Астананың үлкен айналма жолы пайдалануға берілгелі жолаушылардың уақыты, көлік жүргізушілерінің жанар-жағармайға жұмсалатын шығыны едәуір үнемделіп, бәрі де риза болып жүруші еді. Алайда биыл Бурабай курортына демалуға баратын, сондай-ақ Көкшетау мен Қызылжар өңірлеріне сапарлайтын және сол жақтардан елордаға сан шаруамен келетін азаматтардың бұрынғыша машақат шегулеріне тура келіп тұр.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ биылғы наурыздың ортасында: «Республикалық маңызы бар Р-10 Нұр-Сұлтан қаласының Солтүстік-Батыс айналма жолының 4 шақырымында орын алған апатты жағдайға байланысты аталған жолдың 1,4-шақырымынан бастап 6-шақырымына дейінгі телімі биылғы жылдың 25 наурызынан 15 тамызына дейін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жабылмақ. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының және Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтарына, сондай-ақ барлық транзиттік жүргізушілерге балама жол барын ескертеміз. Жеңіл көлік иелері қала ішімен, Лесозавод елді мекені арқылы жүре алатынын, ал жүк көлік иелері үшін Шығыс айналма жолының бар екенін еске саламыз», деген хабарлама таратқан болатын. Әрине, бұл ақпарат көлік жүргізушілерінің бәрінің қаперіне жете қоймағаны анық. Сондықтан олардың көбі сапарға шыққанда бұрынғыша астананың Солтүстік-Батыс айналма жолының 1,4 шақырымына дейін барады. Сол арада алдарынан шыққан «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері әрі қарай өткізбей, Лесозавод арқылы жүру керектігін айтады. Астаналықтар мен елорда меймандарының кемінде бір сағат уақытын алатын сергелдең осылай басталады. Біріншіден, Лесозаводқа қалай бару керектігін нұсқайтын ешқандай жол сілтегіш орнатылмаған. Соның салдарынан жүргізушілер қалаға қайта кіргенде Петропавл бағытына шығар жолды әркімнен бір сұрап әуреге түседі. Екіншіден, автокөліктер астананың шет жағындағы үш темір жол өткелінен өтеді. Жолаушы және жүк пойыздары ерсілі-қарсылы ағылып жатқандықтан, аталған темір жол өткелдерінде үнемі автокөлік кептелісі пайда болады. Ұзын-сонар кезекте тұрған асығыс жүргізушілердің қайсыбірі жол жүру ережесін бұзып, көліктердің соқтығысу оқиғалары да ұшырасып жатады. Ал айналма жолды қалпына келтіру жұмыстары ұзаққа созылып барады. Әуелде 25 тамызға дейін аяқталуға тиіс күрделі жөндеу әлі бітер емес. «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның хабарлауынша, бұл жұмысты тәмамдау енді қыркүйек айының соңына белгіленіп отыр. Бұл не қылған жайбасарлық?!
Жалпы, темір жол бойындағы жер үсті өткелдерінде қалыптасқан келеңсіз жағдай – көптен бері көтеріліп келе жатқан көкейкесті мәселе. ІІМ Көліктегі полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, елімізде биылғы жыл басынан бері темір жолдан өту кезінде 39 адам апатқа ұшырап қаза тапқан. Жақында Қостанай облысында темір жол өткелінен тездетіп өтіп кетпекші болған «Жигули» автокөлігі жылдам келіп қалған жүк пойызының астына түсіп, екі адам жан тапсырыпты.
Бұдан бірер жыл бұрын Қызылорда облысы Арал қаласының тұрғындарымен кездескенімізде олар осы шаһарды екіге жарып өтетін темір жол өткелі мәселесін жандары қинала айтқан еді. Сол өткелдің жабық шлагбаумы алдында кезек күтіп тұратын көліктер керуенінің ұзындығы 3 шақырымға дейін созылады екен. Себебі бұл темір жол өткелі пойыздардың жиі қатынауына байланысты тәулігіне 40 ретке дейін жабылатын болып шықты. Тіпті «Жедел жәрдем» көліктері де кептелісте амалсыз бөгеліп, аурудан жандары қысылып жатқан науқастарға дер кезінде жете алмайды екен. Аралдықтар осындай тұйықтан шығар жол – темір жол өткелінің орнына көпір салу екенін айтып келе жатқанына он шақты жыл болғанымен, мәселе қаржы тапшылығына байланысты шешімін таппаған. Білуімізше, биыл ғана сең орнынан қозғалған сыңайлы.
Ата Заңымыз бойынша Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адам өмірі. Үкімет темір жол өткелдеріндегі жағдайға мұқият назар аударып, қазақстандықтардың есіл уақытын текке өткізбеу және қауіпсіздігін күшейту амалдарын қарастырса, құба-құп.