Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов 21 мамырда Санкт-Петербург қаласына келді. Мұнда Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше елдер (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесінің Үкімет басшылары деңгейіндегі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше (ТМД) елдер Үкімет басшылары кеңесінің отырыстары болып өтті.
Соңғы жылдары Ресейдің солтүстік астанасы – Санкт-Петербург қаласында ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер үкімет басшылары кеңесінің отырысы осымен қатарынан екінші рет өтіп отыр. 2009 жылы желтоқсанда болған Үкімет басшылар кеңесінің 25-ші отырысына қатысып, онда кешегі кеңестік кеңістіктен шыққан елдер арасындағы интеграциялану үрдісінің ең жоғары сатысы – үш мемлекет арасындағы Кеден одағын құру мәселесін, сондай-ақ Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің бастамасымен ЕурАзЭҚ аймағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде маңызды мәселелер қаралғанын тілге тиек еткен болатынбыз.
Әлем таныған реформатор, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД мемлекеттері арасында экономикалық интеграцияны нығайту идеясын сонау кеңестік империя ыдыраған алғашқы кезеңнен күн тәртібіне жалықпай ұсынып, өміршең бастамаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессорлары алдында сөйлеген сөзінде ТМД-ға мүше елдер арасында экономикалық байланысты одан әрі нығайту мақсатында Еуразиялық экономикалық одақ құру жөнінде мәселе көтерді. Сөйтіп, 2000 жылдың қазан айында Астана қаласында Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан республикаларының президенттері ЕурАзЭҚ құру жөніндегі шартқа қол қойды.
ЕурАзЭҚ содан бергі өткен жылдар ішінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, халықаралық сахнадағы сарабдал саясатшы, заманауи реформатор Нұрсұлтан Назарбаевтың “экономикалық даму жолында интеграцияланудан басқа балама жоқ” деген қағидасын паш етіп келеді. Жаһандық дағдарыстан әлемнің дамыған экономикалары рецессияға ұшырап жатқан кезде, 2008 жылдың желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Бурабайда Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан президенттерінің бейресми кездесуі өтіп, онда ЕурАзЭҚ-тың 10 миллиард доллар мөлшеріндегі Дағдарыспен күрес қорын, сонымен бірге Жоғары технологиялар орталығын құру жөніндегі келісімге қол жеткізген болатын. Даңдарыстан кейінгі қазіргі ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің экономикалық даму деңгейі көрсетіп отырғанындай, өткен басқасуларда қабылданған осы шаралар дағдарыс дауылынан шайқалған елдерге тығырықты сәтте демеу болғаны да ақиқат.
Иә, құдіретті уақыт сұңғыла саясаткер, дарынды тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі ХХІ ғасыр толқынында төрткүл дүние жаһандану үрдісіне енген шақта, ТМД кеңістігінде де тығыз интеграцияланудан ешкім де ұтпаса, ұтылмайтындығын дәлелдеген идеясының баламасыз екендігін көрсетті. Оған 2003 жылы желтоқсан айында ЕурАзЭҚ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан бақылаушы мәртебесін алуы дәлел болғандай. Сонымен бірге осы қоғамдастық аясында биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап үш мемлекет шеңберінде интеграцияланудың жаңа сатысы – Кеден одағының жұмыс істеп тұрғандығын да атап айтуға болады.
Сөйтіп, осы қоғамдастыққа мүше елдер үкімет басшылары Нева жағалауындағы көне қалада тағы да басқосты. Алдымен жаңа интеграциялық құрылым – Кеден одағына мүше елдер үкіметтері басшыларының кездесуі болды. Кеден одағына мүше мемлекеттердің үкімет басшылары отырысын Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путин ашты. ЕурАзЭҚ аясында интеграцияланудың ең жоғарғы сатысы – Кеден одағы сәтті бастау алды. Біз қазір Кеден одағының кедендік тарифтерін сәйкестендіретін алғашқы кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Ал 1 шілдеден бастап тәуелсіз үш мемлекеттің халқы бірыңғай кедендік кеңістікте өмір сүретін екінші кезеңге аяқ басатын боламыз, деді өз сөзінде Ресей Үкіметінің басшысы. Оған дейін үш мемлекеттің кедендік тарифтерін сәйкестендіретін 18 ірі жобаны жүзеге асыру қажет. Қазіргі күнге дейін Кеден одағы комиссиясы бұл елдердің бірыңғай кедендік кеңістікте өмір сүруіне мүмкіндік беретін сегіз ірі жобаларды ретке келтірген.
Кеден одағы мемлекеттері үкімет басшыларының отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Үкіметінің басшысы үш ел арасындағы жаңа интеграциялық құрылымның кінәратсыз жұмыс істеп кетуіне табиғаттың өзі қолдау көрсетіп тұрғандығын тілге тиек етті. Бүгін Санкт-Петербургтің ауа райы мамыражайлық танытып, жайдары жаздай маужырап тұр. Бұл Кеден одағына кіріккен елдер болашағында да дағдарыстан кейінгі гүлдену дәуірі басталатындығын танытқандай. Кеше мен Мәскеу қаласындағы “Сбербанктің” “Болашақ офисі” аталатын мекен-жайында болдым. Бұл ғимаратта қолданылған жаңа технология бүгінгі заманның ең озық үлгісі екендігі даусыз, деді Кәрім Мәсімов. Одан әрі ол өз сөзінде Кеден одағы жұмыс істей бастаған төрт айдың ішінде Қазақстан мен Беларусь мемлекеттері арасында сауда айналымының өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 50 пайызға артқандығын атап көрсетті. Одан кейін Кеден одағына кіретін үш мемлекеттің үкімет басшылары 1 шілдеден бастап күшіне кіретін бірыңғай кедендік кеңістікті қалыптастыру мәселелері бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.
Содан кейін ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер үкіметтері басшыларының шағын және кеңейтілген отырыстары болып өтті. Үкімет басшыларының кеңейтілген отырысына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов төрағалық етті. Алғаш сөз алған Беларусь Премьер-министрі С.Сидорский ЕурАзЭҚ-тың осыдан бұрынғы отырысынан бергі жұмысын сын тезіне алды. Оның айтуынша, өткен отырыста қабылданған 36 мәселенің осы уақытқа дейін бар болғаны жетеуі ғана орындалған. 21 мәселе бойынша шешім қабылдау мерзімі өткен жылдың желтоқсан айында өтіп кеткен. Сондықтан, ол отырыстардың күн тәртібіне енгізілген мәселелердің орындалуына бақылауды күшейту қажет екендігін ерекше атап көрсетті. Содан кейін сөйлеген Тәжікстан үкіметінің басшысы А.Акилов ЕурАзЭҚ аясында құрылған Дағдарыспен күрес қорының экономикалық күрделі кезеңде еліне көрсеткен игілікті ықпалына тоқталды. Сонымен қатар, ол биылғы көктемде болған табиғат апатынан орасан зор шығын шеккен Тәжікстанға гуманитарлық көмек көрсетіп, туысқандық қолын созған Қазақстан және Беларусь елдеріне шынайы алғыс сезімін білдірді. Отырыста өз кезектерінде сөз алған Қазақстан және Ресей үкіметтерінің басшылары дағдарыстан кейінгі даму үрдісіне тоқталды. Ресей экономикасы дағдарыстан кейінгі оңалу кезеңін бастан кешіріп отырса, Қазақстан биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің 7,6 пайыз өсіміне қол жеткізіп, қарқынды даму жолына түскен. Сонымен бірге Владимир Путин биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Ресейде мәшине шығару 54 пайызға артып отырғандығын, тіпті автокөлік зауыттарының түсіп жатқан сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндігі болмай жатқандығын атап көрсетті.
Осы жолғы отырыстың бір ерекшелігі, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер үкіметтері басшыларының отырысына ұзақ үзілістен кейін Украина үкіметінің басшысы Н.Азаров бақылаушы ретінде қатысты. Сол сияқты Армения және Молдова республикаларының үкімет басшылары Т.Саркисян мен В.Филат та бақылаушы ретінде қатысты. Үкімет басшыларының кеңейтілген отырысы ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы Тайыр Мансұровтың атқарылған жұмыс жөніндегі есебін де тыңдады. Отырыс қорытындысында күн тәртібіне енгізілген жиырмаға жуық мәселе жан-жақты талқыланып, қабылданды.
Бұдан кейін Қазақстан Үкіметінің басшысы ТМД-ға мүше елдер Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысының жұмысына қатысты. Отырыс барысында ТМД аумағында дағдарыстан кейінгі экономикалық ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Сонымен бірге ЕурАзЭҚ шеңберінде өмірге келген Кеден одағының тәжірибесі жан-жақты тілге тиек етілді. Достастыққа мүше мемлекеттердің үкімет басшылары күн тәртібіне енгізілген бірқатар мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдады. Санкт-Петербург қаласында өткен ауқымды басқосулардан кейін баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Онда үкімет басшылары БАҚ өкілдерін толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ – Санкт-Петербургтен.