• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Тамыз, 2022

Арзан бензин көршілерге кетіп жатыр

389 рет
көрсетілді

Көршілес елдер Қазақстан бензинін заңсыз жолмен тасымалдап жатыр. Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының айтуынша, біздің елде бензин бағасы арзан көрінеді. Алайда арзан бензин тасымалдаушылар рұқсат қағазының жоғынан шекарадан асып кете алмай, құқық қорғаушылардың құрығына ілінуде.

Энергетика министрлігі жа­­нар-жағармайдың бөлшек сау­дадағы 6 айға арналған шекті бағасын бекіткеннен бері елдегі бен­зиннің «қолжетімді құнына» көз салғандар азаймай тұр. Әсіре­се көршілес Өзбекстан мен Қыр­ғызстанның саудагерлері тонналап тиеп әкетуге тырысып бағу­да. Мәселен, кеше Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің өкілдері АИ-95 маркалы бен­зин­ді Қазақстан аумағынан заң­сыз әкету әрекетінің жолын кесті. Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көлемі 280 тонна, құны шамамен 90 млн теңге болатын жанармай құйылған 5 вагон-цис­терна ұсталды. Оларды жанар­май қоспасы деген желеумен Өзбекстанға алып кетпек болған. Мамандардың қорытындысына сәйкес темір жол цистерналарынан алынған сынамалар К-4 экологиялық класындағы АИ-95 бензині екені анықталған. Тергеу барысында белгілі болғандай, келісімшарт бойынша шетел компаниясының пайдасына елден жалпы сомасы 45 млн долларға 50 мың тонна жанармай экспорттау жоспарланған екен.

Ал Қырғызстан БАҚ-тың хабарлауынша «Қордай» ше­каралық бекетіне іргелес елді мекендердің жол жиегінде бензин саудасы «қызып тұр». Ұйым­дастырылған сауда орындарында пластикалық ыдысқа құйыл­ған АИ-92 маркалы қазақ­стандық бензиннің 1 литрі 55 сом және АИ-95 маркалы бен­зиннің 1 литрі 58 сомға саты­лып жатқан көрінеді. Қыр­ғыз­станның жанармай құю бекет­терінде бензин құны шама­мен 60-63 сомды құрайды. Сауда­герлердің сөзінше, жанармайды оларға жергілікті (қырғыз) және қазақстандық жеткізушілер әкеледі. Осылайша, шекара арқылы бензин тасымалдау тұрақты табыс көзіне айналған.

Бір кездері Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы бөлім бастығы Мақсат Мамытқанов Қырғызстан бюджеті жанар-жағармай контрабандасының кесірінен жыл сайын 5 млрд сом­нан астам қаржыны жоғалтып отырғанын айтып дабыл қаққан болатын. Мамытқановтың ай­туын­ша, заңды сатушылар мен заңсыз сатушылардың бензин бағасының айырмашылығы 10 сомға дейін жетеді.

Қырғызстанға бензин жет­кі­зушілердің қатарында қазақ­стандық азаматтар да бар. Сон­­дай-ақ Қаржылық мони­то­­ринг агенттігі тарапынан отын­­ның заңсыз айналымымен ірі кәсіпорындардың қыз­мет­­керлері де айналысатыны анықталған. Мәселен, құқық қорғау органдарының өкіл­дері тергеу барысында 15 көтер­ме жеткізушіден 610 млн теңгеден астам сомаға 3,5 мың тонна АИ-92 маркалы бензин сатып алу фактісін анық­тады, ол кейіннен белгісіз тұлғаларға «Унгефуг» ЖШС-дан құжаттарсыз сатылған. Дәл осы ЖШС құжатсыз жалпы сомасы 550 млн теңгеден астам, жалпы көлемі 2,4 мың тонна дизель отынын сатқан. Қазірде сот процесі аяқталып, Ж.Шұғатаев 6 жылға, С.Унгефуг 4 жыл 6 айға, Е.Шамиев 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, олардан 3 көлік пен 3 жартылай жүк тіркемелерін тәркілеуге үкім шықты.

Осы жылдың 12 шілдесінен бастап Қазақстан аумағынан автомобиль көлігімен бензин, дизель отынының және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін белгіленген нормадан артық шы­ға­руға тыйым салынған болатын. Осы заңнама мен Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қаржылық мониторинг органдары мұнай өнімдерін заңсыз экспорттауды ауыздықтау бойынша қатаң шаралар қабылдауда. Алайда әзірге енгізілген шектеулерге қарамастан, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен шекаралас аумақ­­тарда қазақстандық бен­зин­­ді контрабандалық жолмен жеткізу, оны саудалау әрекет­тері жалғасуда. Осы орайда Қар­жылық мониторинг агенттігі жанар-жағармай материалдарын республикадан тыс жерлер­ге заңсыз сату немесе әке­ту фактілері туралы хабардар бол­ған немесе уәкілетті орган­дар мен ұйымдардың қызмет­тік өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілеріне тап болған тұр­ғындарды, ҚМА немесе аумақтық департаменттер­ге тәулік бойы қызмет көрсете­тін сенім телефондарына хабарласуын сұрайды.