Өнер – талант. Өнер – шеберлік. Өнер – талғам. Классикалық өлшемге сыймайтын өнер әлемінің тереңінде түрлі тағдыр, түрлі тарих, мың-сан аңыз жатыр. Тіпті кейде тылсым, таңғажайып оқиғалар да кездеседі. Бұл да мистика.
Илья Репиннің суретшілігі әмбеге аян. Автор шығармашылығында жұлдызды картиналар көп. Мойындалған, дәлелденген талант. Десек те сол Репиннің салған әр портреті трагедиямен аяқталыпты. Иә, портреттегі кейіпкерлер тағдыры Репиннің суретінен соң күрт өзгерген. Мүмкін олардың жазмышына суретші қаламының қатысы жоқ та шығар. Дегенмен, өмірде кездейсоқ ештеңе болмайды дейді ғой.
Суретші Тютчевтің портретін салды. Кейін 1873 жылы ақын қайтыс болады. 1881 жылы жазушы Писемскийдің портретін салып біткен соң, ол да көз жұмды. Репин төрт күн ішінде композитор Мусоргскийдің портретін жасады. Тоғыз күн өткенде композитор да өмірден озды. Бір суретшінің ғұмырында осыншама қайғылы кездейсоқтық болуы мүмкін бе?
Осы оқиғалардан соң жұрт: «Репин – кесірлі суретші, оның қылқаламы ажал шақырып тұрады» десті. Ал автор алып-қашпа әңгімелерге аса назар аудармайтын. Ол белгілі суретші Николай Генің портретін салғысы келіп жүреді. Бірақ кейіпкер Репиннің «Әзірейілдей жан алғыш» қаламынан қашты. Николай Генің портреті салынған жоқ. Сау ақылға салсаң, өлімнен қашу – суретшіден қашу ма?
Десек те Репиннің шеберханасына келген кейіпкерлердің өмірінде біртүрлі түсініксіз жағдайлар жалғаса береді. Мәселен, хирург Пирогов. Автор оның портретін аяқтағаны сол еді, 50 жастағы сап-сау хирург өзінде тамақ обыры пайда болғанын анықтайды. Кейін төсек тартып жатып қалады да, ақыры қайтыс болады.
Ақын Афанасий Фет те суретшіге портретін салдырудан сескеніп жүрді. Тіпті жұрт «Фет қорқып жүр, кейін ауырып қалса ше? Жасы да келіп қалды» деп күдіктенді. Алайда ойлана келе Фет өз портретін салдырады. Сурет ұзақ салынды. Фет өлген жоқ.
Репин 1884 жылы атақты «Иван Грозный және оның ұлы Иван, 1581 жылдың 16 қарашасы» атты картинасына кіріседі. Бұл суреттің идеясы авторға 1881 жылы «Народная воля» ұйымының мүшесі ІІ Александрды өлтіргенде келген еді. Сонда патша өмірден қайтқанда Репин шеберханасында шоқынады: «Құдайға шүкір, оның бір де бір портретін салмаппын, әйтпесе оның өлімін менен көрер еді». Содан соң алдыңғы пландағы қаһарлы патшаның көркем суретін салу туралы ойлады. Кімді бейнелеуге болады? Әрине, Иван Грозныйды.
Суретшіге картинаны бастауға Испанияға барған сапары түрткі болады. 1883 жылы ол бұқа мен матадордың шайқасында матадордың қансырап жатқанын көреді. Сол сәтте оған патшаның өз ұлын абайсызда өлтіріп алған кейіпі елестейді. Енді натураларды табу керек. Мұндай образдарды сомдауға кім келісе қояр екен? Бірақ еріктілер табылды...
Иван Грозныйдың образы көп суретшіні қызықтырып жүрген-тін. Болмысы да туындыға тартып тұр: мықты қолбасшы, жазушы, сондай-ақ долы, қатыгез адам. Ұлы Иван да әкесіне айбаттылығымен ұқсаған деседі.
Бірде суретші Литовскідегі базарда бадырақ көз, имек тұмсық қара жұмысшыны көреді. Оның келбетінің нобайын суретші сол жерде-ақ салып алып, сақтап қояды. Оған қоса автор Мясоедовтың да кескінін Грозныйды салуға пайдаланады. Ал натура болуға композитор Бламбергті көндіреді. Сонда сәт сайын суреттегі Грозный расымен сұстанып бара жатқандай көрініпті. Мұны Репин өзі де мойындайды: «Минут сайын суретке үрейлене қарайтын болдым. Тіпті суретке қарамау үшін тығып қойдым. Достарым да картинаға ұзақ қарауға жүрексінді. Бірақ бұл сурет маған тыныштық бермеді, салып біткенше тоқтамадым».
Суретке тек патшаның ұлы жетпей тұрды. Репиннің таныстары оған жазушы Всеволод Гаршинді ертіп әкеледі. Суретші оны көрген бойда оның нағыз Иван Царевич болатынын түсінді. «Оның келбеті періштедей еді, сондай биязы, мейірлі», деп жазады Репин.
Сонымен суретшінің бар қуатын жұтқан, қажыр-қайратын тауысқан, қажытқан бұл туынды 1885 жылы салынып бітті. 13-ші көшпелі көрмеде көрсетілген картинадан басшылық «крамола» нышанын байқап, көпшілікке көрсетуге тыйым салады. Ал ел ішінде натурашы Гаршиннің жағдайына байланысты қауесет тарап жатты. Өйткені Репин көз жұмғалы жатқан адамды соған қарап салды. Гаршин басында бұл жұмысына ерекше қуанған еді. Уақыт өте келе өзінің картинадағы қансырап жатқан кейпін көрген соң аса ықыласты болмады. 1888 жылдың 19 наурызында ол баспалдақтан құлап (құдды суреттегі Иван Царевич сияқты) мерт болды. Жерлеу кезінде адамдар Репиннің кесірлі картинасы тағы бір өлім шақырғанын айтып күбірлесіп тұрды.
Репин Тургеневті де салды. Бұл портреттің салынуы сұмдық қиын болғаны соншалық, өнертанушылар оны «азаппен көрген күн» деп атады. Жазушы мен суретші ең алғаш Петербургте танысқан еді – кейін Парижде де жолықты. Павел Третьяковтің Тургеневтің портретін жасау туралы тапсырмасына суретші қуанды. Алайда жазушы портреті жақсы шықпады. Ешкімге ұнаған жоқ – бұл сәтсіздігін Репин де мойындады. Кейін Третьяковтің үмітіне бола жазушымен тағы кездесіп, екінші рет қайта салып шықты. Одан да жақсы пікір естіген жоқ. Қызық.
Ал Репин қаламындағы Толстойдың жөні бөлек. Суретші қаламгермен араласқан жиырма жыл уақытта бірнеше портрет салды һәм онысы сәтті шықты. Мәселен, әйгілі суреттері – «Л.Н.Толстой жазу үстелінде» 1887, «Л.Н.Толстой орындықта кітап ұстап отыр» 1887, тағы басқа картиналар мен ондаған эскиздер. Бұның көбісі әр жердегі альбомдарда шашырап қалды.
Суретші естеліктерінде «Л.Н.Толстой егістікте» картинасы Толстойдың өз еркімен жесір әйелдің егінін жыртқан күні салынғанын жазады. Ал 1901 жылы Репин Толстойдың жалаңаяқ тұрған портретін салады. Алайда, жалаңаяқ жүргенді ұнататын жазушы суретшінің бұл портретін жақтырмай қалды. Толстой: «Репин жалаңаяқ жүргенімді ешқашан көрмеген сияқты еді. Енді мені іш киімсіз салу ғана қалды», деп кекетеді.