• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Білім 24 Тамыз, 2022

Ұрпақ тәрбиесіндегі үш тұғыр

400 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылына орай Павлодар облысында заманауи білім берудің үш негізгі аспектісі белгіленді. Олар – патриотизм, білімге деген ұмтылыс және еңбексүйгіштік. Бұл тұрғыда әр оқу орнында балаларға арналған өзіндік қарым-қатынас және мінез-құлық саясаты болуы керек.

Өңір педагогтерінің дәстүрлі тамыз жиынында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов жас ұрпақты тәрбиелеу және білім беру сапасын арттыру жайында ой бөлісті.

 – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Жұрт керегін білетіндер көп, істей­тіндер аз. Білушілеріміз істеуші болса, оларды көріп, өзгелер де істер еді. Сөйтіп, көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді» деген. Бұл сөздер білім саласы үшін әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Алаш қайраткерінің болашаққа жасаған аманатының салмақты екенін мұғалімдер қауымы жақсы түсінуге тиіс. Осы тұрғыда мен өңірдің білім саласы үшін үш негізгі аспектіні атап өткім келеді. Олар – патриотизм, білімге деген ұмтылыс және еңбексүйгіштік. Жас ұрпақты тәрбиелеу және білім беру сапасын арттыруда осы басымдық­тар­ға көңіл бөлу қажет деп ойлаймын. Ең алдымен, білім беру мекемелері қабырғасында жағымды және қауіпсіз климат қалыптастыру қажет. Олардың әрқайсысының өзіндік қарым-қатынас және мінез-құлық саясаты болуы керек, – деп атап өтті Ә.Сқақов.

 Эмоционалдық білім берудің маңыз­дылығына, сондай-ақ буллингке қарсы қатаң саясаттың болуына ерекше назар аударды. Бұл үшін сыныптан тыс шараларды енгізуді ұсынды. «Үлкен­ді құрметтеу, табиғатты аялау, жа­нуарлар әлемін қорғау, қоқысты тастамау, ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарау, мектепте оқитын кітап-дәптеріне мұқият болу – патриотизмге апаратын алғашқы баспалдақтар. Эмоционал­дық білімді ешбір робот, оқу алгоритмі беруге қабілетсіз. Балалардың өзара сый­ластығын арттыратын мектептен тыс сабақтар өткізілсе. Оны эмпатия сабағы, өзара сыйластық сабағы немесе тіпті эмоционалды интеллект сабағы деп атауға болады», деді өңір басшысы.

Балалардың оқуға деген қызығушы­лығын арттыруға да жағдай жасау маңызды. Кітапханалар уақытқа сай болуға тырысуда, түрлі мобильді қо­сым­ша жасап, буккроссинг сияқты әртүрлі жобаны іске қосуда. Облыс­тық кітапхананың жанында, даладағы сөрелерде тұрған кітаптарды көрген адам­ның бойында кітап оқуға деген құл­шыныс пайда болатыны анық. Кітапха­наларды сапа тұрғысынан танымал етуді жалғастыру маңызды, олар жас ұрпақ үшін тартымды орталықтарға айналуға тиіс. Қосымша білім беру, мәдениет мекемелерімен және жас­тар бірлестіктерімен оқырмандарды тар­тудың жаңа форматтарын енгізу үшін ынтымақтастық орнатса құба-құп. Әкім сонымен қатар тақырыптық конференциялар өткізуде кітапхана кеңістігін пайдалануды ұсынды.

– Кітапханалар өздерінің оқу залдарын пайдаланып, театрларды тарта отырып Абай, Шәкәрім, Ахмет, Мұқағали, Пушкин, Лермонтов, Шекспир сияқты тұлғалар туралы театрландырылған көріністер ұйымдастырса. Олардың шығармалары мен өміріне қатысты түрлі батл, көрініс, сұхбат өткізілсе, мұ­ның барлығы балалар­ды кітап оқу­ға қызықтыруға үлкен сеп болар еді. Әсіресе ауылды жерлерде кітапха­налардың, мектептердің бос аумақ­тарын осы жобаларға пайдалануға бо­лады. Бізге мектеп, колледж, ЖОО тү­лек­тері клубтарының институтын да­мы­ту қажет. Сол оқу орындарында оқы­ған азаматтардың әңгімелері Тик-ток­тағы роликтерден гөрі шынайы уақыт кезеңінде көбірек ынталандырады. Түлектер мансап жолы туралы өз мы­салдарымен, әңгімелерімен іні-қа­рын­дастарын баурап, оқушылар мен студенттерді еңбексүйгіштікке шабыттандырады, – деген ойымен бөлісті. Сондай-ақ тәлімгерлікті, стипендиялық бағдарламаларды енгізу, ғылымды ком­мер­цияландыру мүмкіндігі туралы бір­қатар бағытты атады.

Іс-шарада «Арнаулы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы» РМК басшысы Әйгерім Күдеринова инклюзивті білім берудің ерекшеліктері жайлы әңгіме­леді. Спикердің айтуынша, инклюзивті тәсілде мектеп оқушысының барлығы бірдей маңызды деп саналады. Оқу орындарының жұмысы ондағы барлық оқушының ортақ оқу үлгерімі, жетістігі бойынша бағаланады.

– Біздің қоғамда мектеп жетістігі жекелеген оқушылардың табысы­мен өлшенетіні әлі күнге дейін өмір­шең­дігін жойған жоқ. Инклюзивті білім беру – жекеден жалпыға өтіп, ортақ құндылықтарды насихаттау үрдісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғам құрудың ерекшелі­гіне тоқталып, оны дамытуға зор көңіл бөліп отыр. Сондықтан бұл тәсілді тек ерекше жағдайды қажет ететін бала­ларды оқыту деп қабылдаған дұ­рыс емес. Оқу ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық сүйе­мел­деу мамандары (психолог, логопед, арнайы педагог, педагог-ассистент, әлеу­меттік педагог және т.б.) ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалауды жүзеге асырады. Бұл бағытта әрбір мектеп басшылығы оған көмек көрсетуге тиіс, – деді орталық жетекшісі.

Атап өтерлігі, инклюзивті білім алу­­ға жағдай жасау көрсеткіші бойын­ша Пав­лодар облысы республикада 6-орында келеді. Өңірдегі орта оқу орын­дарының 66,7 пайызында бұл тәсіл қолданылуда. Соңғы бес жылда елі­міздегі оқытудың бұл процесі 60 па­йызға өскен.

Өңір педагогтерінің тамыз жиынында Ресейдегі Мәскеу болат және қо­рыт­палар институты ғылым және технология университетінің онлайн білім беру жөніндегі директоры Нұрлан Қиясов цифрландырудағы айырмашылық­­тар мен мектептен тыс білім берудің ерек­шеліктері туралы, ал Армениядағы «Айб» білім беру қорының қамқор­шы­лар кеңесінің төрағасы Арам Пахчанян заманауи мектептегі директордың тұл­ғасы жайында өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын соңында өңірдегі үздік 18 пе­да­гогке облыс әкімінің арнайы мара­­паттары және «Білім беру ісінің құр­метті қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілері табыс етілді. Павлодар қала­сындағы №14 балабақша «Үздік мектепке дейінгі білім беру мекемесі», ал Екібастұздағы №11 орта мектебі «Үздік қала мектебі» болып танылды. Ауыл мектептері арасында Мичурин мек­тебінің аты озса, техникалық және кәсіп­тік колледжерден Шарбақты аграр­лық-техникалық колледжі дара шықты.

 

Павлодар облысы