Еліміздің газ қызметінің мамандары қазақстандықтар мен жекелеген кәсіпорындардың «көгілдір отынға» қарызы ұлғайып бара жатқанын алаңдаушылықпен айтып, дабыл қағып жатыр. Әрбір тұрғын үй мен басқа да ғимараттарды газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін оның ақысын уақтылы төлеу қажет.
Келесі қысқы жылыту маусымына дайындық – жауапты кезең. Қыстан қысылмай шығу үшін коммуналдық сала қызметкерлері қазір газ құбырларын ретке келтіріп, желілерге тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер қандай да бір ақау анықталса, оған қажетті жабдықтар сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тиісті мамандар осындай жұмыстың бәрін 15 қыркүйекке дейін аяқтауға тиіс. «QazaqGaz» АҚ басшылығы қысқа дайындық жұмыстары сапалы жүргізілетініне және белгіленген мерзімде толық аяқталатынына уәде беріп отыр. Өйткені әзірлік жұмыстары бекітілген кестеден оза жүргізілуде.
Дегенмен газ шаруашылығын қысқы маусымға сақадай сай етіп, жоғары деңгейде күтіп ұстау барысында кедергі де жоқ емес. Елді «көгілдір отынмен» үздіксіз және апатсыз қамтамасыз ету айтарлықтай қаржы шығынын қажет ететіні белгілі. Бұл, айналып келгенде, түсетін кіріске келіп тіреледі. Мәселе де осы жерден туындайды. Қазіргі таңда көптеген тұрғын мен кейбір коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар пайдаланған табиғи отынның ақысын төлемей, газбен жабдықтаушыларды шығынға батырып, қиын жағдайда қалдырып отыр. Тіпті ірі өнеркәсіп орындарының арасында да газ ақысын уақтылы төлемейтіндер бар. «QazaqGaz» АҚ-ның еншілес компаниясы – «ҚазТрансГаз Аймақтың» деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың «көгілдір отынға» қарызының жалпы сомасы 7 миллиард теңгеден асқан. Мұндай ірі көлемдегі қарыз газбен жабдықтаушы мекемелерге қиындық тудырып, алдағы жылыту маусымына тыңғылықты дайындалуға, жұмысты дұрыс ұйымдастыруға белгілі бір дәрежеде теріс әсерін тигізетіні сөзсіз.
Газ үшін берешегі көп өңірлердің бірі – Шымкент қаласы. Оның берешегі қала бойынша жалпы қарыздың 71 пайызын құрайды. Түркістан (85 пайыз) мен Шығыс Қазақстан (89 пайыз) облыстары да қарызға батып отыр.
Өңірлердің ішінде, әсіресе Қызылорда облысының газға берешегі алаңдатарлық жағдайда. Облыстағы төленбеген қарыз 1,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл – өңірдегі жалпы қарыздың 90 пайызы.
Реттеуші тарап биылғы тамыз айынан бастап, Қызылорда облысы бойынша бөлшек сауда бағасы ішіндегі тасымалдау тарифін бір жарым еседен астам төмендеткен. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері аталған акционерлік қоғамның Қызылорда облысы бойынша шығыны 523 млн теңгеге жеткен. Себебі ол 2015 жылдан бері Қызылорда облысының тұтынушылары газ үшін қомақты көлемде қарыз болуына байланысты оларға арналған тарифтерді төмендетуге мәжбүр болған. Сол уақыттан бері есептегенде компания 14 миллиард теңге шығынға батқан!
Қыс хабаршысы – қырау түспей тұрғанда мәселені тезірек шешу керек, дейді мамандар. Тұрғындар өздері пайдаланған газдың ақысын уақтылы төлеп, бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауға тиіс. Өйткені мерзімінде төленген газ ақысы – «көгілдір отынмен» толық қамтамасыз ету кепілі. Ал қарыз көбейе берсе, одан газбен жабдықтаушы ұйым ғана емес, коммуналдық төлемдерді уақтылы төлеп жүрген тұтынушылар да зардап шегеді. Ешкімнің де қыстың суығында жылусыз қалғысы келмейтіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан коммуналдық қызмет ақысын уақтылы төлеп, қылышын сүйретіп келетін «кәрі құда» – қысты лайықты дайындықпен жылы үйде қарсы алған жөн.