Бас прокуратураның міндеттерінің бірі заңдылықты қамтамасыз ету және әділетсіз сот актілеріне кассациялық наразылық келтіру арқылы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау болып табылады.
Жыл басынан бері Бас прокурордың кассациялық наразылығы бойынша Жоғарғы сот 17 адамды ақтады. Бұл ретте, өткен жылдардағы қылмыстық істер мұқият тексерілді. Заң сотталған адамның жағдайын жақсарту туралы мәселе қойылған кезде үкімдерді қайта қараудың мерзімдерін шектемейтінін атап өткен жөн.
Мәселен, биыл 16 тамызда Жоғарғы сот прокурордың кассациялық наразылығы бойынша 2012 жылы жасөспірім кезінде Қылмыстық кодекстің 328-бабы бойынша қылмыс жасауға қатысты билік өкілі атағын өз еркімен бергені үшін сотталған екі азаматқа қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты. Бұл әрекет үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталады. Қылмыс жасалған кезде сотталған азамат 15 жаста болған. Бұдан бөлек, оның кінәсі толық дәлелденбеген.
Тағы бір мысал, қылмыстық құқық бұзушылықтың елеусіздігі 2019 жылы 6 мың теңгеге азық-түлік ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған келіншекке қатысты сот актісінің күшін жоюға негіз болды. Жалғызбасты әйел екі баласын бір өзі тәрбиелеп отырғаны белгілі болды. Балаларының кішісі бір жасқа да толмаған, шарасыздықтан ұрлық жасаған. Шығын ұсталғаннан кейін бірден өтелді. Ауыр материалдық жағдай, болмашы залал және оны тез арада өтеу фактісі оның іс-әрекетінің қоғамға қауіп төндірмейтінін айғақтады. Сол себепті де Жоғарғы сот қылмыстық қудалауды тоқтатты.
Процеске қатысушылардың шағымдары, облыстар прокурорларының өтініш хаттары және өз бастамасы бойынша қылмыстық істер материалдарын тексеру әлі де жалғасуда.