Қазір магистрлер, PhD докторлар көп. Алайда зерттеу институттарының сарапшылары: «Елде ғылымға бет бұрған нағыз мамандар тапшы», дейді. Тіпті кей жұрттың Қазақстанда зерттеу орталықтары, құрылымдар, институттардың бар екенінен, олардың немен айналысатынынан хабарсыз екенін жасырып қажеті жоқ. Осы орайда Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, пікір алмасу мақсатында институт директоры Еркін Тұқымовпен әңгімелескен едік.
– Президенттің Жарлығымен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты осыдан 29 жыл бұрын 16 маусымда құрылды. Осы уақыт аралығында еліміздің үздік талдау орталығы деп танылған институт қандай жетістіктерге жетті?
– Келер жылы ҚСЗИ-дың құрылғанына 30 жыл толады. Институтымыздың 30 жылдық мерейтойын лайықты атап өту үшін жан-жақты дайындалып жатырмыз. Бұл тарих үшін қысқа мерзім болса да, кез келген талдау орталығы үшін межелі кезең. Болашаққа жоспарымыз көп. 29 жылда жеткен жетістігіміз де аз емес.
Біріншіден, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты – еліміздің мықты әрі танымал талдау орталықтарының бірі. Мысалы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Пенсильвания Университетінің әлемдегі зерттеу орталықтары арасында өткізетін жыл сайынғы Global Go To Think Tank Index Report рейтингі бойынша ҚСЗИ Орталық Азияның үздік талдау орталығы болып танылды. Алайда елімізді әлемдік деңгейде таныту үшін бізге әлі де өсу керек. Мақсатымыз – рейтингте орын алу емес, ғылыми жетістіктеріміздің жемісін көру.
Екіншіден, ҚСЗИ – мықты сараптамалық мектеп. Біз Мемлекет басшысына сараптамалық материалдар жазатындықтан, үміткерлерге жоғары талап қоямыз. Сол себепті институтымызда сыртқы және ішкі саясат бойынша еліміздің мықты сарапшылары қызмет етеді. Біздің ең үлкен жетістігіміз адами капитал екеніне сенімдімін.
ҚСЗИ қазіргі таңда мемлекеттік қызметте, еліміздің жоғары лауазымдарында жүрген танымал тұлғалардың жолын ашып, бәріміз үшін өмірлік және сараптамалық шеберлік мектебіне айналып үлгерген. Мысалы, институт қабырғасында Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, саясаткер Ермұхамет Ертісбаев, белгілі саясаттанушылар Болат Сұлтанов, Алма Сұлтанғалиева, Зарема Шәукенова, Сұлтан Әкімбеков және Президент Әкімшілігі, СІМ, т.б. арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері жұмыс істеген.
Жалпы, қазіргі таңда әлемдік нарықта және әлемдік ғылымда қаржы жағынан тапшылық жоқ. Барлық елде талантты, іскер жастарға сұраныс бар. Мысалы, әлемдегі үздік зерттеу мекемелерінің бірі Массачусетс технологиялық институты түрлі шығармашылық жобаны іске асыратын креативті жас ғалымдарды тарту үшін қомақты қаражат бөледі. Олар «Біздің проблемамыз ақша емес, біздің проблемамыз – талантты ғалымдардың жоқтығы. Біз жастарды әлемнің түкпір-түкпірінен жинаймыз», дейді. Шынымен де қазір ғалам бойынша инновациялық идеялар мен жас ғалымдар үшін күрес жүріп жатыр. Біздің елімізде де қабілетті жастарға деген қажеттілік бар. Сондықтан ҚСЗИ жас сарапшы ғалымдарға қолдау көрсетуге ниетті. Жақын арада ғылыми жобаларға 3-4 ай мерзімге миллион теңгеге дейінгі сомада 15-ке жуық грант бөлінеді. Бұл институттың отандық ғалымдарды қолдауға қосқан зор үлесі болмақ.
Үшіншіден, біз басқа сараптама орталықтарымен берік қарым-қатынас орнатып, үлкен серіктестік желісін қалыптастырдық. Осы уақытқа дейін кең географиялық ауқымды қамтитын 40-қа жуық зерттеу және талдау құрылымымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Серіктестердің қатарында РҒА Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институты, Жоғары Экономика мектебі (Ресей), Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты КАОН (Қытай), Джонс Хопкинс Университеті жанындағы Орталық Азия және Кавказ Институты (АҚШ), Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азия бағдарламасы (АҚШ), Фридрих Эберт атындағы қор, Конрад Аденауэр атындағы қор (Германия), Жаһандық және стратегиялық зерттеулер орталығы (Пәкістан), Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты, Орталық Азия халықаралық институты (Өзбекстан) және т.б. бар.
Біз халықаралық байланыстарды мейлінше қолдауға тырысамыз. 29-30 маусымда елордада Орталық Азия елдерінің стратегиялық зерттеулер институттары директорларының кездесуі өтті. Алқалы жиында өңірдегі проблемалар көтеріліп, кооперация мен интеграция жолдары талқыланды.
– Ал мұндай халықаралық байланыстар не үшін қажет? Бұл біздің елімізге қалай көмектеседі?
– Білесіз бе, Варшава мен Бостонда студент болып жүргенімде де, дипломат ретінде шетелде қызмет еткенде де шетелдік саясаткерлер мен сарапшылардың Қазақстан туралы нақты түсініктері жоқ екенін байқадым. Ең сорақысы мәдени тұрғыда да, өркениет тұрғысында да бай еліміз туралы түрлі стереотиптер бар екенін аңғардым. Көбі Қазақстан билік пен трайбализм кең тараған ел деп ойлайды. Бізді киіз үйде тұрады, өркениеттің жетістіктері туралы білмейді деп санайды. Сол себепті біз серіктестерімізге Қазақстан туралы, еліміздің саяси және әлеуметтік өзгерістері, сыртқы саяси бағыты туралы объективті ақпарат жеткізуді көздейміз. Әлемнің сараптамалық орталықтары Қазақстанға қатысты саясатты жоспарлауда маңызды рөл атқаратынын түсіну керек.
– Сіздің ҚСЗИ-ға дипломатиялық қызметтен келгеніңіз белгілі. Мәскеудегі елшілікте кеңесші-уәкіл, Қазанда бас консул болып жұмыс істедіңіз. Дипломатиялық тәжірибеңіз ғылыми ұйымда қалай көмектеседі? Институт директоры ретінде өзіңіз үшін әрі қарай дамудың қандай басым бағыттарын белгіледіңіз?
– Иә, мен Варшава университетінің Халықаралық қатынастар институтын тәмамдадым. Бірақ 3-4 курстан бастап зерттеу жұмыстарына қызығушылық танытып, Польшаның Шығыстану зерттеу орталығымен қызметтес болдым. Алайда мансабымды СІМ-де емес, ҚСЗИ-да бастадым. Сыртқы саясат бойынша зерттеулер жүргізіп, діни экстремизм туралы диссертация қорғадым. Тек содан кейін мен СІМ-ге жұмысқа тұрып, аналитикалық тәжірибем сол жақта керек болғанын түсіндім. Жалпы, дипломат ең алдымен талдаушы болу керек. Өйткені сіз басқа елде жұмыс істеп, сол жақта болып жатқан оқиғаларға талдау жасап, зерттеу жұмысын дайындауыңыз керек. Қазіргі таңда ҚСЗИ-да әлеуметтанушылар, саясаттанушылар, экономистер жұмыс істейді. Шын мәнінде, институт зерттеу, талдау қажет барлық қоғамдық салаларға қатысады. Біздің қызметкерлеріміздің орташа жасы – 40 жас, еңбекке қабілетті, белсенді, шығармашыл жас. Біз адами капиталды дамытуды әрі қарай да жалғастырамыз. Ол үшін халықаралық байланыстарды дамытып, шетелдік әріптестерімізбен ақпарат алмасып, іс-шаралар ұйымдастырып, зерттеулердің озық технологияларын үйренеміз. Біздің зерттеу материалдарымыз халықаралық басылымдарда неғұрлым көп болса, соғұрлым институтымыз танымал болып, біз елімізге пайда әкеле аламыз.
Бүгінгі таңда ҚСЗИ жобалық жұмыс форматын игеруде. Себебі экономика, ішкі және сыртқы саясат бір-бірімен тікелей байланысты, оларды бөліп-жару мүмкін емес. Сондықтан институттың бөлімдері негізінде халықаралық және ішкі зерттеулер саласында жобалық кеңселер құрылады. Мамандарымыз Еуразия, Орталық Азия, Каспий өңірін зерттейді. Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігі жөніндегі бағдарлама іске асырылады. Сондай-ақ саяси жаңғырту бағдарламасы аясында партиялық саяси даму мен азаматтық қоғам модельдерін қарастыру жоспарда бар. Бұл бағыт, яғни жұмыстың жобалық форматы ұжымымызға бір топ болып жұмыс істеуге және әртүрлі аспектілердегі мәселелерді зерттеуге, олардың кешенді шешімін ұсынуға мүмкіндік береді. Азық-түлік қауіпсіздігі, транспорттық жолдар, көрші елдермен экономикалық байланыстарды дамыту сияқты мәселелер басымдықта тұр. Біз қоғамды дұрыс танып, халықтың қажеттілігін білуіміз керек. Сол себепті әлеуметтанулық зерттеулердің маңызы зор. Бұл болашақта әлеуметтік катаклизмдерден аулақ болуға мүмкіндік береді. ҚСЗИ-дың бұрынғы директоры Зарема Шәукенова институтымызда толыққанды әлеуметтану мектебін құрғанын атап өткен жөн. Біз сауалдама жүргізу арқылы өңірлерде әлеуметтану бағытындағы зерттеулерді әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Бұрын ҚСЗИ зерттеулердің жабықтығы үшін жиі сынға алынатын. Уақыт өте ел де, қоғам да өзгеруде. Біз мүмкіндігінше ашық болып, зерттеулердің нәтижелерін үнемі жариялап, Мемлекет басшысының реформаларын халық қалай қолдайтынын, қандай сенім артатынын көрсетеміз.
Азаматтардың әлеуметтік көңіл күйі мен қоғамдық-саяси көңіл күйінің серпінін бағалау мақсатында өңірлік әлеуметтану бағытында мониторинг жүргізіп отырамыз. Әлеуметтану бағытында мониторинг әр 3 ай сайын еліміздің барлық өңірінде (185 қалалық және ауылдық елді мекен) 6800 респондентті қамти отырып жүргізіледі. Зерттеуді жүргізуге нарықта өзін дәлелдеген әлеуметтану бағытында компаниялар тартылады. ҚСЗИ қызметкерлері әр өңірге барып, зерттеу жұмыстарының дұрыс-бұрыстығын бақылайды. Алынған нәтижелер саяси шешімдер қабылдауға негіз болады. Бұдан басқа, ведомстволық әлеуметтік зерттеулерді үйлестіру, әдіснамалық сүйемелдеу мақсатында ҚСЗИ құрылымында әдістемелік зертхана жұмыс істейді. Біз жергілікті жерлерде зерттеулер жүргізуде жергілікті атқарушы органдарға қолдау көрсетеміз. Бұл сонымен қатар аймақтардағы жағдайды нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мәліметтер базасын қалыптастыру бойынша одан әрі жұмыс істеуіміз керек деп санаймын. Егер институционалдық жады, өткен туралы білім болмаса, зерттеу жүргізу мүмкін емес. Біз бір күнмен өмір сүре алмаймыз. Сондықтан осы зерттеулерді жинақтау және түсіну маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Сондай-ақ ҚСЗИ сарапшылардың мемлекеттік органдарға сындарлы ұсыныстар әзірлеуі үшін ғылым мен білім, сыртқы саясат жөнінде кеңестер ашуды жоспарлап отыр.
– ҚСЗИ-дың сарапшылық қауымдастықтағы орны ерекше. Ал қоғамда институт туралы түсінік қаншалықты қалыптасқан?
– Қазір жаңа дәстүрлер, соның ішінде мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы дәстүрі қалануда. Қазақстан азаматтары салық төлеушілер ретінде біздің немен айналысатынымызды білуге тиіс. Біз осыған дағдыланып, өзгеруіміз керек. Қоғам тарапынан ҚСЗИ туралы ашық емес, жариялы емес деген сын-пікірлер көп болды. Бір жағынан Президент жанындағы институт жұмысының мәртебесі мен форматы жариялылықтың кейбір шекараларын меңзейді. Кей зерттеулердің ашық жариялауға келмейтіні рас. Бұл біздің елімізде ғана емес, басқа да демократиялық елдерде кездесетін тәжірибе. Әлемнің алғашқы талдау орталығы, әйгілі америкалық РЭНД корпорациясы да барлығына өз ақпаратына қол жеткізуге мүмкіндік бере бермейді. Себебі бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Екінші жағынан өзгеретін уақыт та келген сияқты. Саяси өзгерістердің даму қарқыны бізді де өзгеруге мәжбүрлейді. Сондықтан біз Оксфорд аналитика форматы бойынша жаңа сайт, сондай-ақ Youtube, Telegram, Instagram, Twitter парақшаларын іске қостық. Бұл тек Мемлекет басшысының саясатын түсіндіру үшін ғана емес, сондай-ақ күн тәртібіндегі нарративтерді қалыптастыру бойынша кең аудиторияға, оның ішінде халықаралық аудиторияға жедел түрде жариялауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ біз өзіміздің ұлттық сараптамалық алаңымызды аштық. Оны Жаңа Қазақстанның құрылысы рухында «ҚСЗИ GPS» деп атадық. GPS – Қазақстанның дамуы үшін ең жақсы идеяларды, ойларды, мағыналарды іздеуге бағыт беретін бағдар дегенді білдіреді. Екінші жағынан, GPS «Ғылым. Пікір. Саясат» деген сөздерден құралған деп айтуға болады.
Билік пен қоғам тұрақты диалогты қажет етеді. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың одан да табысты мүшесі болуы үшін не істеуіміз қажет, елімізді әрі қарай қалай дамытуымыз керек, халықтың өмірін жақсарту үшін не істеуіміз қажет деген сұрақтар төңірегінде ұдайы пікір алмасып отырғаны жөн. Сондықтан бұл алаңның тұрақты болуы өте маңызды деп ойлаймын. Оның үстіне бұл алаң бүкіл қоғамның, өңірлердегі барлық азаматтың сұранысына сәйкес болуы керек. Тек елорда мен Алматыда отырып қана қоймай, Қазақстандағы барша азаматтың көзқарасын ескеру керек. Осыған байланысты ұлттық сараптама алаңының мәртебесіне сәйкес өңірлерде де пікірталастар өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз билікке тұжырымдама ұсынбас бұрын барлық пікірді ескеруге дайынбыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»