• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Тамыз, 2022

Қанағатпен өмір сүретін шенеунік қайда?..

381 рет
көрсетілді

Былтырға дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылары еліміздің қай саласын болсын ілгері бастырмауға айналып, жегі құрттай іштен жеп жатқан сыбайлас жемқорлықтың туындауының басты себебі ретінде мемлекеттік қызметшілердің жалақысы төмендігін айтып келген-ді. Осыған орай былтыр шілде айынан бастап барлық мемлекеттік орган қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай көтерілді.

Бұған қазір «Б» корпусының әкім­ші­лік мемлекеттік қызмет­ші­лері­нің бос лауазымдарына жарияланып жатқан конкурстар туралы хабарландыруларға зер салсаңыз, көзіңіз жетеді. Мәселен, шешім қабылдайтын лауазым иелері – аудандық бөлім басшысының орташа айлық жалақысы 380 392 теңге, аудан әкімінің орынбасарынікі – 512 002 теңге, облыстық басқарма басшысынікі – 688 751 теңге екен. Қарапайым адам­дар­ға көрсетіп отырған қызметің үшін біреуден бірдеңе дәме етпей-ақ, қанағатпен өмір сүруіңе жететін қара­жат емес пе бұл?! Ал аудан әкімдері, об­лыстардың, республикалық маңыз­да­ғы қалалардың әкімдері мен министрлер және олардың орынбасарлары сияқты саяси мемлекеттік қыз­метшілердің, сондай-ақ «А» корпу­сын­дағы әкімшілік мемлекеттік қыз­мет­шілердің жалақылары тіпті жоғары екені анық. Осылайша, мемлекет халыққа адал қызмет етуге ант берген шенеуніктердің алаңсыз жұмыс істеуіне қажет мүмкіндіктің бәрін жасап отыр. Демек олардың тарапынан тиісті қайтарым болуға, яғни көр­сетілетін мемлекеттік қыз­мет­­тер­дің сапасы барынша артып, жем­қор­лықтың тамырына балта шабылуға тиіс қой. Алайда, өкінішке қарай, мемлекеттік қызмет саласында мұндай түбегейлі өзгеріс әзірге байқалмай тұр. Мемлекеттік басқару органдарындағы түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын жемқорлар әлі айылдарын жимаған сияқты.

Мұның бір шектен шыққан масқара мысалы ретінде жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қостанай облысының тұрақтандыру қорындағы қантты алып сатудың қылмыстық схемасын әшкерелегенін айтуға болады. Антикордың хабарлауына қарағанда, аталған өңір әкімдігі мен «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қызметкерлері елімізде кейінгі кезде туындаған қант тапшылығын пайдаланып, «таңдаулы» кәсіпкерлерге облыстың тұрақтандыру қорында жинақталған тәтті өнімнің килосын 420 теңгеден берген. Осындай «жақсылықтары» үшін олардан сый­ақы ретінде 100-ден 500 килоға дейін қант алған. Ал «таңдаулы» кә­сіп­керлер арзан қантты тұрғындарға екі есе қымбат бағамен сатып, оңай жолмен қыруар пайда тапқан. Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу міндеті мойындарына жүктелген қостанайлық шенеуніктердің саботаж жасаумен пара-пар осы әрекетіне қарап қаның қайнайды. Олар енді халық мүддесін аяққа басқан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін заң алдында жауап беріп, қатаң жазаға тартылуға тиіс.

Ал қабырғаға ең бататын келеңсіз жайт – жұртқа өнеге көрсетіп, рухани жаңғыру көшін бастауға мін­дет­ті мемлекеттік қызметшілер де жалақылары екі-екі жарым есе өсіріл­геніне қарамастан, қанағатты ұмы­тып, алтын көрген періштедей жолдан таюды жалғастырып жатыр. Мәсе­лен, Павлодар облысының Мәде­ниет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы жемқорлық қылмыс жасағаны үшін өткен шілде айында сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ жалғыз өсіріп отырған кәмелетке толмаған екі баласы бар екені ескеріліп, жазаны өтеуі бес жылға кейінге қалдырылды. Бірақ осы мерзім ішінде пробациялық қызметтің бақылауында болады. Анықтап білсек, ол биыл Әлихан Бөкейхановтың мүсінін жасап, жаңа мектептің алдына орнату үшін астаналық архитектордан 1 миллион теңге пара алған болып шықты. Ал Атырау қаласында Абай ескерткішін орнатуға байланыс­ты пара алды деген айып тағылған мұнайлы өңірдің мәдениет саласына жауапты лауазымды тұлғалардың үстінен қозғалған қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының аруақтарынан ұялмай, олардың есімдерін мәңгі есте қалдыру есебінен көлденең пайда табуды ойлаудың өзі – моральдық тұрғыдан құрдымға құлдырау емей немене?!

Жалпы, Бас прокуратураның Құ­қық­­тық статистика және арнаулы есеп­ке алу жөніндегі комите­ті­нің мәлі­ме­тіне сүйенсек, биыл жем­қор­лығы әшкереленген шенеу­нік­тер қатары сиреудің орнына қалыңдап барады. Былтыр осындай 1 451 қылмыстық құқық бұзушылық тір­кел­ген болса, биылғы жеті айдың ішінде ғана олардың саны 1 359-ға жеткен, немесе былтырғы сәйкес кезеңдегімен салыстырғанда 25,9 пайыз көп. Өңірлердің арасында бәрінен де Қызылорда облысы «оза шауып» тұр. Қызылордалық ше­неуніктер былтырғы жеті айда 38 жем­қорлық қылмысқа ұрынған болса, биылғы сәйкес мерзімде оның санын 96-ға дейін жеткізіп, 152,6 пайызға ұлғайтыпты. Батыс Қазақстан облысында да әшкереленген жемқорлық саны былтырғы жеті айдағымен салыстырғанда 87,2 пайызға көбейіп, 73-ке жеткен. Ақмола облысындағы өсім 84,2 пайызды құрап, астаналық өңір шенеуніктері 35 жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылыққа жол берген. Түркістан (61 пайыз), Маңғыстау (59,5 пайыз), Қостанай (41,2 пайыз), Алматы (39 пайыз), Қарағанды (33,3пайыз), Атырау (32,2 пайыз) облыс­тарында да әшкере болған жемқорлық қылмыстар көбейіп кеткен. Әрине, мұны Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес Антикор бас­та­ған құқық қорғау органдарының коррупцияға қарсы күресті күшейтуінің нәтижесі деп бағалаған жөн болар. Алайда «Ет тәттілігін қойса, мен ұр­лы­ғым­ды қояр едім» деген баукеспе ұрыға ұқсап, жалақылары еселеп өсірілсе де, арам ақша үшін арын сатуды қоя алмай жүрген шенеуніктер қатары азаймай тұрғаны ойландырмай қой­майды. Жемқорлардың жегендері жел­келерінен шықпай, жеулерін қояр емес.

Transparency International халық­ара­лық ұйымының мәліметіне қарағанда, Қазақстан былтыр сыбайлас жемқорлық бойынша әлемдегі 180 елдің ішінде 102-орынды місе тұтты. Сөйтіп, 2020 жылғымен салыстырғанда 8-орынға кері жылжыды. «Біреуге қарап – бүкірмін, біреуге қарап – шүкірмін» демекші, Ресей (136-орын), Өзбекстан (140-орын), Қырғызстан (144-орын) сынды көршілес мемлекеттердің алдындамыз, ал Еуразиялық экономикалық одақтағы серіктестеріміз Армения (58-орын) мен Беларусьтің (82-орын) артындамыз.

Демек Жаңа Қазақстан һәм Әділетті Қазақстан орнату жолында сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейте түсу қажеттігі даусыз. Бұл ретте Қа­зақ­стан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасында көрсетілгеніндей, озық шетелдік тәжірибеге сүйеніп, Follow the money қаржылық тергеу институтын және Integrity check парасаттылықты һәм коррупциядан адалдықты тексеру тетігін тезірек әрі кеңінен енгізудің ықпалы пәрменді болады деп үміттенеміз.

Бұған қоса, мемлекеттік органдар­дың бірінші басшыларының сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін жауап­кершілігін әлі де күшейте түсу қажет сияқты. Айталық, қолданыстағы заң­­нама бойынша өңірдің әкімі өз орын­­­басарының жемқорлық қылмыс жасағаны сотта дәлелденген жағдай­да ғана отставкаға кету туралы өтініш жазуға тиіс. Ал егер өңірлік бас­қар­маның басшысы жемқорлық құқық бұ­зушылыққа жол берген болса, онда әкімнің жетекшілік жасайтын орынбасары отставкаға кетуге өтініш беруі керек. Шынтуайтында, өңірлік бас­қармалардың басшыларын әкімдер көп ретте өз орынбасарларының пікір­лерін сұрамай-ақ, өздері таңдап та­ғайындайтыны жасырын емес. Сон­дық­тан да өңірлік басқармалардың басшылары жемқорлық қылмыс жасап сотталған жағдайда олар үшін әкімдердің орынбасарлары емес, әкім­дердің өздері тікелей жауап бер­гені жөн емес пе? Мұндай тәсіл орта­лық мемлекеттік органдардан бастап барлық атқарушы билік органына қолданылатын болса, шешім қабылдау деңгейіндегі жауапты лауазымдарға іскерлігімен қатар, ары таза азаматтар көбірек келер еді деп пайымдаймыз.