Алматыда Ғылым ордасында Ақтөбе облысындағы Алмат тамы кесенесі мен Досжан хазірет кешеніне (мешіт, кесене, медресе, тұрғын үйлер) жүргізілетін реставрация жұмыстарын талдау жөнінде ғылыми-әдістемелік кеңес өтті. Бұл жиында өңірдегі ескі тарихи сәулет ғимараттарын қалпына келтіру мен консервациялауға қатысты күрделі мәселелер де айтылды. Өңірде мамандардың тапшылығы, реставрациялау мен консервациялау жұмыстарында орталықтағы ғалымдардың ұсыныс-пікірлерін басшылыққа алуды қажет етеді.
Үш жылдан бері өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің бастамасымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында ескі мешіттер мен кесенелер, байырғы қоныстар мен тұрақтар, тарихи оқиғалар өткен жерлерді зерттеу жұмыстары басталды. Бұрын-соңды тарихи ескерткіштер қатарына кірмеген мешіт, кесене, қорым, діни-ғұрыптық орындар табылып жатыр. Есепке кірмеген дүниені түгендеп, анықтап-зерттеуге облыстық ескерткіштерді қорғау орталығының санаулы қызметкерінің тәжірибесі де, күші де жетпейді.
«Біз Абат-Байтақ, Досжан хазірет, «Хан моласы» кешендерін ашық аспан астындағы музейге айналдырып, Шәкен ишан, Алмат тамы кесенелерін қайта қалпына келтіруді жоспарға енгіздік. Сонымен бірге Исатай батырдың соңғы шайқасы өткен, жерленген жерін анықтау мақсаты да тұр. Жергілікті тарихшы археологтер бұрын-соңды ғылыми айналымға енгізілмеген көне қоныстар орнын, қорған қалдықтары, тас қоршаулар, петроглифтер, неолит, тас дәуірінен қалған мұраларды тауып, қыруар жұмыс атқарып келеді. 2019 жылы Темір ауданындағы Тасқопа қорғанынан Сармат көсемінің қабірі табылды. Реставрация нәтижесінде киімі, бес қаруы қайта жасақталып, облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылды. «Доңызтау» экспедициясы Байғанин ауданындағы Сам үстіртіне барар жолда көне қоныстың орнын тапты. Атқарылып жатқан осындай жұмыстарға қарамастан Ырғыз ауданындағы «Алмат тамы» кесенесі мен Темір ауданындағы Досжан хазірет кешенін қалпына келтіруге байланысты кеңес қажет. Екі нысанға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттелді. Бірақ қалай қалпына келтіреміз дегенге сіздердің көмектеріңіз қажет», деді Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова.
Расында да, Ақтөбе даласында ертедегі шеберлеріміздің қолынан шыққан мешіт, кесене, қоныс-үйлер орындары сақталса да, табиғат пен уақыттың әсерінен жоғалып барады. Шебер бабаларымыздың қолтаңбасын сақтап қалу үшін тиянақты жұмыс қажет. Бұл шаруа орталықтағы ғалымдардың араласуынсыз шешілмейді. Оның қатарында күрделі жұмысты талап ететін Доңызтаудағы, Қобда, Орал, Жайық, Сағыз өзендері бойындағы ескерткіштер, солтүстік Арал маңы – Ырғыз бен Шалқар бойындағы қайта қалпына келтіруді қажет ететін ескерткіштер бар.
«Ежелгі кесенелер – Қазақстанның шекаралық маркері»
«Мен көне ескерткіштерімізді қалпына келтіру саласында 42 жыл жұмыс істегенімде, бірде-бір облыстың Алматыда ғылыми-әдістемелік кеңес өткізгенін көргенім жоқ. Бұл – өте дұрыс бастама. Қазақ даласының сәулет өнері әртүрлі болғандықтан да, әр өңірдің тарихи ескерткіштерін зерттеудің өзіндік бағыты болуға тиіс. Қазақстандық реставраторлар 40 жыл ішінде 450-дей нысанды қайта қалпына келтіріп шықты. Қателіктер де болғанын мойындаймыз. Мұның себебі де түрліше. Тарихи нысанды қайта қалпына келтірер алдында әр өңірден сіздер сияқты арнайы келіп, бізбен ақылдасар болса, қателіктер де азаяр еді.
Бүгінде елімізде реставратор мамандығын сақтап қалу өте маңызды. Аға буын жас реставраторлар мектебін қалыптастыруы керек. Бізде осы жағы ақсап тұр. Ол үшін өңірлік университеттердің тарих факультеті жанынан реставраторлар даярлайтын бөлім ашылса жақсы болар еді. Өйткені орталықтан оқу бітіргендер алыс облыстарға көп бармайды. Оған ұлттық университет оқытушыларын жұмысқа шақырып, кафедра мамандары қалыптасып кеткенше, қолғабыс тигізсе деген ойым бар. Бүгінде әр облыс өзіндегі ескерткіштерге ие болғаны жөн. Екінші жағынан, елімізде ата-бабамыздың қолтаңбасы қалған дүниені сақтауға деген көзқарас төмендеп кетті. Бүлдіру, бұзу оңай, бірақ қайта қалпына келтіру өте қиын. Мен ертеректе Сирия, Мысырда археологиялық жұмыстармен айналыстым. Сонда байқағаным, ол жақтың мамандары ұлттық құндылықтарына өте мұқият қарайды, мәдени мұраларын зерттеп, қалпына келтіруде күні-түні жұмыс істеуге даяр. Өкініштісі, бізде осы жағы кемшін. Ата-бабамыздың кез келген мұрасына осындай салғырттық таныта берсек, барымыздан айырылып қалар түріміз бар.
Бүгінде қазақ жерінде 11 470 тарихи сәулет ескерткіші тіркелсе, оның 250-ге жуығы республикалық деңгейдегі мұралар. Кең-байтақ даламыздағы сәулет құрылысының бәрі түгенделді деуге ерте. Елсізде жатқан талай мұра бар. Көбінесе Жібек жолы бойындағы дүниелерге көңіл аудара береміз де, батысымыз мен шығысымыздағы кесене, көне қорым, ескі мешіттер, қорған-құрылыстар, қыстаулар назардан тыс қалады. Шалғай аудандардағы ескерткіштер де зерттелмей жатыр. Сол себепті әр облыс өз ескерткішін өзі түгендемесе болмайды», деді «Реставраторлар одағы» қорының директоры, тарихшы Қанат Тұяқбаев.
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Серік Әжіғали ежелгі ескерткіштерді зерттеп-сақтауға байланысты көзқарас төмендеді деген әріптесінің пікірін мақұлдады. «Кез келген тарихи ескерткішке қазба жұмыстарын жүргізер алдында тиянақты монографиялық, мұрағаттық-библиографиялық зерттеу жүргізілуге тиіс. Өкініштісі сол, тарихи нысанды алды-артына қарамай қазып тастаймыз. Ескеркіштерді қорғау мәдениетіміздің төмендеуіне «Мәдени мұра» бағдарламасын жасаушылардың да кінәсі бар. Өйткені осы бағдарламадағы ескерткіштерді жедел қалпына келтіру керек деген қате концепцияның кесірінен көптеген тамаша сәулет туындыларын бұзып алдық. Соның бір мысалы, қайта қалпына келтірілген ХІ ғасырдың құрылысы «Айша Бибі» кесенесі бұрынғы асқақтығынан, бірегейлігінен айырылды. Жергілікті жерлерде де өрескелдіктер көбейді. Мұндайға «ата-бабасын» іздеушілер де килігіп, сауатсыздықпен бұрынғының дүниесін бүлдіріп жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында салынған Жәлімбет батыр кесенесін ұрпақтары бұзып, силикат кірпіштен қайта салды. Өткен заман шеберінің қолынан шыққан тамаша құрылыс осылай жоғалды.
Біз ежелгі кесенелеріміздің Қазақстанның аумақтық маркері екенін ұмытпағанымыз жөн. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бұл өте маңызды. Сондықтан да кең-байтақ даламыздағы барлық сәулет құрылысын түгендеп, бір кірпішінің де бұзылуына жол бермеуіміз керек. Мына мысалды айта кеткенім жөн. ХХ ғасырдың басында Санкт-Петербургте Көркемөнер академиясында ортаазиялық ескерткіштерге байланысты өткен арнайы мәжілісте қазақ жеріндегі кесене-құрылыстарға қатысты мәселе көтерілген. Сонда академик Радлов олардың бәрі тізімделіп-түгенделіп, консервациялануы тиіс деп шешім шығарған. Реставрация да басқа қолданбалы ғылымдар тәрізді дамиды, жетіледі, бұл салаға да озық технология келеді. Алайда қаншалықты технологиясы озып кеткен елдер ежелгі Римнің жауһары – Колизейді қайта саламыз деп жатқан жоқ. Соңғы жылдары тарихшылар мен археологтер ескерткіштерді қалпына келтіруден сырт қалды. Реставрацияға тәжірибесіздер келді», деді Арал-Каспий маңы бойындағы көне құрылыстарды жарты ғасырдан бері зерттеп келе жатқан археолог Серік Әжіғали.
Досжан хазірет мешіті
Болашақта тамаша этноауыл ретінде көруге болатын Досжан хазірет кешені ХІХ ғасырдың ортасында шаруашылығы жоғары бай қазақ ауылы болған. Тарихи мәдениетіміздің жарқын үлгісі, жартылай көшпелі шаруашылықтан отырықшылыққа көшкен осы ауылдың ортасында жеті күмбезі ақ түсті қазақы мешіт болған. Жақында сәулетші-реставратор Сәдуақас Ағытаев Темір ауданындағы Шилісу бойында Досжан хазірет қорымына барып зерттеу жүргізді. Ол: «Хазірет жерленген кесене жанындағы ескі қорымда ұлтымыздың тас қашау өнерінің үлгісі бар талай қорым, құлпытастар сақталған. Ескі үйлердің орны, медресе іргетастары, мешіт және медресе құрылысына топырақ алу үшін қазылған жер де сақталған», дейді.
Досжан ишан мешіті ХІХ ғасырдың 60-70-жылдарында салынған. Досжан Қашақұлы (1815-1896) ағартушы, діни қайраткер, далалық сәулет өнерін дамытумен, қазақ шежіресін жинаумен аты шыққан тұлға. 1840 жылы Байғанин ауданының Доңызтауында Қайнар мешітін салған. Ол 1868 жылы Шилісу бойына келіп қоныстанып, медресе ашып, төңіректегі ауыл балаларын оқытқан. Зерттеліп жатқан осы қоныс орны.
Сәдуақас Ағытаев «Шилісудағы мешіт пен Атырау облысындағы Дүйсеке мешіті құрылысы өте ұқсас, бұлар қазақтың желкенді күмбезді мешіттері» деп атады. Бұл – алты күмбезінің ортасында биігірек үлкен күмбезі шығып тұратын, кіреберіс бөлмелерінің арқалығы шикі кірпіштен тұрғызылған құрылыстар.
Ертедегілер Досжан хазірет мешітін Ишан ата мешіті деп құрметпен атаған. Мешіт-медресе фотосуреттері Ресей мұрағаттарында сақталған. 1904 жылы геоботаник Дубянский түсірген фотосуретте мешіттің биік мұнарасы, медресе қатарлары жақсы көрінеді. Сәдуақас Ағытаев қалпына келтіру жұмыстарында Дубянскийдің фотосуретін негізге алмақшы. Ишан ата кешені мешіті мен медресесі, жатын үйлері мен шаруашылық орындары көп, көптеген қыстау үйі бар ерекше ауыл болған. Қазір кеуіп қалған Шилісу өзені бойында Досжан Қашақұлы бау-бақша өсіріп, егіншілікпен айналысқан. Діни білімі жоғары, елді отырықшылыққа үндеп, заманның ағымын терең түсінген сауатты жан бірнеше рет Меккеге қажылыққа барған. Досжан Қашақұлының Шилісудағы медресесінде 150-ден астам шәкірт оқыған. Олардың арасынан елдің қамын ойлаған саналы да сауатты азаматтар өсіп шықты. Досжанның ұрпақтары Кеңес өкіметінің қудалауына ұшырап, айдалып-атылып кетті. Мешіті 1930-жылдары құлатылып, атқораға, тіпті арақ сататын дүкенге айналған.
Алты күмбезді, бірнеше бөлмесі бар, бір мезгілде мыңнан астам адам сиятын ескі мешітті салған шебер – Бірмән Көшімқұлұлы. Ол 1922 жылы 75 жасында қайтыс болған. Сүйегі – Қобда ауданының Құмсай деген жерінде. Уақыт пен қилы заман адамдарының қиянатын көп көрген осы мешіттің бүгінде екі қабырғасының қалдығы сақталған.
«Ортасындағы екі метр үйіндінің астында мешіттің негізгі бөлігі қалған. Мешітті сақтап, одан әрі бүлінуге жол бермеу үшін қазба жұмыстарын жүргізу керек. Рас, Досжан ишан кешенін осыған дейін де археологтер зерттегенімен, көп кемшілік кеткен. Олар қираған мешіт пен Досжан ишан жерленген кесенені ғана көрген де, бұл аумаққа кешенді түрде қарамаған. Мешіттің оңтүстік-шығыс жағында медресе жатақханаларының қатарлары мен үлкен шаруашылық кешені орны бар. П әрпі тәрізді салынған медресе құжыраларының іргетастары анық байқалады. Енді тарихшы, археолог, реставратор бірлесе отырып жұмыс жасауы керек», дейді «Архрест» ЖШС-ның бас сәулетшісі Сәдуақас Ағытаев.
Алмат тамы
Ырғыз елді мекенінен 20 шақырым жерде 1886-1888 жылдары салынған, Алмат Тобабергенұлының кесенесі бар. Оны Жыға есімді Сыр бойының шебері тұрғызған. Кезінде жеті күмбезді кесене болған. Жақында кесенеге қазба жұмыстары жүргізілді. Енді ғалымдар күзге дейін төбесін шатырмен жауып, келесі жылға дейін консервациялау керек дейді. Себебі үйінділер түріндегі сыртқы жамылғысы алынған соң ескі ғимарат жауын-шашынның әсерінен тез бұзылады. Алдағы жылы кесене күмбездерін қайта қалпына келтіріп, тарихи ескерткіштің түпнұсқасын сақтап қалу керек дейді.
«Күмбез» ғылыми-жобалау» ЖШС директоры Наталья Төреқұлова «Ортасы тазартылған кесененің бұзылған қабырғаларын қалпына келтіріп, кірпішін өріп, күмбездерін қайда орнату керек. Бірақ күмбезде ертедегі суреттері сақталмаған. Соғыстан кейін құлап қалса керек. «Алмат тамы жергілікті ескерткіш түрінде тіркелгенімен республикалық деңгейде ерекше қорғалатын ескерткіш санатына енуге тиіс. Бұлай деп отырғанымыз, Ақтөбе облысы осы кесенені қайта қалпына келтіруге мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялайтын болса, оған реставрациялық жұмыстарды жүргізуде тәжірибесі жоқ фирмалар қатысып, ұтып алуы мүмкін. Қазіргі кезде жергілікті ескерткіштердің қатарындағы сәулет нысандарын қалпына келтіру конкурстарын ғимараттың шатырын не қасбетін бояумен айналысатын фирмалар ұтып алып жүр. Реставрациялау жұмыстары үшін күйдірілген кірпіш технологиясымен өткен заманның кірпішін жасай алатын шеберхана керек. Ең бастысы – Алмат тамы құрылысын зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл қатардағы құрылыс емес», дейді.
Алмат Тобабергенұлы – 1830 жылдары қазақ-орыс қатынастарында ерекше рөл атқарған болыс, Орынбор-Бұхара керуен жолдарын ұйымдастырған беделді тұлға. Кесенені көзі тірісінде салдырған.
«Алмат тамы «солдат кірпіштерінен» қаланған. Бұл – отарлау кезеңіндегі сәулет құрылысы, қазақ даласына салынған бекіністердің кірпішімен бірдей. Биылғы қазба жұмыстары кезінде кесененің көмілген бөліктері аршылғаннан кейін орталық бөлігінде ерекше орын табылды. Белгілісі сол, Алмат тамы алдын ала сызба бойынша салынған, құрылыс өлшемдері үйлесімді. Сәулет ғылымының ережесі бойынша салынған дұрыс ескерткіш болғандықтан осы заманға жетіп отыр. Алмат тамына 1983 жылы келдік. Содан бері далалық тамаша ескерткішке археологиялық зерттеу жүргізілмеді. Бұл – үлкен олқылық. Елу жылдан соң ғана оралдық. Әрине, қайта қалпына келтіру жақсы, бірақ өте мұқият болуымыз керек, бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Ең әуелі архив материалдарымен жұмыс істеу керек. Алмат тамы өз заманында елсізде алыстан көрініп тұратын еңселі ескерткіш болғандықтан, осы жерді аралаған орыс географиялық қоғамының саяхатшылары, одан кейінгі түрлі экспедициялар да қағазға түсірмей өтпеген болар. Сол үшін де мұрағаттық-библиографиялық тың материалдар керек. Күмбезінің бұзылмай тұрған кезіндегі фотосуреті табылса, жақсы болар еді. Маған 1983 жылы Ырғыз ауданының тұрғыны, Алмат Тобабергенұлының немересі Рахи Маханов берген фотосуретте күмбез жоқ», дейді Серік Әжіғали.
«Алмат тамы» – арнайы өлшемдегі орыс кірпішімен салынған осы жақтағы алғашқы құрылыстардың бірі. Кірпіші – 250х120х165 өлшемде, тікбұрышты. Оған дейін қазақ даласындағы кесене құрылыстарына ортағасырлық кірпіштер пайдаланылып келген. Алмат Тобабергенұлы қажылықтан келген соң кесене құрылысын бастаған. Бұл сағаналық үлгідегі жерлеу орны, әулет қорымы. 1966 жылы ең соңғы адам жерленген. Алты күмбездің астында алты баласы, ортасында Алмат Тобабергенұлының өзі жерленген болуы мүмкін. 1948 жылы кесененің іші ақ, әктелген болса, күмбезінің төбесі ашық, ортасында арба дөңгелегі тұрған екен», деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров.
Өлкетанушы Бекарыстан Мырзабайұлы бала кезінде әкесінен соғыс жылдары Алмат тамының күмбездері бар екендігін, төбесінде арба дөңгелегі тұрғанын естігенін есіне алды: «1983 жылы Алматтың ұрпағы Файзолла Әбсәлімов Алмат тамына келіп, жоғарыда айтылған деректерді растады. Кіреберіс есігі өте төмен болғандықтан, сырттан адам ішіне еңбектеп кірген. Ертеректе кесене ішінде кілем төселіп, көрпе-төсек, қазан-ошағы, отыны болған. Осы төңіректен өткен жолаушы қысы-жазы аялдап өткен. Кесене ішінде әдемі маталар да қойылыпты. Орталық күмбездің жан-жағындағы бес күмбездің астында 23 адам жерленген. Биыл кесенеге қазба жүргізілгеннен кейін көп нәрсе айқындалды». Бекарыстан Мырзабайұлы тарихшылар, этнографтар ортақ талдау жасаса деген ұсыныс білдірді. Өйткені дәл мұндай адамдарды жердің бетіне жерлеу ғұрпы осы аймақта бұрын-соңды кездеспеген. Кесененің қазылған бөліктері күзде жабылса, қалпына келтіру жұмыстары келесі жылға қалдырылады. Археолог Наталья Төреқұлова «Кесененің қабырғаларын 270х140х130 өлшемдегі кірпішпен қалауға болады. Оны жергілікті жердің топырағынан дайындау керек», деді.
Ғалымдар Алмат тамының қазылған бөліктерін күзде консервациялау қажет деп тапты. Екі құрылысқа да археолог, этнограф, реставраторлар ғылыми талдау жасап, ерекше қорғалуға тиіс республикалық маңызды ескерткіштер тізіміне енгізу үшін құжаттар даярлау қажет деп көрсетті.
Досжан хазіреттің мешіт-медресе, тұрғын үйлері сол замандағыдай қалпына келтірілсе, алдағы уақытта ерекше тарихи-туристік кешенге айналар еді. Жоба іске асса, осы жаққа келген әрбір турист ХІХ ғасырдың ауылын көріп кетуге ықыласты болары анық. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Ғылым ордасы ғимаратында өткен кеңестің қатысушылары осындай қорытындыға келді.
Ақтөбе – Алматы