• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2010

САТУШЫ СЫРТ ҚАЛМАУЫ ТИІС

557 рет
көрсетілді

Асыл тұқымды мал шаруашылығы да депутаттардың назарынан тысқары қалған емес. Тіпті осы мәселеге қатысты арнайы заң да бар. Алайда, бұл саладағы шешімін күткен проблемалар да жоқ емес. Соның бір дәлелі Мәжіліс депутаты Гүлнар Сейітмағанбетованың Ауыл шаруашылығы министрінің атына жолдаған сауалы. Депутат өзінің сауалында 2010 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамы­туға республикалық бюджеттен бөлінген ағымдағы трансферттерді игеру ережесінің жобасы облыстарға ұсыныс алу үшін жолданғанын жеткізіпті. Аталған ережеде ақшаны бұрынғыдай асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектісіне емес, сатып алушыға төлеу көзделген. Осы ретте деп­у­тат мамандар пікіріне сүйене отырып, қаржы көзі осы жолмен берілетін болса, онда асыл тұқымды мал шаруашылығы саласына тиімді болатынына қауіп айты­лып жатқандығын алға тартады. Бірін­шіден, қымбат мал “асыл” емес, “алтын” болса да нарықтағы бағадан қымбат бағаға ешкім сатып алмайды. Ал, асыл тұқымды мал бағасы малды асылдандыруға кеткен қосымша шығындарымен қоса есептегенде аса қымбат болары айтпаса да түсінікті. Яғни, өндіруші одан төмен бағаға сатпай­ды, ал сатып алушы қымбатқа алмақ емес. Оның үстіне сатып алушыға “әуелі қымбат бағаға сатып ал, Үкімет саған кейін белгілі бір бөлігін төлейді” деп сендіру қиын, дейді депутат. Оның көзін жеткізу үшін кемінде 3-4 жыл керек екен. Ал, оған сол субсидияны алу үшін жинақталған қыруар құжаттар жиынтығы мен бюрократтық көзқарасты тағы қосу керек. Екіншіден, жаңа ереже талаптары бойынша, асыл тұ­қымды малды жеке үй қожалықтары сатып алса, оларға субсидия төленбейді. Қазір еліміздегі мал басының 90 пайызынан астамы жеке меншікте болса, барлық малдың 65-70 пайызы да жеке үй немесе шаруа қожалықтарында көрінеді. Негізгі сатып алушылар мен өнім өндірушілер де осылар. Сондықтан Гүлнар Сүлейменқызы ережені қайта жасау керек деген ұсыныс айта отырып, оны министрліктің қолдайтынына сенім білдіріпті. Егер сауалдың жауабына көз жіберсек, онда жауаптың белгіленген мерзім ішінде қайтарылғандығын байқауға болады. Ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев өзінің жауабында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевтің қаты­суымен өткен отырыста асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауды субсидиялаудың жаңа тетіктері қолдау тапқандығын жет­кі­зіп­ті. Субсидиялау тетіктерін өзгерту көп­теген себептерге байланысты болса, соның басты себебі квота арқылы тауар бағала­рына шектеу қою нарықтық экономика талаптарына қайшы келеді, делініпті ми­нистр жауабында. Оның үстіне алдыңғы қатарлы асыл тұқымды зауыттардың өніміне сұраныстың көбеюіне байланысты шектелген баға деңгейі нарықтық бағаға сай келмеуі жиі орын ала бастапты. Сол себептен де жоғары сұранысқа ие болған асыл тұқымды өнім нарықтық бағаға, яғни мемлекет шектеген межеден жоғары бағаға сатылып отырған. Бұл өз кезегінде субсидиялардың игерілмеуіне алып келген. Олай болса, шаруашылықтар арасында, тіпті облыстар арасында квотаны қайта бөлу оқиғалары жиілеп кеткен. Сондай-ақ Бюджет кодексі бойынша субсидиялар тек сатып алушыларға берілуі тиіс. “Осының бәрін ескере отырып, 2010 жылдан бастап субсидиялауды тек сатып алушыларға ғана беру және де сатушы асыл тұқымды мал шаруашылықтарының асыл тұқымды өнімдерін нарықтық бағамен сату туралы шешім қабылданды”, дейді Ақылбек Қажығұлұлы. Бұл жағдайда сатып алушыға субсидия шығындарын жарым-жартылай төлеу және нарықтық бағамен бекіту көзделіп отыр екен. Сонымен қатар, сатып алушыға қосымша жеңілдік жасау мақса­тында субсидияны алушылар тізіміне асыл тұқымды (материалды) малдың 50 пайыз­дық құнын төлеген тауар өндірушілерді де қосуға болатыны айтылыпты. “Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы” Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес 2012 жылдан бастап тауарлы шаруашылықтарда асыл тұқымды аналық мал басын ұстауға субсидия төлеуді республикалық бюджетке ауыстыру көзделіп отырғаны белгілі болды. Оның үстіне субсидиялау тетіктеріне енгізілген жаңа талаптарға облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармалары қарсы болмапты. Осы ретте депутаттың мәселеге сатушылар мүддесі емес, сайлаушылар мүддесі тұрғысынан келгендігін көруге болады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.