Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өткен алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде: «Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болу керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы айқай шығаратын адамдар бүгінгінің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс», деп қоғамымызда кейінгі жылдары жиі байқалып жүрген келеңсіз құбылысқа назар аударды.
Шынында да, қазіргі уақытта, әсіресе әр саладағы ірілі-ұсақты кемшіліктерді іздеп тауып, жауапты мемлекеттік қызметшілерге халық жауларын көргендей шүйлігіп, әлеуметтік желіні жөнді-жөнсіз шулатып жататын блогерлердің аттары озып, айдарларынан жел есіп тұрған тәрізді. Сондай-ақ мемлекет пен ұлт мүддесін қызғыштай қорғап, әділ сөзімен жұртты баурап жүрген және адамгершілік пен ізгілік дәнін сеуіп, биік парасатымен, жоғары мәдениеттілігімен көпшілік сүйіспеншілігіне бөленген танымал блогерлер де бар. Ал осы бүгінде қарасы қалың қауымға айналған блогерлер кімдер және олардың құқықтық мәртебесі қандай?
XXI ғасыр – ақпараттық технологиялар заманы дүниеге әкелген бұл жаңа ұғым, һәм жаңа кәсіп хақында Уикипедияда: «Блог (ағылшынша blog) — оқиғалардың интернет-журналы, интернет-күнделік, веб-сайт, ал оларды жүргізушілерді блогерлер деп атайды», деген анықтама беріліпті. Бұл кәсіп шын мәнінде журналистикаға егіз қозыдай ұқсас болғанымен, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында блогерлік жайлы ештеңе жазылмаған, яғни блогерлердің құқықтық мәртебесі айқындалмаған. Алайда бұл оларға әлеуметтік желіде айтқан немесе жазған сөздері үшін жауаптылық жүктелмейді дегенді білдірмейді. Президент айтқандай, «жауапкершіліктен жұрдай блогерлердің» талайы өз «кейіпкерлеріне» жала жауып, ар-намысын қорлағаны, тіпті оларды қорқытып-үркітіп ақша бопсалағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы және Қылмыстық кодекстердің тиісті баптары бойынша сотталып, кінәларына сай жазаларға тартылып та жатыр.
Мәселен, ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, жақында Қарағанды қаласында тіпті иықтарына погон таққан құқық қорғаушылардан ақша бопсалап, шектен шыққан блогерге қатысты сот отырысы болған. Тергеу материалдарына қарағанда, былтырғы күзде бір жас блогер жүргізуші жолдасымен бірге патрульдік полицияның көлігі бағдаршамның қызыл сигналы жанып тұрғанда жарқылдау белгісін бермей жолдан өтіп кеткенін камераға түсіріп алады. Кейін сол бейнежазбаны пайдаланып, полиция қызметкерлерінен «ауызбастырық» ретінде 150 мың теңге сұраған. Полицейлер блогерге пара берместен бұрын болған жағдайды жергілікті Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметіне хабарлағандықтан, бопсалаушы ақша алу үстінде ұсталған. Сот сотталушылардың екеуін де кінәлі деп танып, блогерге ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып 3,5 жылға бас бостандығынан айыру, ал оның қасында болған серігіне 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындапты.
Блогерлер туралы пікірін сұрағанымызда бір өңірдің Ішкі саясат басқармасының басшысы: «Шынын айтсам, өзін «Менімен ойнамаңыз, мен – блогермін!..» деп таныстырып, қоқилана қорқытып келетін адамдардың көбі басында өздерін әділдік іздеуші, жұрттың жанашыры етіп көрсеткенімен, сөйлесе келгенде, қомақты пара дәме етеді. Сонда олардың ешқайсысының қолында блогер екенін куәландыратын ешқандай құжат та болмайды», деді. Демек блогерлікті заңдастырып, блогерлердің құқықтық мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін айқындау қажет. Бұл ретте кей елде әлеуметтік желіде белгілі мөлшерде тұрақты оқырманы бар блогер ғана арнайы тіркеуге алынып, оған журналиспен бірдей құқықтар берілетінін ескерген жөн болар. Әйтпесе, ерінбегеннің бәрі блогер болып, толып жатқан шаруамен шақшадай бастарын шарадай етіп жүретін шенеуніктердің есіктерін қақпай ашып, есіл уақыттарын алушылар саны шамадан тыс көбейіп кетуі ғажап емес.