Медициналық қалдықтарды жинауға, зарасыздандыруға, сақтауға, тасымалдауға және көмуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бар. Әйтсе де Алматы және Жетісу облыстары бұл мәселеде енжарлық танытып отыр. Жақында сол санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін екі өңірдің денсаулық сақтау объектілеріне 14 млн теңгеге айыппұл салынды.
Жетісу облысы өз алдына дербес өңір болғанымен, әлі де Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасына тәуелді. Облыстық санитария қызметі денсаулық сақтау объектілерінде қалдықтарды жинауға, залалсыздандыруға және сақтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына байланысты жалпы сомасы 14 млн теңгеге 74 айыппұл салды. Оның ішінде медициналық қалдықтарды жинау, сақтау және есепке алу мерзімдері бойынша заң бұзған жеке тұлғаларға 69 айыппұл, лауазымды тұлғаларға 3 айыппұл және медициналық қалдықтарды уақытша сақтау үй-жайларын жарақтандыру және жабдықтау жөніндегі нормаларды сақтамағаны үшін заңды тұлғаларға 2 айыппұл салынды.
Медициналық қалдықтарды жинауға, залалсыздандыруға және сақтауға қойылатын санитариялық талаптардың сақталуы облыстық СЭБД тұрақты назарында. Бүгінде департамент бақылауында 1 793 медициналық ұйым бар. Медициналық ұйымдардың әрбір құрылымдық бөлімшесінде медициналық қалдықтармен жұмыс істеу схемасы әзірленіп, медициналық қалдықтарды жинау және уақытша сақтау үшін жауапты тұлғалар бекітілген.
Медициналық қалдықтарды жинау арнайы бір рет қолданылатын полиэтилен пакеттерде және қақпақтары тығыз жабылатын ыдыстарда жүзеге асырылады. Олар медициналық қалдықтардың класына байланысты белгіленеді. Бекітілген кестеге сәйкес мамандандырылған ұйымдармен жасалған келісім шарттар негізінде шығарылып, жойылады. Бұл мекемелерде қалдықтарды дұрыс жоюға арналған пештер мен жабдықтар бар.
Департаменттің аумақтық басқармаларының бақылауында медициналық қалдықтарды жоюмен айналысатын 14 ұйым бар. Оның біреуінің өңдеу қуаттылығы сағатына – 120 килограмм. Қалған 13-і эпидемиялық маңыздылығы төмен объектілер болып саналады.
Жыл басынан бері медициналық қалдықтардың «А» сыныбының қалдықтары – 5 721, 906 тоннаны, «Б» сыныбындағы эпидемиологиялық қауіпті қалдықтар – 18 620, 075 тоннаны, «В» сыныбының эпидемиологиялық аса қауіпті қалдықтар – 3 360, 991 тоннаны, «Г» сыныбындағы токсикологиялық медициналық қалдықтардан 3 616 дананы құрады. Түстеп көрсетсек, бактерицидтік, люминесцентті, құрамында сынабы бар, жарық диодты шамдар, термометрлер, гигрометрлер және рентген пленкалары секілді қалдықтар шығарылды.
Жетісу облысы