Жетісудың төл перзенті, жоғары оқу орнын үздік аяқтаған жас инженер Ерсұлтан Өтеғұлұлы Бектұрғанов осы жерде партия, кеңес қызметіне жолдама алып, оншақты жыл сол салада жауапты қызмет тезінен, өмір мектебінен өтіп, ысылып, біліктілігі жоғары, іс тәжірибесі толысқан мықты маман болып шыңдалды.
Еліміз егемендік алып, жаңа мемлекеттік институттарды құру міндеті алға қойылғанда оны іс жүзіне асыруға қабілетті Ерсұлтан сияқты кадрларға үлкен сұраныс туды. Сөйтіп, Ерсұлтан Өтеғұлұлы 90-жылдардың басында Талдықорған облыстық халық депутаттары кеңесінің, облыс әкімшілігі басшысының аппараттарын басқарды. Кеңес Одағы ыдырап, шаруашылық байланыстар үзіліп, экономика құлдырап, халықтың әлеуметтік жағдайы қатты нашарлаған тұста, тиісті реттеу саласында күн сайын туындап жатқан проблемаларды шешумен айналыса жүріп, енді ғана негізі қаланған осы мекемелердің құрылымын қалыптастырып, жұмысын жолға қойып, қызметкерлер құрамын жасақтауға жетекшілік етті.
Ерсұлтан Өтеғұлұлы Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның Германиядағы тұңғыш елшілігінде дипломатиялық қызмет атқарған кезде мемлекеттік деңгейдегі саясаткер ретінде танылды. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалыптастырып, нығайту, Республикамыздың халықаралық беделін күшейту, экономика салаларына инвестициялар тарту сияқты аса ауқымды, күрделі міндеттер оның іскерлік қарым-қабілетін одан әрі ұштап, көзқарас көкжиегін одан сайын кеңейте түсті.
Ерсұлтан Өтеғұлұлының содан кейінгі қызмет жолы Президент Әкімшілігінде жалғасып, 16 жылдан астам уақыт бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі бола жүріп, мемлекеттік қызмет саласының қалыптасып, дамуына молынан еңбек сіңірді.
Ертеден келе жатқан «Бәрінің кілті – кадрда» деген сөз бар емес пе, шынында да, кез келген елдің табысты дамуы оның кадрларының, яғни, жауапты мемлекеттік қызметкерлерінің даярлық деңгейіне байланысты. Сол себепті Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап осы мәселеге баса мән беріп, 1993 жылы экономикалық дағдарыс өршіп тұрса да халықаралық «Болашақ» стипендиясын белгілеп, талапты жастарымызды жыл сайын бюджет қаражатының есебінен шетелдің озық оқу орындарына білім алуға жіберіп отырды. Сонымен қатар бұрын қолданылған кеңестік кадрлармен жұмыс жүйесінің орнына мемлекеттік аппараттың тиімділігін, еліміздегі реформалау процестерін ұйымдастырушылар мен жүргізушілердің кәсіби құзыретін арттыруға мүмкіндік беретін жаңа қызмет жүйесін құруға қажеттілік туды. Сөйтіп, 1995 жылы үздік әлемдік практиканы зерттеу негізінде ТМД елдерінің арасында алғаш болып «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданды. Онда «мемлекеттік қызмет», «мемлекеттік қызметші» ұғымдары бекітіліп, негізгі реттеу қағидаттары мен ережелері белгіленді. Осы кезеңде ел Президентінің аталған саланы реформалау бойынша белгілеп берген міндеттері мен тапсырмаларының әрі қарай орындалуын үйлестіру мен бақылауға жоғарыда аталған заң жобасын әзірлеуге тікелей атсалысқан Ерсұлтан Бектұрғановтай білімді, жігерлі, тәжірибелі мамандардың келгені заңды да.
Ерсұлтан Өтеғұлұлы елімізде бірыңғай кадр саясатын іске асыратын орган – Мемлекеттік қызмет істері агенттігін және Мемлекеттік басқару Академиясын құру, олардың функцияларын айқындау мен жаңа құрылымдардың ережелерін дайындау, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімі мен санаттарының тізбесін бекіту, бос орынға конкурс арқылы орналасу, тәртіптік жаза қолдану және басқа да қажетті қағидаларды белгілейтін Президент Жарлықтарының жобаларын әзірлеу, талқылау, жетілдіру жөніндегі жұмысқа белсене араласты. 1999 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» екінші заңның қабылдануы саланың құқықтық жағынан реттелуін сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерді. Елдің саясатын айқындайтын «мемлекеттік саяси қызметші» ұғымы енгізілді. Осы санаттың құқықтық мәртебесі, өкілеттіктері, әкімшілік қызметшілерден ерекшелігі айқындалды. Жаңа заңда көзделген ережелерді іске асыру үшін Президент Жарлығымен Мемлекеттік қызметті өткеру тәртібі туралы ереже бекітілді. Мемлекеттiк қызметшiлердi оқыту тұжырымдамасы және басқа құжаттар қабылданды. Мұның бәрі елімізде жүргізіліп жатқан реформаның жетік және кемшін тұстарын тиянақты түрде талдап, халықаралық озық тәжірибені зерделеу, соның нәтижесінде тиісті нормаларды тұжырымдап, ғалымдармен, сарапшылармен талқылау сияқты жан-жақты жұмысты талап етті. Соның бел ортасында Әкімшіліктің кадр қызметі және оның басшысы Ерсұлтан Бектұрғанов жүрді.
Ерекең 2012 жылы Мәжіліс депутаттығына сайланып, Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне мүше болды. Ол дипломатиялық мектептен өткен кәсіби маман болғандықтан, мемлекетаралық қатынастарды реттейтін шарттар мен заң жобаларының нағыз білгірі ретінде бірден көзге түсіп, осы салада түйткілді мәселенің түйінін тарқататын, қажет кезінде ой қосатын ақылшымызға айналды. Әріптесіміз кез келген мәселені қарағанда бір сәттік эмоцияға бой беріп, асығыстыққа салынбай, жан-жақты жете зерттеп, бір қарағанда көзге көріне бермейтін қырларын тегіс сараптап, қоғамда орынсыз күмән туғызатын шикілі-пісілі шешімнің шығып кетпеуіне баса мән беретінімен ерекшеленді. Сондықтан басқа әріптестеріміз оның көтерген мәселелерін, ұсыныстарын, депутаттық сауалдарын әрдайым қолдап, оған бірлескен автор есебінде қосылуға ниетті болатын.
Е. Бектұрғанов депутат ретінде өте белсенді қызмет атқарды. Еліміздің басқа өңірлерін айтпағанда, бір ғана Алматы облысының өзінен Жамбыл ауданында су құбыржолын тарту, Сарқан қаласы арқылы айналма жол салу, Ақсу қант зауытын қалпына келтіру, Алакөл көлінің жағасын абаттандыру, орта мектептерді компьютерлермен қамтамасыз ету, Қапал ауылының Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу, Қаратал ауданының аумағындағы әскери бөлімдер әскери қызметшілерінің мәртебесін өзгерту, азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешу, Іле ауданындағы №48 мектепке Т.Айбергеновтің атын беру, І.Жансүгіровтің 120 жылдығына арналған іс-шараларды өткізу, Облыстық ардагерлер кеңесіне тұрақты көмек көрсету және басқа да мәселелердің дер кезінде, толық сапалы шешілуін өз бақылауында ұстап, қадағалап отырды. Облыстық Ақсақалдар кеңесімен тұрақты байланыста болып, қойылған сұрақтарды дер кезінде шешуге атсалысып жүрді. Ел үшін атқарған еселі еңбегін ерекше бағалаған Жетісу жұрты Ерсұлтан Бектұрғановқа «Алматы облысының құрметті азаматы» атағын берді.
Сондай-ақ ол өтініш, арыз-шағымдарымен келген әр азаматтың қойған сұрақтарын шешуге, көмектесуге барлық күш-жігерін салуға тырысатын. Кейбір арыз иелерінің қолынан жетектеп жүріп, құзырлы органдардың басшыларымен талай кездесулер ұйымдастырып, бастаған істерін аяғына дейін жеткізіп жүрді. Осындай еңбегі үшін азаматтарды қабылдау ісінде «Үздік депутат» деген атаққа да ие болды.
Ел өңірлеріне жұмыс сапарымен барғанында сайлаушылармен кездесулер өткізіп, халықтың көкейінде жүрген проблемаларды билікке жеткізіп, тиісті шешімін табуына күш салды. Парламенттің атына жолданған аса өзекті мәселелер бойынша Үкіметтің және басқа мемлекеттік органдардың атына депутаттық сауал жолдап отырды.
Елбасының және Мемлекет басшысының саясатын қолдауға бағытталған, сондай-ақ Nur Otan партиясының міндеттері мен ұсыныстары бойынша республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында мақала, пікірлер жариялап, елді бірлікке, тірлікке, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған сұхбаттар беріп жүруді жұмыс тәртібіне айналдырды.
Заң шығару саласында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті жауапты болып белгіленген көптеген заң жобасының жұмыс тобына жетекшілік етіп, басқа да заң жобалары бойынша жұмыс топтарына белсене қатынасып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Қазақстан Республикасының Президенті 2019 жылғы 26 қарашада қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңын жеке бастамасы бойынша әзірледі.
Сонымен қатар ҰҚШҰ ПА Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының, НАТО Парламенттік Ассамблеясында байқаушы ретінде Қазақстан Республикасының атынан парламенттік делегацияның, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасы парламентшілерімен, Финляндия парламентшілерімен ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық топтарының мүшесі ретінде түрлі елдермен парламентаралық байланысты нығайтып, халықаралық өзара тиімді қатынастардың одан әрі кеңеюіне сүбелі үлес қосты. Ел ішінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет істері бойынша қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің, Nur Otan партиясының фракциясы жанындағы «Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту» бағыты бойынша комиссияның құрамында аталған салаларда орын алып отырған проблемаларды анықтап, шешуге, болашақта атқарылатын шараларды белгілеуге атсалысты.
Алыс-жақын шетелдерде өткен Президент, Парламент сайлауларына бірнеше рет еліміздің атынан байқаушы ретінде қатысып, оның нәтижесінде түйген білікті тұжырымдары мен пікірлерін тиісті органдарға тапсырды.
Халқымызда «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген қанатты сөз бар. Ерекең өмір бойы мемлекеттік қызметте жүрсе де өнерге, спортқа, ақындыққа жақын азамат. Бала кезінен сырнайы қолынан түспеген, ән салуды өзіне күнделікті дәстүр етіп алған әуесқой әнші. Бір кітапқа жүк болатын екі жүзге жуық өлең шумағын жазып жүргенін достары жақсы біледі. Жаңа елордаға көшіп келгеннен кейін «Сарыарқа» ардагерлер волейбол спорт клубын құрып, көптеген азаматтың басын қосып, ұйымдастырып, салауатты өмір салтын насихаттауға, біраз жастардың үлкен спорт аренасынан көрінуіне жеке үлесін қосты. Бұл еңбегі үшін «Қазақстан спортына еңбегі сіңген қайраткер» атағы берілді.
Ерсұлтан Өтеғұлұлы мінезге бай. Сенімді. Достыққа адал. Үлкенге ізет, кішіге сыйластықпен қарайтын, адамгершілік құндылықтарды құрметпен ұстайтын, тектіліктің туын биік көтеретін, тумысынан бауырластыққа, жылылыққа бейім тұлға. Өмірден түйгені, білгені мол, кемел шаққа келген Ерекеңдей азаматтың елге берері, ізін басып келе жатқан жастарға әлі де үйретері көп. Сол жолда Жаратушы жар болып, денсаулығын мықты, өмір жасын ұзақ қылғай!
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері