Көші-қон деректеріне сәйкес биыл Ресейдің 15 мыңнан астам дәулетті азаматы елінен біржола көшіп кетпек. Олар Владимир Путиннің Украинаға қатысты әрекетін қолдамайтындарын алға тартады. Қалталылар қай елдерге тұрақтамақ? Жалпы, қай мемлекет тұрақты қоныстануға қолайлы болып отыр?
Әлем сарапшыларының айтуынша, соңғы онжылдықта Ресей ауқаттыларының елінен көшіп кету көрсеткіші қарқын алып отыр. Лондондағы Henley&Partners компаниясының көші-қон деректеріне негізделген жобаға сәйкес активтері 1 миллион доллардан (820 000 фунт стерлинг) асатын ресейліктердің шамамен 15%-ы 2022 жылдың соңына қарай басқа елге қоныс аударады деп күтілуде. «Миллионерлердің жаппай қоныс аударуы елдегі жағдайдың тұрақсыздығын көрсетеді. Тарихтан білетініміздей ірі елдердің ыдырауы әдетте байлар эмиграциясының жеделдеуімен байланысты болды, олар қаражаты болғандықтан елден бірінші болып кетеді», дейді New World Wealth зерттеу орталығының басшысы Эндрю Амоилс. Сонымен қатар сарапшылардың болжамы бойынша Украина да жоғары табысы бар тұлғалардан (HNWIs/high net worth individuals) «айырылып» қалмақ, жыл соңына дейін 2 800 миллионер (Украинадағы барлық HNWIs-тің 42%-ы) елден кетпек ойда.
Осыған дейін дүние жүзінің түкпір-түкпірінен ауқатты адамдар дәстүрлі түрде АҚШ пен Ұлыбританияға қоныс аударды, ал енді Henley&Partners мәліметі Біріккен Араб Әмірліктері миллионерлер үшін нөмірі 1-ші бағыт екенін көрсетті. «Ұлыбритания енді ауқаттылардың елі емес, АҚШ та әлемдегі байлар үшін маңызын жоғалтып барады, ал Біріккен Араб Әмірліктері 2022 жылы бүкіл әлем бойынша миллионерлердің ат басын тіреп, тұрақты қонысына айналуда, бұл көрсеткішімен БАӘ аталған екі елді артта қалдырмақ», делінген Henley&Partners баяндамасында (Henley Global Citizens Report). Жыл соңына дейін шамамен 4 мыңға жуық ауқатты азаматтың БАӘ-ға көшуі күтілуде, осылайша, бұл ел шамамен жылына 3 500-ге жуық миллионермен толығатын Аустралияны, Сингапурды (2 800) және Израильді (2 500) басып озбақ.
Сондай-ақ миллионерлердің үлкен легі үш «М» – Мальта, Маврикий және Монакоға тұрақтанады деп болжайды сарапшылар. Мальта соңғы онжылдықта миллионерлер көші-қоны тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге жалпы елдегі капиталдың өсуі бойынша әлемдегі ең бай елдің біріне айналды. «2011-2021 жылдар аралығында Мальтаның байлығы АҚШ долларымен санағанда 87 пайызға өсті. Аралдағы мемлекеттің өмір сүруге қай жағынан да қолайлылығы (Жерорта теңізінің ортасында орналасқан Мальта өзінің тамаша климаты, мейірімді адамдары, қылмыс деңгейінің төмендігі және тамаша өмір сапасы үшін сұранысқа ие болып отыр. Сонымен қатар әуе байланыстары сапалы әрі тиімді) оның капиталын арттырды, сонымен қатар, елдегі қаржылық қызметтер, IT және жылжымайтын мүлік сияқты бірнеше сала жылдам өсті. Осы жылы 300-ге жуық миллионер Мальтаға қоныс аударады деп күтілуде», деді Эндрю Амоилс.
Ал Үнді мұхитындағы аралды мемлекет Маврикийді сарапшылар «байлықтың магниті» ретінде сипаттайды, өйткені ондағы халықаралық қаржы орталығы айтарлықтай салық жеңілдіктерін ұсынады. Бұл елде капитал өсіміне, мұраға салық салынбайды, ал шетелдік компаниялар үшін ең жоғары салық мөлшері 3%-ды құрайды. Сондықтан да сұраныстағы елдердің бірі. Africa Wealth Report 2022 мәліметтеріне сәйкес Маврикийде қазір 4 800 ауқатты адам тұрады, бұл он жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 700 адамға көп. Биыл Маврикийге 150-ге жуық миллионер көшеді деп күтілуде, олардың көпшілігі Оңтүстік Африка мен Еуропа елдерінен. Монако болса ұзақ уақыт бойы әлемнің супер байларын өзіне магнит секілді тартқан ел, өйткені онда табыс салығы, капиталға салынатын салық және мүлік салығы жоқ. Монакода тұратын он адамның жетеуі капиталы доллардан құралған миллионер.
Байлардың тұрақтанатын елі болған Ұлыбританияда қазір ауқатты адамдардың саны 1500-ге азайып, мүлкі 1 миллион доллардан ғана асатын адамдардың саны 738 000 болады деп болжайды сарапшылар. Бүгінгі таңда әлемде 15 миллионнан сәл астам қалталы адам тіркелген.