• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Маусым, 2022

«Қасіретті қаңтар»: 2 мыңнан астам қару қылмыскерлердің қолында жүр

192 рет
көрсетілді

Бас прокуратура мен ІІМ «Қасіретті қаңтар» оқиғаларына қатысты қылмыстық істердің тергеу барысы туралы хабарлауды жалғастыруда. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаев пен ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қанды қырғын кезіндегі қылмыстық топтардың рөліне кеңінен тоқталды.

Қазіргі таңда прокуратура органдарында Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызыл­орда және Шығыс Қазақстан облыс­тарында қаңтар қырғыны кезінде болған қирату, мемлекеттік объектілерді өртеу, мүлікті жою және терроризм акті­леріне қатысты 5 мыңнан астам сот­қа дейінгі тергеп-тексеру бар. Бас про­куратура өкілінің мәлімдеуінше, 27 адам еліміздің әр өңірінде осы қыл­мыс­тарды ұйымдастырушы ретінде анықталған.

Олардың арасында Алматы әуежа­йы­на шабуыл жасап, «Көктөбе» теле­мұна­расын басып алуға әрекет жаса­ған­дар да бар. Серік Шалабаевтың айтуынша, қаңтар оқиғасында қылмыс­­­тық ортаның белсенділері «ерекше рөл атқарған». «Атап айтқанда, «Жа­байы Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның сы­бай­ластарының белсенділігін ерек­ше атап өтуге болады. Олар 6 қаң­тар­да «Қазақстан» қонақ үйіне келген қыл­мыскерлерге Glock және «Ма­ка­ров» тапаншаларын таратып, қарама­ғын­дағы адамдарға нұсқау беріп отыр­ған. Серіктестерін 10 адамнан тұра­тын топтарға бөліп, алдын ала жоспар­лан­ған қылмыстағы рөлдерін анықтап бер­ген. Іштерінен «басшыларын» таға­йындап, оларға оқ өтпейтін кеу­деше, қорғаныс құралдары, атыс қаруы және 200 мың теңге ақша берген. Ал қатардағы серіктестері суық қарумен, дубинка және денеге зиян келтіруге болатын басқа заттармен қаруланған», деп мәлімдеген Бас прокуратураның 1-қызмет басшысы қылмыстық топ мүшелерінің ерекше белгілері – білек­теріне таққан ақ мата болғанын атап көрсетті.

Қарулы қылмыстық топтар қаланың әр жерінен 24 азаматты ұрлап әкетіп, оларды ұрып-соғып, Ritz Carlton және «Қазақстан» қонақ үйлерінің жертөлесінде күшпен ұстаған. Кейіннен «тұтқындарын» қала шетіне жеткізген қылмыскерлер қарулы күзет қойып, оларды металл контейнерде қамап ұс­таған. Өкінішке қарай, ауыр соққыдан жәбірленушілердің бірі қайтыс болды.

Бүгінде осы қылмыстарға қатысы бар 40 күдікті қамауға алынған болса, қылмыстық топтың қалған мүшелерін анықтау бойынша жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ арнайы прокурорлар күш құрылымдарының жекелеген басшыларына қатысты тергеуді жалғастырып жатыр.

Бас прокуратура таратқан мәліметке қарағанда, 5 қаңтарда жұмыс орнын, оның ішінде қару сақтайтын қой­ма­ларды қараусыз тастап кеткен Алматы және Жамбыл облыстарының По­ли­ция департаменттері, сондай-ақ Ал­маты, Қызылорда және Алматы облыс­тарының Ұлттық қауіпсіздік комитеті депар­таменттері басшыларының бар­лығы күдікті деп танылған. Бұл фактілер бойынша қозғалған қылмыстық іс саны 9-ға жеткен.

«Қазіргі уақытта сот санкциясымен қаңтар оқиғаларына қатысы бар 514 күдікті қамауда отыр. Олардың әрқайсысы бойынша ауыр қылмыстарға қатыстылығы туралы мәліметтер жеткі­лікті. Жеке басын, денсаулық жағдайын және басқа да мән-жайларды ескере отырып, 284 адамның қамауда ұстау бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үй қамаққа және жеке кепілгерлікке ауыстырылды. Бүгінгі күні 392 қылмыстық іс сотқа жолданып, 433 адам түрлі жазаға тартылды», деп атап өтті Серік Шалабаев.

Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы­ның ауырлататын мән-жайлар болма­ған кезде жазаны жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында прокурорлардың бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларды тағайындауға ерекше мән беріп отырғанын жеткізді. Осылайша, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу туралы қылмыстық істерді қарау кезінде 34 адам бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаға кесілген. Қару ұрлау және сақтауға қатысты ауыр қылмыс жасаған 46 сотталушы бас бос­тандығынан айырылса, қоғамда үлкен дау тудырған 8 істі арнайы прокурорлар тергеуде. Бір айта кетерлігі, бұл істер бойынша құқық қорғау және арнайы органдардың 15 қызметкері күдікті деп танылып, оның 9-ы қамауға алынған. Резонансты істердің ішінде Алматы облы­сындағы үтікпен күйдірген азаптау ісі де бар. Бүгінде бұл қылмыс бойынша жәбірленушілердің саны 25-ке жеткен.

«Олардың барлығы мәжбүрлеп мойындату, үтік басып күйдіру секіл­ді азаптауды қолданудың ұқсас «тәсі­лін» сипаттап берді. Жедел тергеу ке­­зінде арнайы прокурорлар осындай азап­тауға қатысы бар 5 полиция қыз­меткерін анықтап отыр. Олар­дың үшеуі кінәларын мойындады», деп мәлім­деді Бас прокуратура өкілі. Сон­дай-ақ жақында Алматы облы­сы­ның ҰҚК департаментінің екі қызмет­ке­ріне қатысты тергеу аяқталды. Бұл қыз­меткерлер ұсталғандардың бірін ұрып-соғып, азаптаудың салдарынан адам өліміне әкеліп соққан ауыр қылмыс бойынша күдікті деп танылған болатын.

Өз сөзінде Серік Шалабаев азаптау­лар бойынша қылмыстық істерді тергеу ерекше назарда ұсталатынын атап өтті. «Жәбірленушілердің көпшілігі өздерін нақты кімдердің азаптағанын дөп басып айта алмайды. Себебі күдіктілер бетперде киіп, арнайы киім-кешексіз жүрген. Сондай-ақ полиция ғимараттарына шабуыл жасау кезінде құрал-жабдықтар істен шыққандық­тан бейне жазбалар да жүргізілмеген. Алайда осындай кедергілерге қара­мастан, дәлелдемелерді жинау бағы­тында тергеу және процестік әрекет­тер­дің барлық кешенді шаралары жүр­гізілді», деп түсіндіріп өтті спикер.

Өз кезегінде ІІМ Тергеу депар­таментінің басшысы Санжар Әділов ішкі істер органдары тергеу­ші­лерінің 56 күдіктіге қатысты 553 қыл­мыстық іс бойынша жұмыс істеп жат­қанын хабарлады. Қамаудан 255 күдікті босатылып, оларға қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұл­тарт­пау шаралары таңдалып алынса, сот үкі­мімен 332 сотталушы қамақтан шыққан.

«Бүгінде өндірістегі қылмыстық істер бойынша 14 адам қамауда отыр. Оның ішінде Алматы қаласы бойынша – 8, Алматы облысы – 3 және Жамбыл облысы 3 күдікті ауыр қылмыстары үшін ұсталған. Тергеушілер 565 айыпталушыға қатысты 344 қылмыстық істі сотқа жолдады. Бұл істердің басым бөлігі ұрлыққа қатысты, барлығы – 257 іс. Қаруды заңсыз сақтау – 37, қару ұрлау – 18, айдап кетуге қатысты 5 іс бар», деп мәлімдеді ІІМ өкілі.

Министрлік мәліметтерінде 382 адамның сотталғаны, оның ішінде 46 адамның бас бостандығынан айырыл­ғаны туралы айтылады. Сан­жар Әді­ловтің айтуынша, олардың бар­лығы «бұрын сотталған, кінәсін мойын­да­маған және келтірілген залалды өте­меген». Ең көп шығарылған үкім – бас бостандықты шектеу. Жасаған істеріне шынайы өкініп, залалды өтеген 330 адамға осындай жаза тағайындалған. Сонымен қатар орташа және онша ауыр емес қылмыстық істер бойынша 12 адамға қатысты іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.

Брифингте ІІМ өкілі сотқа жолданған істер бойынша жәбірленушілерге шамамен 100 млн теңгеден астам залалдың өтелгенін атап өтті. «Мұның барлығы полиция қызметкерлерінің ұрланған мүлікті табуы мен айыпталушылардың залалдың орнын толтыруының арқа­сында жүзеге асып отыр», деді ол.

Қаңтар қырғыны кезінде ұрланған дүние-мүлікті, сондай-ақ заңсыз сақтал­ған және тіркелмеген қаруды анықтау және алып қою бағытындағы жұмыс әлі де қарқынды жүргізіліп келеді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде полиция қызметкерлері Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарында қару мен арнайы құралдар сақталатын жасырын орындары анықтаған.

ІІМ мәліметтеріне қарағанда «Қасі­ретті қаңтар» оқиғалары кезінде қолды болған қарудың 1625-і табылған. Сон­дай-ақ түсіндіру жұмысының нәти­жесінде азаматтар 212 қаруды өз ерік­терімен тапсырған. Алайда қазірдің өзінде қылмыскерлердің қолында ауқым­ды арсенал – ұрланған 2 мыңнан ас­там қару бар: 30 – граната, 2 – оқ атқыш, 122 – автомат пен 379 – тапанша.