Әлемдік киноөндірісте анимациялық фильмдер жасауға жүздеген миллион доллар жұмсалады. Нарықта табысты тауарға айналған мультфильмдер өз шығынын аз уақытта әлденеше есе артығымен ақтайды. Өйткені сұраныс та, сапа да, бәсеке де бар. Иә, анимациялық туындылар балаларды қызықтырып, уақытын өткізетін һәм танымдық тұрғыда жетілдіретін тәрбиелік құрал ғана емес, нарыққа шығатын көркем тауар сынды.
Елімізде қазақ әдебиетіндегі авторлық және фольклорлық шығармалардың желісі бойынша жасалған мультфильмдер едәуір баршылық. Десек те бүгінгі балдырғандар отандық мультфильмдерге қызыға ма? Кейінгі уақытта оқтын-оқтын аударылып жатқан шетелдік анимациялық фильмдердің тақырыбы қандай? Жалпы, қазіргі мультфильмдердің сапасы сын көтере ме?
Биылғы Балалар жылының қарсаңында аталған мәселелер белгілі бір деңгейде шешімін тапқалы отыр. Күні кеше ғана Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құру жұмыстары қалай жүріп жатқанын баяндады.
«Өздеріңізге белгілі, жас ұрпақ тәрбиесі анимациямен тығыз байланысты. Қазіргі таңда бүлдіршіндеріміз батыстан үздіксіз келіп жатқан шетелдік өнімдерді қарап, тілімізге де, ділімізге де қайшы мультфильмдерді көптеп көріп жатқаны жасырын емес. Сол себепті де біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға негізделген отандық өнімдеріміздің өрісін кеңейтуді қолға алып отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен «Қазақанимация» бірлестігінің жұмысын іске қосу – ең алдымен, ұлттық анимацияны қолдаудың жаңа жүйесін қалыптастырады. Әрине, ауқымды жұмысты бірден жолға қою оңай емес», деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, бұған дейін анимациялық қанатқақты жобалардың сценарийлеріне байқау ұйымдастырылса, қазір ұсынылған жобаларды іріктейтін сараптамалық кеңес құрылып жатыр.
«Әлемнің бірнеше жетекші анимациялық студиясынан шетелдік маман тарту арқылы, жыл соңына дейін алғашқы 10 қанатқақты жобаны көрерменге ұсынуды көздеп отырмыз. Осы жұмыстар арқылы ұлттық анимацияның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ол өнімдерді үлкен прокатқа шығаруды жоспарлаймыз. Заман көшінен қалмай, білімді де білікті шығармашыл жастарымызды қолдап, жаңа идеялар мен тың бастамаларға ыңғайлы алаң жасауымыз қажет. Аудитория сұранысын қанағаттандыратын сапалы контент қалыптасырып, шетелдік әріптестермен тығыз байланыс негізінде қазақ анимациясын халықаралық дәрежеге көтереміз деп сенемін», деді министр.
Еске салсақ, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Ел рухы» деп аталатын екінші бағытында отандық анимацияны дамыту міндеттері қарастырылған еді. Осыған орай былтыр Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақфильм» жанынан «Қазақанимация» бірлестігі құрылып, 40-тан астам мультфильм мен қазақша компьютерлік ойындар жасау жоспарланып отырғанын, анимациялық мектептердің ашылатынын айтқан болатын. Аталған жоспар, міне, енді іске асқалы отыр.
«Қазақанимация» бірлестігінің жұмысы жүйелі түрде жолға қойылса, мультфильм жасау өндірісі тоқтамаса керек-ті. Әрине, ең алдымен, өзінің бюджеті болады, 5-10 жылдық жоспары да дайын. Анимациялық фильм жұмысы тоқтамаса, осы саладағы мамандардың да қолы босамайды, ізденісте жүреді, біліктілігі артады.
Қазақ мультфильмінің классикасы – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» күні бүгінге дейін көрерменнің жүрегінде сақталған жып-жылы естеліктей ностальгиялық әсер береді. 1967 жылы түсірілген Әмен Қайдаровтың бұл туындысы қазақ анимациясының бастауы болды. Қарлығаштың символдық мәнін асқақтатқан фильм келесі жылы-ақ Ленинградта өткен Бүкілодақтық фестивальда екінші жүлдеге ие болып, әлем елдерінің экрандарында көрсетілді. Автордың одан кейін түсірген «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр – құрылысшы» атты анимациялық фильмдері де қазақ мультипликациясына олжа болып қосылды. Осы кезеңде отандық мультипликаторлар түсірген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзден асты. Режиссер-суретшілер Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтің «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері алтын қорға қосылды.
Соңғы он жылда бұл сала жанрлық ерекшелік пен жас көрсеткішіне қарай контент өндіру, түрлі тақырыптық бағыт пен стильдерді игеруде айтарлықтай алға басты. Ал кейінгі жылдары отандық аниматорлар көпшілікке «Қошқар мен теке», «Ер Төстік және Айдаһар», «Мұзбалақ», «Қазақ елі» сияқты көптеген туынды ұсынды. Оның ішінде Ұлттық киноны қолдау орталығының жобалары да бар. Бүгінде бұл мультфильмдердің дені Balapan телеарнасынан көрсетіліп жүр. Десек те балаларға ұсынылып жатқан бұл жобалар белгілі бір деңгейде нәтиже көрсеткенімен, елімізде толыққанды қазақтілді контент қалыптастыра алмай келеді. Әрине, бұған әсер етуші факторлар көп. Әлқисса.
Анимациялық мультфильмдер – ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр мен тарихты көрсететін, жас баланың санасына сіңіретін бірден-бір идеологиялық құрал. Яғни бұл құрал арқылы кез келген тақырыпты, кез келген образды насихаттауға болады. Өмірді енді танып жатқан балаларға анимациялық фильм ұсынудың қауіпті жағы да осы, дейді режиссер Тұрдыбек Майдан.
«Анимациялық туындылар қазақ қоғамына келгелі бері – сонау 1967 жылғы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінен бастасақ, міне, жарты ғасырдан асты. Осы уақытта жүзден аса фильм жасалды. Яғни қазақ анимациясы көптеген жолдан өтті. Демек қазір бізде шетелдік мультфильмдермен бәсекелесе алатын мүмкіндік бар. Жаңадан құрылып жатқан бірлестіктің алда атқарылар жұмыстары, әрине көңіл қуантады. Алайда осы жылға жоспарланған 10 қанатқақты жобаға шетелдік мамандар шақырылмақ екен. Қазақтың тілін, ділін, салт-санасын түсінбейтін шетелдік режиссерлер ұлттық анимацияның дамуына қандай үлес қоса алады? Мұнда шетелдік маманның тәжірибесімен ғана бөлісу аздық етеді. Мамандарды ұлттық руханиятқа да тәрбиелеу керек. Яғни фильмнің техникалық сапасы мен рухани әлеуеті тең тоғысқанда ғана отандық сапалы өнім шығады», дейді Тұрдыбек Майдан.
Сондай-ақ режиссердің айтуынша, қазір өзімізде де талантты мамандар жетерлік. Тіпті шетелден тапсырыс алып, жұмыс істеп жатқан студиялар бар.
«Сол студияларға мүмкіндік беріп, қолдау осы бірлестіктің мойнына артылмақ. Жасалар жұмыс та атүсті орындалмаса екен дейміз. Анимациялық фильмдерге қаржы бөлінгені жақсы, бірақ оған қоса уақыт та жеткілікті берілуі қажет. Жоспарға сай қысқа уақытта өткізу деген, ең алдымен, фильмнің шалалығына алып келеді», дейді ол.
Тәуелсіздік жылдары елімізде көркем өндіріс саласы (әдебиет, театр, кино, анимация) белгілі бір деңгейде нәтижесіздік күйінде болды. Әрине, отыз жылдағы мәдениет пен өнердегі жетістіктерді жоққа шығара алмаймыз. Десек те қазір ел руханиятындағы әр салада жүйесіздіктен туындаған үлкен мәселелердің бары анық. Барлығына кәсібилік һәм қаржылық қолдау жетіспейді. Анимациялық фильм тақырыбында да сол түйткіл. Іске асырылып жатқан жаңа жоба аталған саланы жүйелендіріп, сапалы нәтижелер көрсетеді деп күтеміз. Қазіргідей өндірістік-технологиялық сала қарыштап дамыған уақытта балаларға сапалы дүние көрсете алуға, тіпті мүмкіндік көп.