• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Маусым, 2022

Жаңа Қазақстан – баршаға мүмкіндік

573 рет
көрсетілді

Күні кеше ғана ұлт ұясы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті «Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс» деп баса айтты. Расында да, еңбекқор ұлт – жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті ел. Оны жүзеге асыру үшін тек мемлекет қана емес, осы елдің әрбір азаматы ынталы болуы қажет. Масылдық пен ғапылдықтан арылсақ, еліміз өсіп-өркендейтіні хақ. Демек Жаңа Қазақстанды құрамыз десек, осы бір жағымсыз әдеттен арылуға тиіспіз. Ал екі қолға бір күрек таппай жүргендерді барынша демеп, Абайша айтсақ, дүниеге кірпіш болып қалануына жағдай жасап, өмірде өз жолын табуға мүмкіндік беруіміз қажет. Мемлекет басшысы осыны көздесе керек. «Баршаға мүмкіндік» қоғамдық қорының мақсат-міндеті де осы. Біздің бастағалы отырған ауқымды әрі салмақты жобамыз елдегі саяси өзгеріспен үндесіп тұрғандай.

Иә, елде түбегейлі саяси реформалар мен экономикалық оң өзгерістердің басталғаны жалпақ жұртқа мәлім. Бет алар бағытымыз да айқындалды. Мемлекет басшысы межелеп отырған маңызды міндеттерді ойдағыдай іске асыру үшін мемлекеттік органдардың, бизнес пен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігері керек. Бабаларымыз өсиет еткендей, жұмыла көтерген жүктің жеңіл болары ақиқат. Қолға алынып жатқан реформалар бәрімізге ортақ дүние екенін ескерсек, оны жүзеге асыруға халықтың барлық санаты тегіс атсалысуға тиіс. Бұл ретте азаматтық қоғамға артылар жауапкершілік зор.

Әрбір қазақстандық тұратын жері мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, өз қабілет-қарымына қарай білім алып, жұмыс істеуге, табыс табуға, осылайша қоғамға пайдалы болуға нақты мүмкіндігі бар екенін түсінуі керек. Қоғамдық қор елдегі әр тұрғынның өмірден өз орнын табуы үшін лайықты жағдай жасау жолында жұмыс істеуді көздеп отыр. Осылайша, биліктің бастамалары мен бұқараның басты талабына дәнекер көпірге айналмақ ниетіміз бар.

Бірінші кезеңде қор өзінің жұмыс тә­сілін елдегі аса маңызды аумақтарда сы­нақтан өткізіп көрмек. Содан кейін ел жас­тары, жұмыссыздар және өзін өзі жұ­мыспен қамтығандар үшін біртұтас эко­жүйе құрмақ. Алғашқы таңдау Алматы агло­мерациясына түсті. Қор өз жұмысын осы аумақтан бастауды жөн көріп отыр. Оның өзіндік себептері бар. Біріншіден, Алматы агломерациясына ірі мегаполистен бөлек, Алматы облысының 5 қаласы мен 6 ауданы, 50 ауылдық округі еніп отыр.

Екіншіден, биылғы қаңтар оқиға­сы аталған өңірдегі жағдайдың күр­делі екенін көрсетті. Статистикалық деректерге сүйенсек, республикадағы жұмыссыздардың 18 пайызы және өзін өзі жұмыспен қамтығандардың 14 па­йызы Алматы агломерациясына тиесілі екен. Сондай-ақ оқуға һәм жұмыс істеуге құлықсыз NEET жастардың да үлесі жоғары. Оларды лайықты еңбек пен табыс идеологиясына тарту үшін стандартты емес ерекше тәсілдер керек.

Сондықтан қоғамдық қор лайықты еңбек пен табыстың жаппай идеология­сын қалыптастыру арқылы ағарту жұ­мыс­тарын жүргізбек ниетте. Жастар­мен жұмыс істеуді ұйымдастыру да маңыз­ды бағыттың бірі ретінде таңдалып отыр.

Енді қор жұмысының негізгі бағыт­тарына тоқталайық.

Бірінші – жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандардың нақты санын анықтау. Ол үшін аталған өңірдегі жұмыссыз халықтың ерекшелігін ескере отырып, мүмкін деген құралдың бар­лығы іске қосылады. Яғни аулалар­ды тегіс аралау, колл-орталықтың жұ­мысын ұйымдастыру, адам көп жина­латын базар, вокзал секілді жерлерде мамандандырылған ақпараттық-консультациялық жылжымалы пунктер орнату, жұмыспен қамту орталық­тарымен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ жұмыстың жоқтығы туралы ыңғайлы әрі жылдам форматта мәлімдеуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша іске асырылатын болады.

Екінші – лайықты еңбек идеоло­гия­сына тарту мақсатында олардың психо­портреті мен мінез-құлық үлгілеріне сүйене отырып, әрі қарай жұмыс істеудің қажетті әдістері анықталады. Бұл кезеңде әлеуметтанушылар мен психологтерді тарта отырып, азаматтардың негізгі санаттары айқындалады. Санаттарға сүйене отырып, олармен жұмыс істеудің жоспарлары қолданылмақ.

Мәселен, өмірдегі бағдарын жоғал­тып алғандар бар. Оларды спорт пен мәдениеттегі белгілі тұлғалардың, ауыл ақ­са­қалдарының, дін өкілдерінің көмегі­мен қалыпты өмірге әкелу қажет. Яғни бұл санат үшін ағартушылық және тәрбиелік жұмыстарды міндетті түрде жүргізу керек. Айталық, спорт сек­ция­ларын тиімді пайдалану жоспарлану­да. Бұл жерде жаттықтырушылар мен тәлім­герлердің жастар арасында оқу, жұ­мыс істеу және мобильділік секілді құн­дылықтарды қамтитын коучинг әдістемесін ұстануы маңызды. Қазір­гі жастар дінге жақын. Сондықтан қоғам­дық қор имамдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Дін өкілдері жастардың бойына ізгіліктің дәнін себері даусыз.

Тағы бір маңызды санатқа нарықтағы нақты жағдайлар мен сұраныстарға сәйкес келетін кәсіби еңбек дағдысы жоқ адамдарды жатқызуға болады. Оларды өзекті, сапалы және қолданбалы біліктілік талаптарына қысқа мерзімді оқыту арқылы қатарға қосу керек. Бұл ретте стандартқа сәйкес мамандықтар мен оқу материалдарын салалық кәсіпорындардың өздері, яғни мүдделі жұмыс берушілер тікелей өздері беретін болады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған колледждердің тиімділігіне талдау жасалады. Олардың жұмысы бизнестің қатысуымен өңір экономикасы мен кәсіпорындардың қажеттіліктеріне қарай нақты дуалды білім беруге қайта құрылатын болады.

Оқыту қордың онлайн-платфор­масындағы теориялық бөліктен және кәсіпорындардың алаңындағы міндетті практикалық бөліктен тұрады. Оның қорытындысы бойынша әрбір білім алушы оқыту бағдарламасына қосылған сала кәсіпорындары мойындайтын сер­тификат алады. Сондай-ақ жатақ­ханамен қамти отырып, жедел құры­латын модульдік оқу орталықтарын іске асыру ұсынылып отыр. Олардың негізінде қысқа мерзімде (1 айдан 3 айға дейін) нарық қажеттілігіне қарай түрлі мамандықтарға (құрылысшылар, қоғамдық тамақтандыру, тігіншілер және тағы басқалары) үйретуге болады. Оқу аяқталған соң түлектер жұмысқа орналастырылады және олардың мәртебесіне одан әрі мониторинг жүргізіледі.

Кәсіпкерлік дағдысы бар адамдардың санатына да мән беру маңызды. Оларға өңірдің қажеттіліктеріне сәйкес нақты бизнесті жүргізу үшін қысқа мерзімді оқыту арқылы көмектесуге болады. Бұл жұмысқа таңдалған салалардағы кәсіпкерлер барынша тартылмақ. Оқыту онлайн-платформада түсінікті әрі қол­жетімді форматта жүргізіледі. Оқу материалдары әлеуетті бизнес-тауашаларды қамтиды. Сондай-ақ таңдалған қызмет түрі бойынша сұранысты, бәсе­келестерді, реттеушілік талаптарды түсінуге мүмкіндік береді.

Өңірдің салалық ерекшелігін ескере отырып, сүт, ет, азық дайындау өнд­і­рісінің технологиялық карталары негізінде қолданбалы агроқұзыретке баса назар аударылады. Бұл халықтың кооперациялық өткізу тізбектеріне кірігуге жол ашады.

Қысқасы, біз атаған қадамның бәрі халықтың сауаттылығын арттыруға, жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарының іскерлік бастамаларын жүзеге асыруға жағдай жасайды.

Төртінші – қордың жоғарыда аталған міндеттерін іске асырудың негізгі құрал­дары цифрлы платформа (онлайн), сондай-ақ жұмыссыздармен және өзін өзі жұмыспен қамтығандармен тікелей байланысқа арналған «Мүмкіндіктер нүктесі» мобильді павильондары (оффлайн) құрылады.

Онлайн платформа – 24/7 режімінде аудиториямен үздіксіз өзара іс-қимыл жүргізудің негізгі құралы. Платформа жұмысының басты қағидасы – сенімді, ақпараттық-ағартушылық және оқыту ортасын құру. Яғни әркім өзінің мәртебесі мен әлеуметтік хал-ахуалы туралы мәлімдей алады. Қолжетімді форматта оқудан өтіп, өзінің дамуы мен табысының әлеуетін түсіне алатын жағдайға жетеді. Сонымен қатар жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие және кері байланыс ешқашан үзілмейді. Онлайн платформа мобильді қосымша түрінде іске асырылады. Ал оқыту материалдары бейне және графикалық форматта болады.

Мобильдік павильондар цифрлы платформа мен мақсатты аудитория арасын­­да­ғы байланыстырушы буын қызметін атқа­ра­ды. Ол жұмыссыздар­мен және өзін өзі жұмыспен қамтыған­дар­мен тікелей және проактивті бай­ланыс орнатуға, тұрақты кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Қысқасы, жұмыс іздеудің, жұмыспен қамту мәселелері бойынша консультациялар өткізудің және мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысудың, психологиялық көмектің баламалы орнына айналады.

«Мүмкіндіктер нүктесі» базар, автовокзал, ірі сауда орталығы секілді адам көп жиналатын жерлерде орналастырылады. Павильондардан бөлек, көшпелі консультанттар бүкіл өңір бойынша жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандарды кеңінен қамтитын болады.

Біз атаған құралдар жұмыссыздардың көкейде жүрген көп сауалына жауап алуға, жұмыссыздықпен және әлеуметтік қауіп­сіздікпен бетпе-бет қалу қорқы­нышын жоюға, сондай-ақ оларды лайықты жұмыс пен табысқа ынталандыруға мүмкіндік береріне сенімдіміз. Межеленген дүние­лер арнайы бағыт ретінде халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағ­дарламасына енгізілсе де құба-құп.

Міне, мақсатымыз айқын, міндетіміз анық, межеміз белгілі. Мақсатымыз – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың іргелі бастамаларын қолдай отырып, билік пен бұқара арасындағы алшақтап кеткен байланысты жалғау, нығайту, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысу. Межеміз – халықты, әсіресе жастарды масылдық санадан арыл­тып, өмірден өз орнын табуға, қоғам­ға пайдалы адам болуға үйрету һәм соған жағдай жасау. Абай «Адам бол – мал тап» дейді. Хакімнің меңзеп отырғаны адал еңбек қой. Біздің де көздегеніміз – сол, елді еңбекке ынталандыру.

Қарға тамырлы қазақтың арманына ай­нал­ған әділдік орнату, баршаға бірдей мүм­кін­дік ұсыну, халықтың өмір сапасын жақ­сарту, тұрмыс жағдайын түзеу, әл-ауқа­тын арттыру секілді бастамалар көп­ші­лік көңіліне үлкен сенім ұялату­да. Демек Жаңа Қазақстан – баршаға берілген мүмкіндік.

Бастаған ісіміз берекелі болғай!

 

Абылай МЫРЗАХМЕТОВ,

«Баршаға мүмкіндік» қоғамдық қоры

Қамқоршылық кеңесінің төрағасы