Отаршылдыққа қарсы ояну дәуірінің рухани бағытын, саяси ұстынын айқындаған тумысы бөлек реформаторлар шоғырындағы ұлық тұлға Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-шығармашылық және күрескерлік ғұмырының бел-белестерін тануда түрлі мазмұндағы естеліктердің маңызы асқарлы. Тоталитаризм қиянатына ұшыраған туған-туысқандары мен мұрагерлері, толассыз қудалаулардан аман қалған бірлі-жарым мұраттастары, ұстаздық тәлім-тәрбиесін алған ізбасар шәкірттері, өмір ағымының түрлі ағыстары тоғыстырған көзкөргендердің жазбалары саф қасиетке ие.
Алаш ардақтысының 1905-1920 жылдар аласапыранындағы қоғамдық қызметі Смахан төре Бөкейхан (1881-1969 (1964), Әліби Жангелдин (1884-1953), Зәки Уәлиди Тоған (1890-1970), Сайфи Құдаш (1894-1993), Тамимдар Сафиев (1898-1975) естеліктерінде айшықталып, Қарқаралы петициясы, «Қазақ» газеті, он алтыншы жылғы дүрбелең, ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртудағы Алаш автономиясы, қазақ өлкесін басқаратын әскери революциялық комитет /КирЦИК/ сынды Отан тарихының белесті кезеңдеріндегі қайраткерлігіне бойлатады.
Смахан төре қолжазба күнделіктерінде ояну ұранын көтерген тектінің отаршыл билік тарапынан қудалануы, ұлт басылымын шығарудағы табандылығы екшеле талданып, Тамимдар мұрасында 1916 жылғы патша жарлығымен майданның қара жұмысына аттанған қандастарына қорған болып, оқығандарды көшелі іске ұйыстырудағы Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлының мұқалмас қайраты пайымдалады.
«...Орынборда шығатын «Қазақ» газетасын үзбей оқып тұратын едім. Бір күні газетада мынадай хабарды (мақаланы) оқыдым. Мақалада: Қазақ рабочий партияларының майданға қара жұмысқа кетіп жатқанын, сол қазақ рабочийлардың бір бөлігін земгор (Земский городской союз) деген ұйымының өз қарауына алатынын, ал сол қазақ рабочийларға басшылық еткендей, переводчик болғандай қазақ жастарын сол ұйымның қызметке шақыратынын айтқан. Жұмыс жағдайы қолайлы, жалақысы жақсы делінген. Сол жұмысқа оқыған жастар, көзі ашық азаматтар баруы керек екені айтылған. Сол газеттегі мақаланы оқумен Ахмет Байтұрсыновқа бардым. Ахмет Байтұрсынов жай-жағдайын толық түсіндірді. Ел азаматы қалмай майданға жіберіліп жатқан уақытта көзі ашық оқыған жігіттеріміздің шетте қалуы жөн емес. Көппен бірге болу керек, жұмысқа бару керек деп, менің ұлтшылдық сезімімді жаман қыздырды. Өзіммен бірге оқыған Хайретдин Болғанбаев деген бір жігіт сол Орынборда екен. Ахмет маған оның сол жұмысқа жазылып кеткенін, қазақшыл Хасенғали дейтін бір татар бар еді. Оның да кеткенін маған айтты. «Сен де бар солардан қалма» деді. «Мәскеуде шығып тұрған «Сөз» газетасы бар, соның редакторы Гаяз Смақов деген бар, соған хат жазып қолыңа беремін. Қазір Әлихан Бөкейханов та Мәскеуде, оның адресін беремін, Мәскеуге баруыңмен Болғанбаев жолдасыңды, қазақшыл Хасенғалиды тауып аласың, солармен бірге қазақ рабочийлардың ішінде бірге жұмыс қыласыздар» деді. Қысқасы, мен земгорға қазақ рабочийлардың арасында жұмыс ету үшін баратын болдым...» (Сафиев Т. 1916 жыл оқиғасы // «DANAkaz». – 2015. – №5(19).
Башқұрт ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Зәки Уәлиди Тоған қатираларында тайталас тағдыр кешкен Алаш арыстарының ұлттық автономияға қол жеткізудегі жанкешті тарихи қызметі екшелген. Қайраткер жазбасының «Борьба в Туркестане» бөлімінде большевиктерге қарсы азаттық күресіндегі мұраттасы Байтұрсынұлымен бұлғақ жылдар жолайрығында айрылысуларын өзегін өртеген өкінішпен қиыстыра өрбітеді.
«...В сопровождении группы охраны мы вместе с казахским деятелем Ахметом Байтурсуном и некоторыми другими башкирскими и казахскими интеллигентами отправились в путь через город Саратов. Ранним утром 30 июня на границе Букеевской орды, около Бутакула, нас должен ждать казах с двумя оседланными лошадьми на поводу. Утром, заметив издали поджидающего нас всадника, мы остановили поезд. Я роптал взять с собой лишь некоторые свои труды и записи. Все это и ружье мы приторочили к седлу...
...Я, как и мои друзья, был в красноармейской форме. До самого расставания солдат охраны я в свои планы не посвящал. Попрощались. Ни я, ни Ахмет Байтурсун, ни солдаты охраны не сдержали слез. Подумалось, что вероятнее всего родину я больше никогда не увижу и если не добьемся успеха, эмиграция станет неизбежностью...» (Заки Валиди Тоган. Воспоминания: Книга 2. – Уфа: Башкирское издательство «Китап», 1998.).
Уфадағы «Ғалия» медресесінде қазақ шәкірттерімен бірге оқыған Башқұртстан халық ақыны Сайфи Құдаштың «По следам юности» (1974) естелігінде Б.Майлиннің Уфа қаласына келген А.Байтұрсынұлымен Ғ.Ибрагимов, М.Ғафурилермен жүздесіп отырған сәтінде қауышуы, жастарды толғандырып жүрген тақырыпта әңгіме сабақтауы суреттелген.
Естеліктер өрісінде дегдардың ән-күй әлемін тұшынудағы эстетикалық талғамына құлаш ұратын өзекжарды толғамдар өрелі. Ахаңның немере інісі Самырат Кәкішев: «...Ахаң майшаммен отырып, түн ортасына дейін жұмыс істейтін... Көп отырып шаршаған кезде Ахаң домбырасын қолға алып, ән айтқанды жақсы көретін. Күйлерді де көп тартатын. Ұлттық музыканы ғана емес, операны да жақсы көретін. Ахаң мені Падрес апамен бірге бірнеше рет операға да апарды....» (Самырат Кәкішев. Үйімізге келген кісі ертесіне түрмеден бір-ақ шығатын...// Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам. – 2010. – №11. Желтоқсан.) - деп үстейді. Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан Байсалова: «...Басқа да қоғамдық қызметтері жеткілікті бола тұра, өлең жазуға, ән шығаруға, домбыра, скрипка, пианино секілді саз аспаптарында ойнауға да уақыт табатын. Ол тіпті әжептәуір фотоәуесқой да болатын. Бөлмені қараңғылап алып сурет шығарғанда қасына мені отырғызып қоюшы еді...» (Шолпан Байсалова. Әжептәуір фотоәуесқой да болатын // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам. – 2010. – №11. Желтоқсан.) – деген перзенттік толғанысымен тау тұлға қасиеттерінің беймәлім қырларына түрен салады. Осы сипаттағы тың деректер Ботакөз Асқарқызы, Гүлнар Міржақыпқызы естеліктерінде тұнып тұр.
Қазаққа білім нұрын шашқан ғылым шамшырағының «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Әліп-би», «Жаңа әліппе», «Баяншы», «Сауат ашқыш», «Тіл жұмсар» атты ана тіліміздегі алғашқы кітаптарынан сан ұрпақ сауатын ашты. Жаңа буын Алаш оқулықтарынан елшілдік рух сіңірді. Осынау тәлімі терең, тағылымы ерен өміршең қасиетті Ақжан Машани, Мәулен Балақаев, Төлеубай Қордабаев естеліктері ажарландырады. Ұстаз батасын алған профессор Т.Қордабаев: «Ғұламаға тән сабырдың, мұсылманға тән мүмкіндіктің белгісіндей болып отыр екен. Ғайнитден екеуміз (бұл кісі кейін Академияның корреспондент-мүшесі болған Мұсабаев) сәлем бердік. ҚазПИ-дің студенті екенімізді айттық, «Мұғалім болыңдар, одан үлкен бата болмайды», – деді жарықтық...» (Жақыпов Ж. Ана тіліне арналған алпыс алты жыл. Қазақ тіл білімінің білгірі Т.Қордабаевтың 90 жылдығына // Орталық Қазақстан. – 2005. – 8 желтоқсан) – деп тебіренді.
Ахмет оқулықтары білім өріне ұмтылған түркі халықтарына өрнекті үлгі шашты. Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтында оқып, Орта Азия университеті жұмысшылар факультетінде оқытушы болған қырғыз ғалымы Кусеин Карасаев (1901-1998) естелігінде: «...Ал эми Революциядан кийинки мезгилде, мектепке арналып жазылган тил куралдары, башка да окуу китептери – кыргыз мектептеринде негизги курал болду. Айрыкча илимпоз Ахмед Байтурсуновдун «Тил – курал» аттуу китеби кыргыз мектептеринде негизги окку китеби болду...» (Қараңыз: Қарасаев К. Кудайберген аганы эскерип // Құдайберген Жұбанов / Жалпы редакциясын басқарған филол.ғ.д., профессор М.Малбақов. – Алматы: А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2013.) деп жазылған.
Адамдық диқаншысының жарқын қасиеттері ғұламаның көзін көрген қаламгерлер Ғ.Ахмедов (1906-2002), М.Хакімжанова (1906-1995), Д.Снегин (1911-2001), Ә.Шәріпов (1912-1993), мемлекет қайраткерлері М.Әбдіхалықов (1907-2006), Д.Қонаев (1912-1993) естеліктерінде бейнеленген. Оларда бойында ізгілік пен бекзаттық, кісілік пен кішілік, парасат пен зиялылық табиғи үйлесім тапқан дегдар дидары қоспасыз сомдалған.
Ғалым Ахмедов асылымыздың түр-тұлғасы мен болмыс-бітімі, көркем мінезіне қатысты ақ сөйлейді: «...Аса кішіпейіл, кез келген адаммен, үлкен болсын, кіші болсын, айтқанын зейін қоя тыңдап, жөн сөйлеуші еді, оның үстіне өте қайырымды адам болатын... 1923 жылы ғой деймін, әлгі институтта оқып жүрген бір бала қайтыс болып, алыстағы әке-шешесі келген. 1921-1922 жылдардағы жұт, аштықпен қатар жайылған сүзек ауруынан, жаз шыға тырысқақ (холера) ауруынан халық шыбындай қырылған. Сондықтан ел өте күйсіз. Әлгі қайтыс болған баланың елден келген әке-шешесінің қаржысы болмаған соң студенттер комитеті жылу жинағанда Ахаң 25 сом беріпті. «Червонец» дейтін алтын орнына жүретін жаңа ақша шыққан, ол кездерде әлгі жиырма бес сомға ортан қолдай бұзаулы сиыр алуға болатын. Міне, Ахаңның адамгершілігінің үлгісі осындай болатын...» (Ахмедов Ғ. Таңдамалы шығармалар жинағы. Екінші том. Естеліктер мен тарихи деректер. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2005.).
Мәриям Хакімжанова алты Алаш қадір тұтқан кемеңгеріміздің зұлмат жылдарында қорқау қоғамнан көрген қиянатына күйінеді. Сол бір естен кетпес қас қағым сәттегі жүздесуден алған өмірлік әсерімен бөлісуінде қытымыр жылдар ызғары еседі: «1935 жылы Калинин көшесі мен Красина көшесінің бұрышында шағын екі қатарлы ақ үй болды. Ол тубдиспансер деп атайтын. Бір уақытта аппақ қудай кішкентай шоқша сақалы бар, қолында қарына ілген таяғы бар мәдениетті өте бір маңғаз адам бір қолтығында журналы мен газеті бар келді. Анадай жерде тіркелетін жер бар, тіркелді. Ешкім оны адам да деген жоқ, оған орын да берген жоқ. Ол кісі жұрттан орын да сұраған жоқ. Сол тіркелетін жердің мынадай жерінде бір жуан еменнің тұғыры жатыр. Сол тұғырға апарып газетінің біреуін төседі. Соған отырып, газет-журнал қарап отырды. Көзінде әлгі қыстырма көзәйнек киген, бір жағында бауы бар. Ахаң екенін бірден білдім. Алдында бір рет көргем Ахаңды. Енді қазір ойлап отырсам сонда анау қирап отырған орындықтар бар, скамейкалар бар біреуіне бір адам тұрып мынау үлкен кісі мына жерге отыр деген жоқ қой. Маңдайға басқан марғасқаларымыздың бір кезде сондай дәрежеде жүргенін де көрдік...» (Халила Омаровтың «Атамекен» фильмінен).
Мұхаметжан Әбдіхалықов қалың елін елшілдік рухпен нәрлендірген ұстаздың алдын көріп, «Мәдениет тарихынан» дәрісін тыңдағанын, анатомия-физиологиядан Х.Досмұхамедұлы, математикадан Ә.Ермекұлы бiлiммен сусындатқанын, олардың кәсіби білігі асқарлы болғанын төмендегіше түйеді: «...Институтта оқып жүрген кезiм, бiзге Мәскеуден лекция оқуға орыстың Патов дейтiн үлкен бiр профессоры келдi. Өзi Маяковскийдiң досы екен. Өте бiлiмдi адам. «Адам мәдениетi» деген тақырыпта лекция оқыды. Бүкiл университетке. Барлық профессорлар қатынасты. Ахаң да болды. Ол кiсi сөйлеп болған соң ұлықсат сұрап ортаға Ахмет Байтұрсынов шықты. Баяндамасын әлгi орыстың оқымыстысынан әлдеқайда артық жасады. Ахаң сөзiн тәмамдағаннан кейiн жаңағы орыс профессоры оның жанына жақын барып, қолын алып «мен көп нәрсенi бiлмейдi екем. Сiздiң алдыңызда сөйлегенiме кешiрiм өтiнемiн» деп құшағына қысты...» (Азамат Қасым. 34 жастағы қала басшысы https: //adebiportal. kz/kz/ news/view/ azamat_ kasim_ 34_zhastagi_kala_ basshisi__22642).
Алаш ақылманымен үш рет дидарласқан Дмитрий Снегин эстетикалық түйсінуін: «...Бұл бір жаратылысы бөлек – сырбаз, кербез, аса мәдениетті, білгір, салмақты, мейірімді адам көрінді маған. Жазушылар одағындағы жиналыстардың төрінен орын берілетін. Ол бет орамалын біресе оң, біресе сол қалтасынан суырып, кең маңдайын сүртіп, пенсенесін (көз әйнегін) қозғап қойып, мұңлы, ойлы көздерін залға қадап отырушы еді. Алла тағала Ахмет Байтұрсынұлына терең ойлы біліммен бірге ажар-көркін де молынан сыйға тартқан» (Марат Мырзағұл «Телжан Шонанұлын ұмытқан жоқпын» (Халық жазушысы Дм.Снегинмен сұхбат ) // Телжан Шонанұлы мұралары (шығармалар, зерттеулер және мақалалар). – Алматы: «Ел-шежіре», 2011. 315-бет) – деп толғаса, Дінмұхамед Қонаевтың сыни танымы: «Видел Ахмета Байтурсынова в Пушкинской библиотеке еще в ученические годы. Он выступил там с речью. Мне показалось, что лицом он больше смахивает на русского...» (Сманов Б. Правда, как солнце: ее ладонью не прикроешь (Беседа с Д.А.Кунаевым) // mysl.kazgazeta.kz›?p=543) – дегенге саяды.
Әди Шәріпов 1928 жылы Өскеменде сатып алған «Әдебиет танытқышты» көздің қарашығындай сақтап келген әрі біртуардың көзін көрген ақын Ахметхан Әбіқаевтан 1982 жылы естелік жазып алған көшелі жазушы. Санаткермен КазПИ-да 1934 жылы оқып жүргенінде алғаш жүздесуін есінен шығармай келген ол кейінгі толқын санасына ұрпақтар сабақтастығын дарытты.
«...Осы жылдарда менің Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтта оқып жүрген кезім. Бір күні біз оқу бітісімен жатақханаға баралық деп дәлізге шықсақ, ұзын дәліздің басындағы терезенің алдында атжақты, ақ қардай ақ сақалды, көзіне көзілдірік киген арықтау келген бір кісі студенттерге қызыға көз тігіп, қуаныш пейілмен қарап тұрды. Біз бір-бірімізден «мына кісі кім болады» – деп сұрай бастадық. Бірақ бірде-бір студент танымады. Бір кезде орыс әдебиетінен сабақ беретін Митрофан Семенович Сильченко (кейін академик болды) оң жақтағы бір аудиториядан шыға келді. Біз бұрылып барып: – Митрофан Семенович, әне бір кісіні танисыз ба? – дедік. – Ахмет Байтұрсынов, – деп жымиып күлді.
– Ә, енді түсінікті болды, – деп біз, бір топ студент Ақаңа жақындап бардық та: «Ассалаумағалейкүм» – дедік. Ол кісінің біздің сәлем бергенімізге риза болғандығы сонша, бізге, «Уағалейкумүссалем», – деп екі қолын кеудесіне басып, басын иіп жауап бергенде, біз жерге кіріп кете жаздадық. Әрине, ол кісінің біздің сәлемімізді иіліп тұрып алғаны бізге түсінікті болды. Өйткені қасынан өтіп жатқан көптеген жұртшылық үндемей есіктен шығып жатты. Олар да амандаспайық демейді, қорқады...» (Қараңыз: Шәріпов Ә., Мыңжасарова К. Есімі қайта жанған ел ағасы // Жұлдыз. – 1989. – №6).
Гүлнар Міржақыпқызы жазбаларында төңірегіне нұр шашқан марғасқа бейнесі әр қырынан бейнеленген. «Шындық шырағын» жағып, «Алаштың сөнбес жұлдыздарын» асқақтатқан қаракөктің ұрпағы Гүлнар апайдың Ахметтің аталас туысы Сәкен Қалиқызынан (1905 жылы туған) алып бәйтеректің туған өлкесі мен өскен ортасы, ұшқан ұясы мен тәлім алған айналасы, әкесі Байтұрсын мен анасы Күңіш, болар баланың белін буған Ерғазы, отаршылдық ойранға қарсы шығып, он бес жыл итжеккен қасіретін кешіп қайтқан Ақтас тұрпатты туыс-туғандары, жеңгесі Бадрисафа хақындағы жауһар мәліметтерді қағазға түсіруі ерлікке тең өнегелі іс. Ахметтің кір жуып, кіндік кескен құтты мекені Ақкөлге жасаған соңғы сапар барысын Шолпан Байсалова-Байтұрсыновадан дер кезінде жазып алуы да тектілік пен естіліктің өрелі өлшемі.
Бектұр Аймауытов: «...Әкем Жүсіпбек «Психология» деген оқулық жазған. Ол кітапты атамыз Ахмет Байтұрсынұлы үстеліне үнемі қойып оқитын, әкемді білімді деп ерекше қадірлейтін. Сол кітапта адам жанына түсірілген жарақат, жүрекке түсірілген сызат, содан туған үрей туралы да көп айтылған...» (Бектұр Аймауытов: «Топас Тоғжановтар өлді дегенге әлі сенбеймін!» Ақеділ Тойшанұлы, филология ғылымдарының кандидаты. masa.kz // abai.kz/post/15943) – деп бүгінгіні өткеннің бойды билеген үрейімен сабақтастырады.
Естеліктерде патша абақтысы, кеңес түрмесі қысымын өткере жүріп елге қызмет етудегі иман күшін «Абақтыдан жайсыз орын жоқ, онда да отырып жұмыс істеуге болады» деп әдіптеген білімпаздың Архангельскідегі айдаудағы жылдарында күнделіктер жазғаны туралы тың деректер айтылады. Жазушы Жайық Бектұровтың Әлімхан Ермекұлының өзінен естіген әңгіменің түйіні мынадай: «....Қайтып келгенде ол Ә.Бөкейхановқа бір қолжазбасын береді: «Бұл менің айдауда жүргенде жазған күнделіктерім. Сірә, бұрынғы еңбектерімнен құнды болуы керек, осының бір данасын сіз бірдеңе етіп бір жерге сақтаңыз. Бір данасын әйелімнің көрпесінің астарына тіктіріп қойдым», – депті... Әлімхан Әбеуұлы әңгімесін жалғастырып: «Көрпенің астарына тіккен қолжазба жоғалды ғой, ол көрпе түгілі, Ахаңның қазақ болып кеткен орыс әйелінің де қайда ұшты-күйлі болғаны белгісіз. Ал ана Әлихан ағасына табыс еткен қолжазбасын мұқият іздесеңдер табасыздар. Ол Ахаңның аманатын белгілі шығыстанушы ғалым, академик Сергей Федорович Ольденбургке (1863-1934) табыс етті...» (Бектұров Ж. Ақиқаты осы еді... (Естеліктер). – Алматы: Ғылым, 1995.).
Иә, Байтұрсын әулеті, Ахмет мұрагерлері коммунистік озбыр жүйенің қиянатын шекті. Аяулы әкесінің ақталуын ұзақ жылдар зарыға күткен Шолпан Байсалова-Байтұрсынова сол бір қара түнек күндер зобалаңын: «Әлі есімде, әкемді ұстап алып кеткен 1929 жылдың июнь айы еді. Ол кезде ГПУ-дың кеңсесі Алматыдағы осы күнгі Красин көшесіндегі 64-үйде болатын. Қасыма кішкентай бауырымды ертіп сол кеңсені жағалағаныма бірнеше күн өткен. Әкемнен еш хабар жоқ. Зым-зия жоғалды да кетті. Қолдан келер жалғыз тірлігім – түрмені құр еңіреп айнала беру. Әйтеуір, не керек, бір күні әкеміздің сұлбасын темір торлы терезелердің бірінен көріп қалып, қуанғаннан жамырай айқайлап жіберіппіз. Әкелген тамағымызды қабылдап алды. Бос қайтқан кострюліміздің түбінде жатқан әкеміздің тер иіс сіңген бет орамалын бауырым екеуміз кезек-кезек иіскеп, үнсіз еңірейміз. Бұл дағы тіршіліктің, әкеміздің жан амандығының белгісі еді-ау!..» (Шолпан Байсалова-Байтұрсынова. Темір тордан тасталған жұлдызша // Жалын. – 1989. – №2.) – деп есіне алды.
Репрессия шырғалаңына тап болған Ахмет ғұмырының соңғы жылдарының куәгері болған Самырат Кәкішев қыр перзентінің Архангельскіге жер айдалуы, ит жеккенде басынан кешкен қиянатын өз аузынан естіп, санасына тоқыпты: «...Бірнеше күн жүріп барып поездан түстік те, баржаға мініп екі күн жол жүріп, бір ағаштың жанына келіп тоқтадық. Тамақ та, ішетін су да жоқ. Тоғайдың ішінде тұрған бір сарайларға жаяу барып түнеп, ертеңіне тағы жолға жаяу шықтық. Ел, жұрт көрінбейді, сөйтіп, әрең дегенде өлдік-талдық деп біз тұратын лагерьге де жеттік. Сонда ғана біздің Архангельскіге келгенімізді білдік. Біз елден шыққанымызда жаз еді, бұл жақта қыс екен. «Киіміміз жұқа, бұл жердің қысы өте қатты екен. Сондай қиын жағдаймен Архангельск лагерінде 29 жылдан 34 жылдың ортасына дейін қиыншылықтарына көніп, тіршілік кештік», – деп еді қайран Ахаң сол күндерді еске алған бірде...» (Кәкішев С. Ахаң туралы ақиқат. – Алматы: Қазақстан: Шапағат, 1992).
Естеліктерде қиын қыстау күндері сырт айналмай, бір-біріне қолдау көрсетіп отырған зиялыларымыздың асыл қасиеттерінің зерделенуі ғанибет. 1935 жылы Халық ағарту наркомында Құдайберген Жұбановпен қатар еңбек еткен Данабике Байқадамқызынан Д.Досжанов жазып алған естеліктің айтары теңіздей телегей.
«...Құдекең маған келіп: «Осы сендер Ахмет ағаның үйімен араласып тұрасыңдар ма?» – деп сұрады. «Араласып тұрамыз», – дедім. «Онда мына бір кітапты Ахаңның өз қолына апарып берші, не айтқанын келген соң айтарсың», – деді. Қалың кітап қағазға ораулы екен. Курьер болып істейтін Мотя есімді қыз бола тұра маған сенім білдіргенінде бір гәп болғаны ғой деп жүгіріп ала жөнелдім. Ахаңдарың верандалы особняк үйі ол кезде Кастекская деген көшеде болатын. Ауладан еніп барсам Ахаң білегін сыбанып еден жуып жатыр екен, ыңғайсызданып, өз-өзімнен ұялып қалдым. «Ә, кептер, келдің бе, – деді белін жазып, – әжең ауру, үйді өзім жинаймын, тамақты өзім пісіремін». Мен ораулы кітапты ұсындым. Ахаң сұқ саусағымен ернін басып, көрші есікті нұсқады, «пәле болды бір», – деді, сөйткенше болған жоқ, есік сықыр ете қалды. Аңдушы болып жүрген көршісі екен. Ахаң кітапты алып бөлмесіне еніп кетті де біраздасын қайта шықты. «Мұндай қалың кітапты аудара алмаймын, бұрынғыдай саушылығым жоқ», – деді. Кітапты қайтарып берді. Қайтып келе жатып жанашыр кісілер, Құдекең бас болып ақша жинап, кітаптың арасына салып мен арқылы беріп жіберген-ау деп ойладым. Болған оқиғаны баяндап, Құдайберген ағаға кітабын қайта әкеліп бердім...» (Досжанов Д. Абақты. – Алматы: Қазақстан, 1992.).
Түйіп айтқанда, ел қорғаны, әлеумет қызметкері, ұлт ұстазы, ғылым саңлағы, қалам қайраткері, әулет тірегі бола білген ғұламаның жарқын бейнесін қастерлеуіміздегі таным көкжиегін кеңейтетін естеліктерден алар тәлім мен тағылым сарқылмақ емес.
Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры