• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Тамыз, 2022

Қоғам дертіне айналған нашақорлық

801 рет
көрсетілді

Елімізде есірткінің дәмін татып көргендердің ең жасы 11-де екен. Көзіңізге ине ұстаған бала елестеді ме? Жоқ, олай емес. Соңғы уақытта ләззат іздегендердің арасында синтетикалық есірткі сұранысқа ие. Иіскейді, сорады, бәрі «тамаша болады». Қазір нашақорды инесінен емес, бейнесін танудың өзі қиын.

Тәуелділік һәм тәубаға келу

Орталық коммуникациялар қызме­тінде өткен брифингте есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және алдын алу шаралары талқыланды.

«Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» басқарма төрағасының мін­детін атқарушы Жанар Қалмақова­ның мәліметінше, елімізде 2017 жылдың желтоқсаны мен 2018 жылдың маусымы аралығында жастар арасында есірткіні қолдану жөніндегі ұлттық зерттеу (ESPAD) жүргізілген. Зерттеудің не­гізгі мақсаты – тұтынудың клини­ка­­­­лық, әлеуметтік-эпидемиялық себеп­те­рін анық­тау және 13-18 жас арасында есірткі заттарын қолданудың таралуын зерттеу. Зерттеу жұмыстары мектептер мен орта арнаулы оқу орындарының оқушыла­рын, яғни 13-18 жас аралығындағы қыз бен жігітті (9111 бала) қамтыған. Оған сәйкес психоактивті затқа тәуелді болып тіркелгендердің ең жасы 13-те болса, есірткінің дәмін алғаш рет татып көрген баланың жасы 11-де екені анық­талыпты. «Денсаулық сақтау минис­тр­лігі, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлт­тық орталығы және жергілікті атқарушы органдар есірткі тұтынудың алдын алу, жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында жүйе­лі жұмыстарды жалғастыруда», деді Ж.Қалмақова.

Әрине, ешбір орган «қол қусырып қарап отырмыз» деп айта қоймас. Анығы сол, соңғы уақытта кәмелетке тол­маған­дар арасында нашақорлықтың күрт өскені байқалады. Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психика­лық денсаулық ғылыми-практикалық орталы­ғының бас директоры Қуаныш Алтынбековтің айтуынша, жағымсыз көрсеткіштің себебі көп.

– Жасөспірімдер мен жастардың есірткінің денсаулыққа зиянды әсері туралы хабардар болмауы, синтетикалық құралдардың қолжетімділігі жағ­дай­ды ушықтыруда. Бұл ретте жасөс­пі­рімдер мен жастар арасында есірткі құ­рал­дарын қолданудың алдын алудың негізгі бағыттары айқындалған. Бірін­шіден, әрбір психикалық денсаулық ор­талығында сенім телефондары, онлайн психотерапиялық және психологиялық көмек көрсету бойынша ақпараттық ресурстар жұмыс істейді, онда білікті мамандар кеңес береді.

Қазіргі уақытта медициналық-әлеу­­меттік көмекке мұқтаж халыққа бір­ыңғай Call-орталық арқылы халыққа консультативтік, психологиялық қолдау көрсету үшін Психикалық денсаулық қызметінің байланыс орталығын құру жұмыстары жүргізуде. Аталған орта­лық елдің барлық психикалық денсау­лық орталықтарын біріктіретін болады. Өңірлік психикалық денсаулық орта­лықтарында есірткіге тәуелді па­циент­терді медициналық-әлеуметтік оңал­тудың үш кезеңдік бағдарламасы бар бөлімшелерді кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Онда есірткіге физика­лық тәуелділіктен арылуға, әлеуметтік дағдыларды қалпына келтіруге, сон­дай-ақ есірткіні қайта пайдалануға тө­зім­­ділікті қамтамасыз ететін жеке қасиет­­терді дамытуға бағытталған меди­ци­налық және әлеуметтік іс-шаралар ұйым­дастырылады. Бұл бөлімшелерде өздері тәуелді болған және өз тәжірибесіне сүйене отырып, пациенттердің сауы­ғуына көмектесетін адамдар жұмыс істей­тінін атап өткен жөн. Бүгінде үш ке­зең­ді оңалту 7 өңірде жұмыс істейді: Ақмола, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе облыстарында және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында. Қазан айында бөлім Солтүстік Қазақстан облысының психикалық денсаулық орталығында ашылады, – дейді Қуаныш Алтынбеков.

Бұдан бөлек, елімізде 10-24 жас ара­лы­ғындағы жасөспірімдер мен жас­тарға медико-психоәлеуметтік көмек көр­сететін жастар денсаулық орталық­тарының желісі ашылған. Мұнда жас­­тар есірткі заттарын ғана емес, те­ме­кі шегудің, алкогольді тұтынудың профилактикасы бойынша кеңес ала алады. Бүгінгі таңда облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармаларының деректері бойынша 182 жастар денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр. Онда жедел желі іске қосылған, есірткі затта­рын, алкогольді немесе темекіні қол­дана бастаған жасөспірімдер мен жас­тарға тәулік бойы психологиялық қол­дау көрсетіледі. Сондай-ақ жастар ден­саулық орталықтарының психологтері мотивациялық кеңес береді, яғни әлі тәуелділігі жоқ жасөспірімдермен тренингтер өткізеді.

Жарнама жасау да жарға жығады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға ерекше назар аударып, бұл тура­лы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында жеке тоқталады. Бұл мәсе­ле Үкіметтің әрдайым бақылауында. Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, арнайы жол картасы да қабылданған. Қоғамның дертіне айналған түйткіл би­ліктің заң шығарушы тармағы тарапы­нан да назардан тыс қалған жоқ, көпте­ген депутаттық сауал жолданып, бір­қа­тар заңға өзгеріс енгізілді.

Ішкі істер министрлігі есірткі қыл­мысына қарсы іс-қимыл департамен­ті­нің басқарма бастығы Бақытжан Әмір­хановтың мәліметінше, жыл басы­нан бері заңсыз есірткі айналымына қа­тыс­ты 1 700-ге жуық қылмыс тіркелген. Оның ішінде өткізу фактілері 1 055, аса ірі мөлшерде сақтау фактілері – 262. Тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы – шамамен 333 кило. Жалпы есірткінің салмағы – 4 тоннадан астам.

– Қазақстанға синтетикалық есірт­кінің түрлері 2015 жылдан бастап келе бас­тады. Синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күрес жүргізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде 2017 жылы 6 кило есірткі тәркіленсе, былтыр бұл көрсеткіш 140 килоға жетті. Ішкі істер органдары жыл басынан бері 87 кило синтетикалық есірткіні тәркіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Қазақстан мен Ресейдің құқық қорғау органдары екі елдің аумағында синтетикалық есірткілерді жеткізудің трансұлттық арнасына тосқауыл қою бойынша арнайы операцияны аяқ­тады. Бұл іс-шара өткен жылдың соңы­нан осы жылдың сәуір айына дейін өткізілді. Бір мезгілде жүргізілген іс-шара­лардың нәтижесінде Омбы мен Тараз­да синтетикалық есірткінің негізгі жөнелтушісі және Қазақстанда оларды қабылдап алушы ұсталды. 260-қа жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Оның жалпы сомасы 9,5 млн АҚШ долларына тең. Ал дозамен айтсақ, миллионнан асып кетеді. Операция кезінде 13 адам ұсталды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – дейді Бақытжан Әмірханов.

Әрине, кеселдің алдын алу үшін заң­ды күшейту маңызды. Осы ретте соңғы бірнеше жылда ұлттық заңнама айтарлықтай пысықталған. Атап айтсақ, 2019 жылы нарықта пайда болып жатқан есірткілер тізімі заңмен емес, қаулымен бекітілетін болды. Жалпы тізімге есірткінің 117 түрі енді. Бұрын интернет ресурстар арқылы сату тармағы болмаған. Осыған орай, қылмыстық кодекстің 297-баптың 3-тармағының 5-бөлігіне өзгеріс енгізілді. Есірткіні жарнамалап, насихаттағаны үшін де жаза тағайындалған. Мәселен, жыл басынан бері ішкі істер органдары 150 фактіні тіркеген. Оның 79-ы жарнама бойынша 153-і интернет арқылы сату дерегі.

Жасыратыны жоқ, жасөспірімдер пір тұтатын рэп әншілерінің мәтіндерін­де есірт­кі жайлы сөз көп кездеседі. Есірт­кі­нің түрі тілге тиек етілетіні былай тұр­сын, оны қалай қолданатыны жайлы жа­рия қылатын әншісымақтар аз емес. Бақыт­жан Әмірханов ондай фактілер тіркелсе, әншілер жазасыз қалмайтынын жеткізді.

– Өткен жылдың қыркүйек айында Үкімет қаулысымен аса қауіпті заттар­дың «криминалдық» мөлшері азайтылды. Оған сәйкес мефедрон, пировалерон және сол сияқты заттар 3 грамнан 1 грамға дейін, синтетикалық каннабиноидтар 50 грамнан 1 грамға дейін төмендетілді. Яғни ендігі жерде 1 грамм зиянды затты алып жүрудің өзі ауыр қылмыс болып табылады. Тиісінше, оларды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Енді сату мақсатынсыз сақтағаны үшін мұндай заттардың 1 грамынан бастап қылмыстық жауапкершілік туындайды, – дейді Б.Әмірханов.

Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірумен айналысатын пысықайлар аз емес. «Қуаты күшті» өсімдікті баптау көбіне Қызылорда облысында ыңғайлы екен. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде сабағы төрт метрге дейін жететін үнді марихуанасының бүкіл түрлері өсірілетін көрінеді. Мұндай алқаптарды баптау үшін «жұмысшылар» мамыр-қазан айлары аралығында үздіксіз еңбек ететін көрінеді. Інге тығылған суыр сияқты қажетті азық-түлік қорын жеткізіп алып, алаңсыз іске кіріседі екен. Құқық қор­ғау органдары жыл сайын 60-қа жуық суар­­малы плантацияны анықтайтынын жеткізді. Арнайы операциялар жыл са­йын өткізіледі. Атап айтсақ, «Қара­сора» іс-шарасы 1 маусымнан 30 қазанға ­де­йін ұйымдастырылады. Бұл іске Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік коми­теті, Қорғаныс министрлігі, «Ғарыш сапары» АҚ мамандары жұмылдыры­лып, бірлескен жұмыстың нәтижесінде ірі қылмыстардың беті ашылуда.

Мамандар нашақорлық диагнозымен динамикалық бақылауда тұрған адамдар саны жылдан-жылға азайып жатқанын айтады. Бірақ, бұл – есепте тұрған азаматтардың «үлесі». Шын мәнінде, ата-аналар балаларын мемлекеттік емдеу орталықтарына апаруға құлықсыз көрінеді. Тіпті баласының нашақор еке­нін мойындағысы да келмейді. Есепке тұрса, екі қолға бір күрек таба алмай, қоғамнан шеттетіледі деп ойлайды. Сөй­тіп, жеке емдеу орталықтарын жағалап жүреді екен. Елімізде есірткіге қатысты ахуал осындай...