• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Маусым, 2022

Әлеуметтік мәртебесі жоқ мамандық

3923 рет
көрсетілді

Еліміздің журналистер қауымы көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның «Журналист атан түйе секілді. Арқалағаны алтын болғанымен, жегені – жантақ» деген сөзін ұмыта алар емес. Себебі бұл ащы да ақиқат сөз айтылғалы ондаған жыл өтсе де, қолдарына қалам мен микрофон ұстап, ақпарат майданының алғы шебінде жанталасып жүрген әріптестеріміздің жағдайлары онша өзгерген жоқ.

Олар тіпті коронавирус пандемиясы ел басына күн туғызып, мыңдаған адам ажалмен арпалысып жатқан сын шақта да дәрігерлермен қатар бастарын бәйгеге тігіп, кәсіби парыздарын адал атқарғанымен, мемлекет тарапынан өздеріне ешқан­дай әлеуметтік қолдау көрсетілмегені­не налығаны белгілі. Әрине, «Үмітсіз – шайтан» демекші, үміт жібі үзілген жоқ. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) қоғамның көкейкесті мәселелерін арқау еткен жарияланымдарына дер кезінде назар аударып, пәрменді шаралар қолданып келе жатқаны көпке мәлім. Соның ішінде республикамыздың бас басылымдары Egemen Qazaqstan мен «Казахстанская правда» газеттері көтерген талай проблема да Президенттің тікелей қолдауымен оң шешімін тапты. Олардың қатарында «Егемен» сынға алған Қызылорда облысының Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде темір жолдың үстімен мектепке барып, өмірлеріне қауіп төндіріп жүрген оқушылар үшін жаңа мектеп салу, жетім курсанттарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік қолдау көрсету, Батыс Қазақстан облысының шұрқ-тесік жолдарын жөндеу сияқты мәселелер бар. Ал «Казахстанская правда» газетіндегі Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстік өңірлерден қоныс аударған азаматтарды қабылдауда жол берілген өрескел кемшіліктерді әшкерелеген мақала бойынша Президент тапсырмасымен арнайы тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде үш аудан әкімі қызметтерінен босатылған. Мемлекет басшысының БАҚ-қа деген осындай сындарлы көзқарасы «төртінші биліктің» қоғамдағы рөлі мен беделін арттыра түскені кәміл. Бұған қоса, бұрынғы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған ұсынысқа орай Президентіміз Қылмыстық кодекстегі «Жала жабу» бабын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстыруға ұйытқы бол­ғаны да оның баспасөз бостандығын кеңей­ту­ге шын ықыласты екенін көрсетеді.

Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің бұрынғы және бүгінгі басшыларымен кездескен сайын журналистердің жандары қинала айтатын мұқтаждықтары – баспананың қолжетімсіздігі мен жалақының төмендігі. Бұл ретте Алматы қаласының әкімдігі бірнеше жылдан бері 35 жасқа дейінгі азаматтарға, соның ішінде журналистерге де жеңілдікпен жалдамалы пәтер алу құқығын беретін «Алматы жастары» бағдарламасын іске асырып жатқаны – өзге өңірлерге өнеге етерліктей бастама. Оны бірінші болып Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолдағанын да айта кеткен абзал.

Ал журналистердің жалақысын көтеру мәселесі, әсіресе мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін БАҚ үшін аса өзекті болып отыр. Айлығы шайлығына әрең жететін әріптестеріміздің талайы жүрегі қалаған кәсібімен жылай-жылай қоштасып, көңілі жатпаса да «наны мол» салаларға амалсыз ауысып жатыр. Бұл – БАҚ-тағы кадрлар сапасын төмендетіп, отандық журналистиканың деңгейін көтеруге мүмкіндік бермейтін фактор. Тірелген тұйықтан шығар жол – мемлекеттік тапсырыс тарифтерін қайта қарау. Әрине, ол үшін қосымша бюджет шығыны қажет. Бірақ қазіргі заманның сын-қатерлерін ескерсек, отандық басылымдар мен телеарналарды дамытудан қаржы аяуға болмайтыны анық.

Әріптестеріміздің: «Не мемлекеттік қыз­метшіге, не әлеуметтік қызметшіге жатпаймыз. Сонда біз кімбіз?» деген сауалына келсек, кез келген мемлекеттік органның баспасөз қызметінде немесе басқа қызметін­де жүрген журналист қана мемлекеттік қыз­метші болып саналатынын айтқан жөн. Ал акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі кәсіпорында қызмет ететін журналиске қандай әлеуметтік мәртебе беруге болады? Мәселе – әлеуметтік мәртебеңде емес, ай сайын алатын жалақыңның мөлшерінде. Ал ол дарының мен еңбекқорлығыңа да байланысты.

Ойлап қарасақ, сөз – «тас жаратын, тас жармаса, бас жаратын» қуатты қару. Сол қару – журналистің қолында екенін ұмытпайық...