Әділет министрлігі әзірлеген «Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір Конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасын ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында талқылау аяқталды. Осы маңызды құжат арқылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы», «Республикалық референдум туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Қазақстан Республикасының Президентi туралы», «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу көзделген. Соның ішінде сайлау заңнамасын жетілдіруге қатысты түзетулер ерекше қызығушылық туғызып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Конституция және халықаралық құқық бойынша Қазақстандағы кез келген сайлау – біздің ешкім араласуға қақы жоқ ішкі ісіміз. Бірақ бұл норма сайлау нәтижесіне шетелден ықпал етуге әрекет жасау ықтималдығын жоққа шығармайды. Қазір әлемде түрлі гибридті қауіптер, оның ішінде сайлау технологияларын қолдану арқылы жасалатын қатерлер көбейіп келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, елімізде өтетін сайлауларға шетелдердің қандай да бір араласуына жол бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдауға тиіспіз», деген болатын. Осыған орай, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның «Сайлау құқығы принциптері» деп аталатын 3-бабы «Сайлауды дайындау мен өткізу кезінде шетелдік араласуға жол берілмейді» деген тармақпен толықтырылғалы отыр. Осы мақсатпен халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бірлестіктер, шетелдік мемлекеттік органдар, шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар тарапынан қаржыландырылатын қоғамдық бірлестік ұсынған адам сайлау комиссиясының мүшесі бола алмайды деп көрсетілген. Бұған қоса, саяси партиялардың, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың байқаушылары Қазақстан Республикасының азаматтары болуы туралы талап белгіленбекші. Егер сайлауға байқаушы жібергісі келген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар соңғы жылы халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бірлестіктер, шетелдік мемлекеттік органдар, шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар тарапынан қаржы алған болса, онда оларды аккредиттеуден бас тартылмақшы. Қазіргі алмағайып заманда халқымыздың бірлігін, қоғамымыздың тұрақтылығын сақтау үшін шетелдердің Қазақстанда өткізілетін сайлауларға араласуына жол бермеу мақсатын көздеген осындай пәрменді шараларды қолдау қажет деп ойлаймыз. Әлбетте, дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскелерінде бұрынғыша шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары аудармашылармен бірге бола алады. Ал бұрын сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысын жазып-көрсету үшін әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір өкілге ғана рұқсат етілсе, бұдан былай үш өкілге дейін көбейтілгелі отыр. Бұл фототілшілер мен телеоператорларды ертіп жүретін журналистер үшін қолайлы болмақ.
Осыған дейін аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ хатшылары өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асырып келді. Былтыр елімізде ауыл әкімдерін сайлау енгізілгеннен кейін сайлау процесі үздіксіз жүргізіліп жатқандықтан, енді аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары, хатшылары және өзге де мүшелері өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын болады.
Тағы бір маңызды жаңашылдық – сайлау алдындағы үгітті бұрынғыдай бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, әлеуметтік желіде де жүргізуге рұқсат берілмек. Сонымен бірге онлайн-платформалар мен жедел хабар алмасу сервистерін пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға, аталған тұлғаларға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін теріске шығаруды тегін жариялау мүмкіндігін беруге міндеттелмек.
Қолданыстағы заңнама бойынша Президенттікке кандидаттар, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, ауыл әкімдігіне кандидаттар Орталық сайлау комиссиясы мен аумақтық сайлау комиссиялары ұйымдастыратын телевизиядағы сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысуға құқылы. Алайда бұл норманың іс жүзінде қолданылуы қанағат тұтарлықтай деу қиын. Себебі бүкіл деңгейдегі мәслихаттар депутаттығынан және ауыл әкімдігінен үміткер жүздеген кандидатқа бір айлық сайлауалды үгіт науқанында телевизиялық пікірсайыс ұйымдастыруға қажетті мүмкіндік жоқ десек қателеспеспіз. Өйткені облыстардың көбінде бір-екі-ақ жергілікті телеарна бар. Ал ауыл әкімдігіне кандидаттар үшін облыс орталығындағы телестудияда өтетін пікірсайысқа бару үшін қыруар қаржы мен уақыт шығындағаннан гөрі осы іс-шараны сайлаушылардың қатысуымен ауылдық Мәдениет үйінде немесе басқа ғимаратта өткізу әлдеқайда тиімді. Бұл қолданыстағы заңнамаға енгізілетін түзетулерде ескерілгені – құптарлық жайт. Мұндай пікірсайыстар сайлаушылардың кандидаттардың қайсысы сайланбалы лауазымға лайықтырақ екенін әділ бағалауына мүмкіндік беріп, ел ішіндегі трайбализмді, яғни ру мен атаға бөлінушілікті болдырмауға да септігін тигізері даусыз.
Сонымен қатар біздіңше, аталған заң жобасында әлі де пысықтай түсуді тілейтін нормалар да бар. Мәселен, сайлаудың мажоритарлық жүйесі бойынша бір мандатты округте болған дауыс беру нәтижесінде жеңіске жеткен кандидатты анықтаудың ұсынылып отырған тәсілінің дұрыстығы күмән туғызады. Нақты айтсақ, Парламент Мәжілісінің, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын бір мандатты сайлау округтері бойынша сайлау кезінде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидатты депутат болып сайланды деп есептеу ұсынылған. Айталық, егер бір мандатты сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың саны 7-8 болса, сайлаушылардың небәрі 20 пайызының дауысын алған, яғни ең көп дауыс алған кандидат жеңімпаз болып танылуы мүмкін. Бірақ бұл сайлаушылардың көпшілігінің қалауын білдірген шешім болып санала ма? Біздіңше, саналмайды. Сондықтан Сенат депутатын сайлау кезіндегідей, бір мандатты округ бойынша Мәжіліс пен кез келген деңгейдегі мәслихат депутатын сайлау кезінде де дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астамының дауысын алған, ал қайта дауыс беру кезiнде басқа кандидатпен салыстырғанда сайлаушылардың көпшiлiгiнің дауысын алған кандидат депутат болып сайланды деп есептелгені жөн.
Бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының мандаттарын кері қайтарып алу мәселесі де пікірсайыс тудырмай қоймайды. Мұндай қатал шараға депутаттың сайлаушылардың сенімін жоғалтуы, соның ішінде сайлау алдындағы бағдарламаны орындамауы негіз болмақшы. Депутаттың мандатын кері қайтарып алуға бастамашылық жасау құқығы тиісті бір мандатты сайлау округінің сайлаушыларына берілмекші. Мандатты кері қайтарып алуға бастамашылық жасауды депутат жұмысының бірінші жылының соңына дейін және соңғы жылында қолданбау қарастырылған. Әрине, бұл норма депутаттыққа кандидаттардың сайлаушыларға орындалмайтын уәделер беріп, популизмге ұрынуына жол бермеу үшін маңызды екені шүбәсіз. Бірақ депутат мандатын кері қайтару халықаралық тәжірибеде өте сирек қолданылатынын ескерген жөн. Ең бастысы – аталған норманы еліміздегі демократиялық өзгерістерге қарсы күштердің Жаңа Қазақстан һәм әділетті Қазақстан орнатуға аянбай күш салып жүрген шын мәніндегі халық қалаулыларын қудалау құралына айналдыруына жол берілмеуге тиіс.
Түйіндей айтсақ, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға қазіргі заман талаптарынан туындаған орынды жаңашылдықтар енгізілмекші. Әрине, әлі де ойланарлық жайлар да бары анық. Ұсынылып отырған заң жобасын алдағы уақытта жан-жақты талқылап, жетілдіре түсу – Парламент депутаттарының құзырында.