдіктерінің өтінімдеріне сәйкес бекітілген квота бойынша 28 352 шетелдік жұмыскер мен маусымдық жұмысшыны жұмысқа шақыру көзделген. Бұл былтырғыдан сәл көп. Осы орайда онсыз да жұмыс күші артық Маңғыстау облысы – 2 763, Алматы облысы – 2 711, Шымкент қаласы – 501, Қызылорда облысы – 462, Түркістан облысы 335 шетелдікті жұмысқа шақырып отырғаны – қайран қаларлықтай жағдай. Сонымен қатар Атырау облысының бір өзі биыл 7 598 шетелдікті жұмысқа тартуға өтінім беріп, «көш бастап» тұрғаны да ойландырмай қоймайды. Бұл ретте, әсіресе шетелдік компаниялардың жергілікті кадрларды даярлау жөніндегі міндеттемелерін орындауына қатаң бақылау орнатпай, шет елдерден шақырылатын жұмыскерлер санын азайту құр сөз болып қала беретін сияқты. Сондай-ақ мұнай саласының қаншама жоғары білімді жергілікті маманы табысы жоғары кен орындарында қатардағы жұмысшы болып еңбек етіп, отбасыларын асырайтын нәпақа тауып, соған қанағат етіп жүргенін елеп-ескеріп жатқан кім бар?
Коронавирус пандемиясы басталған жылы халықтың хал-жағдайы қалай болатынына алаңдаған белгілі қоғам қайраткері Қуат Есімханов өзі бұрын еңбек еткен Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы бірқатар аудан әкімдерімен сөйлесіп, оларға ауылдардағы аз қамтылған тұрғындарға қаз-үйрек балапандарын сатып әкеліп, таратып беріп, құс өсіртуді ұсынған екен. Мұны құп көрген әкімдер іле тұрмысы төмен тұрғындардың пікірлерін сұрастырғанда бәрі де мұндай шаруамен шұғылдануға қуана келісетіндерін білдірген. Алайда аудан басшылары санай келгенде оларға қажетті мыңдаған балапанды қайдан алуды білмей, дал болған көрінеді. Расында да, ірі құс фабрикаларына жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары жаз бойы, шаруашылықтардағы негізгі жұмыстарынан қолдары бос уақытта жүздеп балапан бағып, өсірген құстарын күзде сойып сатып, қосымша қыруар табыс табатынын көріп-біліп жүрміз. Демек жергілікті басшылар дұрыс ұйымдастыра білсе, ауылда табыс көзі табылатыны күмәнсіз. Әрине, бұл үшін ең алдымен талай адам өздеріне кедейшілік қамытын кигізген масылдық пиғыл мен еріншектікті еңсере білуі қажет.
...Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданын он жыл басқарып, Социалистік Еңбек Ері атанған Есім Шайкин зейнет демалысына шыққан соң, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиын кезеңде сол өңірдегі туған ауылы – Үлгіге басшылық жасап, ауылдастарын көкөніс өсіруге үгіттеп көндірген екен. Жеке қосалқы шаруашылықтарды жаппай дамыту ісіне де ел есінде қалған Есім ағамыз сынды беделі зор, сөзі өтімді азаматтардың белсене атсалысуы қажет болатын сияқты.