Бұл картина өнерсүйер қауымға алғаш рет 1893 жылдың желтоқсанында Берлинде өткен көрмеде таныстырылды. Әрине, көрермен «Айқайды» түсінген жоқ, тіпті шошыды. Мунк шығармашылығы сынға ұшырап, ашуға булыққан халықты тоқтату үшін галерея басшысы полиция шақыруға мәжбүр болған деседі. Сонда бәрі жап-жас жігіттің осыншама қорқынышты суреттер жазатынын қабылдай алмады. Эдвард Мунктың бұл «біртүрлі» шығармасы экспрессионизм бағытына жасалған алғашқы қадам екенін де білген жоқ.
«Айқай» картинасының қалай туғаны туралы түрлі дерек айтылады. Аңыз да аз емес. Мәселен, энциклопедиялық кітаптардың көбінде: «Эдвард Мунк серуендеп жүріп «перламутр түсті» бұлттарды көріп, құбылысты қағазға түсіреді» деп жазылған. Нью-Брунсвиктегі Рутгерск университеті ғалымдары осы болжамды зерттеп, суретшіге шабыт әкелген құбылыс 100 жылда бір болады деген қорытындыға келеді. Ал Мунк күнделігінде: «Мен серуендеп жүріп, қанды қызыл бұлттар мен аспандағы өртті көрдім. Сол күні қатты шаршаған едім, шарбаққа сүйенген күйі қою қара фьорд пен қала үстіндегі құбылысқа сілейіп қарап тұра бердім. Достарым әлдеқашан ұзап кеткен болатын. Табиғат-ананың айқайынан денем түршігіп, жанымды қорқыныш билеп алды», дейді.
Ғалымдар 1890 жылдары Норвегия аспанында шынында да «перламутр түсті» бұлттар болғанына дәлелдер тапқан. Шамамен, осы уақытта Мунк атақты картинасының 4 нұсқасының бірін салып бітірген еді. Кей зерттеушілер суретші картинадағы кейіпкер арқылы өз қорқынышын емес, керісінше, табиғат айқайына көңіл бөлмейтін адамзатты бейнелеген деген болжам айтады. Яғни айқайлаған адам емес, аспан. Адам сол айқайды естігісі келмей құлағын екі қолымен жауып тұр. Бұл да философия.
Ал кейін өнертанушылар бұл шығарманы салуға Индонезиядағы Кракатау жанартауы атқылауы кезінде көпірге жақын орналасқан психикалық аурулар емханасынан шыққан дауыстар себеп болды деді.
Айта кетейік, «Айқайдың» қырық түрі бар. Оның төртеуі көркемсурет («Айқай», «Үрей», «Меланхолия», «Торығу», 1893-1910 жылдар аралығында салынған) болса, қалғандары кескіндеме күйінде.
1890 жылдардың басында Мунк көп уақытын Францияда Ван Гог пен Гоген туындыларын тамашалауға арнады. Олардың әсерін байқамау мүмкін емес. «Айқай» шығармасының өзінде суретші бұрын-соңды қолданбаған ашық түстер, бейнеге ұласқан сызықтар мен айқын кескін пайда болды.
Иә, атышулы картинаның жазылғанына ғасыр өтсе де, жаңғырығы жер жарады. Массалық мәдениетке тигізген әсері де орасан. Мунктың кейіпкері жарнама, комикс, теле және мультсериалдар мен кинода да айқай, жалғыздық, үрей, меланхолия, үмітсіздіктің символы ретінде жиі қолданылады. Мәселен, поп-арт қозғалысының өкілі Энди Уорхол картинаның түрлі-түсті көшірмелерінен құралған принттер сериясын жасаса, Эрро пародиялық екі коллаж («Екінші айқай» 1967, «Дин-дон», 1979) салды. «Айқай» фильміндегі маска да суреттің көшірмесі. Өзге ғаламшарлықтар туралы сериалдар кейіпкерлері де Мунк жаратқан бейнеден айнымайды. Юя Мотидзукиді Another манга-анимесін салуға шабыттандырған да осы картина деседі. Morgen (Morgen, 1969), Red Lorry Yellow Lorry (This Today EP, 1984), Clair Obscur (La cassette noire, 1982) сынды музыканттар альбомдарының дизайны Мунк «Айқайының» мотивімен безендірілген. Тіпті мұндай эмодзиді де білеміз.
Бүгінде автордың атағын аспандатқан һәм біраз жұртты шулатқан «Айқайдың» бір нұсқасы Мунк мұражайында сақтаулы тұр. Ал екінші нұсқасының «Айқайы» Норвегияның Ұлттық мұражайынан «естіледі». Ал қолдан-қолға өтіп жүрген жеке коллекциядағы нұсқасы 2012 жылы бәс саудаға қойылғанға дейін миллиардер Петтер Олсеннің қорында болған еді. Кейін оны Леон Блэк есімді азамат 119 миллион 922 мың 500 долларға сатып алып, ең қымбат өнер туындысы ретінде рекорд жаңартты.