• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Шілде, 2022

Киберқылмыс: Абайлаңыз, алаяқ телефон шалып тұр...

789 рет
көрсетілді

Бұрындары «кісі өлтіріпті» деген криминалды ақпараттарға селк ете қалатын едік. Қазір интернет алаяқтардың айласынан үркетін болдық. Он мың теңгеге тақырға отырғызса «садақа» дейсің-ау. Ал миың қорытып үлгермейтін миллиондар жайлы әңгіме бөлек. Жылдар бойы баспана бақытын сезіну үшін тірнектеп жинаған қаражаттан бір күнде айырылып қалу... Ешкімнің басына бермесін!

«Жалған» полицейлер

Елімізде осы жылдың 6 айында интернет алаяқтық бойынша 10 мыңға жуық қылмыс тіркелген. Ки­бер­­қылмысқа қарсы күрес орта­лы­­ғы мамандарының айтуынша, интернет арқылы алдаудың ең көп таралған түрі онлайн сауда болып отыр. Биылғы жартыжылдықта аталған бағыт бойынша 3,5 мыңнан астам алаяқтық жасалған. Банктер мен микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн займ ресімдеуге қатысты 1,5 мыңға жуық факті анықталыпты.

Тығырыққа тірелгендерді әңгі­ме­ге тартсаң, көбінің мәселесі ша­ғын қаржы ұйымдарымен байланысты. Алаяқтар бірнеше несие ре­сімдеп, қолына ұстап көрмеген ақшаны мойнына іліп берген. Әйтпесе, нарық қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатқан жоқ. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болады. Алаяқтар өздерін банк қыз­­меткерлері ретінде таныстырып, «есепшотыңыздағы қаражатты алаяқ­­тар шешіп алайын деп жатыр» деп қара бұлтты төндіріп, қарттарды қа­пы қалдырып жатады. Жастардың өзі әп-сәтте алданып, сан соғуда.

Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында әлеуметтік желі­лер­де посттар жиі жарияланады. Адам­дардың көбі «Өзі кінәлі. Қа­лай ал­да­нып қалады екен?» деген мәндегі пікір қалдырып жатады. Кешіріңіз, тұрғындардың бар­лы­ғының бірдей құқықтық сауаты жоғары емес. Кейбіреуі сенгіш келеді. Жаратылысы сол. Әдет­те алаяқтардың құрығына тү­сіп жататын сондай санаттағы адам­дар. Алаяқтар да түрлі айла-амал қолданып, тіпті соңғы кезде құ­қық қорғау органдарының аты­нан хабарласатын болыпты. Қа­лай сеніп қалғаныңды сезбейсің. Се­бе­бі сөйлеу мәнері, терминдерді қолдануы, өзін-өзі ұстауы полиция қызметкерлеріне ұқсас. «Жалған» полицейлер азаматтарға хабарласып, оларға жылжымайтын мүлік кепілдігімен несие ресімделіп жатқа­нын айтады. Алаяқтарды ұстау үшін жылжымайтын мүлікті шұғыл түрде төмен бағамен сатуды ұсынады, ал ақшаны сақтау үшін «сақтандыру шотына» аударуға кеңес береді екен.

Тү­сінікті болу үшін нақты мы­сал­­дарға тоқталған дұрыс шығар. Қа­зіргі уақытта тұрғындардың көбі кез келген затты сату немесе алу үшін арнайы сайттарды пайдаланатыны белгілі. Сондай сайттардың бірінде бір тұрғын өзінің автокөлігін сату үшін хабарландыру береді. Көп өтпей оған біреу хабарласып: «Маған сіздің көлігіңіз ұнап тұр. Сатып алайын деп едім», – дейді. «Жақсы, келіп көруіңізге болады», – дейді бұл. Бірақ анау: «Мен барғанша сатып жібермейсіз бе? Мен Ресейде едім. Сізге барам дегенше 2-3 күн өтеді. Сондықтан сізге 100 мың теңге кепілақы беріп қояйын. Сөйтіп, мен алып кеткенше сатпай ұстап тұрсаңыз», деп сенімге кіре бастайды. Клиенттің табыла кеткеніне қуанған бұл адам да көп ойланбастан оған банк картасының нөмірін береді. Сәл уақыттан кейін қайта телефон шалған сатып алушы: «Мен сізге ақша аудардым. Қазір сізге бір хабарлама келуге тиіс. Сол хабарламадағы сандарды ма­ған айтып жіберсеңіз, сізге ақша түседі», – дейді. Негізі, интернет-банк­ингті пайдаланатын адамдар біледі, ол жерде түрлі операцияларды орындағанда, банк код жібереді де, астында «Ешкімге бермеңіздер» деп жазып қояды. Бірақ бұл кісі болса келген кодты айта салып, алаяққа алданып, сан соғып қалды. Өйткені осы код арқылы әлгі адамның ин­тер­нет-банкингіне кіріп, оның есеп­шоты бойынша кез келген опе­ра­цияны жасай беруге болады.

Биыл мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Полиция департаментінің жедел тергеу тобының қызметкерлері астаналық тұрғынның есепшотынан 137 млн теңге қаржы ұрлаған 7 адамнан тұратын қылмыстық топты әшке­ре­леді. Тексеру барысында бұл топтың құрамында Қазақстан мен шетел азаматтарының бар екені анықталған. Тінту кезінде 8 миллионнан астам ақша, қалта телефондары, SIM карталар, 20-дан астам төлем картасы, сондай-ақ банк карталарының атаулары мен құпия кодтардың жазбалары табылған.

Азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып алаяқтық жасау фактілері де азаймай тұр. Жа­қында Павлодар облысының поли­цейлері Ақсу қаласының 23 жас­та­ғы тұрғынын ұстады. Тергеу анықтағандай, шілде айының бір күнінде жас жігіт досымен кездесіп, түрлі сылтаулар айтып, жеке дерек­те­рін алады. Оларды пайдалана отырып, микроқаржы ұйымының ақ­параттық сайтында досының атына ұялы телефон сатып алуға жалпы сомасы 1 252 130 теңге онлайн несие ресімдейді. Ұсталған азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Досым деген аза­мат­тың өзі мұндай әрекетке барса, сізді танымайтын адамнан аяу­шы­лық күтпеңіз. Бұл ретте полицейлер алаяқтардың тұзағына түс­пеу үшін ешқашан өзіңіздің жеке деректеріңізді, пластикалық кар­та­лар­дың деректемелерін, тіпті банк немесе құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері болып табы­ла­тын адамдарға да жеке ақпарат­тар­ды хабарламауды ескертеді.

«Таза» болмағандарға жаза бар

Алаяқтық қылмыс жасаған адамның мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға шектетіледі. Төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, тіпті төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал егер аса ірі мөлшерде қылмыс жасаған болса, мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.

Өткенге көз жүгіртсек, алаяқтық бағзы заманнан бері адамзат баласымен бірге жасап келе жатқан қылмыстардың түрі. Ақпараттық қоғам қалыптасқан сайын бұл қыл­мыс та түрлі сипат алып, «дамып» келеді. Өкініштісі сол, интер­нет алаяқтарды жедел құрықтау қиын­ға соғуда. Себебі әлемнің кез келген бұрышында отырып-ақ жы­мыс­қы әрекеттерін жасауда. Иә, ғаламторды торуылдайтын алаяқтар дәстүрлі алдау қағидаларын ұстан­ға­нымен, олардың ерекше сипат­та­ры да бар. Олар интернетті пай­да­ланатындықтан, халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Яғни бір елде отырып, екінші ел­де­гі адамдарды алдап-арбай бере­тін шекара талғамау сипаты бар. Екіншіден, интернет-алаяқтар жасырын болып келеді. Яғни олар жалған жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, өмірде болып жатқан интер­нет алаяқтық жағдайлары біздің ста­тистикада тіркелген көрсет­кіш­тен әлдеқайда көп екен. Мәсе­лен, сіздің компьютеріңізге немесе смарт­фоныңызға вирус кіреді де, брау­зе­ріңізді бұғаттап тастап, ол жерге өзінің браузерін жүктеп қояды. Сіз оған кіргенде бағдарламалардың бәрі толықтай істен шығады да, экранға: «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі хабарлайды. Сіз осындай заңсыз сайтқа кіргеніңізге байланысты компьютеріңіз бұғатталды. Сол үшін айыппұл төлейсіз (10-15 мың теңге), сонда сізді бұғаттаудан шығарамыз», деп жазылады. Осы­ған көп адамдар, әсіресе, интер­нет­тегі әр сайтқа қызығып кіре бе­ре­тін жасөспірімдер тап болып қа­лады да, үйіндегілерге айтпау үшін көрсетілген шотқа ақша төлеп жатады. Естеріңізде болсын, мем­ле­­кеттік органдар компьютерді не смартфонды бұғаттамайды. Ішкі істер ми­нис­тр­лігінің мұндай хабарла­ма­лар­ға қатысы жоқ.

Құрыққа түспей, құтылудың жолы қайсы?

Жасыратыны жоқ, интернетте жарнамасы жарқын тауарларды көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауар алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысуымыз керек. Оның мекенжайы, телефондары бар ма, соған қараймыз. Егер болып жатса, оған хабарласып, сатушысымен сөйлесуіміз қажет. Осы сайтта бұл тауарды бұрын алған адамдардың пікірлері бар ма, олар не дейді, осыған да назар аударған артық етпейді. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады.

Тағы айта кететін маңызды мә­се­ле – әрбір интернетке қосылған ком­пью­терде, планшетте вирусқа қарсы бағдарламалар міндетті түрде болғаны дұрыс. Өйткені ол сізге қажетсіз, күмәнді, сіздің бағ­дар­ла­ма­ларыңызға тікелей зиян кел­ті­ре­тін бөтен файлдарды тез анық­тап, бәрін өзі-ақ жойып отырады немесе сізден сұрап отырады.

Естеріңізге сала кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Тіп­­тен қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кеті­ңіз» деп өтінуі мүмкін. Себебі теле­фон арқылы ондай мәселелер шешіл­мей­ді. Осыны ұмытпайық.

Интернет алаяқтардың құрығына түспеу үшін жеке құжаттағы мәлі­мет­тер мен банк картасындағы мә­лі­меттерді аударымдар туралы кви­танцияларды, кодтар мен код сөз­дерді оңды-солды таратуға жол бермеу керек. Жеке деректерді тек­серілмеген сайттар мен басқа да желілердегі «карта енгізіңіз» деген орындарға жазуға болмайды. Интернеттен қосымшаларды жүктеу үшін тек App Store мен Play Market-ті пайдалану керек, күмәнді сілте­мелерді басып, телефонға қо­сым­ша жүктеуден сақ болу қажет. Төлем жасау үшін картаның 16 саны жеткілікті. Ал CVV-код, код сөз, ЖСН және басқа да деректерді сұрап жатса, алаяқтар болуы мүмкін.

Бүгінде алаяқтар қолданатын әлеуметтік желілер арасында Қазақ­с­тан­да Telegram мессенджері алдың­ғы қатарға шыққан. Иә, соңғы уақытта өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтын алаяқ­тар­дың әрекеті күшейіп кетті. Мұндай алаяқтықтың құрбандары көбейген. Бұған дейін танымал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсенділерінің жал­ған аккаунттарын жасау арқылы аза­маттардан ақша сұрау жиі кез­десетін болса, енді алаяқтар қара­па­йым азаматтарға да көшкен. Алаяқ­тық схемасы қарапайым: кез келген адаманың әлеуметтік желідегі жалған аккаунты жасалады. Сол ар­қылы оның жақын туыстарына, достарына не өзге таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аудару сұралады. Мұндай деректер әсіресе Telegram мессенджерін пайдаланушылар арасында жиілеген.

KZ-CERT компьютерлік инци­дент­терге әрекет ету қызме­ті­нің ма­мандары шабуылға ұшыра­ған­дар­дың әлеуметтік желілерде байланыс деректерінің дербестігін сақтамағанын, сондай-ақ байланыс деректерінің еркін таралып кеткенін айтып отыр. Осы орайда интернет алаяқтарынан сақтану үшін KZ-CERT қызметі келесі кеңестерді ұсы­нады:

- Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек.

- Әлеуметтік желілердегі өз про­фи­ліңіздің дербестігін бап­тау­лар­да байланыс деректерін (қыз­меттік және жеке телефон нөмі­рі) көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет бол­ған жағдайда, жеке және жұмыс нөмір­ле­рін бөлу қажет, яғни жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс.

- Есептік деректеріңізді үнемі тек­серіп, көп факторлы аутентифи­ка­ция пайдаланылатын сенімді па­роль­дерді қолданыңыз.

- Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен ха­бар­­ламаларға қатысты абай болы­ңыз­дар.

- Банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз. Сондай-ақ банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарламаңыз.

- Интернетке қол жеткізудің ашық қоғамдық Wi-Fi-нүктелеріне сенбеңіз, сонымен қатар өз аутен­ти­­фикациялық деректеріңізді қорғал­ма­ған сымсыз желілер арқылы енгіз­беу­ге тырысыңыз.

- Бопсалаушылардың телефон бойынша талаптарын орындамаңыз, ал егер Сіз интернет-алаяқтардың құр­баны болсаңыз ең жақын полиция бөліміне немесе 102 телефоны арқылы дереу жүгініңіз.

Қорыта айтсақ, интернет алаяқ­тарына алдану-алданбау өз қолы­ңыз­да. Құрдымға кетпеу үшін құ­қық­тық сауатыңызды арттырып қой­ғаныңыз да артық етпейді.