Облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы бұл жәдігерді бір қарағанда киіз үй деп ойлап қалғанбыз. Өйткені пішіні соған келіп тұр. Десе де бұл киіз үй пішіндес жәдігеріміз шырағдан болып шықты. Музейге келушілердің басым көпшілігі әуелде киіз үй деп ойлап қалады екен.
Қолда бар деректерге жүгінсек, құнды жәдігерді тараздық экскаваторшы Питер Левичев тапқан екен. Шырағдан бұрынғы базар маңында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған көрінеді. Осылайша, ғасырлар бойы ежелгі шаһар орнында көмулі күйінде жатқан жәдігер музей қорын толықтырған. Ал музейге келген қонақтар аталған жәдігердің тарихы туралы жиі-жиі сұрайтын көрінеді.
«Киіз үй пішіндес шырағдан ғалымдардың айтуынша, ІХ-Х ғасырлардан жеткен жәдігер саналады. Оның төменгі жағының диаметрі
18 сантиметр болса, жалпы биіктігі 14 сантиметрді құрайды. Жұртты дәл осы бұйымның уақытында қандай мақсатпен пайдаланылғаны қызықтыратынын байқап жүрміз. Алайда бұл мәселеге қатысты ғалымдардың да пікірі екіге жарылып отырғанын айта кеткен ләзім. Мамандардың бірі жәдігерді адамдар кезінде діни атрибут ретінде пайдаланған десе, енді бір мамандар әдеттегі шамның қызметін атқарған дегенді алға тартады. Сондықтан нақты бір кесімді пікір айту – қиынның қиыны. Қалай болған күнде де бұл шырағдан біздің музейдегі құнды жәдігерлердің санатында», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Айдана Мекемова.
ТАРАЗ