Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде «Қыздар, қыздар…» әні жарқ ете қалғанда сазы мен сөзі үйлесе кеткен ғажап шығарманы өнерсүйер қауым жылы қабылдағаны әлі есте. Бұл әннің шыққаны кеше ғана сияқты еді. Қазір қарап отырсақ, лирикалық туынды да ретроға айналып үлгеріпті…
Әлбетте, музыка әлемінде әншілердің даусы түр-түрге, әр алуан санаттарға бөлініп жатады. Мәселен, лирика-колоратуралық сопрано туралы сөз бола қалса, баршаның ойына Күләш Байсейітова оралатыны сөзсіз. Әйгілі әншіден бөлек, талай опералардағы басты партияларды орындаған ел мақтанышы Нұржамал Үсенбаеваның да даусы – лирика-колоратуралық сопрано. Нәзік үн әнші бойындағы назбен үйлескенде жарасым таба кетпей ме? Жоғарыда аталған дауыс иелерінің сахнада өз-өзін ұстауынан, әнді жүрекпен сезініп орындауынан соны байқай түсетіндейміз.
«Қыздар, қыздар…» әнінің авторы әрі орындаушысы, әнші-композитор Гүлнұр Өмірбаева аты аталған талант иелерінің заңды жалғасы ма дерсің...
«Арулардың махаббаты, ізгі ары,
Шешілмеген жұмбақтай ғой бізге әлі.
Қыз Жібектей жаны сұлу, тым нәзік,
Шіркін, қандай қазағымның қыздары.
Қыздар, қыздар, сұлу қыздар,
Неткен ғажап сұлусыңдар.
Дарқан көңіл, дәру қыздар,
Қыздар, қыздар, сұлу қыздар», –
деп Гүлнұр Өмірбаева сызылтып, шырқағанда тыңдаушы да әннің тұңғиығына батып кетері сөзсіз. Әннің сөзін жазған Сайлаубай Тойлыбаевтың да қазақ қыздарының табиғатын ашуға зор талпыныс жасағаны талас тудырмайды.
Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылында дүниеге келген Гүлнұр Өмірбаева – «Жаңа ғасырға жаңа ән», «Азия дауысы» фестивалі аясында ұйымдастырылған «Қазақ әні» байқауының Қазақстанның Тұңғыш Президенті тағайындаған «Алтын домбыра» жүлдесінің, Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай өткізілген «Елім менің» секілді көптеген республикалық, халықаралық ән аламандарының лауреаты, жеңімпазы.
Гүлнұр көптеген ғажап әндер жазды, әлі де жазып келеді. Әсіресе бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, жиырма жасында бақилық болған ұлт мақтанышы Бекзат Саттархановтың рухына, ерлігіне арнап жазған «Бекзат» әні жоғарыда айтқанымыздай «Алтын домбыра» жүлдесін иеленді. Әр әнінің мелодиясы жүректерді шымырлататын Гүлнұр Өмірбаеваның тұтастай шығармашылығы қандай құрметке де лайық. Әйткенмен, ел сүйіп тыңдаған «Қыздар, қыздар…» әні қалай дүниеге келді? Сол туралы ой сабақтасақ...
«Жаңа ғасырдың басында Қазақ қыздар педагогикалық университетінің өнер және педагогика факультетін бітірген соң аспирантураға қабылданған болатынмын. Сол кезде университетте «Томирис» ансамблінде еңбек ететінмін. Бірде ұстазым Галина Қарамолдаева «Қазақ қыздарының табиғатын танытатын, болмысын айшықтайтын әдемі ән жазшы. Ол сенің қолыңнан келеді» деді. Осы бір ғана сөз мені қанаттандырып жіберді. Ұстазымның бұл ұсынысы маған ой салды. Он ойланып, мың толғандым. Ән жазу деген оңай шаруа емес. Танымың аз, талғамың төмен болса, жеңіл дүние жаза салуға болады. Бірақ арзанқол дүние кімге керек? Сондықтан әбден іздендім. Тіпті қазақ қыздарының келбеті, мінез-құлқы, сұлулығы туралы ойлап жүріп, образға енгендей күй кештім. Бұл ән осылайша дүниеге келіп, халықтың көңілінен шықты», дейді композитор.
Ойды ойдың үстейтіні рас. Егер сол уақытта ұстазы ұсыныс айтпағанда Гүлнұрдың бұл әнді жазбауы да мүмкін еді ғой. Қысқасы, танымал әннің дүниеге келу тарихы осындай.
Жамбыл облысы