Былтыр елімізде есірткі қылмыстары Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы қаласында көп тіркелген. Жыл басынан бері тәртіп сақшыларының жедел әрекеттерінің нәтижесінде ашылған қылмыстар аз емес.
Алысқа бармай-ақ қояйық, 22 шілдеде ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы «Жібек Жолы» өткізу пунктінде инспекциялық тексеру кешені және қызметтік итті қолдану арқылы көлік құралын тексеріп, 35 килоға тарта есірткі заттарын тәркіледі. Алдын ала болжам бойынша героин болуы мүмкін. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
ҰҚК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті 26 шілдеде аса ірі көлемдегі психотропты заттарды сатуға қатысы бар күдікті А. есімді елордалық тұрғынды ұстады. Процессуалдық іс-шара барысында заңсыз айналымнан 1,5 кг «мефедрон», 1,4 кг «альфа-PVP» және 659 таблетка МДМА («экстази») тәркіленді. Күдікті әккі әрекетін жалдамалы пәтерде жүзеге асырып, интернет онлайн алаңы арқылы тұрақты түрде сатып келген. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізілуде. Қылмысы дәлелденсе, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал петропавлдық полицейлер есірткі зертханасы жұмысының жолын кесті. Бүгінде синтетикалық есірткіні өндіру және өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Күдікті – 20 жастағы қала тұрғыны. Оны ұстау кезінде өсімдік тектес зат салынған 8 полимер түйіншек тәркіленді. Тағы 52 түйіншек пен сұйықтық құйылған екі ыдыс Халтурин көшесі бойындағы тұрғылықты мекенжайынан табылды. Сараптама оның «спайс» деген атпен белгілі синтетикалық есірткі, сондай-ақ оны дайындауға арналған прекурсорлар екенін көрсетті. Күдіктінің айтуынша, есірткіні ол жеке пайдалану үшін сақтаған. Тәркіленген есірткінің саны 200 реттік дозаға жуық, есірткі затының жалпы салмағы шамамен 8 грамм. Бұл аса ірі мөлшер санатына жатады. Оның үйінен респираторлар, грамдық таразылар, өлшеуіш колбалар мен синтетикалық есірткіні дайындауға арналған басқа да құрылғылар тәркіленгенін атап өткен жөн.
Біздің мысал келтіргеніміз 2-3 оқиға ғана. Есірткі саудасына қатысты қылмыстар күн сайын тіркелмесе де, күн сайын тәртіп сақшылары оның ізін кесу жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Байқасаңыздар, соңғы уақытта «ләззат шыңына» ұмтылғандардың арасында синтетикалық есірткілер сәнге айналған. Былтырғы көрсеткіштерге көз жүгіртсек, синтетикалық есірткімен байланысты құқық бұзушылықтар көп тіркелген өңірлер көшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Қарағанды облысы бастап тұр.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында есірткінің заңсыз айналымы бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Оған сәйкес, есірткі нарығындағы өзгерістерге жедел ден қою және заңнамалық деңгейде синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін енгізу мақсатында бірқатар заңнамалық бастамалар жүзеге асырылған. Атап айтсақ, аса қауіпті заттардың «қылмыстық» мөлшері 1 грамға дейін төмендетілді және оларды өткізу мақсаты болмаса да заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Сондай-ақ прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заң жобасы әзірленген. 2022-2023 жылдарға арналған Жол картасының жобасы қолға алынып, онда шетелде өндірілген есірткінің әкелінуіне, олардың ел ішінде таралуы мен өндірілуіне жол бермеу, есірткіге тәуелділерді емдеу және оңалту шаралары көзделген.
Сандарды сөйлетсек, былтыр ішкі істер органдары 2 384 есірткі қылмысын, оның ішінде 1 436 сату, 407 аса ірі көлемде есірткі сақтау фактісін анықтаған. 17 есірткі зертханасы жойылған. Заңсыз айналымнан 14 тоннаға жуық есірткі тәркіленді, оның ішінде 450 кило гашиш, 10 тонна марихуана, 5 кило героин және 142 килодан астам синтетикалық өнім бар. Биыл сәуір айына дейінгі деректерге көз жүгіртсек, 695 есірткі қылмысы анықталыпты. Оның ішінде 472 сату, 133 аса ірі көлемде сақтау фактілері тіркелген. 8 есірткі зертханасы жойылды. Заңсыз айналымнан 1 тоннаға жуық есірткі алынды. Атап айтқанда, 260 кило гашиш, 658 кило марихуана, және 42 килодан астам синтетикалық зат табылған.
Айта кету керек, Қазақстан БҰҰ-ның есірткіге қарсы барлық үш конвенциясының қатысушысы бола отырып, осы саладағы өзінің халықаралық міндеттемелерін практикалық және заңнамалық деңгейде жүзеге асырады. 2019 жылы жаңа психобелсенді заттарды бақылауға енгізу механизмін айтарлықтай жеңілдеткен нормалар енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша есірткіні интернет арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Есірткіні жарнамалау мен насихаттағаны үшін, оның ішінде графити-суреттер мен QR-кодтар арқылы жауапкершілік көзделетін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді.